Атаулы арақ-шарап дау тудыруы мүмкін

"Домбыра арақ". Сурет akros.kazprom.net сайтынан алынды.

Қазақстанда ұлттық музыка аспаптары бейнеленген және белгілі тұлғалардың аты берілген арақ-шарап өнімі жылдан жылға көбейіп келеді. Ақтөбе облысының Алға қаласында маусым айынан бері «Домбыра арақ» шығарыла бастапты. Оған кейбір музыка мамандары мен өнер қайраткерлері қарсы.

АВТОРЫ АНЫҚТАЛМАҒАН ӨЛЕҢ


Сыртқы бейнесі қос ішекті домбыраға келетін арақтың орташа бағасы шамамен - 800 теңге. Сыртқы қорабында би билеп, қазақы киім киген қос қыздың суреті бейнеленген. Астына «Домбыраның» дәмін, Достарыңмен тат. Көңілдің сәнін, Ән мен күйден тап» — деп өлеңдетіп қойыпты.

Алдымен қораптың сыртындағы өлеңнің авторы кім екенін білмек болдық. «АкРоссПищепром» ЖШС-нің комерциялық директоры Асқар Жұбатыров: «Бұл сауалыңа Қалдыбай мырза жауап береді»,-деді. Ал өзінің ныспысы мен қызметін айтқысы келмеген Қалдыбай мырзамыз "кешірім сұрап" жауап бермейтінін жеткізді.
Қытайдың "Қазақ" арағы. Сурет dongbula.ch.
сайтынан алынды.


Бұған дейін Қытайдағы қазақтар қоныстанған Шыңжаң өңірінде «Қазақ» маркалы арақ өндіріске шыққан-ды. Оның сыртқы қорабына «Хаса, Алархан», «Хаса, Амангүл» деген аттар жазылып, қыздың суреті бейнеленген. Мұндағы «хаса» сөзі Қытай тарихындағы қазақтың ежелгі атауы екен. Қазір ресми түрде, заң жүзінде «хасакы» деп жазылғанымен, ауыз екі тілде барлығы қазақты «хаса» деп атайды.

«ҰЛТ КӨШБАСШЫСЫ» ДЕГЕН АРАҚ ШЫҒАРАТЫН ШЫҒАР»

«Нұреке» деген арақ тағы бар. «Президенттің атын кез келген жерге тықпалау дендеп барады. Оған өзге елдер ескерткіш қойып, көшенің атын беріп жатыр. Біз оқу орындарын ашып тастадық. Ол кісіге осының бәрі аз бола қоймас. Бүйте берсе «Ұлт көшбасшысы» деген арақ шығаратын шығар» — дейді Әліәкпар Жиенбаев есімді ақсақал.

Сыртында Ақорданың суреті өрнектеліп жасалған бар болғаны шамамен 350 теңгелік өнімге Павлодар қалалық мәслихат депутаты Асқар Бахралин қарсы болған еді.

Бұл жолы депутат Асқар Бахралин былай деді: "Мәселе көтергенім рас. Себебі, біздің Павлодардан «Нұреке» деген арақ шықты. Қазір «Түркістан», «Парламент» деген алкогольді ішімдіктер бар. Бұл біздің заңымызға қайшы келеді".

Сондай-ақ «Асанәлі» деген коньяктің шыққанына да көп болды. «Бұл жөнінде Асанәлі Әшімовтің хабары бар ма екен» деген оймен актердің өзіне хабарласқан едік.

«Осы, журналистер, қайдағы жоқ нәрселерді тере бересіңдер. Менің атыма арнап коньяк шығарса, несі бар? Осыдан он жыл бұрын өзім рұқсат бергенмін»,- деген ол «Наполеон» деген арақ және «Путин», «Ельцин» деген ішімдік түрлері бар екенін айтады.

«Енді «Нұреке» шықса, шықсын. Ол кісі өзі рұқсат берген болуы керек. Сыртынан таңып жіберуі мүмкін емес»,- дей келіп, актер музыка аспабы бейнеленген арақтың шыққанына қарсы екендігін білдірді.

«ДОМБЫРА АРАҚҚА» ҚАРСЫМЫН!»

– «Домбыра араққа» қарсымын! Мен өз атымдағы коньякқа рұқсат еттім. Бір ұлттың құндылығына ешкім рұқсат бере алмайды ғой, - деді Асанәлі Әшімов.

Ал, домбыра тарихын зерттеп жүрген ғалым Жұмагелді Нәжімеденов «Нұреке» арағы туралы: «Бұл - елбасының айналасындағылардың ісі. Ол кісі менің атыма арақ шығар деп айта қоймас. Жақсы көретін жағымпаздар жағыну үшін бәрін жасауы мүмкін. Жалпы арақты саясатқа айналдырмау керек еді. Мәдениеттен жұрдай адамдар өз білгенін істейтін болды. Әдеп пен әдетті ажырата алмай жүр»,-дейді.

Домбыраның 6 мың жылдық тарихы барын айтқан ғалым арақтың музыкалық аспап атымен аталуына тіптен қарсы екен.

– Домбыра – шертпелі аспаптардың атасы. Қытайда алғаш осындай арақ шыққан кезде бір әйел маған хабарласты. Домбыраның тарихын айтып бердім. Кейін әлгі әйел өнім шығарушыларды сотқа беріп жеңіп шыққанын айтты,- дейді.

«ДОМБЫРА» КӨП ШЫҒЫНДЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ»

Осы мәселеге орай «Домбыра арақты» шығарып жатқан Ақтөбе облысындағы «АкРоссПищепром» директоры Вахтанг Джишиешвилиді мазаладық. Ол кісі: «Мұндай домбыра іспетті арақтарды шығару қиынға түсті. Идеяның кімдікі екені құпия болып қалсын. Бұл көп шығынды қажет ететіндіктен, қазір шығаруды доғардық», - деді.

Бірақ компанияның сайтына кіріп едік басқаша сайрап қоя берді. Серіктестіктің «Домбыра арақ» шығару арқылы Қазақстанда шығарылатын алкогольді ішімдіктер арасында ұлттық брендті қалыптастыру көздейтіні жазылыпты. Мұнда шарап қана емес, белгілі әндердің де мәтіні бар екенін, сонымен қатар шет елдегі қонақжай қазақтарға сый ретінде ұсынылатыны айтылған. Ұлттық аспаптың көмегімен ұлттық нақыштағы бренд жасағылары келіпті.

Ал өнімді жеткізушілерге телефон соғып, «Домбыра арақтың» әлі де сатылымға шығып жатқанын білдік. Олар тіпті тапсырыс болса, жеткізетіндерін айтты