Жаңаөзен оқиғасына ұласқан мұнайшылар наразылығы қалай басталып еді? Куәгерлер көзімен

Жаңаөзен алаңындағы мұнайшылар. Олар биліктен жұмыс жағдайын жақсартуды, лайықты жалақы төлеуді талап етіп отыр. 1 қыркүйек 2011 жыл.

Осыдан 9 жыл бұрын, 2011 жылы мамырдың 26-сы күні Жаңаөзен қаласындағы "Өзенмұнайгаз" компаниясының үш мыңнан астам мұнайшысы еңбек жағдайына наразылық танытып, жұмысын тоқтатты. Бұл наразылық 2011 жылы желтоқсанның 16-сында полицияның қарусыз азаматтарға оқ атуымен аяқталған Жаңаөзен оқиғасына ұласқан еді. Ал 2011 жылы сәуірден бері Маңғыстау облысындағы "Қаражамбас" кен орнының мыңға жуық жұмысшысы Ақтау қаласында ереуілдеп тұрған. Азаттық осы екі қаладағы наразылықтың қалай басталғаны жайында оқиға куәгерлері Әділбек Сағындықов және Шолпан Өтекеевамен тілдесті.

"ҚАРАЖАМБАСТАҒЫ" НАРАЗЫЛЫҚ

Бір ай еңбек демалысында болған Әділбек Сағындықов 2011 жылы сәуірдің 13-і күні жұмысқа шыққанын айтады. Ол кезде мұнайшылардың жұмыс жағдайын жақсартып, жалақы өсіруді талап еткен наразылығы енді басталып жатқан. Мұнайшылар наразылық ретінде мекеме асханасынан ас ішуден, күніне бірнеше сағат жұмысқа шығудан бас тартып жүреді. Әуелде наразылықты сырттай бақылаған Әділбек бірнеше күннен кейін екі жүзден астам наразы мұнайшының жанына барып, сөз сөйлегенін айтады:

- Ол кезде мен үш мезгіл тамағымды ішіп, жұмысыма барып жүрдім. Бірақ бір күні шыдамай кеттім. Сәуірдің 16-сы күні кешке "Қаражамбас" кенішіндегі наразы жігіттердің алдына барып: "Сендер неше жерден тамақ ішпесеңдер де, жұмысқа шықпасаңдар да, мұнай өндіру тоқтамайынша, олар бізге көңіл аудармайды. Талапты қою үшін алдымен жұмысты 100 пайыз тоқтату керек!" дедім.

Әділбек 2011 жылы 30 жаста еді, қазір 39 жасқа аяқ басқан. Сөзінше, сәуірдің 17-сі күні таңертең "Қаражамбас" кен орнындағы үш мыңнан астам мұнайшы жұмысын толықтай тоқтатады. Мұнайшылармен келіссөз жүргізуге Астана (Нұр-Сұлтан қаласының бұрынғы атауы – ред.) мен Ақтаудан компания басшылығы келеді. Бірақ жұмысшылар мен басшылық ортақ мәмілеге келе алмайды.

Сәуірдің 20-сы күні компания жетекшілігі арнайы бұйрықпен Әділбекті және наразылық кезінде белсенділік танытқан он шақты мұнайшыны жұмыстан шығарып, оларды үйлеріне апарып тастайды. Ал Ақтаудан келуі тиіс жұмысшыларды кен орнына әкелмейді. Керісінше, жұмыс тоқтатып тұрған мұнайшыларды автобустарға салып, қалаға алып кетіп жатады. Әділбектің сөзінше, бұл басқа ауысымның жұмысшылары наразылық танытып жатқандарға қосылып кетуі мүмкін деген қауіптен туындаған.

Ереуілдегі жұмысшылар мекеме асханасы тамағынан бас тартқан соң, оларға сол маңдағы ауыл тұрғындары тамақ жіберіп тұрады. Алайда жіберілген азық-түлік үш мыңнан астам адамға жетіңкіремейді.

Ол кезде Ақтаудағы "Қаражамбас" компаниясы ғимаратының алдына демалыста жүрген жігіттер әріптестерін қолдап, жинала бастайды.

Жұмыстан шығып қалған Әділбек ол кезде "миссиям осымен бітті" деген ойда болғанын айтады. Дегенмен көп кешікпей ол пікірінен айниды.

- Қателеспесем, 2011 жылы мамырдың 5-і күні Ақтаудағы наразылық танытып тұрған жігіттер талаптарын айтпақ ниетпен, облыстық әкімдікке бармақ болады. Сол жерде оларды полиция ұстайды. Бірнеше жігіт бұған қарсылық ретінде алмаспен өз денелерін (іштерін тіледі – ред.) жарақаттайды. 20-30 жігітті полиция қамауға алды, - дейді Әділбек.

