Болат Атабаевтың «қарсылық мәдениеті»

Театр режиссері Болат Атабаев. Алматы, 20 ақпан 2012 жыл.

«Ақсарай» театрының режиссері, қоғамдық белсенді Болат Атабаевқа Қазақстан билігі «әлеуметтік араздық туғызды» деген айып тақса, Германияның мәдениет институты оны мәдени қарым-қатынас саласындағы ерекше еңбегі үшін «Гете медалімен» марапаттады.

Сыйлықты биыл тамыздың 28-і Германияның Веймар қаласында Гете институтының президенті Клаус-Дитер Леманн ресми түрде табыс етеді деп хабарланды. Гете медалі «Халықаралық мәдени қатынастар саласындағы ерекше еңбегі үшін» Германия мемлекеті атынан тапсырылатын марапат белгісі.

Қазақстандағы Гете атындағы институттың директоры Барбара Фрэнкель-Тонет ханымның айтуынша, 1954 жылдан бері танымал тұлғаларға берілетін бұл сыйлыққа Қазақстаннан алғаш рет Болат Атабаев ие болып отыр.

«БІРТҮРЛІ АДАМ...»

«Алматыдағы Театр институтына оқуға түсе алмай, ақыры Шет тілдер институтын «неміс тілі пәнінің мұғалімі» деген мамандық бойынша қызыл дипломмен бітіріп

Театр режиссері Болат Атабаевтың "Гете медалін" алу ол үшін мәртебе екенін баяндап отырған сәті. Алматы, 20 ақпан 2012 жыл.

шыққанымда «шешем менің жын қуған әртіс болмай, тәртіпті адам – мұғалім болғаныма қатты қуанған еді» дейді Болат Атабаев ақпарат құралдарына берген сұқбаттарының бірінде.

Ақыры Темірбек Жүргенов атындағы Театр және өнер институтына оқуға қабылданған ол бәрібір өнер жолына түсті.

Германияның ғылыми-зерттеу театрында бірнеше жыл жұмыс істеп, басқа да Батыс елдерінде тәжірибеден өткен Болат Атабаев Қазақстанда «бөлекше ойлайтын біртүрлі адамға» айналды.

Оның бүгінгі қазақ театры мен мәдениетіндегі кейбір стереотиптер жөніндегі оқшау ойлары мен жаңа ізденістерге негізделген қойылымдары кәсіби театр мамандарын да, көрерменді де екіұшты ойға қалдырды. Бірақ Болат Атабаевтың өзі:

– Сантүрлі адаммын, тек көркемөнерді түсінбейтіндерге ғана – «біртүрлімін», – дейді.

«ҚАРСЫЛЫҚ МӘДЕНИЕТІ»

Болат Атабаев шетелдік мәдениеттанушылардың жеке тұлға мәдениетін шарты түрде үшке бөлетінін айтады. Алғашқысы – отбасы ошақ-қасы мәдениеті. Бұл «мәдениеттегі» адамдардың өз ауласынан арғы жерде не болып жатқанымен шаруасы шамалы. Яғни олар үшін сайлауға қатысудың немесе СПИД-пен күреске арналған қайырымдылық концертіне барудың еш қисыны жоқ.

Екіншісі – бағыныштылық-басыбайлылық мәдениет. Жоғары жақ әлдебір шара өткізуге тапсырма беріп, оған ақша бөлсе, шараны өткізеді. Мұны Болат Атабаев

Оңнан солға: саясаткер Төлеген Жүкеев, Алтынбек Сәрсенбайұлының әйелі Салтанат Атушева, театр режжиссері Болат Атабаев оппозиция жетекшісі Алтынбек Сәрсенбайұлының зираты басында. Алматы, 11 ақпан 2012 ж.

«Мен «кішкентай» адаммын, менің қолымнан не келеді» дейтін формулаға сыйғызады.

Үшіншісі – азаматтық мәдениет. Бұл мәдениеттегі адамдар қоғамдағы елеулі жайттарға селқос қарамайды.

