18 мамыр күні Беларусь еліндегі ең ірі Tut.by тәуелсіз ақпарат сайты және холдингтің тағы бірнеше жобасы (олардың қатарында көпшілікке танымал тегін электронды пошта қызметі мен тегін хабарландыру беретін сайттар бар) бұғатталды. Tut.by басшылары мен қызметкерлерінің пәтерінде тінту жүргізіліп, бірнеше адам тұтқындалған. Ұсталған азаматтар туралы әзірге ешқандай ақпарат жоқ.
Қазір болып жатқан оқиғаны ауқымы бойынша Ресейде "Яндекс" пен оның басқа да қызметтерінің бұғатталуымен салыстыруға болады. Беларусь халқының 60 пайызы Tut.by холдингінің контенті мен қызметін пайдаланатын. 2019 жылы Tut.by Беларусьтің жоғары технологиялар паркінің резиденті атанды.
Ақпарат холдиніне қарсы қозғалған қылмыстық іс те осымен байланысты. Бұл туралы 18 мамырда Беларусь мемлекеттік бақылау комитеті есеп берді. Ведомствоның нұсқасы бойынша, холдинг жоғары технологиялар паркінің резиденттеріне рұқсат етілмеген қызмет түрімен айналысқан. Тиісінше, холдингтің жеңілдетілген салық төлеу мүмкіндігін пайдалануға құқығы болмаған.
PandaDoc деп аталатын IT-стартап та жоғары технологиялар паркінің резиденті болған. Оның негізін қалаушы Микита Микадо былтыр күзде наразы халыққа күш қолдану, митингіні күштеп тарату туралы командирдің бұйрығын орындаудан бас тартқан күш құрылымдарының қызметкерлеріне қаржылай көмек көрсетуді ұсынған. АҚШ-та тұратын Микадо Минскідегі әріптестері тінтуге ұшырап, тұтқындалғаннан кейін бұл жобаны жалғастырудан бас тартқан.
Беларусь бас прокуратурасы Tut.by холдингін салық төлемеуден бөлек, саяси қуғын-сүргін құрбандары мен 2020 жылғы президент сайлауының нәтижесіне қарсылық ретінде мемлекеттік қызметтен кеткен азаматтарға көмек беретін BYSOL ынтымақтастық қоры туралы ақпарат таратқаны үшін де айыпты деп тапқан. Былтырғы президент сайлауында көп заңбұзушылық болғанын растайтын дәйектерге қарамастан, Александр Лукашенко тағы да жеңіске жетіп, президент қызметінде қалды.
Tut.by сайлаудан кейін Беларусьте болған наразылық акциялары туралы көп жазды. Нәтижесінде ақпарат министрлігі басында Tut.by сайтын ақпарат құралы ретінде тіркеуді үш айға тоқтатып, желтоқсанда басылымды ақпарат құралы мәртебесінен айырды. Ведомствоның арызында "Tut.by мемлекет мүддесіне зиян келтіріп, жалған ақпарат таратады" деп жазылған.
Tut.by сайтының негізін қалаушылардың бірі Кирилл Волошин қазір шетелде жүр. Азаттықтың Орыс қызметі Кирилдан ақпарат құралының қазіргі жағдайын, сайтқа қарсы қылмыстық іс қозғауға не себеп болғанын және Беларусь билігінің холдингтің көзін жоюды неге дәл қазір қолға алғанын сұрады.
Азаттық: Қазір Tut.by сайтының Беларусьтегі кеңселерінде не болып жатыр? Қазіргі жағдай қалай? Көп журналист зардап шекті ме? Ұсталғандар бар ма? Әлде тек тінту жұмыстары ғана жүрді ме?
