Түрмедегі әйелдер тіккен бұйымдарын сатқысы келеді

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Түрмеде отырған Элла Ким өзінің жеке ательесін ашуды армандайды. Алматы облысы, «Еңбек-Жауғашты» түрме кәсіпорны, 2012 жылдың маусымы.


Алматы облысындағы «Еңбек-Жауғашты» түрме кәсіпорнында жұмыс істейтін әйелдер өздері тіккен бұйымдарын базарға шығарып сатқысы келгенімен, тұтынушылар жиіркенеді деп ойлайды.

Алаяқтық жасағаны үшін жеті жылға сотталған бұрынғы салық инспекторы Элла Ким тігін машинасының құлағына тұңғыш рет түрмеде отырыпты.

«ШЫҚҚАН СОҢ, КӘСІБІМДІ АШАМЫН»

Төрт жылда іс тігуді меңгеріп алған Элла бостандыққа шыққан соң ателье ашуды армандайды.

- Мұнда түскен кезімде іс тіге алмайтынмын. Сосын тігіншілік пен киім пішуді үйрендім. Еркіндікке шықсам болды, өз кәсібімді ашамын, - дейді ол.

Элла Ким Алматы облысындағы «Еңбек-Жауғашты» түрме кәсіпорнында жұмыс істейді. Ресми мәлімет бойынша, бұл жерден жыл сайын 800 миллион теңгенің өнімі шығады. Тұтқын әйелдер арнайы жұмыс киімдерін, төсек-орын жаймаларын тігіп, балық және ет консервілерін шығарады. Өнімнің бір бөлігі Қазақстан түрмелері мен әскери бөлімдеріне тарайды. Әйелдер қалғанын базарға шығарып сатып, ақша тапқысы келеді. Алайда олардың бұл ойын іске асыруға қоғамда қалыптасып қалған таптауырын көзқарас кедергі болып отыр.

Тігін цехында жұмыс істеп жатқан әйелдер. Алматы облысы, «Еңбек-Жауғашты» түрме кәсіпорны, маусым 2012 жыл.


«Еңбек-Жауғашты» түрме кәсіпорны тігін цехының меңгерушісі Софья Жәңгірова:

- Көбіне арнайы жұмыс киімдері мен әскери форма тігеміз. Сапасы өте жоғары. Алайда оларды сату қиын болып тұр. Өйткені жұрт сотталған жандардың қолынан шыққан тауарды сатып алудан жиіркенеді. Маған салса, біздің тауарларды әлемдік нарыққа баяғыда шығарар едім, - дейді.

Әйелдер түрмесінің тағы бір тұтқыны Татьяна Фролова Азаттық радиосына өз өнімдерін Қазақстаннан тыс жерлерде жақсы танитынын айтты.

- Біздің өніміміз халықаралық деңгейде танылса да, Қазақстанда әділет министрлігіне қарасты мекемелердің ғана сұранысына ие. Канн қаласында өткен көрмелерде мінсіз кәсіпкерлік қызметі үшін берілетін сыйлық пен алтын медальды екі мәрте алдық, - дейді Татьяна Фролова.

ҚАРАҒАШ – ТӨЗІМДІЛІКТІҢ БЕЛГІСІ

Осыдан он шақты жыл бұрын Жауғашты кентіндегі әйелдер түрмесі аралас түрме болған. Бір жағында ер адамдар жазасын өтейтін. 1930-жылдары мұнда саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар отырған.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына тұтқындардың өздері қойған ескерткіш. Алматы облысы, Жауғашты ауылы, маусым 2012 жыл.


ЛА 155/4 түрмесінің бұрынғы бастығы, 85 жастағы Әшірбай Шамбаев ол тұтқындардың көбімен таныс болғанын, олардың көпшілігі Семей өңірінен шыққан бай-манаптардың балалары болғанын айтады.

- Қуғын-сүргін басталып, адамдар қамала бастады. Бұл түрмеде әйелдер мен еркектердің арасын саман кірпіштен тұрғызылған дуал бөліп тұрды. Көбінесе ұзақ мерзімге сотталғандар отырды. Өлім жазасына кесілгендер мұнда болған жоқ. Кейін көбі азаптан, аштық пен аурудан өлді, - дейді бұрынғы түрме бастығы.

Қазір Жауғашты кентінде саяси тұтқындар жерленген орында тұтқындар жасаған ескерткіш тұр. Гранит тақтада төзімділік пен шыдамдылықтың белгісі ретінде қарағаш бейнеленген.