Германияны жеңгеннен кейін немістен түскен олжаға белшесінен батқан советтік номенклатура еуропалық үрдіспен өмір сүруге көшті. ССРО-ның гитлершілерді жеңуі билік пен әскердің жоғарғы сапындағылар арасында жемқорлықтың кеңінен етек жаюына мықты түрткі болды.
ЕЛГЕ ОЛЖА ЖӨНЕЛТУ ТӘРТІБІ
Совет Одағының миллиондаған әскери күші Еуропаның жартысын ұстап тұрды. Басқыншы әскердің көп бөлігі Германияда шоғырланды. Сол кезде пайда болған құбылыстың ауқымы жойқын болды. Оны жағымсыз естілетін «мародерлік» деген сөзбен атамай, құлаққа жағымды тілмен «олжа» деп атады.
Қарапайым совет сарбаздарының Германияда жаппай олжа қуып кеткені айтпаса да түсінікті. Бірақ оның ащы шындығын кім айтады?
ССРО-ның астанасынан, елдің басқа да түпкір-түпкірінен келген қарапайым жігіттер соғыстың себебімен Еуропаның орталығынан бір-ақ шықты. Тула немесе Қарағандының, Рязань немесе Шымкенттің қарапайым жігіттері өздеріне «қарғыс атқан жер» деп түсіндірген бақуатты Германиядағы қара халықтың тұрмысын көргенде қалай аң-таң болғандарын елестету қиын емес.
1930-1940 жылдары совет халқының өмірі өте қарабайыр еді. Қарапайым адамдар кәдімгі сағаттың өзін керемет байлық санайтын. Асыл бұйымдарды, үстелге қоятын шам, қолшам мен тұтатқыш сияқты тұрмысқа қажетті майда-шүйделерді айтпай-ақ қоялық.
Британдық алдыңғы қатарлы тарихшылардың бірі Маркс Гастингс «Армагеддон: Германия үшін шайқас, 1944-1945 жылдар» атты кітап жазды.
Тарихшының кітабына жүгінсек, олжаға құнығушылық «эпикалық ауқымды қамтыды. Әр жауынгерге айына бір рет үйіне олжа жөнелтуіне мүмкіндік беретін Қызыл армияның тәртібі бұл науқанның көрігін одан әрмен қыздырды. ССРО-ға кез-келген нәрсе – азық-түлік, сусын, мал, киім... жөнелтілді:».
Сәлем-сауқат жолдаудың жалпы тәртібі туралы әртүрлі ақпарат бар. Кей мәліметтер бойынша, әскери қызметкердің сегіз килограмдық сәлемдеме салуына рұқсат етілген.
Ұлы совет шындығы да осы тұстан көрініс береді. Жаңағы шектеу тек сарбаздарға ғана арналған еді. Офицерлерге келгенде өлшем басқа болатын. Сандық-сандығымен жөнелтуге рұқсат етті. Ол аздай, жүктің салмағына шектеу қойылмады. Әскер басшылығы тек сандықтың көлемін ғана белгіледі. Ал жоғарғы шенді офицерлер мен майдандық штаб шенеуніктеріне келгенде шектеу деген ұғым жоқтың қасы еді.
Ақыры Совет армиясы басып алған аумақтарда олжаға негізделген ерекше экономика пайда болды. Совет Одағының мемлекеттік және әскери элитасы бірнеше айдың ішінде адам айтса сенгісіз байлық жинап алды. Әрине, мұндай байлықтан бас тарту қиямет еді.
Еуропалық деңгейдегі әдемі өмірге деген құштарлық содан бері орталық және жергілікті бастықтардың бойында қалып қойды. Осы құштарлықты олар постсоветтік аумаққа мұраға қалдырып кетті.
ТАЛАНҒАН БАЙЛЫҚ
Соғыстың соңғы кезінде мемлекеттік шенеуніктерден тұратын, олжа мәселесімен айналысатын тұтас бөлімдер ұйымдастырылды. ССРО әскери репарациядан ресми түрде бас тартты. Сталин гитлерлік Германияның алтын қоры мен банктік мұрағатын бөлісуге халықаралық бақылау болғанын қаламады. Мәскеу еркін сілтегенді жөн көрді де, Германиядан керек деген байлықтың бәрін алды.
1990 жылдары ресейлік зерттеушілер Михаил Семиряга мен Борис Кнышевский ССРО Бас олжалық басқармасының ресми мәліметтерін тауып алды.
