Тергеуге ілінген екі ұйымның қазіргі ахуалы

«Аман-саулық» үкіметтік емес ұйымы өткізген «Денсаулығыңызды қорғау құқығыңыз» кітабының презентациясы. Алматы, 13 мамыр 2014 жыл.

Қылмыстық тергеу амалдарына қарамастан, «Аман-саулық» үкіметтік емес ұйымы жұмыс істеп жатыр. Ал тергеуге іліккен тағы бір қоғамдық ұйымның тағдыры басқаша өрбіді.
Мамырдың 13-і күні 30 шақты адам Алматы қаласындағы «Аман-саулық» үкіметтік емес ұйымы (ҮЕҰ) кеңсесі орналасқан үйдің ауласына «Денсаулығыңызды қорғау құқығыңыз» деген кітаптың презентациясына жиналды.

«АМАН-САУЛЫҚ»

Денсаулық қорғау саласына қатысты жобалармен жұмыс істейтін ҮЕҰ жетекшісі Бақыт Түменованың айтуынша, қазіргі қиындықтарға қарамастан, ұйым жұмыс істеп жатыр. Наурыздың 11-і күні қаржы полициясы қызметкерлері ҮЕҰ кеңсесіне тінту жүргізіп, компьютерлер мен құжаттарды алып кеткен еді.

ҮЕҰ қызметкерлері компьютер жетпегендіктен, жұмысқа өздерінің ноутбуктарын әкеліп жүр. Бірақ Түменованың айтуынша, бұрынғы деректер қорын қалпына келтірудің қиындығы туған.

"Аман-саулық" ұйымының жетекшісі Бақыт Түменова жұмыс кабинетінде отыр. Алматы, 13 мамыр 2014 жыл.

- Ұялы телефонымның ескі симкасын әлі қайтарған жоқ. 12 жылдан бері жиналған телефон нөмірлері сонда сақтаулы еді. Бұрынғы әріптестерімнің көбі маған хабарласа алмай жатыр, - дейді Бақыт Түменова Азаттық тілшісіне.

«Аман-саулық» ҮЕҰ қызметкерлерінің көбі «заңсыз жолмен алынған ақшаны пайдалану» ісі бойынша куәгер ретінде тергелген. «Аман-саулық» ұйымы тағылған айыптарды «саяси астары бар» деп мойындамайды.

Тінту жүргізілген күні тұтқындалып, біраз уақыт қамауда отырып шыққан Людмила Зорина да «Денсаулығыңызды қорғау құқығыңыз» кітабының презентациясына қатысты. Ол өзінің процессуалдық статусы туралы сұраққа жауап беруден бас тартты.

«ПАНОРАМА»

Билік «заңсыз ақшаны пайдаланған» деп айыптаған тағы бір үкіметтік емес ұйым – «Панорама» продюсерлік орталығы». Оның қызметкерлері де осы іске қатысты тергеуге іліккен.

Биліктің болжамынша, бұл ҮЕҰ қуғындағы саяси эмигрант әрі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов қаржыландырған оппозициялық «16/12» арнасына материалдары шыққан тележурналистердің жұмысын ұйымдастырумен айналысқан.

«Панорама» орталығының басшысы Георгий Архангельскийдің айтуынша, полиция бүкіл техника мен құжаттарын алып кетіп, есеп-шотына қамау салғандықтан, бұл ұйым жұмыс істемейді, ал қызметкерлері жұмыссыз қалған.

«Панорама» продюсерлік орталығы» басшысы Георгий Архангельский. Алматы, 4 мамыр 2014 жыл.

Оппозициялық ҮЕҰ-ларға («Аман-саулық» және «Панорама» продюсерлік орталығы») қатысты екі істі де Алматы қаласы қаржы полициясының тергеушісі Руслан Миров тексеріп жатыр. Екі істі бір тергеу өндірісіне біріктірді ме, жоқ па - ол белгісіз. Тергеуші де, куәгерлер де, олардың адвокаттары да бұл жайында әзірше ештеңе айтпайды.

Азаматтық қозғалыстың 66 жастағы ардагері, 2007 жылдан бері жұмыс істейтін «Аман-саулық» ҮЕҰ-ның жетекшісі Бақыт Түменованың пікірінше, «билік қазіргі авторитарлық режимді сынағаны үшін ұйымды жапқысы келеді».

Былтыр «Аман-саулық» қоғамдық ұйымы Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдарды қолдау және дамыту қорын құруды ұсынған. Ұйым белсенділері ҮЕҰ-лар арасында мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты әділ бөлу проблемасын осылай шешуге болады деп есептейді.

Түменованың айтуынша, қазір елде мемлекет құрған «мемлекеттік емес ұйымдар» көбейіп кеткен. Жалған ҮЕҰ-ні жұрт GONGO (ағылшынша Government-Organized Non-Governmental Organization – Үкімет құрған үкіметтік емес ұйымдар) деген жаңа терминмен атайды. Белгілі бір ведомствоның немесе тұлғаның имиджін көтеру үшін мемлекеттік тапсырыс немесе жеке тапсырыс арқылы олар жыл сайын миллиондаған теңге алады.