– Оның ешқандай радикалды ағымға қатысы жоқ. Үйінен туған ағасының қайтыс болғаны жөнінде қаралы хабар алған. Бұған қоса ағасының кепілде тұрған пәтерін банк сатып жіберген, – дейді Қарағанды облыстық прокурордың көмекшісі Нұрбек Кузбаков тамыздың 24-і күні Азаттық тілшісіне .
«Тengrinews» агенттігі сейсенбі күні кешкісін «Балқаш колониясындағы бүлікті ұйымдастырды» деген азаматтың мәйіті ол оқиғадан соң үш
күннен кейін түрме аумағынан табылғанын хабарлаған еді.
«Бүлікті басқаннан кейін сотталушыны айып изоляторына қамаған. Үш күннен кейін сол жерде оны өлі күйде табады. Аузын құммен толтырған тұтқын камерада өзін-өзі дарға асқан» деп хабарлады агенттік сотталушылар сөзіне сілтеме жасай отырып.
«ӨЗДЕРІН-ӨЗІ ЖАРҒАН» НЕШЕ АДАМ ЕКЕНІ АНЫҚ ЕМЕС
Балқаш түрмесінде жарылыстың болғанына бір айдан астам уақыт өтсе де, ол оқиғаға қатысты қарама-қайшы ақпарат көп. Билік 16 тұтқын «өздері-өздері жарып жіберді» деп мәлімдеген еді.
Тамыз айының басында Қазақстан ішкі істер министрлігінің тергеу тобына сілтеме жасаған «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі Балқаш түрмесіндегі жарылыстан 16 емес, 12 адамның мерт болғанын, төрт азаматтың қашып кеткенін хабарлады.
Тамыздың 24-і күні Қарағанды облыстық прокурордың көмекшісі Нұрбек Кузбаков бұл ақпаратты жоққа шығарып, сараптаманың күрделілігіне байланысты мәйіттер әлі толығымен анықталып болмағанын айтты.
– Мәйіттерге жүргізілген сараптама әлі аяқталған жоқ. Онда 200-ден астам адам тәнінің бөлшектері бар, – деді Нұрбек Кузбаков.
Оның айтуынша, қазір тергеу амалдарын Бас прокуратураның бұйрығымен құрылған тергеу тобы жүргізіп жатыр. «Бірақ оны Қарағанды облысы прокурорының көмекшісі басқарып отыр» деді ол.
Нұрбек Кузбаковтың айтуынша, қазір сараптама аяқталмағандықтан жарылыста қаза тапқан азаматтардың бәрінің мәйіттері толығымен
Прокурор көмекшісінің айтуынша, «өзін-өзі жарған» азаматтардың бостандықта сыбайластары бар
туыстарына тапсырылып біткен жоқ. Прокурор көмекшісінің айтуынша, «өзін-өзі жарған» азаматтардың бостандықта сыбайластары бар. Жарылысқа қатысты жұтаң ақпарат беріп отырған ресми органдардың жауабын ол осымен байланыстырды.
– Неге біз өте шектеулі түрде ақпарат беріп отырмыз? Себебі олардың сыбайластардың барлығы анықталған жоқ. Олар мұны пайдаланып қоюы мүмкін. Сытылып кетеді. Жасырынып қалады, – дейді ол.
«БАЛАМНЫҢ ӨЗІН-ӨЗІ ЖАРУЫ МҮМКІН ЕМЕС»
Тамыздың 23-і күні Астаналық газеттердің бірінде жарылыста қаза тапқан азаматтардың тізімі жарияланды. Ондағы ақпаратқа сүйенсек, қаза тапқан азаматтардың кішісі – 21, үлкені – 41 жаста. Олардың ең азы – 3
...қаза тапқан азаматтардың кішісі – 21, үлкені – 41 жаста. Олардың арасында ең азы – 3 жылға, ең көбі – 11 жылдық жазаға кесілген.
жылға, ең көбі – 11 жылдық жазаға кесілген.
Бұл тізім жайлы Қарағанды облысы прокурорының көмекшісінен сұраған кезде ол тергеу амалдарының әлі бітпегенін алға тартып, «бұл сұраққа жауап бере алмайтынын» айтты.
Газет жариялаған тізімде Қарағанды облысы Егіндібұлақ ауылында тұратын Зағила Ақашованың ұлы Алмаз Смайлов та бар. Ол кісі шілденің 11-і күні қайтыс болған ұлы туралы қаралы хабарды тек он күннен кейін ғана алғанын айтады.
– 21-і күні шығып, 22-сі күні түнде алып келді. 23-і күні қойдық. Сол ұлымнан кейін бір ұлым бар. Сол 92-жылғы кіші ұлым барып алып келді. Қасында көршімнің баласы бар. Ондағылар балама ештеңе айтпаған. Әншейін тек қан тапсыртқызған, – деді Зағила Ақашова тамыздың 24-і күні Азаттық тілшісіне.
Баласының ешбір діни ұйымға қатысы жоқ екенін айтқан ана оның өзін-өзі жарғанына сенбейді.
– Ол өтірік сөз ғой! Ондай болуы мүмкін емес! Өйткені баламды, амандық болса, күзде шығарып алам дегенмін. Шығатын уақыты да таяп қалған. Бес жылға кеткен бала. Үш жарым жылы өтті. Балам ондай нәрсені жасамайды, – дейді көзі жасты ана.
Оның айтуынша, баласы жеті жігітпен бірге «қыз зорлады» деген айыппен бес жылға сотталған. Ол ұлы «жаланың құрбаны болып кеткеніне» сенімді.
Зағила Ақашова үш күннен кейін ұлының қырқын өткізейін деп отыр.
Құқық қорғау органдары шілденің 11-іне қараған түні Балқаш қаласы маңында орналасқан АК-159/21 жалпы тәртіптегі колониядағы бір топ тұтқынның қашпақ болып, түрме күзетшісіне шабуыл жасағанын хабарлаған еді. Сотталушылар мен түрме қызметкерлері арасында болған атыстан колонияның бір күзетшісі қаза тауып, бірнеше қызметкер жараланған.
Ресми билік қақтығыс колония ішіндегі өндірістік базада жалғасқанын, ақырында 16 тұтқынның осы жерде өздерін-өздері жарып жібергенін хабарлаған.
Бұл оқиғадан бері бір айдан астам уақыт өтсе де, ресми орындар жарылысқа қатысты жұтаң ақпарат беріп келеді.
Жарылыста қаза тапқан азаматтардың туыстары мен олар таратқан мәліметтер арасында да қарама-қайшылықтар бар.
Республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитеті «өзін-өзі жарған азаматтардың барлығы – ауыр қылмыс жасап, 15 пен 32 жыл аралығында түрмеге кесілген адамдар» деп ресми түрде мәлімдеген. Ал құқық қорғаушылар «жалпы тәртіптегі Балқаш колониясында ауыр жазаға кесілген сотталғандардың болуы мүмкін емес» деген еді.