Accessibility links

"Елге қайтпаймын". Қазақстанға бас сауғалап келгеніне жыл өткен ресейліктердің үрейі мен үміті


Қазақстанға Кремль жариялаған мобилизациядан қашып келген ресейліктер халыққа қызмет көрсету орталығында жеке сәйкестендіру нөмірін алуға кезекте тұр. Алматы, 3 қазан, 2022 жыл.
Қазақстанға Кремль жариялаған мобилизациядан қашып келген ресейліктер халыққа қызмет көрсету орталығында жеке сәйкестендіру нөмірін алуға кезекте тұр. Алматы, 3 қазан, 2022 жыл.

Шекарадағы кептеліс, халыққа қызмет көрсету орталығындағы кезек, қонақүйлердегі нөпір адам... Бір жыл бұрын Ресей президенті Украинаға басып кіреміз деп, көп шығынға ұшыраған әскерінің қатарын толықтыру үшін елде "ішінара" мобилизация жариялаған соң ресейліктер Қазақстанға жаппай ағылған еді. Мигранттардың көпшілігі Қазақстанды транзит аймағы ретінде пайдаланып, кейбірі көп ұзамай Ресейге оралды. Алайда мұнда қалып қойғандар да бар. Азаттық Қазақстанға біржола қоныс тепкен бірнеше ресейлікпен әңгімелесті. Олар Ресейде қалған туыстарына зияны тимес үшін шын есім-сойын көрсетпеуді өтінді.

"СОҒЫСҚА ӘКЕТПЕЙТІНІНЕ КЕПІЛДІК БОЛҒАН ЖОҚ"

– 24 ақпан күні ертеңгі күннен үмітіміз біржола үзілді. Бәріміз шошып қалдық, – дейді Ресей күштері Украинаға басып кірген күнді еске алған, былтыр күзге дейін Санкт-Петербург қаласында тұрған Алексей. Қазір ол сүйіктісі Викториямен бірге Алматыда тұрып жатыр.

Алексей мен Виктория Украинада соғыс басталған соң өз елінде қалу қауіпті екенін түсінген. Теледидардан Украина қалаларына жасалған шабуылдарды, көрші елдің бейбіт халқының өмірін жалмаған жарылыстарды көргенде екеуінің шарасыздықтан ұнжырғасы түскен.

– Ашуға берілмедік, себебі одан қайран жоқ еді. Мұндай жағдайға қалай түстік деп сұрай бердік, – деп түсіндірді 32 жастағы Алексей.

Айтуынша, ол Ресейде соғысқа қарсы ереуілге шығып, ой-пікірін ашық білдіруге дайын болмаған. Биліктің ресми шешімімен келіспесе, заң алдында қиын жағдайға тап болатынын, тіпті түрмеге түсуі, ал ол жақтан, тәжірибе көрсеткендей, майдан шебінен бір-ақ шығуы мүмкін екенін жақсы түсінген.

Кремль мобилизация жариялаған 2022 жылдың қыркүйек айында Алексей елден шығып кетуді ұйғарған. Демікпесі бар Алексей әскерге жарамсыз деп танылып, ешқашан армияға бармаған. Бірақ "алып кетуі мүмкін" деген үрей бойын билеп алады. Сөйтіп, 26 қыркүйекте Алексей мен Виктория әуелі Саратовқа, одан соң Астанаға ұшып келген.

– Бір айдан соң паспортымның мерзімі аяқталатын. Оның алдында үш рет өтініш бердім. Бірақ құжат тапсыруға сол күйі шақырмады. Кетіп бара жатқан күні ғана, яғни 26 қыркүйекте шақыру келді. Мен бармады, себебі қауіпті еді. Өзім тұратын аудандағы уческелік полиция бөлімшесінде болған жағдайлар туралы естігенмін. Ондағылар паспортын алуға барған жігіттерге құжатын тек мобилизация шарасына келетіні туралы қолхатпен ғана берген. Бұл – нағыз тұзақ. Ресейде кез келген мемлекеттік құрылыммен байланысқа түсу қауіпті, – дейді Алексей.

