Әр ел әкім сайлауды әрқилы түсінеді

Өзбекстанның Бұқар ауданының сайлау комиссиясы жетекшісі сайлау жәшігін көтеріп барады. 27 желтоқсан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Өзбек оппозициясы елдегі әкімдерді сайлау ұсынысы жүзеге асарына күмәнданады. Ал қазақ мен қырғыз сарапшылары «әкім сайлау демократиялық институт орныққанының белгісі емес» деген пікірде.

Өзбекстанның жаңадан сайланған президенті Шавкат Мирзияев облыс пен қала әкімдерін тікелей сайлауды ұсынды. Ташкентте ел конституциясының 24 жылдығы құрметіне сөйлеген Мирзияев «басшылар жұртпен араласпай, елдің шаруасын шешпей жүргенін», «халық сайласа, жергілікті биліктің жауапкершілігі арта түсерін» мәлімдеген. Оның бұл сөзі Ислам Каримов қатаң авторитарлық басқару жүйесін орнатқан елде тосын естілген.

Your browser doesn’t support HTML5

Әкімдерді сайлау қажет пе? Аудиоподкаст.

ӨЗБЕКСТАН ОППОЗИЦИЯСЫНЫҢ ҮМІТІ МЕН КҮДІГІ

Өзбекстанның Ислам Каримов билігі тұсында қуғынға ұшырап, қазір шетелде тұратын кейбір оппозициялық саясаткерлері мен бұрынғы шенеуніктері Шавкат Мирзияевтің бастамасының орындаларына сеніңкіремейді. Олар президент міндетін атқаруға кіріскелі елдің сыртқы және ішкі саясатын жұмсарта бастаған Мирзияев бұл ұсынысын жүзеге асыра ала ма деп күдіктенеді.

Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан республикасының бұрынғы лауазымды қызметкері, 2011 жылдан бері Өзбекстан билігінің қуғындауымен шетелде жүрген Аман Сағидуллаев «әкімдерді сайлауға Өзбекстанның саяси режимі дайын емес» деп есептейді.

Өзбек полициясы. (Көрнекі сурет)

- Қарақалпақстан белсенділерін қуғындауды Мирзияев та тоқтатқан жоқ. Мирзияев Самарқан пен Жизақты басқарғанда және үкіметке жетекшілік еткенде қорқытып-үркітумен айналысты. Бірақ сайлау алдында және одан кейінгі уәделері ойландырады. Себебі бұл уәделері бұрынғы ісімен сай келмейді, – дейді ол.

Аман Сағидуллаев «Мирзияевтің шын ниеті саяси тұтқындарды босатып, сөз бостандығы мен сайлау еркіндігін берсе ғана белгілі болады» деп біледі.

Мирзияев шын мәнінде ашық сайлау жасай алмайды. Бірақ әкімдерді сайлау арқылы жауапкершілікті орталықтан жергілікті билікке аударып, халықтың өзін де жауапкер еткісі келетіні байқалады.

Ал Орталық Азия қоғамдастығының төрағасы, Өзбекстандағы жемқорлықпен күрес қорының негізін қалаушы Пулат Ахунов «Мирзияевтің бастамасы – қалай болғанда да позитив» деп санайды.

- Мирзияев шын мәнінде ашық сайлау жасай алмайды. Бірақ әкімдерді сайлау арқылы жауапкершілікті орталықтан жергілікті билікке аударып, халықтың өзін де жауапкер еткісі келетіні байқалады, – дейді ол.

ҚЫРҒЫЗСТАНДА ӘКІМДІ САЙЛАУДАН ТАРТЫНЫП ҚАЛҒАН

Өзбекстанның жаңадан сайланған президенті Шавкат Мирзияевтің әкімдерге қатысты ұсынысы ол елмен көршілес Қазақстан мен Қырғызстанда осы уақытқа дейін түрлі деңгейде жүзеге асқан.

Екі рет билік төңкерісі болған соң демократиялық процестерге Орталық Азия елдерінің ішінде көбірек жол ашқан мемлекет ретінде сипатталатын Қырғызстан сарапшысы Эдил Байсалов орталықтандырылған билікті қолдайды. Оның сөзінше, қазір Қырғызстанда облыс жетекшісін премьер-министр тағайындайды, ал ауыл және аудан әкімдерін сайлау жергілікті кеңестердің құзырына берілген.

Эдил Байсалов.

