Балқаш қалалық соты АК-159/21 түрмесінің бұрынғы үш басшысын – түрме бастығы, тәртіп және жедел іздестіру бөлімі жетекшісі болған азаматтарды тергеп жатыр.
АЙЫПКЕР – БҰРЫНҒЫ ҮШ БАСШЫ
– Олар 2010-2011 жылдары лауазымды қызмет атқарған кездері тұтқындарды бақылау туралы заңға қайшы көптеген іс жасаған. Соның кесірінен бір топ тұтқын қашуға кедергісіз дайындалып, 2011 жылы 11 шілдеде мекеме қызметкерлері мен басқа адамдарға қарулы шабуыл жасаған. Азаматтар мен мен қоғамның, мемлекеттің құқы мен заңды мүдделеріне нұқсан келіп, адамдар көз жұмған, – деп хабарлады Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі.
Тергеу болжамына қарағанда, Балқаш түрмесіне сырттан қару-жарақ жеткізгендер оны колониядағы мешітті жөндеуге қажет құрылыс материалдарының арасына салып өткізген. Тексерушілер қаруды байқамай, жүк көлігін колонияға кіргізіп жіберген. Сондықтан тұтқындар қашуға кедергісіз дайындалған дейді тергеушілер.
Қару-жарақты жіберген адам түрмедегі оқиғадан кейін бірнеше ай өткен соң ұсталды. Күдікті бұрын сол Балқаш колониясында жазасын өтеген азамат екен. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, «Сәтпаев қаласының тұрғыны бостандыққа шыққан соң осы түрмеге құрылыс материалдарын жеткізетін мекемеге жұмысқа тұрған». Кейін ол адам тергеу изоляторында асылып тұрған жерінен табылған.
Қару-жарақ жеткізушілер мен қашуды ұйымдастырғандар ұялы телефонмен сөйлесіп, қаруды апару, жасыру жайын ақылдасқан.
«Қару-жарақ жеткізушілер мен қашуды ұйымдастырғандар ұялы телефонмен сөйлесіп, қаруды апару, жасыру жайын ақылдасқан – ол тергеушілерге мәлім болды» деп жазады «Известия-Казахстан» газеті Қарағанды облысы прокуратурасының прокуроры Мұхамедкәрім Бектұрсыновқа сілтеме жасап.
Бұл қылмыстық іс бойынша 100-ге тарта куәгер жауап беріп жатыр, араларында Балқаш түрмесінің тұтқындары да бар. Журналистерді бұл сотқа кіргізген жоқ. Әзірше сот залынан егжей-тегжейлі мәлімет беруден де бас тартты.
16 ТҰТҚЫН
2011 жылы 11 шілдеде Балқаш түрмесіндегі бір топ тұтқын күзетшілерге шабуыл жасап, абақтыдан қашып кетпек болған еді. Билік өкілдерінің сөзіне қарағанда, бүлікші тұтқындар 12 шілде күні «өз еріктеріңмен беріліңдер» деген ұсыныстан бас тартқан.
Одан кейін қарулы тұтқындар отырған ғимаратқа шабуыл жасалған. Ресми дерекке қарағанда, қашпақ болған тұтқындар сол кезде оттегі баллонын жарып жіберген. Сарапшылар жарылыс болған жерден 16 адамның мәйітін тапқандарын хабарлады.
Кейін «жарылыс кезінде 16 адам қайтыс болған жоқ, 4 тұтқын қашып кетіпті» деген ақпарат тарады. Бірақ билік ол деректі жоққа шығарды. Жарылыстан көз жұмды делінген тұтқындар жайлы көпке дейін еш мәлімет болмады. Сараптама жұмысы бітпей жатыр деген уәжбен марқұмдардың сүйектері де туыстарына бірден берілмеді.
Балқаш түрмесінен 16 адам қашқан оқиғадан кейін бір тұтқынның асылып өлгені хабарланды. Қарағанды облысы прокуратурасының Азаттық тілшісіне айтқан дерегіне қарағанда, ол адам өзін-өзі асқан.
«Өзі асылып өлген тұтқын – ешқандай радикалдық ағымдарға қатысы жоқ адам, қашқындармен де байланысы болмаған» деп мәлімдеді прокуратура өкілі. Ол бұқаралық ақпарат құралдары таратқан, «асылып қалған адам бүлікші тұтқындардың басшысы екен» деген деректі де жоққа шығарды.
Абақтыдан қашқан тұтқындар түрменің екі қызметкерін пышақтап, төртеуін атқан – олардың біреуі ауруханаға бара жатқанда көз жұмды.
Балқаш түрмесіндегі арнайы операцияға қатысқан «Арлан» арнайы жасағының 18 қызметкері және бір полицей 50 мың теңге көлемінде сыйлықпен марапатталды. Тұтқындар қашқан кезде мерт болған түрме қызметкерінің мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғаны хабарланды.
Түрмедегі бүліктен соң біраз уақыт өткенде «абақтыда қашқындарға қатысты мәліметті білу үшін кейбір тұтқындарды қинаған» деп хабарлады азаматтық белсенді Вадим Курамшин Азаттық радиосына. Оның айтуынша, бірнеше тұтқын басқа түрмеге ауыстырылған, ал Балқаш түрмесі – «орташа және ауыр қылмысына бола бірінші рет сотталған адамдар қамалатын жалпы тәртіптегі зона».