Конституциялық кеңес Назарбаевтың ветосын еңсере алмады

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті салынған билборд. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 ж.

Конституциялық кеңес парламент мәжілісі мен мәслихат депуттары сайлауының Жаңаөзенде өтпейтіні туралы шешіміне президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қойған ветосын еңсере алмады. Орталық сайлау комиссиясы Жаңаөзенге қатысты өз қаулысының күшін жойды.
Қаңтардың 11-і күні Конституциялық кеңестің отырысын өткізген кеңес төрағасы Игорь Рогов президент Назарбаевтың ветосына қатысты кеңестің шешімін жариялады.

ВЕТО КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕС ҚАУЛЫСЫНЫҢ КҮШІН ЖОЙДЫ

- Конституциялық кеңес Қазақстан президентінің Конституциялық кеңестің қаңтардың 6-сындағы қосымша қаулысына қойған ветосын қарастырды. Нәтижесінде президенттің ветосына қарсылық білдіруге қажетті Қазақстан Конституциясының 73-бабының 4-тармағында қарастырылған қажетті дауысты ала алмады, - деді Игорь Рогов.

Ол Конституцияның аталған бабының 4-тармағы бойынша "Конституциялық кеңестің 6 қаңтардағы Жаңаөзенде сайлау өткізбеу туралы қаулысы күшін жояды" деп мәлімдеді.

Конституциялық кеңес туралы заңның 38-бабы бойынша, президенттің ветосы оған Конституциялық кеңес мүшелерінің үштен екісі қолдау білдірмегенде алынып тасталады. Ал Конституциялық кеңес президент қойған ветоға қарсылық білдіре алмаса, онда Конституциялық кеңестің шешімі күшін жояды.

ВЕТО ОСК ҚАУЛЫСЫНЫҢ ДА КҮШІН ЖОЙДЫ

Конституциялық кеңестің бұл шешімі Қазақстан орталық сайлау комиссиясының (ОСК) бұған дейінгі қаулысына да әсер етті.

- Конституциялық кеңес президент ветосына қарсы шықпағандықтан, орталық сайлау комиссиясы Жаңаөзен қаласында сайлау болмайтыны туралы шығарған қаулысының күшін жояды, яғни 15 қаңтарда Жаңаөзенде сайлаулар (мәжіліс және мәслихат депутаттарының) өтеді, - деді қаңтардың 11-і күні орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фосс.

Оның сөзінше, Жаңаөзендегі сайлаудың өзге аймақтардан ерекшелігі болмайды. Тек төтенше жағдай тәртібіне байланысты кейбір шектеулер болуы мүмкін.

Бұдан бір күн бұрын, қаңтардың 10-ы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық кеңестің Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауын өткізбеу туралы 6 қаңтардағы қаулысына вето қойғаны туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлаған еді.

Конституциялық кеңестің төрағасының бұқараға жария еткен түсіндірмесінен соң, қаңтардың 6-сы күні орталық сайлау комиссиясы қаңтардың 15-іне белгіленген Қазақстан парламенті мәжілісінің бесінші шақырылымдағы депутаттарының кезектен тыс сайлауы мен жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауы Жаңаөзенде өтпейтіні туралы қаулы қабылдаған еді.

«БӘРІБІР ДАУЛЫ БОЛАДЫ»

Кеше кейбір заңгер мамандар Конституциялық кеңестің түсіндірмесі президенттің ветосын талап етпейтіндігін және конституциялық кеңеске түсіндірме беру тұрғысында сұрау салатын субьектілер қатарына орталық сайлау комиссиясы кірмейтіндігі туралы айтқан болатын.

Құқық қорғаушы әрі тәуелсіз заңгер Амангелді Шорманбаевтың ойынша, Жаңаөзенде сайлау өткенімен, болашақта бұл сайлаудың қорытындысы бәрібір даулы бола береді.

– Төтенше жағдай жөніндегі заң бойынша үміткерлер ешқандай үгіт насихат жұмысын жүргізе алмайды. Ал сайлауда белгілі бір азаматтардың құқығы бұзылса, жаппай сайлау тәртібі бұзылған деп айтуға болады. Кейін барлық сайлау қорытындысын заңсыз, конституцияға сай емес деп есептеуге болады, – дейді Амангелді Шорманбаев.

Заңгердің айтуынша, бұл сайлау заңды болуы үшін «әуелі Жаңаөзендегі төтенше жағдай тәртібін алып тастау керек, одан кейін ел бойынша сайлауды өткізу мерзімін кейінге шегеру керек».

Your browser doesn’t support HTML5

Амангелді Шорманбаев Жаңаөзендегі сайлау туралы


Азаттық тілшісі Жаңаөзен қаласында сайлау өткізуге байланысты саяси үгіт-насихат жұмысы қалай өтетінін орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешевтен сұраған еді.

Бақыт Мелдешев «орталық сайлау комиссиясы мәжіліс өткізіп, конституциялық кеңес шешіміне сай қаулы шығарғанша ешбір түсіндірме бере алмайтынын» айтты.

Your browser doesn’t support HTML5

ОСК хатшысы Бақыт Мелдешевтің сөзі


«АДАМИ ҚАСИЕТ» ЖӘНЕ САЙЛАУ

«Азат» ЖСДП бас хатшысы Әміржан Қосановтың пікірінше, Жаңаөзендегі 16 желтоқсандағы оқиғадан кейін саяси үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу дұрыс емес.

Оның ойынша, жақындарынан айырылған халықтың арасына барып, «Менің партиям күшті еді, менің партиям мықты еді – бізге дауыс бер» деп айту адами қасиетке жатпайтын сияқты».

– Біздің партиямыз Жаңаөзенде, мүмкін, біраз ұпайын жинай алмай қалар. Бірақ мен дәл қазір ол жерге барып сайлау жүргізу керек деп айта алмаймын, – дейді Әміржан Қосанов.

Your browser doesn’t support HTML5

ЖСДП бас хатшысы Әміржан Қосановтың сөзі


«БҰЛ - ҚУАНЫШТЫ ЖАҢАЛЫҚ»

«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Жаңаөзенде сайлау өтетін болды деген хабарды «қуанышты жаңалық» деп атады. Ол сайлауға дейінгі бірнеше күнде үгіт-насихат жұмысын қалай жүргізетіндерін енді ақылдасқалы отырғандарын айтты.

– Дәл қазір облыстық филиалымызбен тікелей байланыстамын. Мен тіпті Маңғыстауға ұшайын деп едім. Дәл осы жерге барып, шешім қабылдаймыз ба деп. Бірақ ертең Астанада теледебат болайын деп отыр. Сол себепті ертеңгі күні бармайтын болдық. Ары қарай көрейік. Бүгін кешке бұл шешімді қабылдаймыз деп білемін, - деді Азат Перуашев.

Your browser doesn’t support HTML5

Азат Перуашевтың сөзі


Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында 2011 жылы желтоқсанның 16-сында мұнайшылар мен полиция қақтығысып, қарусыз адамдарға оқ атылды. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылғы желтоқсанның 17-сінен 2012 жылғы қаңтардың 5-іне дейін Жаңаөзен қаласының аумағында төтенше жағдай жариялады, қалада түнгі 11-ден таңғы 7-ге дейін коменданттық сағат тәртібін енгізді.

Ал қаңтардың 4-і күні президент Назарбаев өз жарлығымен Жаңаөзендегі төтенше жағдай мерзімін 31 қаңтарға дейін ұзартты.