Роберт Блейк АҚШ үкіметі Қазақгейтке ықпал еткен жоқ дейді

Роберт Блейк, АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия мәселелері жөніндегі көмекшісі. Бішкек, 15 сәуір 2010 жыл

АҚШ Үкіметі Ауғанстанда тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында өз әскерін жіберуге келіскен Қазақстанның ниетін оң бағалайды. Десе де, АҚШ шикізат өңдеушілермен жасасқан келісім-шарттарды қатаңдатпақ боп отырған қазақ үкіметінің әрекетіне алаңдаулы да көрінеді.

Желтоқсанның 15-і күні АҚШ-тың Қазақстандағы Бас консулдығында АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия мәселелері жөніндегі көмекшісі Роберт Блейк пен жергілікті журналистердің арасында телефон-сұхбат өтті. Шамамен бір сағатқа жуық созылған сұхбатта АҚШ дипломатына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдерінің журналистері алма кезек сұрақ қойып отырды.

«ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНІҢ КӨМЕГІНЕ РИЗАМЫЗ»

Роберт Блейк кіріспе сөзінде соңғы жылдары АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен диалог орнатуға күш салуы бірте-бірте өз жемісін бере бастағанын атап өтті. Бұл әсіресе, Ауғанстанда тұрақтылық орнату ісінде жақсы білініп жатқанын айта келе, оған стратегиялық қолдау көрсетіп отырған Орталық Азия елдерінің арасында Қазақстанның атын бірінші атады.

- Ауғанстандағы коалициямызды нығайтуға көмектесіп жатқан Орталық Азиядағы әріптестеріміздің стратегиялық көмектеріне ризамыз. Бұл жұмыстардың басым бөлігі Солтүстік тарату желісі арқылы жүргізіліп жатыр. Бұл қатарға сонымен қатар жақында ғана АҚШ пен Қазақстан арасында аяқталған әуе транзиті бойынша келісімді кіргізуге болады. Бұл біздің Ауғанстандағы әскерімізге көмектеседі, - деді Роберт Блейк сұхбат барысында.

Желтоқсанның басында ИТАР-ТАСС агенттігі АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, Қазақстанның Ауғанстанға әскери инструкторлары мен саперларын жіберетініні туралы ақпарат таратқан еді. Алайда әзірге, Ауғанстанға қанша, қашан әскер жіберілетіні белгісіз. Бұл турасында Қазақстандағы ресми органдар да нақты жауап бермей, үнсіз отыр.

Осы жылдың қазан айында Қазақстан сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстан тақырыбына арналған Венада өткен ЕҚЫҰ-ның жиынында Кабулдағы халықаралық күштер штабына төрт офицердің жіберілетінін айтқан еді.

- Бұл Орталық Азияның әскери өкілдерінің осындай миссияға алғаш рет қатысуы болады, - деген еді Тоқаев.

«БІЗДІ ШИКІЗАТТАН ДА БӨЛЕК САЛАЛАР ҚЫЗЫҚТЫРАДЫ»

АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Роберт Блейкпен сұхбатта Қазақстан жағы екі сұрақ қойып үлгерді.

Алғашқы сұрақ – жақында ғана жарық көрген Уикиликс құжаттарына қатысты болды. Роберт Блейк бұл құжаттардың жарияланғанына өкініш білдіретінін, оның АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасқа әсер етпейтініне үміттенетінін жеткізді. Мұнымен қатар ол Уикиликсті саяси ойынға теңеген Қазақстан мамандарының пікірін жоққа шығарды.
Астанадағы журналистердің бірі «Қазақгейт» ісіне қатысты сұрақ қойды. Ол бұл іс төңірегінде АҚШ үкіметі мен Қазақстан арасында қандай да бір алдын-ала келіссөздердің болған-болмағаны туралы білмек болды:

«Джеймс Гиффенге жеңіл жаза Ауғанстанға әскери контингент жіберу туралы және Қазақстандағы шикізат өндіруге қатысып отырған америкалық компаниялардың келісім-шартын қайта қарастырмау туралы уәденің арқасында тағайындалуы мүмкін бе?» деді журналист.

Роберт Блейк екі ел үкіметтері арасында мұндай келіссөздер болмағанын айта келе тіпті, жақында ғана АҚШ компанияларының келісім-шартын қайта қарастырмақ болған қазақ үкіметінің әрекетіне алаңдап та отырғанын жеткізді.

- Дегенмен де қазақ үкіметінің осыған дейін болған инвестициялық климатты өзгерту бойынша жасаған қадамдарына алаңдап отырмыз. Мұның нәтижесінде халықаралық аренада Қазақстанның орнығып қалған жайлы инвестициялық климаты мен нарықты кеңейту бойынша беделіне нұқсан келуі мүмкін, - деді Роберт Блейк.

Ол сонымен қатар АҚШ-тың алдағы уақытта Қазақстанда тек шикізат өндіру саласында ғана емес, өзге де экономиканың салаларында жобаларын жүзеге асыруға барынша күш салатынын жеткізді.