Осы оқиғаны естіген ол бір күннен кейін өзі тұратын Жыңғылды ауылынан Ақтауға келеді. Оның сөзінше, сол уақытта жұмысшылардың көпшілігі полиция тарабынан жасалған қысымнан қорқып қалған. Әлібек өзіне де әлдекімдер қоқан-лоқы жасағанын айтады. Өздерін Астанадан келдік, орган қызметкеріміз деп таныстырған үш кісі одан белсенділігін доғаруды талап еткен. Әділбек олармен келіспейтінін айтқан. Ол кезде оның отбасында алты және бес жасар екі ұлы мен бір жастағы қызы бар болатын.

Бірақ әртүрлі қысымнан жан-жаққа тарап кеткен наразы мұнайшылар қайта жиналып, қамалғандарды босатуды талап еткен. Наразы жұмысшыларды ұйымдастырып, оларға жетекшілік жасаған Әділбек мұнайшылар арасында "Әдөк" деген атпен танылады.

!

2011 жылдың шілдесінде Ақтау мен Жаңаөзендегі ереуілдеушілерге Еуропарламент депутаттары келді. Еуропарламент депутаты Пол Мерфи жұмысшылар мәселесін шешпей отырған Қазақстан билігін сынады.

Азаттық радиосының 2011 жылғы шілдедегі хабары

Әділбектің айтуынша, мұнай кен орны басшылығы мен жұмысшылар арасындағы келіспеушілік 2009 жылы басталған. Қаңтардың 1-і күні сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімов мұнай-газ саласы жұмысшыларының жалақысын 1,8 коэффициентпен есептеу туралы қаулы шығарады. Бірақ мұнайшылар бұл туралы білмеген, "Қаражамбас" кен орны бұл қаулыны орындамаған. Мұнайшылар жалақының ескі тәртіппен төленіп отырғанынан хабардар болған соң, наразылық білдірген.

ЖАҢАӨЗЕНДЕ ЖАЛҒАСҚАН НАРАЗЫЛЫҚ

Ақтауда басталған ереуіл бір айдан соң Жаңаөзенге жетеді. Мамырдың 26-сы "Өзенмұнайгаз" компаниясының үш мыңнан астам қызметкері "Қаражамбас" кен орнының мұнайшылары секілді 1,8 коэффициентпен үстемақы төлеуді талап етеді. Алғашында ереуілдеушілер қала сыртындағы "Өзенмұнайгаз" компаниясына тиесілі мекеменің жанында тұрды.

Жаңаөзен алаңында отырған мұнайшылар. 1 қыркүйек 2011 жыл.

Маусым айының ортасына қарай мұнайшылар өздері ереуілдеп тұрған жерде ас бермек болады. Бірақ ол мұнайшыларды бірнеше автобуспен келген полиция күштеп тарқатады.

Бұдан соң үш мыңнан астам мұнайшы 120 мыңнан астам халық тұратын Жаңаөзен қаласының орталығындағы Тәуелсіздік алаңына келіп тұруға мәжбүр болады. Сол жерде наразылығын жалғастырады.

Дерек пен дәйек

Жаңаөзендегі ереуіл кезінде сол кездегі “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы, Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы, елдегі ең бай адамдардың бірі Тимур Құлыбаев наразылық танытушыларды “Оралмандар” деді.

Жаңаөзен тұрғыны Шолпан Өтекеева қаладағы ереуіл жайында жолдасы Дүйсенбек Нұровтан естиді. Дүйсенбек те ереуілге шыққан мыңдаған ереуілшінің бірі болатын. Мамандығы экономист-бухгалтер Өтекеева әуелде ереуілге араласпайды.

- Жыл сайын жазда мұнайшылардың балаларын Қазақстанның әр қаласына лагерьге алып кететін. 2011 жылы маусымның 12-сі күні әке-шешесі алаңда тұрған балаларға "Сендердің ата-аналарың ереуілдеп тұр" деп, оларды лагерьге бара жатқан автобустан түсіріп кетеді. Осыны естіген көптеген әйел үкіметтің әрекетіне ашындық. Содан кейін алаңға күнде баратын болдық, - дейді ол.

Осыдан соң Шолпан өзі секілді өзге белсенді азаматтармен бірге бірнеше ай бойы ереуілдеп тұрған жақындарына ас-су апаруды қолға алады.

