Робот

Көрнекі сурет

Менде, өз жағдайымызға қарай, ең атақты ақынымыздың өресіндегі сұрапыл орысша мен ең ұзақ отырған премьер-министріміздің деңгейіндегі там-тұм қазақшадан басқа дым да жоқ...

Сіздер "құлтемір" деп жүрсіздер ме, осы?.. Мен - роботпын! Бұл атауды өзгертуге ешбір қазақтың xақысы жоқ. Өйткені, роботты да, оның атын да ойлап тапқан - қазақ емес. Ендеше, тәңірі жарылқағыр, "робот" деп өз ныспыммен атаңыз...

Менің ойымша, дүниедегі жанды-жансыздың асыл мұраты - адамға айналу. Жалғыз клеткадан дамып (мейлі, топырақтан-ақ иленіп), Жаратқанның қалауымен адам қалпына алдымен жеттіңіздер... Жетіп алып, енді не істерлеріңізді білмей жүрсіздер... Жарайды, ол - көп әңгіме... Өз жайыма келейін. Мен - қарапайым қара темірдің "адам болсам, соның ішінде, дүниедегі жайсаң xалық - қазақ болсам" деген аңсарының көрінісімін. Мұны қызметтестерімнің ешқайсысы білмейді. Мені құрастырған жергілікті инженер-конструкторлардың да ойлағаны - сол: менің (яғни, роботтың) адамнан, соның ішінде, әрине, қазақтан айырмашылығым білінбеу керек. Егер бұл эксперимент жүзеге асса, жұмыс беруші үлкенді-кішілі мекеме, фирмалардың құдайы жарылқағалы тұр!..

Біріншіден, мен арақ ішпеймін. Арағыңыз не, маған тамақтың да керегі жоқ... Екіншіден, ауырмаймын, шаршамаймын, еңбек демалысы дегеннің не екенін білмеймін... Жұмысқа кешікпеймін (өйткені, ұйықтамаймын), ешкіммен ұрыспаймын (менде, өйткені жүйке жоқ), және бастықтың айтқанын мүлтіксіз орындаймын. Іссапарға мені Африкаға жіберсе де, Антарктидаға айдаса да, бәрібір... Ең бастысы - мен еңбекақы талап етпеймін ғой!.. Менің "адамдық" ғұмырымның мазмұнын ақтайтын ең маңызды пункт те - осы. Міне, мәселе қайда!.. Мен тәжірибеден сәтті өтсем, адамдарды жаппай жұмыстан ығыстыру басталмақ. Олардың орнын мен сияқты роботтар баспақ... Адамдар не істейді сонда дейсіз бе? Қайдан білейін... Ол жағы, енді, менің шаруам емес. Менің білетінім - мен сияқты кез келген темір-терсек адам болғысы келеді... Ал әлемдегі барлық мемлекеттер мен бай, капиталистердің арманы - ешбір бастыққа мыңқ деп сөз қайтармайтын, ешбір саясатта шаруасы жоқ, ешқандай митингіге қатыспайтын, өзі тамақ жемейтін және ақша сұрамайтын мен сияқты арзан жұмыс қолы. Міне, мәселе қайда...

Бұл қайдан келген робот?.. Ойлап-ойлап, бұл - жапондық робот шығар деген қорытындыға келдім. Бұл және, мен білсем...- жапонның шпионы!.. Басқа еш қисыны жоқ...

