Accessibility links

Балалар клубын қосалқы есігі жоқ жертөледен шығармақ


«Әскер» әскери-патиоттық клубы тұрған жертөленің есігі. Алматы, 11 қыркүйек 2013 жыл.
«Әскер» әскери-патиоттық клубы тұрған жертөленің есігі. Алматы, 11 қыркүйек 2013 жыл.

Алматыдағы «Әскер» әскери-патриоттық клубы отырған жерінен шығаруға қарсы наразылық акциясына журналистерді шақырғанмен, ол жерге ешкім бармады. Ұйымдастырушының айтуынша, клуб басшылығынан «шу шығармауды өтінген».

Қыркүйектің 11-інде Алматы қаласындағы «Әскер» әскери-патриоттық клубының мүшелерінің наразылық жиыны өтпей қалды. Белгіленген орынға акцияны жариялаған ұйымдастырушы да, Азаттық тілшісінен басқа ақпарат құралдары өкілдері де келмеді. Полиция да болған жоқ. Клубқа басқа орын тауып береміз деген уәде беріліпті.

«ЕКІНШІ ЕСІК ЖОҚ»

Азаттық тілшісі телефонмен хабарласқан «Әскер» әскери-патриоттық клубының директоры Ольга Аксенкинаның айтуынша, басшылар акцияны өткізбеуді сұрапты.

Бұдан бұрын Азаттықтың электронды поштасына Ольга Аксенкинаның атынан келген хатта «Билік 15 жыл жұмыс істеген, осы уақыт ішінде жүздеген жасөспірімді Қазақстан Республикасы қарулы күштері қатарында қызмет атқаруға даярлаған «Әскер» әскери-патриоттық клубын жаппақ. Клуб ешқандай табыс таппайды, жаттықтырушылар мен оқытушылар балаларды тегін оқытады» деп жазылған.

Хат авторы «Әрине, қыс түсерде балаларды далаға қуып шығып, жертөледе кіріс әкелетін дүкен ашқан тиімдірек қой» дейді. Алматы қаласының орталық аудандарының біріндегі клубта 56 бала шұғылданады. Олар мұнда арнайы дайындықтан өтіп, атыс қаруымен жаттығады, әскери жарғыны оқып,
«Әскер» әскери-патриоттық клубының хабарландыруы. Алматы, 11 қыркүйек 2013 жыл.
«Әскер» әскери-патриоттық клубының хабарландыруы. Алматы, 11 қыркүйек 2013 жыл.
парашютпен секіреді, тауға шығады. «Клуб осы жылдары 500-ге жуық қыз-жігіттерді болашақ әскери қызметке даярлап шығарды» дейді өзі де осы клубтың түлегі Ольга Аксенкина.

Алматы қаласы Бостандық ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің талап-арызы бойынша клубты отырған бөлмесінен шығару жөніндегі сот шешімінде клуб орналасқан жертөледе санитарлық нормалар мен қауіпсіздік талаптары бұзылғаны (екінші есік жоқ) туралы жазылған. Енді сот шешімін орындаушылар келіп, клуб отырған жертөлеге кіретін есікті жабуы тиіс.

– Бірақ тұрғын үйдің жертөлесінен екінші есікті қалай шығаруға болады? – дейді Ольга Аксенкина.

«Әскер» клубы орналасқан үйде тұратын әйел адамның (өзін суретке түсірмеуді және есімін атамауды сұрады) айтуынша, үй тұрғындары жертөледе клубтың жұмыс істеуіне қарсы емес. Ол «біреулер клубтың орнына көрші подъездің жертөлесіндегі сияқты дүкен ашқысы келген болар» деп шамалайды.

Құрамына осы үй де кіретін «Орбита-1» пәтер иелерінің кооперативі (ПИК) басшысы Галина Потешкинаның Азаттық тілшісіне айтуынша, тұрғындар үй
Орбита-1» пәтер иелерінің кооперативі (ПИК) басшысы Галина Потешкина. Алматы, 11 қыркүйек 2013 жыл.
Орбита-1» пәтер иелерінің кооперативі (ПИК) басшысы Галина Потешкина. Алматы, 11 қыркүйек 2013 жыл.
жертөлесінде «Әскер» клубының жұмыс істеуіне қарсы емес.

