Кремль екінші мобилизацияға "мұқтаж". Ақшамен қызықтыру айласы сарқылып барады

Мобилизацияланған орыс сарбаздарының әйелдерінің плакат ұстап, видео мәлімдеме жасағаны Ресейде наразылықты көрсетеді.

Ресей шенділері Украинаға қарсы соғысып жатқан әскерін ұстап тұру үшін түрлі айланы іске асырып жатыр. Бұған соғыстан қажыған жауынгерлердің туыстары наразы. Кремль майдандағы жағдайды өзгерткісі келсе, екінші рет мобилизация жариялауға тиіс.

Өткен айда Ресейдің солтүстік-батысындағы Череповец қаласының муниципалды ғимаратына пальто киген бір топ әйел жиналды. Vkontakte желісінде жарияланған видеода бір әйел Ресей президенті Владимир Путиннің атына жазылған хатты оқиды. Онда әйелдер "күйеулерімізге заңсыз бұйрық беріліп жатыр" деп шағынады. Қалғаны "Демобилизацияны талап етеміз!", "Жақынымызды үйге қайтарыңдар!" деген плакат ұстап тұр.

"Біздің жігіттерге көмектесіңізші", – дейді әйелдер ұрандап.

Ресей әйелдерінің президентке хат жазуына Украинада соғыста жүрген 347-мотоатқыштар полкі жауынгерлерінің жағдайы түрткі болған.

Дмитрий Яшников 2022 жылдың қыркүйегінде Украинаға кетіп, 3 ай бұрын ауыр жарақат алған.

– Ешкім соғысқысы келмейді. Бәрі үйлеріне қайтқысы келіп жүр. Бір жылдан бері осындамыз. Жігіттер шаршады, бейбіт өмірге оралсақ дейміз, – дейді 41 жастағы жауынгер.

Майдандағы наразылық кең тарамаса да, саяси мәселеге айналып үлгерді. Бұл Ресей әскерінде кадр тапшылығы барын көрсетті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Президент сайлауы алдында жаңа мобилизация жариялауға Кремльдің дәті жете ме?

Путин 15 ай бұрын мобилизация жариялап, соғысты тезірек аяқтау үшін ондаған мың адамды майданға жіберді. Бірақ қантөгіс әлі жалғасып жатыр, соғыс ұзаққа созылған сайын, әскерге көбірек адам қажет болады. Әскерге адам жетпесе, екінші мобилизация болады.

Кремль президент сайлауына төрт ай қалғанда мобилизация жариялағысы келмейді. Биылғы сайлауда Путин тағы да бақ сынауы мүмкін.

– Кремль мобилизацияның орнына адамдарды "сатып алуға" тырысып жатыр. Ресей билігі жолайрықта тұр: бір жағынан, оқ атуды тоқтатқысы, екінші жағынан, жаппай мобилизация жариялауға тура келетін ең нашар сценарийге дайын болғысы келеді, – дейді Ресей әскері бойынша сарапшы, Тафтс университеті Флетчер атындағы құқық және дипломатия мектебінің ғылыми қызметкері Павел Лузин.

– Кремль тағы бір мобилизация бастағанша, еріктілерге көп ақша ұсынып, түрмелер мен мейрамханаларды аралап, тұтқындар мен мигранттарды соғысқа тартуды жөн көреді, – дейді Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорында Ресей әскерін зерттеумен айналысатын Дара Массикот.

Соғыста Ресей де, Украина да шығын көріп жатыр. Ұлыбританияның өкілетті тұлғаларының дерегінше, 2022 жылдың ақпанынан бастап Ресей тарапынан 302 мың адам қаза тауып, жараланған. Аты-жөні аталмаған америкалық шенеуніктер есебінше, биыл жазға дейін Украина 180 мың жауынгерінен айырылған.

Ресей кезекті мобилизация жүргізбесе, әскер қатарын қалай толықтырады?

– Путин жағдайды жақсы біледі. Оны Украинадағы әскер жайы алаңдатып отыр, – дейді Финляндияның отставкадағы подполковнигі, Хельсинкидегі Ұлттық қорғаныс университетінің профессоры Пентти Форстром.

ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУ

Былтыр қыркүйекте Украина Ресей күткеннен де көп соққы бере бастағанда, Кремль шешуші қадамға барып, мобилизация жариялады да, резервте тұрған және өзге де 300 мың азаматты соғысқа шақырды.

Мобилизация процесі ретсіз өтті. Ресей қоғамы мұндайды күтпеді.

Соғысқа жауынгер жинаумен айналысатындар мен офицерлер әскерге шақыру процесін басқаруға арналған ескі жүйемен әуре болды.

