Accessibility links

Жастар бағдарламасы көп, қызығушылық аз


Жастар форумына қатысушылар. Алматы, 25 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Жастар форумына қатысушылар. Алматы, 25 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Қалаларда жастарға арналған аула клубтары, басқа да көптеген жобалар жұмыс істейді. Бірақ жастар мен бұл жобалар құдды бір-біріне қатысы жоқ екі әлемде өмір сүріп жатқандай. Жастар «зеріктік» деп шағымданса, жоба-бағдарлама жетекшілері жастарды «ештеңеге қызықпайтын бойкүйез» деп сөгеді.

19 жастағы студент Жансая Тосубаева сабақтан бос уақытында фортепиано сабағына қатысады. Ол түнгі клубтар мен дискотеға бармайтынын, «бірақ дүкен аралағанды жақсы көретінін» айтады. Сағат түскі бірден кешкі сағат жетіге дейін сабақ оқиды екен.

– Таңғы сағат 9-да тұрамын, ал сағат 10-да оқырмандар залында отырамын. Тамақ пісіруді үйреніп жүрмін. Аспаздық кітаптарым көп. Мұны хобби десем де болады, - дейді Жансая Тосубаева Азаттық тілшісіне.

Студент Жансая Тосубаева. Алматы, 15 қараша 2013 жыл.
Студент Жансая Тосубаева. Алматы, 15 қараша 2013 жыл.
Фортепиано сабақтарының айлық ақысы – 12 мың теңге. Бұдан бөлек, Жансаяның ата-анасы қызының оқуына жыл сайын 350 мың теңге, жатаханаға 80 мың теңге төлейді.

Студент Бауыржан Балғабаев спортпен шұғылданады, футбол ойнайды. Бос уақытын достарымен өткізгенді ұнатады. «Бірақ олар бос уақытының көбін интернетте өткізеді» дейді жас жігіт.

Бауыржан «Алматыда букмекерік кеңселер мен түнгі клубтардан басқа бос уақытыңды өткізетін орын жоқ. Спорт секциялары қымбат, студенттердің қалтасы көтермейді» деп шағымданады.

ТЕАТР, МҰРАЖАЙЛАРЫ КӨП ҚАЛА

Азаттық тілшісімен әңгімелескен екі студент те Алматы қаласында оқиды. Астана мәртебесінен айырылғанымен, Қазақстанның ең үлкен қаласы елдің мәдени орталығы болып қалды.

Алматы қаласы мәдениет басқармасы сайтында қаладағы мәдени орындардың тізімі бар. Онда қала театрлары мен мұражайларының мекенжайы көрсетілген. Бағалары қымбат емес: театрға кіру билеті – 700 теңге, мұражай билеті – 300 теңге тұрады. Басқарма өкілі Рашида Тыливалдиеваның айтуынша, шығармашылық қабілетін жетілдіріп, рухани азық алғысы, спортпен шұғылданғысы келетін жастарға мүмкіндік мол.

Қуыршақтар карнавалына қатысушылар. Алматы, 23 қыркүйек 2012 жыл.
Қуыршақтар карнавалына қатысушылар. Алматы, 23 қыркүйек 2012 жыл.
Оқушылар сарайында тегін кітапхана жұмыс істейді. Қалада жиі өтіп тұратын қазіргі заман өнері көрмелеріне жастардың шығармалары қойылады. Тегін концерттер де жиі өтеді. Лекторлар жиі келіп тренинг, шеберлік сыныптарын өткізеді.

– Меніңше, бұл адамның өзіне байланысты. Жастардың өзінде ұмтылыс болып, «қандай қызық дүниелер өтіп жатыр екен» деп афишаларды қарап, біздің сайтқа кіруіне болады ғой. 2011 жылы АҚШ-тың Тусон қаласының тұрғындары біздің қаламызға мүсін тарту етті. Біз де оларға сондай сыйлық жасамақпыз. Шығармашылық конкурс жарияладық. Жастар бос сандалмай, осы конкурсқа қатыссын, - дейді мәдениет басқармасының өкілі Рашида Тыливалдиева.

АУЛА КЛУБТАРЫ

Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер кездесетін орталық және олардың шығармашылық идеяларын жүзеге асыратын орын ретінде аула клубтары жұмыс істейді. Әдетте мұндай клубтар бір ауданда тұратын оқушыларға арнап ашылады.

