"Путиннен артық ешкім жоқ"

Ресейдің Хакасия өлкесіндегі Сорск қаласы.

Ресей президенті Владимир Путин биылғы Рождество мейрамын Хакасияда өткізді. БАҚ таратқан хабарларға қарағанда, оған қорғаныс министрі Сергей Шойгу серік болған. Мемлекет басшыларының Усть-Бюр ауылы іргесіндегі орман ішіндегі қыстауға баруы дәстүрге айналған. Президенттік тікұшақтардың жоғары лауазымды шенеуніктерді қыстауға апара жатқанын осы маңайда тұратындар талай көрген. "Сибирь.Реалии" сайты тілшісі төбесінен Путин ұшып өтіп жүрген жерлерде болып қайтты.

"ІРГЕДЕГІ ТАЙГАДА ДЕМАЛЫП ЖАТЫР"

Владимир Путинді де, Сергей Шойгуды да тура жанынан бірнеше мәрте көрген, бірақ сұрақ қоюға мүмкіндігі болмаған Сорск тұрғындарының бірі Анатолий Шелеметьев:

- Мен Путиннен халқымыз қашан тәуірлеу өмір сүреді деп сұрар едім. Сәл де болса жақсырақ... Халықтың жағдайы мүлде нашар. Мүлде! Мысалы, мен зейнеткермін әрі жұмыс істеймін, соның өзінде тұрмысым жадау. Мүлде нашар, - дейді.

Олармен сөйлестіңіз бе дейсіз бе? Жоға, қайдағы сөйлескен, бұл мүмкін емес, маңына жолатпайды.

Зейнеткер жұмыс істейтін мекеме үкіметтік "саяжайға" қызмет етеді – ол жаққа газ апарады, газ қазандықтары сияқты жабдықтарын ауыстырады.

- Олармен сөйлестіңіз бе дейсіз бе? Жоға, қайдағы сөйлескен, бұл мүмкін емес, маңына жолатпайды. Ол келетін кезде қыстақтағы адамдардың бәрін жіберіп, қызмет көрсететін персонал ғана қалады, - дейді ол.

Сорскінің тұрған жері "Шойгудың қыстағынан" онша алыс емес – Усть-Бюр ауылына дейін 25 километр, сосын тайганың ішімен біраз жол. Бірақ қала тұрғындары президенттік тікұшақтарға үйренген.

- Кейде олар мына тұстан ұшып бара жатады, карьерге қарайды... Төбеден қарап өтеді... – дейді мақалада шын есімін көрсетпеуді сұраған жергілікті тұрғын Михаил. Ол Сорскіде совет заманынан бері жұмыс істеп тұрған молибден комбинатының карьерін айтады.

Басымызды қатерге тігіп жүрміз, әсіресе қосалқы техника біткен қаусап тұр. Қорқынышты!

- Комбинатта жүргізуші болып жұмыс істеймін, кәсіпорынның жағдайы мүшкіл. Бүкіл техника тозған. Басымызды қатерге тігіп жүрміз, қысқасы қорқынышты. Әсіресе қосалқы техника біткен қаусап тұр. Қорқынышты! Путин мына арада, Усть-Бюрдің іргесіндегі тайгада демалып жатыр. Көрсем, комбинатқа назар аударуын сұрар едім. Қайткенмен, молибден ғой. Бұрын коминат қорғаныс өнеркәсібіне қараған. Мұнда мол қоры бар, бірақ онда ешкімнің шаруасы жоқ сияқты, - дейді Михаил.

"ҚОРЛАНҒАНДАЙ КҮН КЕШІП ЖАТЫРМЫЗ"

Сорск қаласы 1966 жылға дейін Феликс Дзержинский атындағы ауыл болған, 1940 жылдары оны Краслаг жүйесіне қарасты лагерь тұтқындары салған. ВЧК-ның (Бүкілресейлік төтенше комиссия – ред.) негізін қалаған адамның ескерткіші мәдениет үйіне жақын маңдағы орталық алаңда тұр.

Сорск қаласындағы Феликс Дзержинскийдің ескерткіші.

- Путин демалып жатқанда ол жаққа қарапайым адам аттай алмайды, - дейді жергілікті тұрғын Валентина Симакова. - Мысалы, ол жаққа - қорық аймағына жылқыларың кіріп кетсе, жылқыларыңнан айырылдым дей бер. Ал Путинге балама болатын адам жоқ. Кім бар? Явлинский ме? Ой, қойыңызшы соны... Не тындырды ол соншама? Ондай адам бар болса, байқап көруге болушы еді...

