Астанада өткен Қазақстан әйелдерінің бірінші съезінде елдегі әйелдер қауымын 8-наурыз мейрамымен құттықтаған президент Назарбаев Қазақстанда биліктегі басшы қызметтерде әйелдердің аз екендігін айтты.
Наурыздың 5-і күні Астанада басталған Қазақстан әйелдерінің бірінші съезінде ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық әйелдерді 8-наурыз мерекесімен құттықтады.
Назарбаев Қазақстанның барлық салаларына әйелдердің елеулі үлес қосып отырғандығын атап өтті.
– Олар [әйелдер - ред.] елдегі барлық педагогтардың 73 пайызын, дәрігерлер, медицина қызметкерлерінің 87 пайызын құрайды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 5 мың пәтер иелері кооперативтерінің 3 мыңын әйелдер басқарады. Бюджет саласындағы барлық қызметшілердің 60 пайызы – әйелдер, – деді Қазақстан президенті.
Сондай-ақ, Назарбаев елдің экономикалық көрсеткіштеріндегі әйелдердің қосқан үлесінен мысал келтірді.
– Мамандардың айтуынша, бүгінде қазақстандық әйелдер елдің жалпы ішкі өнімінің 40 пайызын қалыптастырып отыр. Әйелдер арасындағы кәсіпкерліктің экономикалық күш-қуаты ашыла түскен сайын бұл үлес те үнемі артып отырады, – деді Назарбаев.
Сонымен бірге президент биыл Қазақстанда өткен жетінші қысқы Азия ойындарында қазақстандық спортшылар жеңіп алған барлық медальдардың 40 пайызын әйелдер иеленгенін айтты.
«Көп жағдайда мемлекеттік басқару жүйесі тұтасымен Қазақстан әйелдерінің кәсібилігінің арқасында» тұрғанын атап өткен Назарбаев билікте әйелдер жұмысы жайлы пкірімен бөлісті.
– Жергілікті жерде орталық органдарға басшылық қызметтерге әйелдерді тағайындау кемшін. Ерлер оларды жібермейді, өйткені ондай қызметке келген кезде әйелдердің жұмысты ер адамдардан артық істейтіні бірден байқалады, – деді Назарбаев.
Өз сөзінде Қазақстан президенті елде әйел әкімдердің саны аз екенін мойындады.
– Өкінішке қарай, бүгінде елде әйелдерден тағайындалған бір де бір облыс және қала әкімі жоқ. Бар-жоғы үш аудан әкімі мен бес облыс әкімінің орынбасарлары ғана әйелдер, – деді Назарбаев.
Қазақстан президенті басқару саласындағы әйел ролінің маңызына да тоқталды.
– Қазіргі заманғы менеджментті зерттеушілердің бірі Том Питерс топ-менеджменттің арасында әйелдер үлесінің аздығы – ысырапшылық және стратегиялық сипаттағы қателік болады деп санайды. Біздің үкімет әзірге басқаша ойлап отырған сияқты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Назарбаевтың айтуынша, қазіргі күні жұмыссыз әйелдер саны 6 пайызды құрап отыр.
Жиындағы сөзінде президент Назарбаев қазақстандықтарды ақшаны үйде шұлыққа тығып сақтамай халықтық IPO бағдарламасына салуға шақырды.
– Ақшаны үйде шұлыққа тығып немесе басқа жерде ұстау қажет емес, ол ақша адамдарға да, елге де жұмыс істеуі керек. Біз баршаны үйретуіміз керек, бұл мемлекет пен жергілікті органдардың және үкіметтің міндеті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ол IPO бағдарламасының арқасында қазақстандықтар пайда әкелетін инвестиция салу құралына ие болатындығын айтты.
– «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына енетін ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алуға әйелдердің белсенді қатысатындығына сенімім кәміл, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.