Таза мемлекеттік олжаның өзі 400 мың вагонға артылған екен. Кейбір заттардың ғана нақты санын көрсетумен шектелейік. 2 885 зауыт пен 96 электростанция жөнелтілген. 1 миллион 335 мың бас мал айдап әкеткен. 2,3 миллион тонна астық, 1 миллион тонна картоп және көкөніс, әрқайсысы 0,5 тонна май мен қант, 20 миллион литр спирт тәркіленген.
60 мың рояль, 460 мың радиоқабылдағыш, 190 мың кілем, 940 мың жиһаз бұйымдары, 265 мың қабырға және үстел сағаттары жеке тізімделіп, Германиядан Совет мемлекетіне әкетілген.
Бірақ бұл заттар ешқашан мемлекеттің ортақ қажетіне жараған жоқ. Оларды советтік номенклатура мен аға офицерлер жартымсыз бағаға өзара бөлісіп алды. Шамасы, 1 миллион 200 мың ер және әйелдер пальтосы, 1 миллион бас киім, 186 вагон шарап та осылардың жолын құшса керек.
Осынау фашистік байлықтың қаншасы орталықта қалды, қаншасы басқа қалаларға, Киев, Алматы секілді ұлттық астаналарға таратылды – ол жағы белгісіз.
Қазір Германия «Ресей Федерациясының өзінде, ТМД елдерінде соғыс соңында әкетілген 200 мыңға жуық мұражай экспонаттары бар» деп отыр.
Қазақстан мен басқа да республикалардың мұражай қорларында кезінде Германиядан кеткен қаншама баға жетпес туындылардың жатқанын қарапайым азаматтар біле ме екен? Әрине, қазір де көп дүниені жасырып ұстау керек. Өйткені немістер «ол құнды дүниелерді қайтар» деп талап етуі мүмкін ғой.
СТАЛИНГЕ ҚАТЫСТЫ ӘЗІЛ
Германияны Совет Одағының мемлекеттік деңгейдегі талан-таражға салуы 1954 жылы 1 қаңтарда ғана доғарылды. Репарация негізінен Совет өкіметінің жетекшілігімен орнаған Германия Демократиялық Республикасы құрылған соң тоқтады.
Мемлекеттік репарация мәліметі жалпы долбармен ғана берілген. Қанша олжа қолды болды дегенді өзіңіз елестете беріңіз. 1945 жылғы Жеңіс Күні қарсаңында Совет армиясында 11,5 миллион әскери қызметкер болған екен. Олжаға байланысты қаулы кешігіп барып, Сталиннің 1945 жылғы 9 маусымдағы бұйрығымен заңдастырылды.
Бұл бұйрық бойынша сарбаздар елге сәлемдеме жіберуге құқылы болды. Әскери борыш мерзімі аяқталғанда көтере алғанынша дүние-мүлік алып кете алатын.
Генералдардың үлесі, әрине, басқаша еді. Оларға «Мерседес» немесе «Опель» автокөліктерін тегін алуға рұқсат етілді. Шені одан төменірек офицерлерге мотоцикл мен велосипед тиесілі болды. Сондай-ақ кілем, жүн, ыдыс-аяқ, бүкіл әлемге әйгілі германиялық «Цейс» фирмасының фотоаппараты арзан бағамен берілді. Полковниктер аутокөліктерді айтуға ұят бағаға сатып алды.
Бұл кезде талай күлкілі оқиғалар да болды. Әскердегілер «үйдегілерге керек болар» деген оймен бәрін жібертін. Елдегі тұрмыс оңай емес еді. Кез-келген нәрсені кәдеге жаратқылары келетін. Біреулер германиялық велосипедтің бір қап қоңырауын әкеліпті. Офицерлердің әйелдері «салтанатты кеш киімі» деп ойлап, ұйықтағанда киетін көйлекті театрға киіп барыпты.
Бір полковник бәтіңке тектес аяқ киімнің бір чемоданын алып келіпті. Бірақ онысы бір сағат кигеннен кейін бүлініп қала беріпті. Сөйтсе, ол жерлеу рәсімі кезінде мәйітке кигізетін бәтіңкелер екен. Неміс тілін білмейтін әлгі кісі «үйге әдемі бір нәрсе апарайын» деген оймен, жерлеуге қажет заттар сататын дүкендегі бәтіңкелерді арзанға сатып ала беріпті.
