Жаңаөзендік әйелдер полициядан шыққан соң аштық акциясын жалғастырды

Билікке әлеуметтік мәселелер жөнінде талаппен аштық жариялаған әйелдер. Жаңаөзен қаласы, Маңғыстау облысы. 21 қаңтар 2011 жыл.

Жаңаөзен қаласында аштық жариялаған алты әйел полициядан шыққан соң наразылық шарасын қайта жалғастырды. Олар бейсенбі күні жеке меншік пәтерде аштық акциясын бастаған соң полиция келіп ішкі істер бөліміне апарып алты сағаттай ұстағанын айтады. Қала әкімдігі бұл мәселеге еш түсініктеме бермей отыр.

Жаңаөзен қаласында екі күннен бері алты әйел аштық жариялап жатыр.

Азаттық тілшісімен телефон арқылы тілдескен Дәмеш Сарғұлова, Гүләйім Топаева, Тамара Ерғазиева, Бақтыгүл Исмағұлова, Зияда Өтебекова және Мадыжан Ақбасовалар жергілікті биліктен өздерін жұмыспен қамтамасыз етіп, баспана мәселесін шешуді талап етіп отырғанын айтты.


«ПОЛИЦИЯҒА АПАРЫП, ҚАҒАЗ ЖАЗДЫРТТЫ»

Аштық жариялап жатқандар наразылық акциясын өткізетіндері туралы жергілікті билік орындарын күні бұрын құлаққағыс еткендерін айтып берді.

– Біз қаңтардың 20-сы күні жергілікті уақытпен сағат 12.30-дан бастап Жаңаөзен қаласының «Шұғыла» шағын ауданындағы Гүләйім Топаеваның үйінде аштық акциясын бастадық. Аштық жариялайтынымыз туралы жергілікті билік пен прокуратураны қаңтардың 6-сы күні жазбаша хабардар еткенбіз. Біз алғашында акция өтетін орын ретінде «Өзенмұнайгаз» кәсіпорыны алдын көрсеткен едік, бірақ ол жеке меншік ғимарат деген соң осы пәтердің мекен-жайын көрсетіп, қаңтардың 10-ы күні қайта арыз бердік, – деді Дәмеш Сарғұлова Азаттық тілшісіне.

Алайда, олардың айтуыларынша, сол күні сағат 15.30-да аштық акциясы өтіп жатқан пәтерге келген полиция қызметкерлері оларды Жаңаөзен қалалық ішкі істер бөліміне алып барған.

– Полиция барлығымызға: «сендер бізге ескерткен жоқсыңдар, заң бұзып отырсыңдар» деп қайтадан қағаз жаздыртты, – дейді әйелдер.

Олар бейсенбі күні полиция кеңсесінде сағат 21.00-ге дейін болғанын айтады.


АЛТЫ ӘЙЕЛ, ОРТАҚ ПРОБЛЕМА

Жаңөзендегі аштық жариялаған алты әйелдің жасы 30 бен 40-тың ортасында, мамандығы бар, кәсіп иелері. Әрқайсысы отбасында 3-тен 5-ке дейін бала өсіріп отыр.

Тамара Ерғазиева өзінің геолог болғандығына қарамастан мұнайлы қаладағы «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалына қаншама рет жұмысқа сұранғанымен кіре алмапты. Ал басқа бірқатар мекемелерге барғанда ондағылар өзінен пара талап еткенін айтады.

– 1995 жылы ауру анамды бағып-қағатын адам болмай жұмыстан шығып кеткен едім. Жоғары білімім бола тұра қанша жерге резюмемді апарсам да жұмысқа орналаса алмай отырмын. 1995 жылы бұрынғы мұнай-газ өндіру басқармасына барғанымда жұмысқа кіруім үшін менен 40 мың теңге сұраған еді, ал 2002 жылы тағы бір мекеме 2000 доллар сұрады. Ондай ақша табуға мүмкіндігім болса, аштық жариялап нем бар? – дейді Тамара Ерғазиева.

Аштық жариялаушылар отырған мекен-жайдың иесі Гүләйім Топаеваның мамандығы – оператор. Бұрын бірнеше жеке меншік мекемелерде жұмыс істегенімен, олардың бәрі қазір жабылып қалған.

