Визасыз саяхаттың қыр-сыры

Әуежайдағы таблоны қарап тұрған жолаушы. Көрнекі сурет

Туристер қай елдерге визасыз бара алады? Шекарадан өту процедурасы мен визаны әуежайда рәсімдеу қалай жүзеге асады? Азаттық бұл туралы бұрынғы дипломатпен сұхбаттасқан еді.
Шілденің 22-сі күні индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Қазақстан азаматтарының визасыз шыға алатын және визасын әуежайда алуға болатын елдердің тізімін жариялады. Тізімде 60-тан астам мемлекет бар. Қазақстандықтар әлемнің 35 еліне визасыз шығу құқығына ие. Ал 27 елдің визасын шекарадан өткенде алады.

Виза шекарада қалай соғылады? Министрліктің жариялаған тізімі Қазақстан азаматтарына тиімді ме? Осы жайттар туралы экс-дипломатиялық қызметкер, 1990-2008 жылдары Қазақстан сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеген Қазбек Бейсебаев әңгімелеп берді.

Азаттық: - Қазақстан үкіметі өз азаматтары визасыз саяхат шегуі үшін шет елдермен арнайы келіссөз жүргізе ме?

Қазбек Бейсебаев: - Визасыз шығу мәселесінің екі жағдайы бар. Біріншісі – нота алмасу. Екі елдің сыртқы істер министрлігі арасындағы келісім негізінде азаматтар бір-біріне визасыз кіре алады. Қазақстан көбіне ТМД елдерімен осындай келісім-шарт жасасқан. Моңғолия, Түркиямен де екі жақты келісім бар. Бірақ Қазақстан азаматтары бұл елдерге бір айға бара алады.

Қазбек Бейсебаев, бұрынғы дипломатиялық қызметкер.


Азаттық: - Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі жариялаған тізімде Антигуа және Барбуда, Барбадос, Гаити, Тувалу мен Эквадор сынды елдер жүр. Бұл мемлекеттермен де Қазақстанның арнайы келісімі бар ма?

Қазбек Бейсебаев: - Жоқ, бұл елдер өздеріне туристер тарту үшін белгілі бір мемлекеттің азаматтарын визасыз кіргізу туралы шешім қабылдаған. Қазақстан ТМД аймағына кіреді. Ал әлемдегі біраз мемлекеттер ТМД-ға мүше елдердің азаматтарын өздеріне визасыз кіргізеді. Кей елдердің визасын алуда жеңілдіктер бар.

Азаттық: - Ол қандай жеңілдіктер?

Қазбек Бейсебаев: - Мәселен, африкалық, америкалық және арал елдердің кейбірі туризм мен сауданы дамыту үшін визаны тегін береді. Ал Қазақстан азаматтары кей елдердің визасын шекарадан өткенде, яғни әуежайдан ала алады. Мәселен, Қазақстан азаматтары Орталық Африка республикасы, Кабо-Верде, Комор аралдарына барса, әуежайда визаны тегін береді. Ямайка, Того, Мозамбик елдерінің визасын әуежайда сатып алады. Яғни, визаны кедендік тексеріс кезінде паспортқа соғып береді. Бұл да аталған елдердің туристерді тарту үшін жасап жатқан шаралары.
Тізімде ТМД елдері мен Түркияны есептемегенде тек екі-ақ Еуропа елі жүр. Олар – Сербия мен Хорватия.

Азаттық: - Тізімде Мадагаскар, Микронезия, Самоа, Шығыс Тимор сынды экзотикалық елдер де бар. Бұл елдерге Қазақстан азаматтары жиі бара ма?

Қазбек Бейсебаев: - Жалпы Қазақстан азаматтары визасыз кіре алатын болса, ондай елдермен қарым-қатынасымыз жақсы деген сөз. Бірақ Замбия, Угандаға қазақстандықтар барып жатыр деп естіген жоқпын. Тізім қазақстандықтар көп бармайтын елдерге толы. Қазақстандықтар тек ТМД елдері, Түркия, Моңғолия, Гонконг, Малайзия, Сербия, Сингапур, Доминикан Республикасы, Таиланд, елдеріне, ары кетсе Мальдив, Сейшель аралдарына визасыз шығудан пайда көріп жатқан шығар. Басқа елдерге қазақстандықтар бармайды. Мәселен, Барбадос пен Намибия сияқты.

Тізімде ТМД елдері мен Түркияны есептемегенде тек екі-ақ Еуропа елі жүр. Олар – Сербия мен Хорватия. Қазақстан өз азаматтары жиі баратын Қытай, Ұлыбритания, Канада және ЕО елдеріне виза алуды жеңілдету жолын қарастырғаны жөн. Бұл жаққа виза алу үшін жинайтын құжат және төлемдері көп. Сондықтан Қазақстан өз азаматтары көп баратын елдерге визасыз кіру немесе виза алу жағын жеңілдету үшін жұмыс жасағаны жөн.

Азаттық: - Әңгімеңізге рахмет.