Жантелеевті "құтқарған" Бас прокуратура Жәкішев ісін де бақылауына алды, бірақ "Қазатомпром" басшысын ақтап алары екіталай

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Бас прокурор Қайрат Мәми Риксос қонақ үйіндегі баспасөз-мәслихатында. Астана, 3 желтоқсан, 2009 жыл.

Бас прокурор Қайрат Мәми бейсенбі күнгі баспасөз мәслихатында Жәмила Жәкішеваның Шабдарбаев туралы мәлімдемесі рас болса, ҰҚК-нің әрекеті заңсыз деп атап көрсетті. Ол прокуратура Жәкішев ісін толық бақылауға алды десе, сарапшылардың кейбірі Жәкішевке үкім шығарылып қойған деген болжам айтады.
ЖӘКІШЕВ ІСІ БАС ПРОКУРАТУРАНЫҢ БАҚЫЛАУЫНДА

Бейсенбі күні Астанада өткен ТМД Бас прокурорларының кеңесінен кейін өткен баспасөз-мәслихатында Қазақстанның бас прокуроры Қайрат Мәми журналистердің сұрақтарына жауап бере келіп, «Егер Жәмила Жәкішеваның мәлімдемесі рас болса, ҰҚК басшысының әрекеті заңсыз болады» деп айтты.

Күні кеше Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қатысты екі мәлімдеме жасалған еді. Оның бірі – ҰҚК-нің Алматы департаменті тұтқындаған Алматы қалалық Қаржы полициясы басшысының орынбасары Айдын Жантелеевті Бас прокуратураның толық ақтап, керісінше оны тұтқындаған қауіпсіздік комитеті қызметкерлеріне қылмыстық істің қозғалуы.

Екіншісі – Қазатомпром" компаниясының қамаудағы бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің жұбайы Жәмила Жәкішева Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Амангелді Шабдарбаевқа қатысты жасаған мәлімдемесі. Ол жұбайы Мұхтар Жәкішевтің youtube.com видеопорталында жарық көрген сұхбаты бар дискіні өз қолына Шабдарбаевтың тапсырғанын айтқан болатын.

Қайрат Мәми «Жәкішев ісін» Бас прокуратураның қадағалауға алғанын, өрескел заң бұзушылық болған жағдайда арнайы мәлімдейтіндіктерін жеткізді.

Ал Айдын Жантелеевке байланысты тікелей өзінің тапсырмасымен тергеу тобы құрылып, бұл істің тексерілгенін айтты.

- Бұл істе мен күштік құрылымдар арасында жүйелі күрес бар деп айта алмаймын. Өкінішке қарай, арнайы қызмет тарапынан заң бұзушылықтарға жол берілді. Олардың қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүріп жатыр. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматыдағы басшыларының қызметтерінен шеттетілуі де, тікелей осы іске байланысты болуы мүмкін. Жантелеевке айғақ беруші адам біздің қызметкерлердің айтуынша, орысша білмейді. Ол «Орысша түсінбеймін. Сосын қол қойдым» депті, - деді Бас прокурор Қайрат Мәми журналистердің сұрағына орай.

ТАҒЫ БІР ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ЖӘМИЛАҒА ҚОЗҒАЛА МА?

Қазақстандағы күштік құрылымдар арасындағы текетіреске Бас прокуратураның араласа бастауы «құпия соғыстың» тым шиеленісіп кеткенін байқатады дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.

-Егер Бас прокуратура ҰҚК-не қарсы қандай да заң бұзушылық жөнінде іс көтеретін болса, онда олар Жәмиланы пайдаланып отырса керек. Онда Жәмила Жәкішева күштік құрылымдар ойынының құрбаны болады. Онда бұл іс-әрекет қайғылы жағдаймен аяқталуы ықтимал. Себебі, Амангелді Шабдарбаевқа қарсы соққы бергісі келетіндер өте көп. Мұны соңғы кезде ҰҚК төңірегіндегі түрлі жанжал, оқиғалардан-ақ аңғаруға болады. Олардың бәрі де арнайы қызмет басшысының абыройын түсіру үшін күресіп жатыр, - дейді саясаттанушы.

Досым Сәтпаевтың айтуынша, Жәмила Жәкішеваның мәлімдемесінің соңы үш түрлі жағдаймен аяқталуы мүмкін.

- Біріншісі, бұл соққы Жәмиланың өзіне тиюі мүмкін. ҰҚК Жәмилаға қарсы қылмыстық іс қозғауы ықтимал. Екіншісі, Амангелді Шабдарбаевтың жеке басына келеңсіздік әкелуі мүмкін. Үшіншісі, соғысушы тараптар белгілі бір уақытқа дейін үнсіздік жариялауы мүмкін. Менің ойымша, бірінші болжам шындыққа келетін секілді, - дейді Досым Сәтпаев.

Ал, Мұхтар Жәкішевтің жеке басына үкім әлдеқайда шығарылып қойған деп есептейді Досым Сәтпаев. Оның ойынша, ол ҰҚК тарапынан емес. Одан да жоғары лауазымды иелер тарапынан.Қалай болмасын «Жәкішев ісі» сәтті аяқталмайды деп ой түйген Досым Сәтпаев Мұхтар Жәкішев үлкен саяси ойынның құрбаны болып отыр дейді.

КҮШТІК ҚҰРЫЛЫМДАР ПАРЛАМЕНТ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРУІ ТИІС

Ал «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Байменов күштік құрылымдар арасында күрес тамыры терең үлкен проблеманың кішкентай көрінісі деп есептейді.

- Оларда мемлекеттің мүддесін ойлаудан гөрі, қылмыстық топтармен байланыс бары сөзсіз. Сондықтан да олардың қоғам үшін қаупі арта түседі. Күштік құрылымдар басшылары бірінші кезекте президентке не болмаса партияға емес, Конституцияға, елге қызмет етулері керек. Сол себептен де олардың беретін антынан бастап, жүйені толық өзгерту керек. Мен осыдан бірнеше жыл бұрын құқық қорғау орындарының парламентке қарауы қажеттігін көтерген едім, - дейді Байменов.

Байменов «Жәкішев ісіне» қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ендігі жұмысы - бейнетаспада айтылған мәселелер шындыққа сәйкес келе ме, жоқ па осыны анықтау, тіпті, бұл іске Қазақстандағы қауіпсіздік кеңесі тікелей араласуы керек деп есептейді.