Ол ипотекалық несие бойынша алған баспанасынан жақын арада айрылып қалу қаупі төніп тұрғанын айтады. Қазіргі кезде несие үшін мойнындағы қарызы 1,5 миллион теңгеге жуық екен. Жұмыссыз отырғандықтан бірталай уақыттан бері төлей алмапты.

– Жұбайым да жұмыссыз. Ол жүргізуші, дәнекерлеуші мамандығын меңгерген. Ал өзім біресе балалар ауруханасында санитар, біресе басқа да жалдамалы ұсақ-түйек жұмыстар атқардым. Ипотекалық несиеге алған баспанам үшін айына 56 мың теңге төлеуіміз керек. Оны 2008 жылдың қарашасынан бері төлей алмай келеміз, – деді Гүләйім Топаева Азаттық тілшісіне.

Дәмеш Сарғұлова да жұмыссыз. Сонымен бірге ол 2008 жылдан бері өзі тұрған ресми үй кезегінен «баспанаңның жоқтығын қайта дәлелде» деген желеумен алынып тасталғанына шағымданады.

Аштық жариялаған әйелдер өздерінің талаптары орындалғанша наразылық акциясын жалғастыруға бел буыпты.

– Мұнда ешкім еріккеннен отырған жоқ. Біздің талаптарымыз бен жағдайымызды қала әкімі біле тұра ауыз ашпай отыр. Алдына барғанымызда бізді әкім емес, оның кеңесшісі Айнаш Тілекқабылова қабылдады.Адам тағдыры маңызды болса, біздің арызымызға құлақ асар уақыт болған. Өйткені, біздің әкімдікке арызданып жүргеніміз бір бұл емес, – дейді әйелдер.

– Сонда сіздер аштық жариялау туралы шешімге алдымен өзара ұйымдасып келіп отырсыздар ма?

– Жоқ, арнайы ұйымдасқан ештеңеміз жоқ. Қалалық әкімдікте жұмыс сұрап, баспана сұрап жүргендер жеткілікті. Біз жыл сайын барып-жүріп осы 6 әйел сонда таныстық.


БИЛІК ОРЫНДАРЫ ТҮСІНІКТЕМЕ БЕРМЕЙДІ

Аштық жариялаған әйелдердің жағдайы туралы білмек болып Азаттық тілшісі Жаңаөзен қалалық прокуроры Марат Тойжанға бірнеше мәрте телефон шалғанымен онымен тілдесе алмады. Ал оның көмекшісі Алмас Сансызбаев түсініктеме беруден бас тартты.

Сол сияқты Жаңаөзен қаласының әкімі Орақ Сарыбөпеевтің кеңсесіне де телефон соққанымызбен онымен сөйлесе алмадық. Телефонға жауап берген хатшы қыз: «әкім халық алдында есеп беру жиынын өткізуге кетті» деп қысқа қайырды.

Ал Жаңаөзен қалалық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары подполковник Бекжан Бағдабаев аштық жариялаған әйелдердің полиция бөліміне апарылғанын әуелгіде теріске шығарды. Бірақ артынша:

– Мен бұған ештеңе айта алмаймын. Олардан тек не себепті жиналғандары жайлы түсініктеме аламыз. Олардың әрекеті заңсыз, – деп жауап берді.

Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан Жаңаөзен қаласында 200 мыңға жуық адам тұрады.

Жұмыссыздық – Жаңаөзендегі ең өзекті проблемалардың бірі. Мұнайлы өңірдегі кәсіпорындарда жұмысқа орналасу арнайы білімі бар мамандар үшін де қиын шаруа. Осыдан бір жылдан астам бұрын «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалына 100 адамды жұмысқа қабылдайтындығы туралы жергілікті баспасөзде шыққан хабарландыру бойынша мыңдаған адамнан өтініш түсіп, дау-дамайға ұласқан еді.

Ал Жаңаөзендегі кәсіпорындарда еңбек етіп жатқан қазақстандық жұмысшылар өздерінің әлеуметтік құқығын қорғап бұған дейін бірнеше рет наразылық акцияларын өткізді. Былтыр көктемде жұмысшылар ереуілі жарты айдан астам уақытқа жалғасып, оның барысында денсаулығы нашарлаған екі адам мезгілсіз қайтыс болғанын Азаттық радиосы хабарлаған.