– Тұрғындар клубқа қарсы емес. Клубтың жаттықтырушылары мен оқытушылары да жұмыс істегені үшін ақы алмайтынын айтқан. Олар пайдалы іспен айналысып жатыр, – дейді ПИК басшысы.

Галина Потешкина үй тұрғындарының «Дүкен ашқысы келген кәсіпкерлердің бірінің көзі түсіп, жертөледен клубты шығарғысы келген шығар» деген болжамына қатысты түсінік беруден бас тартты. Бірақ осы үйдің көрші подъезінің жертөлесінде дүкен барын растады.

Клуб директоры Ольга Аксенкина «Бұл жерде әңгіме клубты жабу емес, тұрғын үйлердің біріндегі клуб жалдап отырған жертөлені жабу жөнінде» деп түсіндіреді.

– Бізге басқа орын береміз деп уәде етті. Егер басқа орын бермесе, наразылық танытамыз, – дейді клуб директоры.

АМАЛ

Оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов «Әскер» әскери-патриоттық клубының басшылары өздері жариялаған наразылық акциясына келмегеніне өкініш білдірді.

– Клуб отырған жертөлені жабу мәселесіне қатысты мән-жайды анықтау қажет.
Саясаткер Әміржан Қосанов. Алматы, 19 тамыз 2013 жыл.
Саясаткер Әміржан Қосанов. Алматы, 19 тамыз 2013 жыл.
Мұндай орынға кәсіпкерлердің көбі көз тігуі мүмкін. Егер клубтың орнына біреудің дүкені пайда болса, бұл мәселенің анық-қанығы ашылады, – дейді Әміржан Қосанов.

Әміржан Қосанов мұндай әскери-патриоттық клубтардың болғанын қолдайды. Ол жасөспірімдерге тегін үйретіп жүрген энтузиастарға ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, жасөспірімдер көп уақытын компьютерлік клубтарда өткізбей немесе сандалып бос жүрмей, таза ауада әскери іспен шұғылданғаны жақсы.

Оның айтуынша, бірақ Қазақстандағы әскери-патриоттық клубтар жастарды үгіт-насихатпен басын айналдырып, бұрынғы советтік дәстүрлерді жалғастырмауы тиіс.

– Мұндай клубтар совет заманындағы дәстүрден арылуы тиіс. Батыс елдеріндегі скауттар қозғалысы сияқты өркениетті жұмыс істеуі керек. Клубқа келетін балалар өздерін еркін азамат сезінуі тиіс, – дейді Әміржан Қосанов.

Алматы қаласы Бостандық ауданы төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, «Әскер» клубы орналасқан жертөле тек нормативті талапқа сәйкес
Ішкі әскер сарбаздары. Алматы, 11 қыркүйек 2013 жыл.
Ішкі әскер сарбаздары. Алматы, 11 қыркүйек 2013 жыл.
жабылмақ. Бөлім бастығының міндетін атқарушы Владимир Довганюктің айтуынша, клуб Бостандық аудандық прокуратурасының талабы бойынша тексеріліп, сотқа талап-арыз түсірілген. Ал «жертөледе екінші есік болуы тиіс» деген талап – балалардың қауіпсіздігі үшін, яғни өрт қаупі төнген жағдайда адамдарды эвакуациялайтын тағы бір есік қарастырылуы тиіс.

– Эвакуация талаптары бұзылған. Демек, клубқа басқа орын іздеу керек немесе екінші есік ашу мүмкіндігін қарастыру қажет, – дейді Владимир Довганюк.

Азаттық тілшісі «Әскер» клубы орналасқан жертөлені жабуға қарсы өтпей қалған наразылық акциясынан қайтып келе жатқанда ішкі әскер сарбаздарына ұшырасты. Олар акция өтеді деген жерге бара жатыр екен. Бірақ акция өтпейтінін естіген сақшылар кері қайтты.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG