"Жібек жолы" бекетінен өтуші көбейген

Кеден бекетінде кезекте тұрған адамдар. Сарыағаш ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр, 2018 жыл.

Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы «Жібек жолы» кеден бекетінен күніне ондаған мың адам өтеді. 2017 жылғы қарашада кеден бекетіндегі кейбір кедергілер жойылған соң Өзбекстан азаматтары Қазақстаннан тұрмыстық заттар мен азық-түлік тауарларын сатып алуды жиілеткен.

«ҚАЗАҚСТАН ЖАҒЫНДА КЕЗЕК ҚАЛЫҢ»

Азаттық тілшісі арнайы сапармен барған «Жібек жолы» кеден бекеті Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш қаласынан 20 километр, Шымкент қаласынан – 170 километр қашықта орналасқан. Кеден бекетіне алып баратын төрт жолақты автокөлік жолы жаңарған, екі беті қоршалған. Қоршаудың екі жағында далада сауда жасап отырған адамдар мен дүкендер көзге шалынады.

"Жібек жолы" кеден бекетіндегі жүк тасушы. Сарыағаш ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр, 2018 жыл.

Мойнына шағын сөмкесін іліп, теңгені сумға айырбастайтынын айтып айқайлаған әйелдердің дауысы көліктен түскеннен естіледі. Кеден жанындағы жаңа автотұрақ жеңіл көлікке лық толы. Кіріп-шығып жатқан көліктер де көп. Автотұрақтың әр жеріне жүк көлігін қойып, сауда жасап жатқан адамдар жүр.

Өзбекстаннан Қазақстанға өтіп сауда жасап жатқан адамдар.

​Тәулік бойы жұмыс істейтін тәртібі қатаң кеден бекетінің маңында жүрген халық көп. Бекеттен Қазақстан жағына өткен әрбір Өзбекстан азаматының қолында паспорты бар. Алыстан қарағанда кезекке тұрған жолаушыларды екі шекарашы жіті тексеріп, бір-бірден өткізіп жатқаны байқалады. Шекарадан ары-бері өтіп жатқан жолаушыларды жақыннан түсіруге барған тілшінің қолындағы фотоаппаратты көрген кеденшілер бекетті жақыннан түсіруге қатаң тыйым салынғанын ескертті.

Кеден бекетіндегі адамдар.

«Бұл – шекаралық аймақ. Шекарашыларды фото, видеоға түсіруге тыйым салынады. Сізге ескертеміз», - деді аты-жөнін айтпаған кеден қызметкері.

Бекеттен шамамен жүз метр жетпей оң жақ бетте орналасқан автовокзал маңынан бірде-бір автобус көрінбейді. Автовокзалдың жоғарғы жағындағы аялдамада Өзбекстан жағынан өткен адамдар топ-топ болып отыр. Олардың дені – ер адамдар. Қолдарында бір-бірден үлкен сөмке ұстап алған бұлар жұмыс іздеп келген адамдарға ұқсайды. Әр топтың қасына Қазақстан жағынан әлдекімдер келіп, сөйлесіп, өзімен бірге ертіп кетіп жатыр. Ықтимал еңбек мигранттарының қайда, қанша уақытқа, қандай жұмыс істеуге бара жатқаны ашық айтылмайды.

Автовокзалда отырған адамдар.

​Автовокзалдан бастап жолдың оң және сол жақ бетінде шекарадан өтушілерге түрлі қызмет көрсетіп, нәпақа тауып жүрген азаматтар жүр. Бекетке алып баратын жаяу жүргіншілер жолының екі бетінде қадам басқан сайын саудагерлер кезігеді. Ары-бері өткен, сауда жасап жатқан адамның көптігінен бұл жермен емін-еркін жүру мүмкін емес. «Жол, жол!» деп ышқынған жүк тасушы арбакештер мен «Сум бар, сум айырбастаймыз!» деп айқайлаған әйелдердің дауысы бұл жерден алысқа анық естіледі. Жолаушылар ішінде екі ел арасына жай қатынағанға қарағанда зат сатып алғандар көп пе деп қаласың.

Қазақстаннан тоңазытқыш сатып алып Өзбекстан жағына өткізгелі тұрған адамдар.

​Азаттық тілшісі «Жібек жолы» кеденінде болған екі сағаттың ішінде екі жақтан шамамен үш жүздей адам өткенін, олардың жиырмаға жуығы мұздатқыш, он шақтысы нан пісіретін электр пеші сынды тұрмыстық техника көтеріп алғанын, кейбірі қос-қостан мәнті пісіретін қазан мен ыдыс-аяқ тасығанын байқады. Өзбекстанға өтіп жатқан адамдардың ешбірі кеденнен өтерде бұрынғыдай декларация толтырмайтынын байқадық.

