Қазақстанда киік неден қырылып жатыр?

Ұрғашы киік пен төлінің өлекселері. Қостанай облысы, 20 мамыр 2015 жыл.

Орталық Азияда киелі саналатын түз жануары – киіктер Қазақстанда жаппай қырылып жатыр. Бірақ, олардың неден өліп жатқаны белгісіз.

Қазақстанның төтенше жағдайлар комитеті Қостанай облысында 19 мыңнан аса киік өлексесі табылғанын хабарлады. Ал, мамырдың 20-сы күнгі бейресми деректер бойынша, қырылған киік саны 30 мыңнан асқан.

«Бұны нағыз апат деп атауға лайық. Мен жануарлар әлі де өліп жатқан болар деп қорқамын, әлі күнге дейін қырылған киіктің нақты санын алған жоқпыз. Жақын күндерде олардың саны тіпті көбеюі мүмкін» дейді Ұлыбританиядағы киіктерді қорғау және зерттеумен айналысатын экологтар желісі – Киіктерді сақтау альянсын басқаратын Э.Миллер-Гулланд.

ПАСТЕРЕЛЛЕЗ ТУРАЛЫ БОЛЖАМ

Бота көзді, қайқы мүйізді, дөңес тұмсықты бұл түз жануарына қазір жойылып кету қаупі төніп тұр. Киіктерді сақтау альянсының деректері бойынша, қазіргі таңда Орталық Азияда барлығы 260 мыңға тарта киік бар, олардың 200 мыңға жуығы Қазақстанның батыс және орталық өңірлерін мекендейді. Отыз мың жануардың қырылуы осы кезге дейінгі оқиғалардың ішіндегі тіркелген ең көп шығын болып отыр.

Осы аптада Қазақстан ауылшаруашылық министрі мен Қостанай облысы әкімі киіктер қырылған аймаққа барды. Бірақ, киік ажалының себебі әлі анықталмай отыр.

Шенеуніктердің айтуынша, бұны браконьерлердің ісі деуге де келмейді – жануарлардың бойында жарақат ізі жоқ. Олар киіктер өліміне Pasteurella («пастереллёз») – жануардың аузы-мұрнында тіршілік ететін табиғи бактериялар себеп болуы мүмкін деген болжам айтады.

Киіктер неден қырылды?

Милнер-Гулланд аңның жаппай қырылуына бактерия себеп болуы мүмкін екенін жоққа шығармағанымен, киіктер ажалы басқадан болуы ықтимал деген ой білдіреді. Оның пікірінше, әдетте Pasteurella бактериясынан басқа бір дертке шалдыққан әлжуаз хайуан ғана өледі.

«Pasteurella бактериясы бары анықталса да, жануардың ажалына негізгі себеп сол деуге болмайды. Бактериялар бұл жерде жанама себеп болуы мүмкін» дейді Милнер-Гулланд.

Ол киіктердің қырылуына қатысты кесіп болжам жасауға асықпайды, бірақ, қолдағы деректер қандай да бір жұқпалы ауру барын көрсететіні туралы айтады.

ГЕПТИЛДІҢ КЕСІРІ МЕ?

Бірақ мұндай болжам Қазақстандағы «Антигептил» экологиялық тобының мүшесі Мұсағали Дуамбеков тәрізді белсенділердің көңілінен шықпайды. Байқоңыр ғарыш айлағынан өте улы гептил отынын пайдаланатын ресейлік зымырандар ұшыруға қарсы бұл топтың мүшелері зымыран ұшыру – Қазақстан экологиясына зор нұқсан келтіреді деп санайды.

«Антигептил» экологиялық тобының мүшесі Мұсағали Дуамбеков.

– Менің ойымша, [Қазақстан] билік орындары жыл сайын жаппай қырылатын киік ажалының негізгі себебін жасырып отыр. [Ресейлік] «Протон» зымыранын ұшыруға қарсы «Антигептил» қозғалысының белсенді мүшесі ретінде мен, Қазақстанның көп бөлігіне үнемі улы әсер ететін зымырандардың да бұл оқиғаларға қатысы бар деген пікірдемін, - дейді Мұсағали Дуамбеков.

Соңғы жылдары Байқоңырдан ұшырылған ресейлік бірнеше Протон-М зымырандарының әуеде жарылып кетуі Қазақстанда жергілікті тұрғындар мен экология белсенділердің алаңдаушылығын тудырды. Гептил қоспасы тәрізді улы заттардың түз жануарлары популяциясына қаншалықты әсер еткені әзірше белгісіз. Халықаралық сарапшылар киіктердің қырылуының себебі одан емес, басқада болуы мүмкін деп санайды.

«Олай деуге еш дәлел жоқ. Сол жердегі табиғи ортаның үлгісін алып, токсикологиялық талдау жасап көрген соң ғана пікір айтуға болады» дейді Милнер-Гулланд.

Талай рет жаппай қырылуға тап болған киіктер 1920 және 2003 жылдары браконьерлік пен шектен тыс аулаудың кесірінен мүлдем жойылып кете жаздаған. 2003 жылы олардың саны 21 мыңға дейін азайып кетті. Браконьерлікпен күрес шаралары күшейтілген соң соңғы жылдары саны тұрақталып, өсімі жақсара бастаған киіктер енді белгісіз себеппен тағы қырылып жатыр.

Үміт етерлік бір жайт – киік жаппай қырылудан соң бұрынғы санын қалпына келтіре алатын жануар. Ұрғашы киік бір жасқа келгенде төлдейді.

«Ерекше жаратылған бұл жануар қысы – аяз, жазы – аптап жерде тіршілік кеше береді. Табиғат киікті өсімтал етіп жаратқан» дейді Милнер-Гулланд.

Марк Бейкер мен Мерхат Шәріпжановтың мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.