Болат Атабаев бұл тізімге өз тарапынан «қарсылық мәдениетін» қосады. «Қарсылық мәдениет – менің мәдениетім» дейді ол. Атабаев өнердегі «қарсылық мәдениетін» қоғамдық істерінде де көрсетуге тырысып келеді.

Ол советтік кезеңнен бері жоғары бағаланып келе жатқан Станиславский мектебінің ұстанымдарына да сын көзбен қарады.

– Станиславский ұстанымы – театр суретшісі, актері мен режиссерлігі жолындағы бастапқы іргетас қана. Ал іргетастың үстіне нені қалайтынымды өзім ойлауым қажет, – дейді режиссер.

«ӨЗ КӨЗҚАРАСЫНА ӨЗІ ҒАШЫҚ»

Атабаев бұл көзқарасын 2005 жылы өзі ашқан «Ақсарай» мюзикл театры арқылы танытуға ұмтылды. Бірақ ол қойған спектакльдер театртанушыларды ғана емес, көрермендерді де екіұдай ойға қалдырды.

«Бұрынғы «Қыз Жібек» спектакльдеріндегі бұрымы төгілген Қыз Жібектің аяқ астынан бұрымсыз, заманауи Қыз Жібекке айналып кеткені, әртістердің консерваторияда тәрбиеленген дауыспен емес, табиғи дауыспен ән салып, бүгінгі ырғақпен билегені де түсініксіз еді» деп жазады өнертанушылар.

«Ақсарай» театры Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат» спектаклінде 17-ғасырдың оқиғасы арқылы бүгінгі саяси-әлеуметтік өмірді, қазіргі биліктің табиғатын ашуға ұмтылды» дейді кей мамандар.

Мұхтар Әуезов атындағы драма театрдың бұрынғы директоры Тұңғышбай Жаманқұлов «Болат Атабаевты жаңа эстетикалық талғамдарға жол іздеп жүрген

Жазушы Дулат Исабеков мемлекеттік тілді қолдау жиынында. Алматы, 19 қыркүйек, 2010 жыл.

режиссер ретінде бағалайтынын, бірақ оның кей спектакльдері сәтсіз шыққанын» айтады.

– Қиялға көбірек бой ұрады. Оның да шегі бар. Өмірдегі оқиғаның бәрін сахнаға шығара беруге болмайды, – дейді ол Азаттық радиосына берген сұқбатында Атабаевтың шығармашылығы туралы.

Ал жазушы, драматург Дулат Исабеков «Ақсарайдың» спектакльдері көңіліне қонбағанын» айтады.

Жазушының айтуынша, «Болат Атабаев өз ұстанымдарын көбірек қызықтап кетеді. Ол тіпті театр жөніндегі өз көзқарасына өзі ғашық сияқты көрінеді – содан шыға алмай қалады».

Дулат Исабеков «Болат Атабаев кейінгі спектакльдеріне саяси реңк берді, ол тәуелсіз болуы керек еді» деп санайды.

– Мәселен, ол қойған «Көшкіннен» саясат іздей алмаймын мен. «Бізді де осылай қорқытады, үркітеді, бірақ ол қорқа қоятындай нәрсе емес екен» деген идея айтқысы келеді. Бірақ шығарманың өзі сондай астармен жазылған шығарма емес болатын. Өмір кез-келген спектакльден көрінеді, бірақ оны айғайлатудың қажеті жоқ, – дейді Дулат Исабеков.

«ТҮРМЕГЕ ТҮСКІМІЗ КЕЛМЕЙДІ»

2005 жылы қыркүйек айында «Қыз Жібек» мюзиклі қойылғаннан кейін жеке меншік «Ақсарай» театрына екі жарым жыл бойы Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін Қазақстанның БТА банкі тұрақты түрде қаржылық қолдау көрсетті.