Дерек пен дәйек

2011 жылдың 3 шілдесінде әйгілі британдық әнші Стинг Астана күніне орай өтетін концертінен бас тартты. Ол бұл әрекетін мұнайшыларды қолдау деп түсіндірді.

Кейіннен олардың көпшілігі компания басшылығының үгітімен жұмысқа оралады. Шолпанның сөзінше, ереуілдеп тұрған басқа мұнайшыларды жұмысқа келтірмек мақсатпен сол жылы қарашаның 23-24-і күндері құрылған бітімгерлік комиссия іске кіріседі. Алайда құрамына қоғам белсенділері енген жұмыс тобы мәселені түпкілікті шеше алмайды. Ереуіл ары қарай жалғаса береді.

Азаттық радиосының 2011 жылы 23 қарашадағы хабары

ПОЛИЦИЯ ҚАРУСЫЗ ХАЛЫҚҚА ОҚ АТҚАН КҮН

Желтоқсанның 15-і күні Жаңаөзеннің әкімдігі орталық алаңға Тәуелсіздік мерекесін тойлау үшін киіз үйлер тігеді. Шолпанның сөзінше, басқа мерекелік шараларда киіз үйлер алаңның ортасына емес, шетіне тігіліп келген. Әкімдіктің бұл шешімін мұнайшылар арандату деп қабылдайды. Ал сол кездегі қала әкімі Орақ Сарбөпеев киіз үй иелеріне де, мұнайшыларға да ешқандай оқыс жағдай болмайтыны жайында сөз береді.

Желтоқсанның 16-сы Тәуелсіздік күні атаулы күнмен аттас алаңға сахна орнатылып, көңілді ән шырқалады. Жеті айдан бері билікке талаптарын жеткізе алмаған мұнайшылар мұны ереуілдеушілерге қарсы жасалған әрекет деп қабылдайды.

Таңертең 10 шамасында Шолпан жағдайды бақылау үшін алаңға келіп, біраз уақыттан соң алаңда айқай-шу шыққанын көрген. Сахнадағы дыбыс күшейткіштер құлатылып, шеткері тұрған автобус өртенген. Мұны көрген Шолпан үйіне асығып, болған жайды Дүйсенбекке айтады да, күйеуімін бірге алаңға оралады.

Жаңаөзендегі Тәуелсіздік алаңы. 16 желтоқсан 2011 жыл. (Reuters видоесынан скриншот.)

Көп кешікпей сап түзеп келе жатқан полиция көрінеді. Ол "кейін арнайы жасақтың алаңдағыларға оқ атқанына да естідім" дейді. Шолпан әуелде "полиция резеңке оқ атып жатыр" деп ойлаған. Оқ тиіп құлап жатқан адамдарға көмектеспекке жүгіреді.

- Бір жігіт тәлтіректеп барып ағаштардың арасына құлады. Жанына жүгіріп бардым. Оқ маңдайына тиген екен. Резеңке оқтан талып қалған шығар, есін жисын деген оймен бетінен шапалақпен ұрдым. Бір жұтынды да үнсіз қалды. Сол маңда жүрген жігіттерге көмектесіңдер деп айқайладым. Олар жетіп келіп, жатқан жігітті көтеріп алды да, біраз жер жүріп барып тоқтап қалды. Сөйтсем, қайтыс болып кетіпті, - дейді Шолпан.

Орталық алаң тұсындағы өртеніп жатқан ғимараттан көтерілген түтін. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2011 жыл.

Осы арада Шолпанның танысы қоңырау шалып, күйеуі Дүйсенбектің аяғына оқ тигенін айтқан. Шолпанның айтуынша, күйеуінің оқ тиген аяғы теріс айналып кеткен. "Сол кезде ғана полицияның шын оқ атқанын түсіндім" дейді ол.

- Ауруханаға бет алған УАЗ автокөлігінің ішінде мойнына оқ тиген мұнайшы Нұрлыбек Нұрғалиев те жатыр екен. Көліктің іші қаннан көрінбейді. Ешкім сөйлемейді. Тек бір жігіт маған қарап: "Қарындасым, мен мұнайшы емеспін. Менің екі жеріме оқ тиді ғой" деп сөйлеп жатты. Кейін ол жігіттің суретін қайтыс болғандар тізімінен көрдім. Аты Төлеген екен, - деп еске алады Шолпан.

Шолпан сол күні Жаңаөзендегі үш қабатты шағын ауруханада оқ тиіп жараланғандардың көп болғанын айтады. "Дәрігерлер көмек беруге үлгермей, жаралы адамдар аурухана еденінде жатқанын көзіммен көрдім" дейді куәгер. Шолпан "екі адам УАЗ автокөлігімен ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмғанын" естіген.

Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жаңаөзендегі қайғылы оқиға кезінде өртенген көшедегі суреті. 19 желтоқсан 2011 жыл.

Бірнеше сағаттан соң Ақтаудан жедел-жәрдем көліктері келіп, Жаңаөзен ауруханасындағы жаралыларды облыстық ауруханаға алып кетеді. Олардың қатарында Шолпанның жолдасы Дүйсенбек Нұров та болады. Оған Қазақстанда, Ресейде бірнеше рет операция жасалғаннан кейін мүгедектік беріледі.

Ал сол кездері журналистерге Жаңаөзендегі қырғын жайында сұхбат бергені үшін Шолпан Өтекееваны органдар тергеуге алады.

Желтоқсанның 16-сы күні Әділбек Сағындықов Ақтаудан 120 шақырым жердегі Жыңғылды ауылында, бала-шағасының қасында болады. Жаңаөзендегі оқиға жайында ол түске таман естиді. Сол күні түстен кейін Ақтауға келіп, басқа мұнайшылармен бірге облыс әкімдігі жанындағы “Ынтымақ” алаңына наразылық танытуға барады. Бірнеше сағаттан кейін қала прокуроры бастаған полиция жасағы келіп, оларды бөлімшеге апарады. Түсініктеме жаздырып, саусақ таңбаларын алады. Оларды полиция бөлімшесінде екі сағаттай ұстап босатады.

Жаңаөзен оқиғасынан кейінгі суреттер

Желтоқсанның 17-сі күні Ақтаудағы Ынтымақ алаңына "Қаламқас", "Қаражамбас", Жетібай кен орындарынан мұнайшылары мен қала тұрғындары жиналады. Сол күні түнде алаңға сол кездегі премьер-министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев келеді. Мұнайшылар одан "Халыққа оқ атпауды, Жаңаөзенде ұсталғандарды босатуды, қаладан әскерді шығаруды" талап етеді.

- Ынтымақ алаңында жұрт желтоқсанның 20-сына дейін тұрды. Сосын тарады. 28-29 желтоқсан күндері жұмыстан шығарып жіберген мыңға жуық жігітті мекеме ашып, қайта жұмысқа орналастырды, - дейді Әділбек.

Әділбек те жұмысқа орналасады. Сөзінше, оған араға 6 жыл салып, яғни, 2017 жылы оған өзі жұмыс істейтін мекемеден "600 мың теңге жымқырмақ болды" деген айып тағылады.

- Істі мемлекеттік кіріс департаменті 19 ай тергеді. Тағылған айып расталмайды. Бірақ мені алдымен жұмыстан шеттетеді. Одан кейін жұмыстан шығарады. Ақыры үкімет кезінде өзіне қарсы шыққан мені жұмыстан шығарып, өз дегенін істеді, - дейді ол.

Әділбек екі жарым жылдан бері жұмыссыз.

Жаңаөзен оқиғасынан кейін ереуілдеген мұнайшылар да қайтадан жұмысқа орналасады. Жұмысқа жарамсыздар болып қалғандардың жақындарына жұмыс ұсынылады. Күйеуі Дүйсенбек Нұров аяғына оқ тиіп, екінші топтағы мүгедек болып қалған соң Шолпан Өтекееваны да жаңа жұмысқа алған. Қазір ол "Өзенмұнайсерфис" серіктестігінде экономист болып жұмыс істейді.

Your browser doesn’t support HTML5

Жаңаөзен оқиғасының хроникасы

Ресми дерек бойынша, желтоқсанда болған Жаңаөзендегі ереуілді күшпен тарату кезінде 16 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. Мұнайшылар жиынына мүлдем қатысы жоқ бірнеше жергілікті тұрғын да полиция қолынан оққа ұшқан. Ереуілшілерге заңсыз оқ атқаны үшін полицияның бес офицеріне бес жылдан жеті жылға дейін түрме жазасы кесілген. Ал ереуілге қатысты "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" айыбы тағылған 37 адамның 13-і үш пен жеті жыл аралығындағы түрлі мерзімдерге сотталған. 21 адам шартты жаза алып, үшеуі ақталған.

Жаңаөзен қырғынына байланысты қозғалған қылмыстық істер бойынша сотталғандардың барлығы кейін бостандыққа шықты. Кейбір қоғамдық белсенділер мен Жаңаөзен оқиғасының куәгерлері бейбіт халыққа оқ атуға бұйрық бергендер жауапқа тартылмады деп санайды.

2011 жылғы желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасы туралы Азаттық материалдарын арнайы парағымыздан оқи аласыз.