Кирилл Волошин: Қолымда толық ақпарат жоқ. Кеңселер жабық, ол жақтан ешкімді шығармай жатыр. Біраз редактор мен техникалық қызметкердің пәтерінде тінту жұмыстары жүрген. Білуімше, директорды, Tam.by бөлімінің бұрынғы басшысын, RocketData стартапының директоры Дарья Данилованы алып кеткен. "Автомалиновка" (көлік жайлы хабарландыру жариялайтын сайт – ред.) директорын да алып кеткен сияқты, редакцияда, біздің хостинг провайдерінің кеңсесінде тінту жұмыстары жүріп жатыр. Қазір Tut.by бұғатталған, электронды поштаға хат бармайды, корпоративті пошта да жұмыс істемейді.
Азаттық: Неге Беларусь аумағында бұғатталған сайтты шетелдік қолданушылар да аша алмайды? Хостингтің Беларусьте болуы жоғары технологиялар паркіне кіру талабымен байланысты ма?
Кирилл Волошин: Біріншіден, сайттың хостингі Беларусь аумағында болуға міндетті. Екіншіден, домен бұғатталған. Сайт немесе сайтқа кіру емес, домен.
Азаттық: Демек домен де Беларусьте тіркелген ғой?
Кирилл Волошин: Әрине. Бұл .by домені, оны тек Беларусьте ғана тіркеуге болады.
Азаттық: Сіз бұл жағдайдың шешімін тапқанға ұқсайсыз, қазір сайттың көшірмесі жұмыс істеп тұрған сияқты.
Кирилл Волошин: Жағдайдың шешімін тапты деп айтуға ерте. Сайттың көшірмесі болған, ол тамыздағы оқиғалар кезінде жасалған. Бұл сайт әртүрлі себеппен Tut.by-дың ресми нұсқасына кіре алмаған адамдар үшін жұмыс істеп келді. Алдағы уақытта сайт көшірмесінің жағдайы не болатынын білмейміз. Бұл жерде бір жерден екінші жерге он шақты рет көшкен Куку.орг сайтын мысалға келтіруге болады. Бірінші кезекте, әлеуметтік желідегі және порталдың мобильді қосымшасы істесе, сол жақтағы жаңалықтарды қарап отыру керек.
Азаттық: Мемлекеттік бақылау комитеті қандай айып тағып отыр? Жоғарғы технологиялар паркінің резиденттеріне рұқсат етілмеген қызметтен табыс тапқан компания басқа салық төлеуі керек пе? Бұл жерге BYSOL қорының қатысы қанша?
Кирилл Волошин: Ол жаққа бәрін қоса берген деп ойлаймын. [Қоян мен қасқыр туралы] анекдотта "Неге қалпағың жоқ?" деп айтатыны секілді, BYSOL қорының да бұл жерге еш қатысы жоқ. Ол сайтты бұғаттап, доменге тыйым салудың себебі ретінде көрсетілген. Бізге тағылған айыптар туралы мемлекеттік органдардың баспасөз қызметі жариялаған мәлімдемелерден ғана білеміз. Осындай бір ақпаратта біздің жоғары технологиялар паркінің мүшесі ретінде рұқсат етілмеген қызмет түрімен айналысқанымыз айтылады. Онда қандай қызмет туралы сөз болып отырғанын білмейміз. Жоғары технологиялар паркіне ресми түрде қосылдық, есеп беріп тұрдық, бәрін ашық әрі таза жүргіздік, Tut.by директоры Людмила Чекина мамандығы бойынша заңгер. Енді ары қарай не боларын көреміз. Ақылға қонбайтын бір нәрсе ойлап табады, оған еш күмәнім жоқ.
Азаттық: Неге сіздерге дәл қазір шабуыл жасады деп ойлайсыз?
Кирилл Волошин: Бұл туралы долбар ғана айта аламын. Мұның соңы бопсалауға ұласып кете ме деген күдігім бар. Мүмкін, төзімі таусылған шығар немесе редакциямен келісімге келуге тырысып, еш нәтиже шығара алмаған соң ашуға мінген болар. Олардың Қылмыстық кодекстің баптарын қатаңдату және басқа да шаралар арқылы Беларусь халқы мен әлемдік қауымдастықты ел ішіндегі жаға ұстатар оқиғалардан хабарсыз қалдыру деген жоспары болуы да мүмкін.
