Кәмелетке толмаған қыздың тұрмысқа шығуы

Көрнекі сурет.

Оңтүстік Қазақстанда 15 жастағы қызға үйленген жігіт қамауға алынып, үстінен іс қозғалды. Заңгер кәмелетке толмаған жаспен жыныстық қатынасқа түсу қылмысқа жататынын айтады. Мамандар мезгілінен ерте тұрмыс құрудың кері салдары болуы мүмкін екенін ескертеді.

Шымкенттегі мектептердің бірінде 9-сыныпта оқитын Маржан (кейіпкерлердің аты-жөні өзгертіліп алынды – ред.) Жетісай қаласының тұрғыны 18 жастағы Ерлан Р.-мен бұрыннан таныс екенін айтады.

ЗАҢСЫЗ«НЕКЕ»

Бұдан біраз уақыт бұрын ата-анасы ажырасып кеткен Маржан Шымкентте әкесінің қолында тұрып, мектепте оқып жатқан. Қыркүйектің 16-сы күні облыс орталығынан шалғайдағы Жетісайға анасына барып, бір айдан аса уақыт нағашыларының үйінде тұрған.

– 23 қазан күні Ерлан кездесуге шақырып, үйленгісі келетінін айтты. Оқуымды Шымкенттен Жетісайға алмастырамыз деген соң келісім бердім. Сол күні кешке «алып қашты», − дейді Маржан.

Кәмелетке толмаған баласының бір үйге «келін» боп түсіп, мұсылман салтымен «некесі қиылғаны» туралы хабар ертесінде қыздың туыстары мен заң орындарына да мәлім болады.

23 қазан күні Ерлан кездесуге шақырып, үйленгісі келетінін айтты. Оқуымды Шымкенттен Жетісайға алмастырамыз деген соң келісім бердім. Сол күні кешке «алып қашты».

− 25 қазан күні мен Жетісайдағы Ерланның үйінде, ол жұмыста болатын. Әкеммен бірге келген полицейлер екеумізді де Шымкентке апарып түсініктеме алды. Содан кейін мені әкеммен бірге қоя берді де, Ерланды алып қалды, − дейді Маржан.

Жергілікті баспасөз құралдарына берген түсініктемесінде Абай аудандық прокуратура өкілі Ермек Айтымов кәмелетке толмаған қызды Жетісайға «анасы алдап шақырып алып, жергілікті тұрғын ұрлап әкетіп, жыныстық қатынасқа түскен» деген болжам барын хабарлаған.

Бірақ Күнсұлу А.-ның сөзінше, қызы сағынғанын айтып Шымкенттен өзі келген, үйлену туралы әңгімеден анасы бейхабар болған.

– Соңынан қуып барған соң қызыма жалынып, жыладым да, ұрсып та көрдім, бірақ үйге оралуға көндіре алмай жалғыз қайттым, - дейді ол.

Әйелімен ажырасқан соң алты баланы бір өзі қарап қалған Маржанның әкесі қызымның жасы тұрмыс құруға әлі ерте деп отыр.

− Егер олай болатынын білгенімде оларды тоқтататын едім. Көңілдері қалап тұрса да, алдымен қызым мектебін бітіруі керек еді, − дейді Рахмат А.

Маржанның әкесі қазір қамауда отырған Ерлан Р.-ға жаны ашитынын айтады.

– Қызым оны ұнатады, сотталып кеткенін қаламайды. Бірақ полиция істі тек сот қана қарап, шешім қабылдайтынын айтты, - дейді ол.

Рахмат А. қызынан полициядағылар түсініктемені өз көзінше алғанын, бірақ Маржанның сөзін тыңдауға шыдай алмай, сыртқа шығып тұрғанын айтты.

Заң бойынша, 122-баптың 3-тармағында жазылған әрекеттер ауыр қылмыс түріне жататындықтан, қылмыстық іс ешбір шағым-арызсыз бірден қозғалады.

Шымкент қаласы Абай аудандық ішкі істер бөлімінің аға тергеушісі Мұхит Садықов азамат Ерлан Р.-дың үстінен қарашаның 3-і күні Қылмыстық кодекстің «16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынаста болу және нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де іс-әрекеттер» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, прокуратура ұсынысымен сот оны екі айға қамауға алуға санкция бергенін Азаттыққа растады.

− Заң бойынша, 122-баптың 3-тармағында жазылған әрекеттер ауыр қылмыс түріне жататындықтан, қылмыстық іс ешбір шағым-арызсыз бірден қозғалады. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр, − деді аға тергеуші.

