Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіру жөніндегі келіссөзі аяқталды. Ұйым баспасөз қызметінің хабарлауынша, маусымның 22-сі күні бір топ құжат «жұмыс тобы мүшелерінің ресми мақұлдауына» ұсынылып, кейін ұйымның бас кеңесінің бекітуге берілмек.
Қазақстан ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөзді 1996 жылдың қаңтарында бастаған. Содан бері интеграцияның тиімділігіне қатысты әр жылдары қилы пікірлер айтылып, келіссөз процесі бірде баяу, бірде қарқынды жүрді. Бұл туралы қазақстандық сарапшылардың пікірі әрқилы.
Макроэкономикалық зерттеулер орталығы директоры Олжас Құдайбергенов Қазақстанның ДСҰ-ға кіру шарттарына қатысты әлі толық ақпарат жоқ деп санайды.
- Келіссөз процесі жабық жағдайда жүрді. Бірақ, меніңше, бұл - ДСҰ талабы. Сондықтан сарапшылардың көпшілігі ДСҰ-ға мүшеліктен Қазақстан не ұтатынын шамалап болса да айта алмайды. Тіпті орташа кедендік тариф туралы да ақпарат жоқ, - дейді Азаттыққа берген комментарийінде.
Парламент депутаты, «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев ДСҰ-ға мүшелікке өту - өнімінің сапасын арттырып, өзіндік құнын арзандатуы тиіс қазақстандық өндірушілер үшін үлкен сынақ деп санайды.
- Енді халықтың қолы сапалы әрі арзан тауар мен қызмет түрлеріне жетеді. Сондықтан тұтынушы көзқарасы тұрғысынан алғанда, бұл - серпінді қадам. Ал мемлекет нарықты ашып, халықаралық стандарттарды енгізуден бөлек, экономиканың кейбір секторында, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында белгілі бір протекционистік шаралар қабылдауы тиіс, - дейді депутат.
Азат Перуашевтің айтуынша, кез келген елдің өз өндірушілерін қорғауы заңды. Бірақ бұл келіссөзге отандық бизнес өкілдері қатыспаған.
- Ұйымның бұл ережесі көбімізге түсініксіз, сондықтан бүкіл жауапкершілік Қазақстанның экономикалық және ұлттық мүддесін қорғауы тиіс болған келіссөз жүргізушілерге жүктеледі, - дейді саясаткер Азаттық тілшісіне.
Қазақстан фермерлері одағы жетекшісі Әуезхан Даринов Азаттыққа берген комментарийінде ДСҰ-мен жүргізілген келіссөздер нәтижесін қазір бағалау қиын екенін айтады.
- Тиісті министрлік өкілдері келіссөз барысында бәрін ойластырып, ескердік деп отыр. Бірақ кейін әлдебір кемшіліктер бәрібір шығады. Бұған Кедендік одақ, ЕЭО-на мүшелік мысал, - деген Әуезхан Даринов келісім шарттары іске қосылған кезде барып кейбір олқылықтар анықталатынын айтады.
- Кедендік одаққа енген кезде Ресейді етпен жарылқаймыз деп ойлап едік, қазір керісінше елімізді сол жақтың еті басып қалды. Бізге «бұл – уақытша құбылыс» деген. Бұлай болмауы тиіс, - дейді бизнесмен Азаттық тілшісіне.