«Халық билігі»: Жүйе Жәкішевті тұтқындаумен тоқтамайды

Мұхтар Жәкішев,"Қазатомпромның" президенті болып тұрған кезінде.

"Казатомпромның" бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев ұсталған соң 4 күн өткеннен кейін, 25 мамыр, дүйсенбі күні ҰҚК оның тұтқындалғанын растады. Алматыда "Халық билігі" блогы тұтқындаулар әлі де жалғасатынын айтып, Назарбаевты сынаса, президент демалысқа кетті.
37-ДЕГІ ӘЙГІЛІ НКВД ӘДІС-ТӘСІЛІНІҢ 21 ҒАСЫРДА ҚАЙТАЛАНУЫ

Саяси блогқа топтасқан екі саяси ұйымның жетекшілері: Қазақстан коммунистік партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдин мен «Алға, ДВК» қоғамдық қозғалысының басшысы Владимир Козлов дүйсенбі күні Алматыда баспасөз конференциясын өткізіп, «Қазатомпромның» бұрынғы басшысы мен оның орынбасарларының ұсталуына қатысты өз ұстанымдарын айтты.

Блок өкілдері «Қазатомпром» компаниясының топ-менеджерлерінің ұсталуы мен іздеу жұмыстарының түнде жүргізілуін 1937 жылғы әйгілі НКВД-ның әдіс-тәсілін дәл қайталау деп атады. Бұдан бөлек, олар жас мамандардың бірінен соң бірі қуғынға ұшырауын қолынан іс келетін адамдарды жою деп есептейтіндіктерін атап көрсетті.
Владимир Козлов пен Серікболсын Әбділдин баспасөз-мәслихатында. Алматы, 25 мамыр, 2009 жыл.


- Мен Мұхтардың әкесі заңгер Еркін Жәкішевпен бірге оқығанмын. Аса әділетті заңгер болатын. Мұндай отбасында «жаман бала» болмайтындығына мен сенімдімін. Бұлар біздің балаларымыз. Мен жалпы қазақтың өсіп келе жатқан, қолынан іс келетін адамдарын жоюға қарсымын, – деді Серікболсын Әбділдин.


СОҢҒЫ ОҚИҒАЛАР ОТБАСЫНЫҢ МҮДДЕСІНЕ ОРАЙ ЕЛДІҢ ҚАЙТА БӨЛІСКЕ САЛЫНЫП ЖАТҚАНЫН БАЙҚАТАДЫ

Сонымен қатар, «Халық билігі» блогының өкілдері, тікелей немесе «Самұрық-Қазына» арқылы, «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», «Самұрық-Энерго» ұлттық компаниялары, Ұлттық банк және «БТА банк» президент Назарбаевтың отбасылық басқаруына өтіп кеткендігін, енді олардың қатарына «Қазатомпром» қосылғандығын атап көрсетті. Коммунист Әбділдиннің пікірінше, бұл – қоғамға қауіпті.

- Осындай саясатпен жүргізілген билік ешкімге оң жол көрсетпейді. Бұл – ұрлық жол. Сол себепті бұл біздің мемлекетімізге, халқымызға қауіпті. Оны біз айтпасақ ешкім айтпайды. Соны білсін деп біз өз пікірімізді халыққа жеткізіп отырмыз, – деді Серікболсын Әбділдин.

Қазірдің өзінде бірқатар басылымдар мен жекелеген сарапшылар ірі компаниялардың топ-менеджерлерінің ұсталып немесе қуғынға ұшырауын «мыстандарға қарсы шабуыл» деп атап кеткен бұл саяси науқанның жалғасы болатындығына «Алға, ДВК!» қозғалысының жетекшісі Владимир Козлов сенімді.

- Мені бұл лоторея қызықтырмайды және оның ойыншысы емеспін. Біздің елімізде кезінде Мұхтар Әблязовпен немесе Мұхтар Жәкішевпен болмашы қарым-қатынасы бар кез келген адам «қара тізімнен» табылуы әбден мүмкін. Өйткені Қазақстанда біреуге қарсы дәлелдерді куәгерлердің айтуына сүйене отырып жинайды. Әуелі бұл адамдарды күштеу арқылы біреуге қарсы куәгер болуға мәжбүрлейді. Соның құнымен олар бостандыққа жіберіледі. Осы тұрғыдан алғанда, қара тізімдегі кезек кез келген адамға бұйыруы ғажап емес,– деді Владимир Козлов.

Осы дүйсенбі күні "Казатомпромның" жаңа жетекшісі Владимир Школьник алғашқы кеңесін өткізіп, ұлттық компанияда кадрлық өзгерістер болады деп түйіндеді өзінің сөзін ұжыммен таныстықтан кейін.

ОППОЗИЦИЯ НАЗАРБАЕВ РЕЖИМІН СЫНАП, ЕҚЫҰ-НА ҚАЙРЫЛДЫ

Оппозициялық «Халық билігі» блогы «Қазатомпромның» экс-президенті Мұхтар Жәкішев пен оның бұрынғы орынбасарлары сияқты топ-менеджерлерінің ұсталуын қоғамға төнген қауіп деп атап, президент Назарбаевтың билігін қатаң сынға алды.
"Өзгеше ойлайтындарды қудалап, сөз бостандығын тұншықтыру, әсіресе, билік үшін елдің байлығын рейдерлікпен басып алу барысында тым маңызды болып тұр",- деп мәлімдеді Серікболсын Әбділдин.

Оппозиция жетекшілері Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қайрылып, налықаралық қауымдастықты осы болып жатқан жағдайларға араласуға шақырды. Олар қабылаған үндеуде "Қазақстанды 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалыққа сайлаған Еуропа мен бүкіл халықаралық қауымдастықтың ойланып, таңдау жасауына тура келеді. Демократия "шикізаттық" немесе "басқарылатын" болмауы керек" деп жазылған.

ҚазТАГ ақпарат агенттігі президент маңайына жақын дерек көзіне сілтеме жасай отырып, президент Н. Назарбаевтың қысқа мерзімдік еңбек демалысына кеткені туралы хабар таратты.