Бірақ Мұхтар Әблязов қуғындалғаннан кейін БТА банкінің құрылтайшысына айналған «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры «Ақсарай» театрына қаржы аударып

Қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязов.

келген «Әлем-АРТ» қорынан 750 миллион теңге өндіріп алу жөнінде сотқа шағымданған еді.

– «Ақсарай» театры қаржы тапшылығына ұшыраса да, жабылған жоқ. Жабылмайды да. Біздің күніміз әлі туады. Мемлекеттік театр – өлі театр, ал мен тірі театрмен шұғылданғым келеді. Ол үшін елдегі жағдайды өзгерту қажет. Маған оны ешкім істеп бермейді. Менде басқа Қазақстан жоқ, менде басқа президент те, басқа билік те жоқ. Ал біздің биліктің сиқы – осы. Енді осы билікке ықпал етуім керек, – деген еді Болат Атабаев биыл ақпанның 20-сы күні өткен баспасөз мәслихатында.

Алайда ол республикадағы саяси мәселелерге «Ақсарай» театрынан да бұрын араласты. Әкежан Қажыгелдин жетекшілік еткен республикалық халық партиясының, одан кейін «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясының мүшесі болды, тіркелмеген «Алға», «ҚДТ» бағдарламасын әзірлеуге үлес қосты, «Халық майданы» қозғалысына қатысты.

Болат Атабаев 2010 жылдың жазында «тобыр болудан шаршағандар үшін» бір топ интеллигенция өкілдерімен бірге виртуалды партия құратынын мәлімдеп үндеу де жасады.

«Кімбіз? Кім едік? Кім болмақпыз? Осы сұрақтарға жауап беретін кез келді. Үйде отырып билікті сынап-мінеп, өмірді зая қылуға болады. Бірақ рухани белсіздіктен гөрі биігірек деңгейге ұмтылғымыз келеді-ақ. Не істеу керек? Түрмеге түскіміз келмейді. Алаңға шыға бергеннен және пайда жоқ. Біздің оппозицияға қосылу – сүйекке таңба. Міне, сондықтан біз виртуалды партия құруды ұйғардық» деп жазылған еді үндеуде.

«ӘЛЕУМЕТТІК АРАЗДЫҚТЫ ҚОЗДЫРДЫ»

Режиссер Болат Атабаевтың азаматтық қоғам мәдениеті, билік жөнінде әр жылдардағы пікірлері жұртшылық назарын аударды. Ол «биліктің сөзі мен ісі алшақтап кеткенін» айтады.
Билікті тыңдасаң – сөздері жақсы, істеген ісіне қарасаң – құсқың келеді. Мұны көріп өскен жастар да екіжүзді, сұмпайы болады.

– Билікті тыңдасаң – сөздері жақсы, істеген ісіне қарасаң – құсқың келеді. Мұны көріп өскен жастар да екіжүзді, сұмпайы болады. Мұны ылғи айтамын да жүремін. Бірақ әлі де көп айту керек, шаршамау керек. Сондықтан тынбай күресу керек – әйтпесе өмірге не үшін келіп, не үшін кеттім деймін, егер дені дұрыс қоғам құруға көмектеспесем? Сонда менің ұрпағым да итеңдеп қырық жыл жұмыс істеп, пара беріп, өтірік сөйлеп өмір сүру керек пе? Сол үшін ешқайсымыз еш нәрсеге бейжай қарамауымыз керек, әрбір азамат белсенді болу керек. Бұл үшін заңды, жүйені өзгерту керек. Қоғамның мүшелері осыған атсалысуымыз керек, – деген еді режиссер Болат Атабаев Азаттық радиосына берген сұқбатында.

Былтыр желтоқсанның 16-сындағы Жаңаөзен оқиғасына орай Болат Атабаевқа да «әлеуметтік араздықты қоздырды» деген айып тағылып, «Алматыдан ешқайда кетпейтіндігі жөнінде» қолхат алынды.

Дәл осы айып бойынша бір топ қоғамдық белсенділер тергеу абақтысына қамалды, одан бұрын – 2011 жылы жазда «Қаражанбасмұнай» компаниясы жұмысшылар кәсіподағының заңгері Наталья Соколова алты жылға сотталды.

Болат Атабаев Жаңаөзен трагедиясынан бұрын, тамыздың 27-сіндегі сұқбатында «Жаңаөзендегі еңбек дауының бұлай созылуына Назарбаевты орнынан тезірек аударып тастағысы келетін оның өз жанындағы топтар мүдделі болып отыр және бұл дауды тезірек шешпесе, іс аяғы саясилануы мүмкін» деген болатын.

Ал Жаңаөзен оқиғасынан кейінгі сұқбаттарының бірінде:

– Биліктің, президенттің рухани негізі жоқ. Біздің ата-бабаларымыз арды, рухты абсолют деп қабылдаған болатын. Қазір сол үрдіс жоқ. Мен мына рухани негізі жоқ биліктен бәрін күтемін, – деді Болат Атабаев.

«КӨРМЕДІМ, БІЛМЕДІМ...»

Режиссер Болат Атабаевтың қоғамдық-саяси істермен белсенді түрде шұғылдануға ойысқанын Азаттық радиосы тілшісімен тілдескен жоғарыдағы әріптестерінің бірі құптаса, бірі құптамады.

Дулат Исабеков «Болат Атабаевтың режиссерден қоғамдық белсендіге айналып кеткеніне таңғалатынын» айтады.

– Оның азаматтық ұстанымын құптаймын. Қазір бізде жетіспейтін нәрсе – азаматтық үн. Осы азаматтық үн жетпей тұрғанда Болат Атабаев өзінің негізгі кәсібін ұмытып, кейде саясатқа амал жоқ араласады, шектен тыс әділетсіздіктерге

Театр режиссері Болат Атабаев. Алматы, 20 маусым 2011 жыл.

қарсы өз дауысын білдіреді. Осы жағынан оны қолдаймын. Ал Жаңаөзенге барса, барған шығар шыдай алмай. Онда не айтып, не қойғанын білмедім. Оқыған жоқпын, естіген жоқпын. Мүмкін, қаттырақ айтып жіберді ме екен? Өздері отты сөндіре алмай жатқанда, осылар барып отқа май құйғандай болып көрінді ме екен билікке, – дейді Дулат Исабеков.

Тұңғышбай Жаманқұлов режиссердің «саясатқа ашық араласатынына қарсы» болды.

– Ол – суреткер. Журналистердің «бәрі жаман» деп беталды жаза беретініне қосылып, қашқанға да, қуғанға да серік болмай, саясатқа өнерменен айқай-шусыз-ақ араласуға болады. Оның Жаңаөзен жөнінде не істеп жүргенін көрген де жоқпын, білмеймін де. Сондықтан оған жауап бере алмаймын. Болаттың кейде ашумен артық кететін жерлері де бар, оны өзіне де айтып жүрмін. Құр барқырап бәріне қарсы бола бергенмен ештеңе шешілмейді, – дейді Тұңғышбай Жаманқұлов.

Азаттық радиосының тілшісімен сөйлескен оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин «Өнер адамы саясатқа араласпау керек» деген пікірмен келіспейтінін айтады.

– Кейбіреулер ол ойды саясатқа араласуға тайсалатындықтан айтуы мүмкін. Қай саланың адамы болса да, ел өміріндегі мәселелерге араласуға міндетті. Онсыз ол – азамат емес. Мың жерден керемет маман иесі болса да, азамат бола алмаса – құны көк тиын. Азаматтық мәдениеті бар адам өзін әркезде де сол тұрғыда көрсетеді. Сондықтан ол тек өнер саласында қалып қоймайды, қоғам мәселесіне де араласады. Мен соны Болат Атабаевтың бойынан көремін, – дейді Жасарал Қуанышәлин.