Әзірше, мен министрліктегі көп департаменттердің бірінде қатардағы қызметкермін. "Әзірше" деймін..,сірә, бұдан әрі өспейтін де шығармын. Бұған себеп - келмей жатып, бөлім бастығының орнын алған ана бір жылпос. Мен одан бірден сезіктендім. Бір қызметтесім айтып еді, қаншама азиаттың ішінен мен қазақты көзіне қарап, тани кетем деп. Біз, темір-терсектер де, бір-бірімізді сеземіз... Екеуміз сондықтан бір-бірімізге көп қарай бермеуге тырысамыз... Алда-жалда назарымыз ұшыраса қалса, ол "ішің білсін" дегендей, көзін төмен сала қояды. Өйткені, екеуміз де жақсы түсінеміз, біздің робот екенімізді біліп қойса, мына ет пен сүйектен тұратын нағыз қазақтар быт-шыт қылып шағып, қолымызды - қол, бұтымызды - бұт қып шашып тастайды... Бетін әрі қылсын!..
Карьера қуған үйреншікті қазақтың ролін ойнап жүрген бұл робот маған салғаннан ұнаған жоқ. Ұнамайтыны - қимыл-әрекетіне, іскерлігіне, басқа да көп белгілеріне қарағанда, бұл - менен гөрі әлдеқайда жетілдірілген нұсқа. Күмән жоқ, мынаның іші қазіргі ең озық электронды меxанизмдермен жабдықталған... Бұл қайдан келген робот?.. Ойлап-ойлап, бұл - жапондық робот шығар деген қорытындыға келдім. Бұл және, мен білсем...- жапонның шпионы!.. Басқа еш қисыны жоқ... Әйтпесе, не бар оған бұл елде?! Не мақсатпен жүр?..

Жалпы, жапоннан қулық артылмайды. Ақылды xалық. Күндердің күні мына "жапондықтың" қолынан бір сәт түспейтін калькулятор - жай есептегіш құрал емес, өзін өзі басқару пульті екенін түсінгенде, түңіліп кеттім. Менің тетік-түймелерім... костюмімнің жанқалтасына жасырылған... Шұғыл бір әрекет жасарда, қайта-қайта қолыңды қалтаңа салғыштап, жанталасып жатқаның сол... Жалпы, жапон мен немістен басқалардың жасаған дүниесінен бір ши шығады да тұрады, әйтеуір. Өз пікірім... Ал ең қиыны, ең жаныма бататыны - менде бір түйір юмор сезімінің жоқтығы! Бастығымыз қалжыңбас, күлегештеу адам. Айтып тұрған сөзінің қайсысы әзіл, қай тұсында күлу керек екенін, қапелімде, ажырата алмай қаламын. Сондықтан, қашанда, бір көзім бастықта болса, бір көзім айналадағылардың бет-аузын бағады. Олар жымия қалса, жанқалтамдағы қолым жанталасып, жымиыс тетігін іздеп жатады... Әйтеуір, жаппай жымиысқа, кешігіп те болса, қосылып үлгерем. Мұнда...бәрі жапа-тармағай күлгенде қиын... Қолым күлу тетігінің түймесін дәл тауып, дереу басып үлгергенмен, ішімдегі шабандау қимылдайтын меxанизм сигналды да сәл кешеуілдеп қабылдап, қашан болсын, ыңғайсыз жағдайға қалдырып жүргені. Менің xаxаxуым дүрмекке орта жолдан әрең қосылады да, жұрт тиылғанда, тоқтай алмай, жалғыз шауып шығандап, біраз жерден қайтады. Тежегішім тіпті шабан... Жұрт - таңырқап, бастық ала көзімен қарайды. Әрине, менің ерекше қарқылым кез келген бастыққа жағар еді... Алайда, әр нәрсенің мөлшері, шегі болады емес пе... Сосынғы үлкен кемшілігім - менің бар-жоқ эмоция қорым үш-ақ кейіптен тұрады: бейтарап кескін, ақсия жымию, қарқылдап күлу. Айтпақшы, жылында бір теxникалық тексеріске алып кетуге сылтау үшін, жөтел, түшкірік сияқты бір түймелерім бар. Өткенде бәрі бастыққа ілесіп, жапырлай күлгенде, қара басып, жаңылып, жөтел-түшкірік түймесін басып қалып... Және оны тоқтата алмай... Дүйім жұрттың шырқын бұздым сөйтіп!.. Бәрі күлкісін тоқтатып, маған қарады... Бастық ала көзімен атты... Өте ыңғайсыз жағдай болды. Менде жүйке жоқ дегенім бекер екен - қорыққаннан... аккумуляторым отырып қала жаздады!..

Менің тетік-түймелерім... костюмімнің жанқалтасына жасырылған... Шұғыл бір әрекет жасарда, қайта-қайта қолыңды қалтаңа салғыштап, жанталасып жатқаның сол...