Ондағы адамдардың қандай жағдайда жұмыс істеп, қандай жалақы алатынын білсеңіз, сұмдық енді! Мына жақта қорланғандай күн кешіп жатырмыз, ешкімге керегіміз жоқ

Валентинаның сөзінше, комбинатта жұмыс істейтін туыстарының жалақысы – 15-30 мың рубль. Комбинаттың кен байыту фабрикасындағы ең көп жалақы мөлшері – 17 мың рубльге жуық.

- Ондағы адамдардың қандай жағдайда жұмыс істеп, қандай жалақы алатынын білсеңіз, сұмдық енді! Мына жақта қорланғандай күн кешіп жатырмыз, ешкімге керегіміз жоқ... Өзге айтарым жоқ. Красноярскіде вахтер 26 мың рубль алады екен, ал бізде пештің алдында қолынан күрек түспейтін адам 30 мың рубль алады. Ол 12 сағатта пешке бір тонна көмір лақтырып, оны қайта шығаруы тиіс.

"ПУТИННЕН АРТЫҚ АДАМДЫ КӨРІП ТҰРҒАН ЖОҚПЫН"

Сорскідегі комбинат Ресейдегі ең ірі молибден өндіруші кәсіпорын саналады. 2011 жылы кәсіпорын қожайындары Хакасияны Орджоникидзе ауданындағы Агаскыр мыс-молибден кенішін де өз қарауына алған. 2016 жылы Хакасия жоғарғы кеңесінің депутаттары қаржы қиындығына байланысты кәсіпорынды кен өндіру салығын төлеуден алты жылға босатуды сұрап федералдық билікке жүгінген.

Сорскідегі емхана.

- Жастар кәсіпорында көп тұрақтамайды, - дейді жергілікті дүкеннің сатушысы Валентина Владимировна. – Вахталық жұмыстарға кетіп қалады, мысалы, балам вахтада істейді. Әйтпесе қалай күн көреді, әсіресе бала-шағасы бар болса... Қаладағы пәтеріңді не сата алмайсың, не айырбастай алмайсың. Мынадай мардымсыз жалақыға қалай күн көруге болады? Құдай біледі, Путинге біз мына жақта 30-40 мың рубль жалақы алады деп ақпар беріп жатқан шығар. Ал шындығында бұл жақтағылардың жалақысы 10-15 мың рубльден аспайды әрі пәтерақының мөлшері бес мыңға дейін жетеді.

Жергілікті пошта. Сорск қаласы, қаңтар, 2018 жыл.

​Сол күні дүкенге көбінесе вахтада жұмыс істейтіндер кіріп жатты. Ауысымға кетіп бара жатқандар қораптап темекі, ауысымнан енді ғана оралғандар арақ сатып алып жатыр.

Навальный дейсіз бе? Ол жігіт жайлы мүлде ештеңе білмеймін... Собчак па? Ой, қойыңызшы, күлкілі емес пе?

Жұрт Сорскіде амалсыздан тұрады, өйткені қалада пәтер сату мүмкін емес. Екі бөлмелі пәтер ары кетсе 450 мың рубльге өтеді.

- Шынымды айтсам, Путиннен артық дейтіндей ешкімді көріп тұрған жоқпын, - дейді Валентина Владимировна. – Өйткені саясаткер ретінде ол бәрібір... Әзірше одан мықты ешкім жоқ. Соған дауыс берем. Навальный дейсіз бе? Ол жігіт жайлы мүлде ештеңе білмеймін... Собчак па? Ой, қойыңызшы, күлкілі емес пе?

"ЗЕЙНЕТАҚЫМЫЗҒА БӘРІБІР АҚША ҚОСПАЙДЫ"

Елена Егоровна Килина Сорскіге көшіп барғанға дейін Тәжікстанда жұмыс істегенін дүкеннен үйіне бара жатқанда айтып берді. 40 жыл стажы бар инженер-құрылысшы 16 мың рубль зейнетақы алады.

- Сорск өзіме ұнайды, әдемі жер, бірақ бала-шағаға жақынырақ жерде тұрғың келеді. Зейнетақым біршама тәуірлеу, бірақ бізде коммуналдық қызмет ақысы үшін қарастырылған жеңілдікті төлемегендеріне алты айдай болып қалды. Қыркүйектен бері ештеңе төлемей отыр, ал Путин бұған федералдық бюджеттен ақша бөлінген деп айтқан. Әлгі өтемақы дегендері пәтерақының жартысын да жаппайды, бірақ қанша берсе де көмек болар еді ғой...