Ерланның әкесі Бақтияр К. ұлы қазір тергеу абақтысында жатқанын, оған жеке адвокат жалдауға отбасының жағдайы жоқ екендігін жеткізді. Рахмат А. қызына билік орындары тарапынан ешқандай адвокат тағайындалмағанын айтты.

ЕРЕКШЕ ӘЛЕУМЕТТІК ТОП

Алматы қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ернар Қасымбеков Қазақстан заңы бойынша кәмелет жасына жетпегендермен жыныстық қатынасқа түсуге және некеге отыруға тыйым салынғанын ескертеді.

Алматы қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ернар Қасымбеков.

– 16 жасқа жетпеген адаммен некеге тұруға рұқсат берілмейді, ол туралы заңда нақты жазылған. Тіпті жасы он алтыда болған күннің өзінде де ерекше жағдайларда, мәселен, жүкті болып қалса ғана рұқсат берілуі мүмкін. Кәмелетке жасы толмағандар ерекше топқа жататындықтан оларға қатысты барлық тергеу-сот амалдары баланың ата-анасының немесе өкілінің қатысуымен жүргізілуі керек. Және ондайда жасөспірімге мемлекет тарапынан тегін адвокаттық жәрдем берілуі тиіс, - дейді судья.

Кәмелетке толмағандармен жыныстық қатынас жасау оқиғасы бойынша қозғалған істерді өзі де қараған судьяның айтуынша, Алматы сияқты үлкен қалада жылына ондай іс бойынша 3-4 сот процесі өтеді.

– Көбінесе жәбірленуші тарап айыпкердің жаза алғанын қалайды, сонымен бірге қарсы тарапқа кешірім беріп, қылмыстық жауапкершіліктен босатылған оқиғалар да кездеседі. Мәселен, өз тәжірибемде 122-баптың 1-тармағы бойынша қозғалған бір істе тараптар сондай келісімге келген, - дейді ол.

Судья Қасымбековтың пікірінше, қылмыстық заңда кәмелетке толмағандармен жыныстық қатынас үшін жауапкершілік туралы баптың болғаны дұрыс.

– Себебі, ондай оқиғалардың кейін түрлі, тіпті ауыр салдары болуы ықтимал. Сондықтан, кәмелеттік жастағы ересек адам ондай жасқа жетпеген жеткіншекке қатысты өз іс-әрекетіне жауапты екенін, қылмыстық жаза барын толық сезінуі керек, - дейді судья.

Кәмелетке толмағандарды ерте жыныстық қатынастан сақтандырудағы отбасындағы тәрбиенің және ата-ана мен бала арасындағы байланыстың маңызды екенін еске салған Ернар Қасымбековтің сөзін дәрігер маман да қостайды.

Шымкент қалалық орталық емханасының гинекологы Нұргүл Расымбекова жыныстық өмірді ерте бастау кәмелеттік жасқа толмаған қыздардың ағзасына ауыр зардап тигізуі мүмкін екенін ескертеді.

– Бірі жүкті болып, түсік жасатып, кейін содан жазылмас бедеу болып қалады, екіншілері түрлі ауруларға шалдығып жатады. Медицинада фертильді жастағы, яғни, 15-49 жас аралығындағы әйелде бала табуға мүмкіндігі бар деп саналады. Бірақ қыз 18 жасқа толған соң ағзасы бала тууға толық дайын болып, дені сау ұрпақты дүниеге алып келуіне зор мүмкіндігі болады, - дейді маман.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Гүлмира Боранбаева.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Гүлмира Боранбаеваның сөзінше, мектепті бітіре сала жастайынан тұрмыс құратындардың отбасылық өмірге дайын болмай шығатыны сирек жағдай емес.

– Мәселен, біз жүргізген әлеуметтік сауалнамаға қатысқан үш жүз адамның 60 пайызға жуығы қыз алып қашып үйленген жастардың ажырасып кеткені туралы білетіндерін жеткізген. Ал отыз пайызы қыздардың жаңа отбасымен келіспей қайтып келгенін айтқан, − дейді Гүлмира Боранбаева.

Сонымен бірге ол қоғамда «қыз алып қашу» тақырыбы ашық қозғалмайтынын, ондай оқиғаларға кезігіп жәбір-жапа шеккен қыздардың өз құқықтарын қорғауға шарасыздық танытатынын айтады.

Кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыс оқиғалары туралы Азаттықтың сұрақтарына Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті әзірше жауап бермеді.