Кеден бекетіндегі тұрмыстық техника сататын сауда орыны.

​Қазақстаннан екі нан пісіретін пеш пен ет тартқыш және сұйық май сатып алып қайтып бара жатқан өзбекстандық ерлі-зайыптылар шекараның Қазақстан жағындағы бекетте кезек көп екенін айтады.

- Өзімізге қажетті заттарды алу үшін Қазақстанға өттік. Салыстырмалы түрде бізде техника мен азық-түлік қымбаттау. Мысалы, нан пісіретін электр пеші Өзбекстанда жүз доллар (33 мың теңге шамасында – ред.) болса, Қазақстаннан 300 мың сумға (12 мың теңге шамасында – ред.) сатып алдық, - дейді аты-жөнін айтуды қаламаған өзбекстандық азамат.

Кеден бекетінде жаяу жүргіншілер жолымен жүк тасып бара жатқан арбакеш.

​- Бізде сұйық май, конфеттің бағасы қымбат. Мысалы, сіздерде келісі 50 мың сумның конфеті бізде 75 мың сум. Бес литр сұйық майдың бағасында 5 мың сум айырмашылық бар. Дегенмен шекара ашылғаннан соң біздің дүкендерде азық-түліктің бағасы арзандады, - дейді оның әйелі.

Сауда орнында өзбек ақшасын санап тұрған адам.

​Кеден бекетінен өтуге дайындалып тұрғандар мен Қазақстан жағына өтіп жатқандардың басым көпшілігі – Өзбекстан азаматтары. Мұндағы халық бір-бірімен қазақша, өзбекше сөйлесіп жүр. Сауда мен қызмет екі елдің ақшасымен – теңге және суммен жүргізіледі. Ақша айырбастау орындарында 1 теңгені 25 сумға сатып жатыр.

«КЕДЕННЕН ӨТЕТІН ТАУАРҒА ШЕКТЕУ БАР»

Өзін шекараның екі жағында да тауар өткіземін деп таныстырған саудагер әйел Қазақстан шекарашыларының Өзбекстаннан тауар өткізбей жатқанын айтады.

- Қазақстанның барлық тауарларын Өзбекстанға өткізіп жатыр. Шамамен бір ай болды, Өзбекстаннан киім-кешек пен жеміс-жидекті көп мөлшерде алып өтуге тыйым салды. Неге екенін бізге түсіндірмейді. Әр адамға 2-3 келі тауар алып өтуге рұқсат берген. Өзбекстандық шаруалар шекара түбінен кері қайтуға мәжбүр, - дейді ол.

Өзбекстанда жасалған шатыр маңында отырған адамдар.

​Дегенмен, сұхбаттасымыздың айтуынша, мұндағы жұрт кеденнің белгілеген әр адамға шекті мөлшерде зат алып өту тәртібін айналып өтудің амалын да тапқан.

- Қазақстан жағынан тауар алып шығу үшін кеден бекетінен Өзбекстанға өтіп жатқан жолаушыларға өтініш жасаймыз. Тауардың мөлшеріне қарай бекеттен өткізіп бергеніне 2-5 мың сум көлемінде ақы береміз. Ол жақтан біздің адамдарымыз тауарды күтіп алады. Сөйтіп бұл жерден өткен жолаушылардың өзі де ақша табады, - дейді ол.

Кедендегі өткізу пункітіне жақын көшедегі сауда.

Шекарадан өтушілерге түрлі қызмет көрсетіп, нәпақасын айырып жүрген азаматтар журналистің видеокамерасынан қашқақтады. Өзін видеокамераға түсіруге келісім берген қазақстандық Ұлту Сәрсенбек кеденде ақша айырбастаумен айналысады. Ол да қаңтар айынан бері Өзбекстан азаматтары Қазақстаннан түрлі тауарлар таси бастағанын айтады.

- Біз жол жиегінде отырмыз. Бізден ақша айырбастап, алдымыздағы екі көшеден ашылған базарға барады. Келушілердің көбі сол жерден сауда жасайды, - деп жол сілтеді Ұлту.

КӨШЕ БОЙЫНДАҒЫ «ЖАБАЙЫ САУДА»

Жаяу жүргіншілер жолынан бұрылатын бірінші көшенің екі жағында жеңіл көліктер тұр, кейбірі жүк көліктерін не орындықтарын қойып алған. Одан кейін жеке тұрғын үйлердің ішінен ашылған дүкендер мен асхана, ақша айырбастау орындары бар. Дүкендерде азық-түлік, киім-кешек, тазалағыш заттар мен тұрмыстық техника сатылып жатыр. Әртүрлі тауарды көтеріп алып, жарнамалап жүргендер де бар.

Әр жерде қай дүңгіршекте не сатылатыны жөнінде жазылған жарнамалық қағаздар ілінген. Кей жерде картон қағазға кәдуілгі қаламсаппен «Көтерме бағамен сатылады» деп, мекен-жайын қоса көрсетіп жазып қойыпты. Жеке тұрғын үйден дүкен ашып алғандар «жекеменшік аймақ болғандықтан фото, видео түсіруге хақыңыз жоқ» деп ішке кіргізбеді.

Картонға жазылған "сілтеме-белгі".

- Әкімдікке қанша уақыттан бері мына жерді ретте деп айтып келеміз. Тыңдамай жатыр, - дейді көше бойындағы жекеменшік үйлердің бірінде сауда жасайтынын айтқан шамамен жасы елудің ішіндегі әйел көше бойында көлігімен сауда жасап тұрғандарды көрсетіп.

Кедендегі адамдар.

- Шекара ашылғаны дұрыс. Ары-бері сауда жүріп жатыр. Бірақ мына мәселені әкімдік реттеп беруі керек қой. Жолдан не ары, не бері өте алмай қалдық. Не тауар түсіре алмайсың, күнде айқай-шу. Үйден дүкен ашқандар жалақысын, мемлекетке салығын төлейді. Ал көшеде тұрғандар не жалақы, не салық төлемейді. Мысалы, ет тағамдарын көшеде сатуға тыйым салынған. Ал бұлар емін-еркін сатып жатыр. Неге қадағаламайды осыны? Ертеңгі күні біреу уланса кім жауап береді? – деп кейиді ол.

Саудагер айтқан жолдың бойынан асхана ашып алғандар да бар. Кейбіреулер жол бойында кәуап пісіріп, әр данасын 250 теңгеден сатып тұр. Бұл жерде санитарлық талаптардың сақталмайтыны аңғарылады, оны қадағалайтын адамдар да байқалмайды.

Кеден бекетіндегі асхананың біріне қойылған "сілтеме-белгі".

Жол жиегінде сұйық маймен бірге тазалағыш заттар сатып отырған саудагер әйел өзін Айнагүл деп таныстырды.

- Осылай сауда жасамағанда не істейміз? Жұмыс жоқ, әйелдер ауыр сөмкені арқалап кеттік. Бала-шағаны асырау керек қой, - дейді Айнагүл.

«ТӘУЛІГІНЕ 27 МЫҢ АДАМ ӨТЕДІ»

Азаттық тілшісімен әңгімеде Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылдық округінің әкімі Талғат Әзімбердиев «Жібек жолы» кеден бекетінің маңындағы орындарда заңсыз сауда жасап отырған саудагерлердің бар екенін мойындады. Оның айтуынша, тұрғындар бекетке жақын жердегі отызға жуық жеке үйден дүкендер ашып алған. Жеке тұрғын үйлер орналасқан көшелерге көлігін қойып заңсыз сауда жасайтындар да бар.

Кеден аумағы.

​Әкімнің сөзінше, полиция қызметкерлері жыл басынан бері жабайы сауда жасап отырған отыз шақты адамға ескерту бергенімен, бұл проблема әлі шешілмей келеді.

- Екі ел арасындағы қарым-қатынас жақсарып, шекарадан өтуге жеңілдік жасалғанан бері Өзбекстаннан Қазақстанға өтіп жатқан азаматтар саны артты. Бұрын күніне 6 мың адам шекарадан өтетін болса, 2018 жылдан бастан бір күнде 27 мыңға жуық адам Қазақстанға кіріп-шығады, - дейді Талғат Әзімбердиев.

Кеден бекетіндегі сауда орындарының бірі.

Ауылдық округ басшысының мәліметінше, кеден бекетінің оң жақ тұсында салынған автовокзалдан дүңгіршектер ашу жоспарланған. Ол дүңгіршектер ашылса, саудагерлер сол жерге орналасатынын айтады.

- Жол жөнделгеннен бері жабайы сауда жасайтындардың саны азайды. Саудагерлер қазір жеке тұрғын үйлерді жалға алып, сол жерде сауда жасап отыр. Өзбекстан тарапынан келушілердің көбеюі жергілікті тұрғындардың кәсіппен айналысуына жақсы әсер етті, - дейді әкім.