18-27 жас аралығындағы азаматтардың бәрі бір жылға әскерге баруы керек. Жылына екі рет жүздеген мың адам әскери борышын өтеуге аттанады. Бірақ ондаған жылдан бері келе жатқан бұл жүйе тиімсіздігімен, жемқорлығымен танымал.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресейлік отбасы Украинада қаза тапқан жауынгердің мәйітін таба алмай жүр

Әскерге адам жинаумен айналысатындар соғысқа жарайтын азаматтарды табу үшін компьютерлік жүйелерді модернизациядан өткізуге тырысты. Депутаттар әскерге құжат тапсыруды жеңілдету үшін цифрлық деректер базасын жасады.

Бұл жүйе "Мемлекеттік қызметтер (Госуслуги)" деп аталатын үкіметтік веб-порталға негізделген. Ресейліктер салық төлеп, зейнетақы немесе мүгедектігі бойынша жәрдемақыға өтініш беру үшін осы платформаны пайдаланады.

Жыл басында қабылданған заң бойынша, әскерге шақыру туралы хабарламаларды елемей жүре берген адамға айыппұл салынады. Мұндай адамға шетелге шығуға, көлік жүргізуге, баспана алуға, шағын бизнес тіркеуге болмайды.

СОҒЫСҚА ТАРТУ ӘДІСТЕРІ

Қазіргі заңға сәйкес, әскерге шақырылған адамдарға Ресейден тыс жерде борышын өтеуге және соғысқа қатысуға тыйым салынған.

Сондықтан командирлер әскери дайындықтан өткен жауынгерлерді соғысқа тартудың басқа амалын тапқан. Олар әскери борышын өтеп, үйіне қайтқалы жатқан жігіттерге қысым жасап, ерікті қызметке тұрғаны жайлы келісімшартқа қол қойғызып алады.

Бұл үшін жауынгерлерді ақшамен қызықтырады. Мобилизацияға ілінгендер мен ерікті түрде соғысқа кеткендер кәсіби әскери қызметкерлермен бірдей жалақы алып, дәл сондай жеңілдіктерге ие болуы керек. Олардың жалақысы – 195 000 рубль (2115 доллар). Бұл елдегі орташа жалақы мөлшерінен үш есе көп. Ресейдің кедей ауданында тұратын адамдарға мұндай жалақы – үлкен стимул.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Зынданға тығады". Жазықты болған сарбазды жазалаудың жабайы түрі

Кремль соғыста қаза тапқан адамдардың туыстарына 140 мың доллар ұсынады. Орташа статистикалық ресейлік бұл соманы өмір бойы жұмыс істесе де, таба алмайды. Тағы бір есеп бойынша, жауынгердің туыстары берілетін төлемдер, субсидиялар мен жеңілдіктердің бәрін қосқанда, 170 000 доллар шығады.

– Ресей үкіметі жауынгердің майданда қаза табуын отбасы үшін күтпеген тосынсыйға айналдырып жіберді, – дейді қазір Швецияда тұратын бұрынғы әскери тілші Александр Гольц.

Келісімшартқа қанша адамның ерікті түрде қол қойғаны белгісіз.

Осы айдың басында бұрынғы президент, қазір қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев қаңтардан бері майданға өз еркімен баруға 410 мың адам жазылғанын айтты. Сарапшылар пікірінше, бұл санға тұтқындар мен басқа елден келген еңбек мигранттары да кіреді.

Одан бөлек, еріктілер мен мобилизацияға ілінген жауынгерлердің келісімшартын күштеп ұзарту фактілері де тіркелген.

Осы айдың басында журналистермен кездескен Владимир Путин "Мобилизацияға ілінгендер "арнайы әскери операция" (Кремль соғысты осылай атайды) аяқталғанша, майданда болады" деген депутаттар сөзін қайталады.

ВАГНЕР 2.0

Шенеуніктер басқа әдістерді де қолданған.

Былтыр қорғаныс министрлігі "Вагнер" жалдамалы әскер тобына өтініш жасап, Украинаның бірнеше ауданындағы, оның ішінде Донецк облысындағы Бахмут қаласындағы майданға қосылуды сұрады. "Вагнер" жауынгерлері кәсіби біліктілігі жоғары, r әскер саналатын.

"Вагнер" тобының негізін қалаушы, марқұм Евгений Пригожинге түрмеде отырған мыңдаған тұтқынды соғысқа тартуға рұқсат берілді. Әскери дайындығы жоқ, қарсыласына қарай көбіне жаяу жүгіретін тұтқындар майданда "тірі қалқан" есебінде пайдаланылды.

Тамызда Пригожин қайтыс болғаннан кейін "Вагнер" қорғаныс министрлігі мен "Ұлттық гвардия", "Ахмат" сияқты басқа да әскери құрылымдарға өтіп кетті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Пригожиннің қазасынан туған 5 сұрақ

Соғысқа жауынгер жинау "БАРС", "Редут" сияқты еріктілер отряды арқылы да жүрген.

Аталған отрядтар – қорғаныс министрлігіне қарайтын жалдамалы әскер тобы. Бірақ "Вагнермен" салыстырғанда, бұл топтар әлдеқайда шағын, шашыраңқы, қаржыландыру көздері де әртүрлі.