Осындай күлкілі жайттар ақша болса да, алуға зат табылмайтын елдегі сұрғылт та жұтаң өмірден хабар беретін. Жұрт соғыстан түскен олжаны бір-біріне сатты. «Сталиннің қателігі – Иванға Еуропаны, Еуропаға Иванды көрсетуі» деген ащы әзіл осыған орай шыққан еді.
ГАУҺАР МЕН ЫСЫРМА
Генералдар, ССРО-ның жоғарғы шенді басшылары соғыстың аяғында және Жеңістен кейін бірнеше ай бойы нағыз Иванша тойлап кетті. Бассыздықтың белең алғаны сондай, совет қоғамындағы осы топтың олжаларын вагондап, тіпті лек-легімен тасыды.
Соғыс олжасына қатысты жайттардың ең дүбірлісі – атышулы маршал Георгий Жуковқа байланысты болды. Маршал генералиссимустың қаһарына ұшыраған кезде (бұл 1948 жылы болған жағдай) мемлекеттік қауіпсіздік тергеушілері «байғұстың» пәтері мен саяжайын тінтіпті.
Одан табылған дүние-мүліктің мөлшері сол кездегі басты-басты совет марқасқаларының араны қандай болғанын аңғартады. Басқа заттарды былай қойғанда, 194 советтік емес жиһаз бұйымдары, 483 бағалы аң терісі, 4 мың метр мата, 44 кілем мен гобелен, 55 мұражайлық сурет, 7 жәшік хрусталь, фарфор және басқа да дүниелер тәркіленген екен.
Әлбетте, маршалдан да асып түскендер болды. Ондайлардың бірі – Германиядағы Совет жасақтары тобының Әскери кеңесінің мүшесі, генерал-лейтенант Константин Телегин. Өзіме керек деп, әскери олжаны елге лек-легімен жөнелткені үшін 25 жылға сотталып, лагерге айдалды.
Совет Одағы басып алынған аймақтағы мемлекеттік қауіпсіздік органының бастығы, болашақтағы МҚК төрағасы Иван Серов фашистік жұрттан, анау-мынау емес, Геббельстің өзінің бұрынғы зәулім үйін меншіктеп алыпты.
Бірақ ССРО МҚК болашақ төрағасы оған тойған жоқ. Қайта әндетіп, шалқып өмір сүрді, ақшадан ешқашан қысылған жоқ. Кейін оның 77 миллион марка қаражат жұмсағаны анықталды. Советтік дәстүр бойынша «төтенше жағдайларға жұмсалды» деп жазып жіберген екен. Шын мәнінде МҚК-нің белгілі генералы ақшаны қайда жұмсағанын мектеп оқушысы да айтып бере алады.
Генерал-лейтенант Владимир Крюков та олжаға бөгіп жатқан жерінен жұбайы, танымал әнші Лидия Русланова екеуі қолға түсті.
Олардан екі «Мерседес» және «Хорьх-951» тәркіленді. Ондай «Хорьх» көлігін Геринг пен Розенберг қана мінген еді. Бұл екеуінен шыққан дүние-мүліктің қарасы Жуковтыкінен де ауқымды: бұрын нацистер совет мұражайларынан алған орыс суретшілерінің 132 картинасы, 107 килограмм күміс бұйым, 35 көне кілем, гауһар, гобелен, бағалы ыдыс-аяқ, жүн, мәрмәр және қоладан жасалған мүсіндер, 312 жұп аяқ-киім, 87 костюм, сондай-ақ... 78 терезе ысырмасы, 16 есік құлпы және 44 велосипед насосы!
Георгий Жуковтың басқыншылық ісіне ортақтасқан бірнеше серігіне қатысты тергеу тоқтатылды. Армия мен мемлекеттегі ондаған мың шенділерінің бала-шағасы Германиядан келген есепсіз қазынаның иесі болып шыға келді.
Бұл советтік номенклатураның іс жүзіндегі алғашқы мықты «евроремонты» еді. Содан бастап постсоветтік аймақтағы барлық мемлекеттердің номенклатурасы осылай өмір сүруге көшті. Мәскеу мен Минск, Киевтен бастап, Баку мен Астана, Ташкентке дейін солай болды.
(Тәуелсіз журналист Александр Народецкий бұрын «Азат Еуропа»/«Азаттық» радиосы Украин және Түркімен редакцияларының директоры болып жұмыс істеген. Бұл мақалада өзінің жеке көзқарасын білдіріп, тұжырымын жасаған. Ол пікір Азаттық радиосы редакциясының ұстанымына сәйкес келмеуі мүмкін.)