26 бала Бразилияға футбол оқуына барады

Бразилиядағы футбол академиясына баратын 26 қазақстандық жасөспірімді шығарып салу салтанаты. Алматы. 19 наурыз 2015 жыл.

Қазақстандық 14-15 жастағы 26 жасөспірім Бразилиядағы «Крузейро» футбол академиясына білім алуға бара жатыр. Іріктеу қалай өтті? Әр балаға қанша қаржы жұмсалады? Бұған дейін ол жақта 50 бала оқып келген.

Тараздық 14 жастағы Мирас Әбдібеков футболдың қыр-сырын үйрену үшін Белу-Оризонти қаласына үш жылға кетіп бара жатыр. Оның өміріндегі алғашқы шетелдік сапарына шығарып салуға ата-анасы, туысқандары арнайы Алматыға келіпті. Мирас Бразилияға жолдама алу үшін екі айлық іріктеуден өткенін айтады.

Бразилияға оқуға баратын тараздық Мирас Әбдібеков. Алматы. 19 наурыз 2015 жыл

«Іріктеу ақпанда басталды. Алғашқы кезең облыста болды. Екінші сынақ Алматыда өтті. Іріктеу кезінде техникамызды, физикалық жағдайымызды тексерді. Үш жыл бойы Бразилия мектебінде білім алып, «Крузейро» академиясында футбол техникасын меңгереміз. Португал тілін де оқимыз» дейді жас футболшы.

2009 жылы Қазақстанда жасөспірім футболшыларды Бразилияға оқуға жіберуге арналған «Оле Бразил» бағдарламасы ашылған. Бұл бағдарлама бойынша 50-ден аса футболшы Бразилияда оқып, елге оралған.

«ІРІКТЕУДЕ ДЕПУТАТТАР БАҚЫЛАУШЫ БОЛДЫ»

Қазақстан футбол федерациясының дерегі бойынша, Бразилияда оқып келген сегіз футболшы Қазақстан премьер-лигасында, он үші - бірінші лигада ойнап жүр. Астанада «Оле Бразил» бағдарламасымен оқып келгендерге арналған «Бәйтерек» футбол командасы ашылған. Бұл команда Қазақстан чемпионатының бірінші лигасында ойнайды.

Алматыда жаңадан ашылған футбол академиясындағы жаттығу сәті. 19 қараша 2014

Конкурсты спорт және дене шынықтыру комитеті мен Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) бірігіп ұйымдастырған. Комитет төрағасының орынбасары Малик Сапашов Азаттық тілшісіне берген сұхбатында іріктеу ашық өткенін айтты.

- Бірінші іріктеу кезеңіне БАҚ өкілдері шақырылды. Ал екінші іріктеу кезеңінде мәжіліс депутаттары бақылаушы болды, - дейді Малик Сапашов.

Комитет өкілі іріктеудің бұлай өтуін «даудың алдын-алу» мәселесімен түсіндірді.

ҚФФ вице-президенті Сейілда Байшақов «Бразилияға кетіп бара жатқан балалар - Қазақстан құрамасының болашақ ойыншылары» деп бағалады.

«БІР БАЛАҒА АЙ САЙЫН ЕКІ МЫҢ ДОЛЛАР БӨЛІНЕДІ»

Спорт комитетінің өкілі Малик Сапашовтың Азаттыққа берген мәліметі бойынша, Бразилияда оқитын әр балаға ай сайын екі мың доллар бөлінеді. Демек, бір баланың үш жылдық оқуына 72 мың доллар жұмсалады.

Бразилиядағы «Крузейро» футбол академиясының менеджері Сильвейра Педро Энрике. Алматы. 19 наурыз 2015 жыл.

Бразилиядағы «Крузейро» футбол академиясының менеджері Сильвейра Педро Энрике балаларды Белу-Оризонтиге алып кету үшін Алматыға арнайы келген.

- Біздің академияда Канада, Колумбия, Эквадор, АҚШ, Австралия, Моңғолия, Камеруннан келген балалар оқып жатыр. Қазақстаннан барған балаларды қосқанда академияда 150-ге жуық шетелдік бала оқиды. Бразилиялық жасөспірімдер де көп. Қазақстаннан баратын 26 бала еліне көп нәрсе үйреніп келеді деп үміттенемін. Бұл футболшылардың ішінде өзін жақсы жағынан көрсеткендерге «Крузейроның» жасөспірімдер клубымен келісім-шарт жасасып, сол командада ойнауға мүмкіндік бар, - деді академия менеджері Азаттыққа.

Қазақ футболшысы Рауан Сариев (оң жақта) Бразилияның "Ботафого" командасының жаттығу жиынында. Сурет спортшының жеке мұрағатынан алынған.

Қазақстандық жасөспірімдер аттанған «Крузейро» командасында бірнеше ірі академия бар. Клубтың өзі Бразилия чемпионатын 1966, 2003, 2013 және 2014 жылдары жеңіп алған. Бұл командада Роналдо, Дида, Ривальдо сынды танымал бразилиялық футболшылар ойнаған.

Бразилияда 2009 және 2012 жылдары оқып келген қазақстандықтардың ішінде тек Рауан Сариев қана Қазақстан жастар құрамасына биыл шақырту алды.

Ал 2012-2015 жылдары Бразилияда оқып келген тоғыз ойыншы Қазақстан жасөспірімдер құрамасына шақырту алып, қаңтарда Ресейде өткен Гранаткин турниріне қатысқан. Бірақ, Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы Болгария (0:2), Словения (0:1), Молдова (0:3), Эстония (2:5) командаларынан жеңіліп қалған еді.