- Азаматтық қоғам мен саяси партиялар әлсіз болғандықтан жергілікті билік түрлі сепаратистік күштер мен қылмыстық топтардың және жекелеген жергілікті байлардың қолына өте бастағаны байқалды. Диктатурадан өттік, енді қайтадан олигархиялық басқаруға жол беруге болмайды. Сондықтан орталықтандырылған билікті күшейткен жөн, – дейді ол.

Эдил Байсаловтың айтуынша, «жергілікті билікті жоғарыдан тағайындағанымен, оны халық бақылауында ұстауға болады – ол үшін ең әуелі парламент сайлауын әділ өткізіп, саяси күштерге еркіндік беру керек».

Қырғызстанда желтоқсанның 11-інде өтетін конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі жалпыхалықтық референдумға «Аудан басшысын премьер-министр тағайындауы қажет пе, жоқ па?» деген мәселе де енгізілген.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘКІМ САЙЛАУЫН «ТАҒАЙЫНДАУ» ДЕП СИПАТТАЙДЫ

Ал Қазақстанда жергілікті әкімдерді біртіндеп сайлау процесін бастау 1998 жылы айтылған. Алғаш 1999 жылы Алматы облысындағы президент Нұрсұлтан Назарбаев туып-өскен Шамалған ауылының әкімін сайлаған. Кейін де ауыл әкімдері мен аудандық деңгейдегі қала әкімдерін сайлау жалғасқанымен, аудан әкімдерін сайлау процесі біртіндеп доғарыла бастаған. Ал облыс әкімдерін тағайындау президенттің құзырында қалған.

Республикалық тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің төрағасы, Алматы облысында тәжірибе үшін өткен аудан әкімін сайлау процесін бақылаған Дос Көшім «Қазақстандағы әкімдер сайлауы көз алдау болды» деп есептейді.

Азаттық студиясында отырған Дос Көшім. Алматы, 12 ақпан 2015 жыл.

- Ауыл, аудан әкімдерін жанама сайлау арқылы жергілікті мәслихаттар сайланды. Егер әкімдерді халық тікелей сайласа, демократияның белгісі бар деуге болар еді. Алматы облысы Ескелді ауданындағы әкім сайлауын көрдім – ол сайлау емес, жоғарыдан тағайындаудың бір түрі болып шықты, – дейді саясаттанушы.

30 ауданда ғана тәжірибелік тұрғыдағы әкімдер сайлауы өткізіліп, сонымен доғарылғанын айтқан Дос Көшім «мұндай сайлаулармен Қазақстанда ешқандай демократиялық институт орнықпайды» деген пікірде.

- Билік тікелей сайлаудан қорқады. Себебі ол авторитарлық жүйенің бір ұстыны – вертикальді билік жүйесіне сай келмейді. Екеуі бір-бірімен қайшы нәрсе, – дейді ол.

Дос Көшімнің айтуынша Қазақстан конституциясында жергілікті өзін-өзі басқару туралы бап болғанымен, 1997 жылдан бері сегіз рет жоба жасалса да, арнайы заң қабылданбаған.

Алматы облысы Қарасай ауданы әкімінің Таусамалы ауылының әкімдігіне үміткерлерді таныстырған сәті. 11 шілде 2013 жыл.

- Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі іске қосылса, әкімді сайлау немесе басқаша жолмен тағайындау негізгі мәселе болмай қалады. Қазір билік жергілікті мәслихаттарды «жергілікті өзін-өзі басқару» деп қабылдап отырған сияқты. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі жергілікті бюджетсіз, тікелей сайлаусыз жүзеге аспайды, – дейді ол.

Қазақстанда 2013 жылы жергілікті билік органдарының басшыларын жаппай сайлау науқаны өтіп, 2454 әкім төрт жыл мерзімге сайланған. Жергілікті мәслихат депутаттары аудандық деңгейдегі қалалар мен ауылдық округтердің, кенттер мен ауылдардың әкімдерін аудан не облыс әкімі ұсынған балама кандидаттар ішінен таңдаған. Ал оппозиция әкімдер сайлауына қатыспай қойған.

Сайлаудан кейін кейбір тұрғындар оның қорытындысына наразы болған. Олар өздері ұсынған жергілікті кандидаттар өтпей қалып, басқа жақтан келген азаматтар әкімдік қызметке сайланып кеткеніне ренжіген.

Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев әкімдерді сайлау науқаны аяқталғаннан кейін «Қазақстандағы әкімдердің 91 пайыздан астамы сайланды, бұл мемлекет өміріндегі аса маңызды қоғамдық-саяси оқиға болды» деп мәлімдеген.