Сорск тұрғындары Галина Корниленко мен Наталья Леонова.

Рождество мейрамы кезінде Сорскіде күн 15 градусқа дейін жылынып кетті, сондықтан көшеде кісі қарасы көп болды. Зейнеткерлер мен балалар Жаңа жыл шыршасы жанында кептерлерге жем шашып жүр. Осы жерде жүрген Галина Корниленко өмір бойы саудада жұмыс істеген. Қазір алатын зейнетақысы – 12 мың рубль. Оның құрбысы Наталья Леонова еңбек жолын 15 жасына бастап, кірпіш зауытында, кен байыту комбинатында жұмыс істеген.

Дәрі-дәрмектің ең арзанын аламыз. Ертеректе сатып алған киіммен жүрміз. Қалғанын тамаққа жұмсаймыз

- Ал енді зейнетақым, тіпті айтқым да келмейді... 13 мың, - деп шағынады Леонова.

- Қазір осындай зейнетақыға күн көріп отырмыз, біздікі сол өлместің күні ғой, - дейді Корниленко. – Күйеуім екеуміздікін қосқанда, 28 мың рубль аламыз. Дәрі-дәрмектің ең арзанын аламыз. Ертеректе сатып алған киіммен жүрміз. Қалғанын тамаққа жұмсаймыз. Оның өзінде сары май мен уылдырыққа бөгіп отырған жопыз. Аз-аздан балық, ет, май, нан, ірімшік сатып аламыз. Қанша ақша жетер еді дейсіз бе? Оны айтқанмен зейнетақымызға бәрібір қоспайды.

"ОЛ - КАГЭБУШНИК, ОДАН БӘРІ ҚОРҚАДЫ"

Сорскіден шыға берген тұста бұрын тау-кен байыту комбинатының қосалқы шаруашылығы болған шағын ауыл бар. Қазір ол Сорскіге қарайды, бірақ оны бұрынғысынша "Сорск подхозы" деп атайды.

- Путиннен алимент жайлы сұрар едім, - дейді жергілікті тұрғын Надежда Данилова. –Алимент өндіріп беруді сұрап, қазанның 26-сында арыз бергенмін, әлі күнге дейін тіпті сот та өткен жоқ. Ана кісі органдардың, соттарды айтам, жұмысын қадағалауы тиіс қой? Ауруханалардың да жұмысын да қадағалауы тиіс. Мысалы, ауруханалар неге дұрыс жұмыс істемейді? Аурухананың жан сақтау бөліміне түскен адам моладан бір-ақ шығады. Дұрыс емдемейді. Сондықтан бар үмітіміз сол кісіде...

Алла Тюлымова (сол жақта) мен Надежда Данилова.

Жергілікті дүкенде Алла Тюлымова қарызын төлеп тұр. Оның сөзінше, кездейсоқ қарыз болып қалған. 13 мың зейнетақысы өзіне жетеді, өйткені ол кісіде бала-шаға да, немере-жиендер де жоқ. Алла Тюлымова Путиннің Хакасияда демалып жатқанын білмейді, бірақ президент туралы әңгімелесуге қуана-қуана келісті.

Құр нанмен отырайын, есесіне соғыс болмайды

- Одан артық ешкім болмайды! – дейді Тюлымова. – Біріншіден, ол кагэбушник, екіншіден, кезінде шетелде тұрып келген. Үшіншіден, ол жақтың адамдарының сырын біледі, сондықтан одан бәрі қорқады. Ал өзге біреу келсе, бүкіл елді талан-таражға салады. Ол мықты! Одан басқа адам жоқ әрі болмайды да! Ал Собчак "Дом - 2"-сін басқарсын. Жириновский қызба, бірақ ол келсе, соғыс басталады, ал бізге соғыстың қажеті не? Құр нанмен отырайын, есесіне соғыс болмайды.

"АШТАН БҰРАТЫЛЫП ЖҮРГЕНІМІЗГЕ РЕНЖИМІН"

2015 жылғы сәуірде Хакасияның Усть-Бюр ауылында 72 үй өртеніп кеткен болатын. Өртті сөндіруге солдаттар мен құтқарушылар тікұшақтармен көмектескен. Үйі өртеніп кеткен тұрғындар үшін салынып жатқан үйлердің құрылысын тексеру үшін былтыр маусымда ол жерге Путин барған. Президент тіпті ауыл тұрғындарының кейбірімен әңгімелескен, бірақ Галина Ивановна ел басшысын алыстан ғана көрген.