ҮЙГЕ ОРАЛУ

Әскери командирлер жауынгерлерге ұзақ демалыс беруге, қажыған әскерді жаңа күшпен алмастыруға мүдделі емес.

Қыркүйектің басында 400 оқырманы бар "Путь Домой" Telegram-каналы сайланбалы саясаткерлерге ұлын немесе күйеуін үйге қайтаруды сұрап, хат жазуды үйрететін нұсқаулық жариялады.

Содан бері каналдың танымалдығы күрт артты. 12 қарашада канал толық демобилизация, саяси тұрақтылық пен Ресейдің әр азаматына лайықты өмір талап ететін манифест жариялады.

Каналдың артында кім тұрғаны белгісіз, олармен байланысып, пікір алу мүмкін болмады.

Осыдан кейін Череповецтегідей наразылық пен үндеулер көбейді.

Осы айдың басында Мәскеуде билік қоғамдық демонстрация өткізу туралы өтінішті қанағаттандырмады. Оған жауап ретінде ондаған әйел (кейбірі "Мобилизациядағы жауынгерлердің үйге оралатын уақыты келді" деген плакат ұстап шықты) Коммунистік партия ұйымдастырған, рұқсат етілген демонстрациямен қатар митинг өткізді. Бес минуттан кейін наразыларды полиция қоршап алды.

Красноярск қаласында билік тағы бір топтың 11 қарашада демонстрация өткізу туралы өтінішін кері қайтарып, Covid-19 вирусын сылтауратты. Санкт-Петербург билігі 26 қарашаға жоспарланған демонстрацияға жол бермеді.

Наразылықтың көбі жауынгерлерді Украинадан қайтарумен байланысты. Арасында бірлі-екілі акция ғана соғысқа қарсылықты білдіреді.

Өзін Нина деп таныстырған әйел "Путь Домой" сайтына видео салған. Онда соғысты қолдайтынын, Ресей "фашизммен" күресіп жатқанын айтады.

– Өз басым арнайы әскери операцияға қарсы емеспін. Фашизмге көндігу идеясын қолдамаймын. Бірақ олардың 14 айдан бері құл сияқты әскери қызметкерлердің міндетін атқарып жүргені – әділетсіздік, – дейді Нина.

Билік наразылықтың белең алмауына барын салып отыр.

Красноярск пен Кемеровода полиция қызметкерлері митинг алдында наразылық ұйымдастырушыларының үйіне барып, құқықтық жауапкершілік туралы ескерту жасаған.

Новосибирскіде шенеуніктер жауынгерлердің әйелдерімен жабық кездесу өткізіп, оларды наразылық акцияларынан аулақ жүруге шақырған. Мемлекеттік ақпарат құралдарына кездесуге қатысуға рұқсат берілді, бірақ тәуелсіз журналистерді кіргізген жоқ.

– Биліктің мақсаты – отбасыларды қорқытып, үнемі бақылауда әрі жалғыз екенін сезіндіру. Олардың өңірлік және ұлттық деңгейде біріккенін қаламайды. Сондықтан Новосибирскідегідей қысым көрсетеді. Өйткені әйелдер мен аналар күш біріктіріп, бір-бірін жігерлендіреді деп қорқады, – дейді Массикот.

МОБИЛИЗАЦИЯ 2.0?

Жаңа мобилизация туралы қоғамдық талқылау болмады. Мемлекеттік ақпарат құралдары Ресейдің соғыстағы шығындарын ашып жазбайды. Бірақ бұл ақпарат әртүрлі жолмен қоғамға жетіп жатыр.

"Русское поле" әлеуметтік компаниясы жүргізген сауалнамаға сәйкес, респонденттердің 58 пайызы мобилизацияға қарсы болған, 32 пайызы қолдаған. Қазанның соңында телефон арқылы жүрген сауалнамаға 1611 ресейлік қатысқан.

Ресейге әскер күші жетпей жатқандықтан, майданда көп қозғалысты қажет етпейтін "позициялық соғыс" жүргізіп отыр.

– Ірі шабуыл жасауға күші жоқ. Украиндарға қарсы батальон, полк, бригада деңгейінде ғана соғысып жатыр, – дейді Форстром.

Жаңа мобилизация жүргізу халықтың көбіне ұнамайтындықтан, Кремль наурыздағы сайлау қарсаңында бұл мәселені мүлде көтермеуге тырысады. Бірақ сайлаудан кейін тағы бір мобилизация болуы әбден мүмкін.

– Мобилизацияның екінші толқыны басталады. Бұл президент сайлауынан кейін көктемнің соңында болады. Жиналған жауынгерлерді бірнеше апта жаттығудан өткізіп, майданға жібереді. Жер құрғап, көлік еркін жүретін кезде жазғы науқанға көшеді, – дейді Форстром.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанға бас сауғалап келгеніне жыл өткен ресейліктердің үрейі мен үміті