Мысалы, Алматы қаласы Әуезов ауданында тоғыз аула клубы бар. Оның төртеуінде үстел теннисі, футбол, волейбол секциялары жұмыс істейді. Аула клубтарының үшеуі тоқыма және тігін өнеріне баулиды. Ақпараттық-сараптамалық бағытта жүргізетін клубта есірткі мен алкогольдің зияны туралы лекциялар оқылып, видеороликтер көрсетіледі. Ал патриоттық клубтың мүшелері әскери бөлімдерге барып тұрады. Балаларға арналған аула клубтары тегін жұмыс істейді.

Алматыдағы аула клубтарының біріндегі спорт алаңы. 21 тамыз 2013 жыл.
Алматыдағы аула клубтарының біріндегі спорт алаңы. 21 тамыз 2013 жыл.
«Қазақстан дағдарыс орталықтары одағы» заңды тұлғалар бірлестігі төрайымы Зүлфия Байсақова мұндай клубтардың «жайсыз жерде орналасқаны, қызметкерлерінің жалақысы мардымсыз екенін, оның үстіне, қазір аула клубтарына жасөспірімдер мен жастар онша қызықпайтынын» айтады.

– Жақсы жабдықталмаған клубқа жастардың қайсысы барады? Шахмат, тоқымамен зейнеткерді ғана қызықтыра аласың. Мұндай аула клубтары – бұрынғы заманның қалдығы. Жертөленің бір қуысында жатқан оған ешкім бармайды, - дейді Зүлфия Байсақова Азаттық тілшісіне.

Алматы қаласы Бостандық ауданы «Академик» пәтер иелері кооперативінің төрағасы Марсель Қырқынбаев қызықты үйірмелер ашуға ақша жоғына шағымданады.

– Бізде бос бөлмелер болған. Әлгі бөлмелерде ұстахана, майлау-сылау цехтарын ашайық деп әкімдікке бардық. Бірақ, бізге бермей, әлдебір генералға сатып жіберді. Зейнеткерлер мен жастарға келгенде мемлекет ешқашан уақыт та, ақша да таппайды,- дейді Марсель Қырқынбаев.

БИЛІКШІЛ ҰЙЫМДАРДЫҢ АРНАЙЫ ЖОБАЛАРЫ

Жасөспірімдер мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен Алматы қаласының аудандық мәдениет бөлімдері де айналысады. Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Мирас Нысанәлінің айтуынша, «жастар спорт және мәдени-көпшілік іс-шараларға қызықпайды».

"Жас Отан" ұйымының екінші съезіне қатысушылар. Астана, 16 қараша 2012 жыл.
"Жас Отан" ұйымының екінші съезіне қатысушылар. Астана, 16 қараша 2012 жыл.
– Біз жоғары оқу орындарының ректорларымен кездесіп, жастардың бос уақытын ұйымдастыру мәселесін көтергенбіз. Студенттерге спорт залдарын да ұсындық. Бірақ олардың жұмыс істейтін уақыты студенттерге қолайсыз уақыт, ал сабақтан кейін ешкім барғысы келмейді. Аула клубтарына да талай шақырдық, студенттер барғысы келмейді. Жеке меншік футбол алаңдарының иелерімен келісіп, таңғы сағат 11-де тегін жаттығуға рұқсат берді. Студенттерге бұл уақыт та қолайсыз. Студенттердің мүлде бос уақыты жоқ сияқты. Бәрі ғылым кенін кеміріп жатқандай, - дейді Мирас Нысанәлі.

«Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты бар. Бұл ұйым жастардың өз орнын табуына көмектесу мақсатында құрылған. Ұйым жетекшілерінің айтуынша, жастарға арналған «Жастар – Отанға!», «Еркін пікір» пікірталас клубы, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы, «Қазақша үйренейік» республикалық акциясы сияқты арнайы жобалар ашылған. Жас отандықтар «Кез келген қаланың жастары осы жобаларға қатыса алады» дейді.

«Қазақстан студенттері альянсы» деген де республикалық қозғалыс бар. Оның өкілдерінің айтуынша, альянс университеттерде мәдени-көпшілік шаралар, шығармашылық адамдарымен кездесулер өткізеді, балалар үйлеріне қамқорлық жасайды. Студенттік қозғалыс белсенділері «Бос уақытымызды тиімді ұйымдастырмады деген студенттердің шағымы жөнсіз» деген пікір айтады.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG