Бұрынғы ерлі-зайыптылар үш балаға таласып жүр

Көрнекі сурет.

Сот бұрынғы жұбайлардың – «әйелін жазатайым өртеген» ер мен оның зайыбының балаларына талас жайын қарауға кірісті. Үш баланың кімге берілетінін шешетін соттың жарыссөзі бүгін кешке өтпек.

Алматы ювеналды соты Ақерке Байғазиева (39 жаста) мен Мақсат Құрманның (37 жаста) ортақ балаларына – 11 және 3 жасар екі ұл мен 9 жасар қызға таласқан шағымдарды қарап жатыр.

«ЖАЗАТАЙЫМ ОҚИҒА»

Ақерке Байғазиева Мақсат Құрманмен 12 жыл отасқан ғұмырында «ұрыс-керіс те, ұрып-соғу да әдетке айналғанын», бірақ отағасы үш баласының анасын өртейді деген ойы мүлдем болмағанын айтады. Оның сөзінше, қайғылы оқиға 2015 жылдың 24 желтоқсанында болған.

– Үйге келе жатқан жолда мені әдетінше балағаттаумен болды. Мен оған «Бұлай өмір сүру мүмкін емес, ажырасқанымыз жөн болар» дедім. Алайда ол «Мен сенімен ешқашан ажыраспаймын, мен сені тек өлтіремін» деп қысқа қайырды. Жол-жөнекей базар сияқты бір жерге тоқтап, 5 литрлік пластик ыдыстағы бензин бе, керосин ба – бір нәрсе сатып алды. Үйге жақындай бергенде менің қолымдағы телефонымды, сөмкемді тартып алды, – дейді Ақерке Байғазиева.

Отбасылық зорлық-зомбылық тақырыбындағы көрнекі сурет.

Оның сөзінше, ауладан кіре бере қақпаны мықтап жапқан ері үйге беттеген әйелінің ту сыртынан үстіне жанғыш сұйықтық шашып, от қойып жіберген.

– Иісі мұрныма келгенде бензин екенін бірден түсіндім. Бұрылып, ауыз ашып үлгергенше ол шырпыны жағып жіберді. Менің үстім бір сәтте лап ете қалды. Жанымда үйіліп тұрған омбы қарға аунай жөнелдім. Жан дауысым шықты. Күйеуім «көршілер келіп қала ма» деп қорыққан болуы керек, мені бірден үйге алып кірді, – деп еске алады сол оқиғадан денесінің 20 пайызы күйіп, ауруханаға түскен Ақерке Байғазиева.

Бұл оқиғаға қатысты 2015 жылы 26 желтоқсанда қылмыстық іс қозғалып, Ақерке Байғазиева жапа шегуші болып танылған. Оның адвокаты Бақыт Сыдықованың айтуынша, Ақерке Байғазиеваның ері Мақсат Құрман істе әуелі айыпталушы есебінде болған.

– Алайда тергеу аяқталған кезде «Мақсат Құрманның жасағанында қылмыс әрекеттер анықталмағандықтан» іс [сотқа жетпей] тоқтатылған. Бұл істі қарапайым жазатайым оқиға деп қалдырған, – дейді адвокат Бақыт Сыдықова.

Ақерке Байғазиева қайта шағымданып, Мақсат Құрманға байланысты іс қайта ашылып, қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.

«ЖАЛА»

Мақсат Құрманмен он шақты жыл бірге тұрған кезінде одан көп қысым көргенін айтқан Ақерке Байғазиева «үш балам бар ғой, елден ұят болады, қандай болса да балаларға әке керек деумен шыдап келдім» дейді. Бірақ үш балалы ана былтырғы желтоқсандағы оқиғадан кейін ажырасуға бел буып, биыл сәуірде айрылысқан.

Ақерке Байғазиеваның адвокаты Бақыт Сыдықованың айтуынша, ерінен ажырасқан әйел қазір «озбыр әке балаларға да қиянат жасауы мүмкін» деп, балаларды өзіне алғысы келіп жүр.

– Себебі үш баланың әкесі Мақсат Құрман сотқа шағымданып, өзінің «жақсы әке» екенін айтып, балаларды өзіне қалдыруды талап еткен, – дейді адвокат.

Отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбындағы көрнекі сурет.

Ақерке Байғазиеваның бұрынғы ері Мақсат Құрман бұрынғы жұбайының «ерім мені өртеді» деген сөзіне қатысты әзірше комментарий бере алмайтынын айтты.

– Әзірге айтарым, оның (Ақерке Байғазиеваның) айтып отырғандары – жала жабу. Қыста қылмыстық іс қозғалып, төрт ай тергеу жұмыстары жүрді. Алайда қылмыстық әрекет болмаған соң іс тоқталды. Қайта арыз жазыпты, енді көреміз, – деді Мақсат Құрман.

Мақсат Құрман бұрынғы жұбайының ақпарат құралдары арқылы жұрт алдына шығып сұхбат беруін «өз балаларын құрту» деп сипаттайды. Ол Азаттық тілшісіне де «бұл іс туралы жазғанда балаларының жағдайын ойлауға» шақырды.

Мақсат Құрман мен Ақерке Байғазиеваның ортақ үш балаларына талас жайын қарап жатқан соттың жарыссөзі бүгін кешке өтпек.

Олардың ерлі-зайыпты кезінде болған «өртеу» оқиғасына қатысты іс әлі сотқа жеткен жоқ. Ресми деректер бойынша, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жыл сайын орташа есеппен 500-ден астам әйел көз жұмады. Елде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заң 2009 жылы қабылданған. Қазір елде осындай жандарға психологиялық қолдау көрсететін 28 дағдарыс орталығы жұмыс істейді.