- Біз оған бірдеңе істеп қоятындай, оны күзетшілері қоршап тұрып алды, - деп еске алады кент тұрғыны. – Ал негізі, ол көрші әйелдің үйінің жанына барды. Путинге ризамын... Ол болмаса кім бұлай көмектесер еді? Мүлде түксіз қалар едік, қай ақшамызға үй салар едік? Көрінген босағаны жағалап жүрер едік. Сондықтан ол дұрыс ер, бізге ұнайды, ары қарай басқара берсін.

Усть-Бюр елдімекені.

Галина Ивановна егер қазір Путинмен жолығудың сәті түссе, зейнетақыны сәл көбейтуден өзге ештеңе сұрамас едім дейді. Өйткені 6800 рубльге күн көру қиын.

- Зейнетақы қос деп қана айтар едім. Ал негізі өмір сүруге болады, ең бастысы – соғыс жоқ, немерелеріміз ауырмаса болды, - дейді Галина Ивановна.

Галина Ивановнаның көршісі Любовь Фролова өрт болған күні жанып жатқан үйден теледидар мен балалардың заттарын алып шығып үлгерген. Көп балалы отбасы болғандықтан, Фроловтарға бұрынғы баспанасынан да үлкен үй салып берген. Бірақ үйін қара зең басқан, ал құбырдағы су жиі қатып қалады.

- Үйді фотоға тартып алуға бола ма дейсіз бе? Болады, бірақ талып қалмасаңыз болғаны, - деп ескертеді Любовь. – Сол жылы бүкіл көше бес ай бойы сусыз отырды. Өзге жерде тұруға мәжбүр болғанбыз.

Усть-Бюр ауылы тұрғыны Любовь Фролова.

Любовь – 2015 жылы Путинді тура жанынан көрудің сәті түскен тұрғындардың бірі. Ол кезде үйі дайын болмаған, сондықтан президент көршілерінің үйіне кірген.

Қайдағы бір жақтарға гуманитарлық көмек жіберіп, ал біз мына жақта аштан бұратылып жатқанымызды ойлағанда ренжисің, әрине.

- Ол кісімен амандастым... Тегі, қанша ақша бөлінгенін, кімге қанша бөлме берілетінінен өзге мардымды ештеңе айтқан жоқ. Қайдағы бір жақтарға гуманитарлық көмек жіберіп, ал біз мына жақта аштан бұратылып жатқанымызды ойлағанда ренжисің, әрине. Ара-тұра біреуге жалданғанымыз болмаса, күйеуім екеуміз де жұмыс істемейміз. Сорск комбинатына жұмысқа тұрайық десек, түнде балаларды жалғыз қалдыра алмаймыз. Балабақшадағы жеңілдікті де алып тастады, ал балаларға алатын жәрдемақының ақшасы тіпті бір бала үшін төлеуге де жетпейді... Балабақшаға екі балам барады.

Фроловтар тұрып жатқан жаңа үйдің ішкі көрінісі.

Бұрынғы орманшы Борис Азевич журналистерді ауласының тура ортасында күлімсіреп қарсы алды. Оның үйі 2015 жылғы өрттен аман қалған. Зейнет демалысына шыққанға екі жыл қалғанына қарамастан, Бористі орман шаруашылығы мекемесі сол жылы қысқартып тастаған. Бірақ ол жасып, жабырқамай мал өсіріп, шаруашылықпен айналыса бастаған.

Хакасияда тұрғын саны 200 адамнан аспайтын шағын ауылда тұратын фермерлер малдың әр басына мемлекеттен 500 рубль алады, ал Усть-Бюр ондай көмек алмайды.

Борис Азевич.

2016 жылы қыстаққа бара жатқан жолда Путиннің тікұшағы ауыл үстінен айналып ұшқанын Борис өз көзімен көрген.

- Бізге билікке кім келсе де бәрібір – бәрі жақсы! - дейді Азевич. – Шағынар жайым жоқ. Тек ешқандай қырғын болмаса, соғыс болмаса болды... Әне, Украинада не болып жатқанын теледидардан көріп отырмыз ғой, ал бізде ондай жоқ. Тіршілік етіп жатырмыз, ешқандай шағымымыз жоқ.

("Сибирь.Реалии" тілшісі Игорь Чигарскихтің мақаласы орысшадан аударылды)