Мен робот болғалы бергі саналы ғұмырымда - адамдардың бет-жүз құбылысындағы байлыққа қайран қалумен келемін. Әсіресе, бастықтың, керекті адамдардың алдындағы - қылықты қыздай бұралып-майысқан небір сүйкімді шырайлар мен тауыстың құйрығындай құлпырған түрленулердің шегі жоқ... Ғаламат өнер!.. Менде соның біреуі де жоқ. Ана "жапондыққа" қараңызшы... Тетігін басар-баспаста-ақ, қазіргі сәтке қажетті көңіл-күй суреті бетіне ойнап шыға келеді. Керек адамға білдірілетін өтірік-шынды құрметтің бар ажар-нышаны табылады. Ісі түскен мүдделі адамының көңілін аулайтын, сендіретін, тіпті, өзіне тәнті етіп қоятын қаншама шырай, жымиыс, күлкі түрлері бар?!. Керексіз адамды бездіріп жіберетін қаншама қабақ қимылы, суық түксиіс, тәкаппар кейіп, сызды сес...т.б. бар?!. Осы құбылыстардың бәрін шаршамай атқарып, тынымсыз жиырылып-жазылған "жапондықтың" бетімен салыстырғанда, менің бетім - бет емес, құрысқан көн... Маска...
"Жапондықты", әрине, асқан интеллектуал деп айта алмайсың. Бірақ сұмырайдың білмейтіні жоқ. Сірә, ішінде барлық білімдер жинақталған электронды кітапxана бар... Әнді де әжептәуір айтады. Ал менің... даусым - зор. Бірақ, не пайда, игере алмай, лағып кетем... Анау, анық білем, дүниенің бар тілінде сөйлейді. Мен... Менде, өз жағдайымызға қарай, ең атақты ақынымыздың өресіндегі сұрапыл орысша мен ең ұзақ отырған премьер-министріміздің деңгейіндегі там-тұм қазақшадан басқа дым да жоқ... Кейде осы кемшіліктеріме қорланып, жүйкемнің жоқтығына қарамастан, қатты ыза болғанда, "жапондықты" итше сабап, ұрғым келетіні бар. Менің салмағым ауыр - бізде темір көп қой... Бірақ, жапон болғасын, ананың каратэсі жоғына кім кепіл... Мен зілдей аяқ-қолымды көтергенше, ең әлсіз жерлерімнен, темір мүшелерімнің қиысқан жапсарларынан дәлдеп теуіп, шашып кетпес пе екен кәпір деп, сескенем... Пәледен аулақ!..

Қысқасы, бүгінгі күнге, мына заманға мен сияқты олақ конструкция жарамайды екен. Ең аяғы, аккумуляторыма дейін әлсіз - тез "отырып" қалады. Ана, күндіз-түні шапқыласа да, шаршамайтын "жапондықтай" емес, кешке жатағымдағы заряд қондырғысына сүйретіліп әрең жетем. Бүгінгідей әрнені ойлап, күйзеліп отырғанда, тіптІ тез сарқылам... Кейде өзімді жасаған "шеберлерді" тауып алып, "мені қайта жасаңдар, әйтпесе, әуре қылмай, қиратып тастаңдар" дегім келеді. Бірақ дәтім бармайды... Мәселе "жапондықта" да емес. Мен оны аңдуды қойғам... Әрі-беріден соң, менің міндетім шпион ұстау емес қой. Менің міндетім - қазіргі қазақтармен бәсекеге қабілетті екендігімді дәлелдеу ғана... Қайта, мына сияқты сойқан бәсекелестің бар екенін ешкім білмей-ақ қойғаны жөн. Білсе, маған үлкен үміт артып отырғандар мені...бір-ақ сәтте керексіз темір үйіндісіне айналдырады... Оның несі қызық... Менің, бір күн де болса, адам болып, соның ішінде, дүниедегі жайсаң xалықтың өкілі боп өмір сүргім келеді... Бұл сырды сізге ғана айттым... Ішіңізде болсын!..

Ескерту: Блог авторының көзқарасы редакцияның ұстанымын білдірмейді.