Азаттық: Бұл Александр Лукашенконың жеке тапсырмасы ма? Әлде бұл мемлекеттік бақылау комитетінің немесе басқа да шенеуніктердің бастамасымен жасалған дүние ме?
Кирилл Волошин: Қолымда ондай ақпарат жоқ. Бірақ біз жағдай қазіргіден әлдеқайда жеңіл кездің өзінде "Зиссерді тәртіпке салу туралы" тапсырма берілгенін білеміз. Сондықтан бұл сұраққа жауабым жоқ. Мүмкін біреу көп оқылмайтын "Белта" және "Советская Белоруссия" сайтының орнына біздің жобамызды мінберге айналдырғысы келген шығар.
Ескерту: Юрий Анатольевич Зиссер – беларусь программисі, кәсіпкер, Tut.by негізін салушы және холдинг иелерінің бірі. 2015 жылы сәуірде Александр Лукашенко ұлттық жиналысқа жолдауын жариялаған кезде Минск облыстық атқару комитетінің төрағасы Семен Шапироға: "Сіздің Зиссеріңіз өзін дұрыс ұстап жүрген жоқ… Сізге бір жыл бұрын бүкіл еврейді бақылауға алуды тапсырғанмын. Бірақ Зиссерді тәртіпке сала алмай келеміз" деген.
Азаттық: Білуімше, жеке басыңызға қауіп төніп тұрған жоқ, Беларусьте емессіз ғой?
Кирилл Волошин: Иә, Беларусьте емеспін.
Азаттық: Қазір сіздің және әріптестеріңіздің қандай да бір жоспарларыңыз бар ма? Ең әуелі қызметкерлер мен тұтқындалған, пәтерінде тінту жүрген адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысасыздар ма? Алда не болатынын, ары қарай қалай жұмыс істейтіндеріңізді ойладыңыздар ма? Сайттың жұмысы жалғаса ма?
Кирилл Волошин: Ең алдымен, әрине, адамдарды ойлаймыз. Қызметкерлердің пәтерін тінту жұмыстары біртіндеп аяқталып келеді. Қызметкерлеріміздің бәрінде бірдей адвокат жоғы белгілі болды. Мысалы, кей адвокат жұмыс істей алмайды, өйткені оларды жаппай лицензиясынан айырған. Ал біз жаңа адвокат тауып үлгермедік. Әзірге, тұтқындағы қызметкерлерімізді босатып, қажет адамдарға құқықтық көмек көрсетуге тырысамыз. Редакция өз күшімен техниканың мүмкіндігі жеткенше жаңалықтар лентасын толтыруға тырысып жатыр. Бірақ сайт жұмыс істемейді, сондықтан негізгі контент әзірге тек әлеуметтік желілерде ғана болады.
Былтыр президент сайлауына қатысқан оппозициялық кандидат Светлана Тихановская қолына Tut.by сайтына қолдау білдіріп тұр:
Азаттық: Tut.by – ақпараттық сайт қана емес, қаншама басқа сайт, коммерциялық жоба, тегін электронды поштадан тұратын желі. Қазір аталған жобалардың ешқайсысы жұмыс істеп тұрған жоқ па?
Кирилл Волошин: Иә, дұрыс айтасыз. Электронды пошта қызметі істемей тұр, өйткені ол да Tut.by доменіне тіркелген. Мүмкін хаттар келіп жатқан шығар, нақты айту қиын, өйткені пошта "Яндекс" қызметін пайдаланады. Бірақ біздің елдің Ресеймен тығыз "әріптестігі жоғын" ескерсек, бұл уақыттың еншісіндегі жағдай деп ойлаймын. Жалпы алғанда, пошта ашылмайды, коммерциялық, ақылы пошта да істемей тұр. Адамдармен байланысу қиын, тек мессенджерлер ғана қалды.
Азаттық: Сіз осындай шабуыл болады деп күттіңіз бе? Әлде бұл күтпеген жерден болды ма?
Кирилл Волошин: Шынымды айтсам, күттік. Күттік, бірақ дәл осындай деңгейде болады деп ойламадық. Мүмкін, салыққа байланысты айып тағылады дегенге күмәнмен қараған шығармыз. Экстремизм немесе басқа да ақылға қонбайтын себеп болар деп ойладық. Өкінішке қарай, көріп отырғаныңыздай, оқиға екі сценарий бойынша да өрбіп жатыр.
Азаттық: Беларусь пен Ресейдің арасында "әріптестік байланыс жоғы" туралы мысқылмен айттыңыз. Бұл Беларусьтің емес, Ресейдің бастамасы болуы мүмкін бе?
Кирилл Волошин: Жоқ, шынымды айтсам, ондай жорамал мүлде ойға келмепті. Мүмкін Ресейде де кейбіреу мүдделі болар, бірақ бұл негізінен Беларусь билігінің әрекеті деп ойлаймын.
Азаттық: Тұтас сайттар желісіне, оның ішінде коммерциялық жобаларға зиян келгенін ескерсек, Tut.by қызметіне келген қаржылай шығынды шамалап айта аласыз ба? Әлде әзірге мұны дөп басып айту қиын ба?
Кирилл Волошин: Қазір айту қиын. Бүгін жарнама шыққан жоқ, осы күнге деп жарнама бергендерге қарыз болып қалдық. Бірақ сайт жақын күндері ашылмайды, ресми тіркелмеген BYSOL қорының ақпаратын тарату туралы айыпты да аз уақытта алып тастамайды. Яғни бізге жарнама берушілердің ақшасын қайтаруға туралы келеді. Бұл жүздеген мың доллар ақша. Одан бөлек, хостерге қандай шығын келері, хостингке, сайттарға, хостер басқаратын домендердің тіркеуіне, "Автомалиновкаға" не болатыны белгісіз. Rabota.by қызметіне қатысты да күдігіміз бар. Оған да шабуыл жасап, жұмысын тоқтатса, салдары қандай боларын білмейміз. Мұның салдары елге де тиеді: инвестициялық климаттың (оны климакс деп атаған дұрыс) бұдан жақсара қоюы екіталай. Ал стартаптың негізін қалаушыларды, басқарушыларды тұтқындау өз бетіңе түкіріп, өз аяғыңа оқ атқанмен бірдей.
Азаттық: Никита Микадо да өз еркімен жұмыстан кеткен күш құрылымдары қызметкерлеріне көмектесуге тырысқаны үшін қиындықтарға тап болған кезде тура сіз сияқты пікір айтып, PandaDoc оқиғасынан кейін инвесторлар Беларусьтен теріс айналады, ақша азаяды деп еді. Қазір солай болып жатыр ма?
Кирилл Волошин: Иә, Беларусьтің инвестициялық тартымдылығы нөлге тең немесе сол шамада. Бұл елге инвестиция құйғысы келетін компаниялар саны азайып барады. Мүмкін қазіргі жағдай біз сипаттағандай тым нашар емес шығар, бірақ мамандар мен стартаптар шетелге кетіп жатыр. Жоғары технологиялар паркіне жұмысқа тұратын біліктілігі жоғары шетелдік мамандар да азайды. Олар компанияның өсу деңгейін бірнеше есе жылдамдата алады. Осының бәрі… жарайды, өз аяғыңа оқ ату болмай-ақ қойсын. Бірақ бұл өз башпайын өзі кескенге ұқсайды, ондайда ақсаңдап жүру қиын, қан сорғалап ағады. Жағдайды образды түрде, метафора қолданып осылай сипаттауға болады. Қан сорғалап аға береді, бұл ешкімге опа бермейді.
Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.