– Соғысқа әкетпейтініне ешқандай кепілдік жоқ еді. Әжем СПИД-орталықта жұмыс істейді. Негізі, АИВ инфекциясымен әскерге алмауы керек. Бірақ әжем сондай бір адам, сосын екіншісі әскерге кеткенін айтты, – деп сөзге араласты Виктория.

Сөйтіп, қос ғашық бір жыл бұрын Қазақстанға келді. Астанаға жеткен соң халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚКО) кезекте тұрып, құжаттары мен банк картасын рәсімдеген. Жазда Алматыға көшіп келген. Алексей уақытша тұруға рұқсат алу үшін қосымша жұмысқа тұрған. Негізінен, қашықтан жұмыс істейді. Виктория ресейлік компанияның филиалына жұмысқа орналасқан.

Халыққа қызмет көрсету орталығында тұрған ресейліктер. Алматы, 27 қыркүйек, 2022 жыл.
Халыққа қызмет көрсету орталығында тұрған ресейліктер. Алматы, 27 қыркүйек, 2022 жыл.

Екеуінің бүкіл туысы Ресейде қалған. Еліндегі жаңалықтарды да, Украинадағы ахуалды да сырттай бақылап отырады. Ешқандай жақсылық нышаны байқалмайды дейді олар. Алексей Ресей әскери басшылығы қантөгісті жалғастыра беруге, ал Владимир Путин президент қызметінен айрылмауға мүдделі деп есептейді.

– Соғыс тез бітеді қояды деп үміттену бекер. Оның үстіне, Путин 2024 жылдан кейін тағы да президент болғысы келіп отыр, – дейді ол. – Ресейдің мақсаты жеңіске жету емес сияқты. Елді үнемі жалған патриоттық сезімде ұстап отыру үшін соғысты тоқтатпау керек деген тапсырма алғандай. Өйткені жеңіп жатқан күннің өзінде халықтың бойындағы қызу тарқап, адамдар санкциядан кейінгі проблемалармен бетпе-бет келеді ғой. Сондықтан билікке соғыс болғаны тиімді, ал халық билікті қолдап отыр. Билік тарапынан алғанда да, президенттік сайлауда жеңіске жету жағынан алғанда да осы тиімді. Адамдар [билік басына] жаңа біреу келсе, "арнайы операцияны" қалай жүргізеді деп ойлайды. Кім бастаса, сол аяқтасын дейді.

Қазақстанға көшіп келгеніне жыл өткенде Алексей мен Виктория Ресейден кетіп, дұрыс істеппіз деп отыр.

– Басым аман болсын десең Ресейде тұрмау керек. Біз осы жолды таңдадық. Қазақстанды транзиттік ел деп есептемейміз. Қоғамға бейімделу, коммуникация тұрғысынан бәрі жақсы. Мұндағылар орысша сөйлейді, менталитетіміз ұқсас, достарымыз да бар. Сондықтан осында біржола қалып қою жағын ойластырып жүрміз.

"ЕНДІ РЕСЕЙГЕ ҚАЙТПАЙМЫН"

27 жастағы Андрей де Санкт-Петербург қаласының тумасы. Қазақстанға былтыр қыркүйектің аяғында келген. Путиннің мобилизация туралы бұйрығы шығардан бір күн бұрын Алматыға билет сатып алған. Биліктің соғыстағы сәтсіздіктерін бажайлап, жас жігіттерге елден кетуге тыйым салынуы мүмкін екенін сол жылы жазда түсінгенін айтады.

– 27 қыркүйекке билетті алдын ала сатып алдым. Бір апта [мобилизация жарияланғаннан кейін] күту керек. Ресей шекарасында кейбір ер адамдарды түртпектей бастағанда шу шыққан. Мен де содан қорықтым. Құдайға шүкір, маған тиіскен жоқ. Ресей шекарасынан өткенде жеңілдеп сала бердім, – дейді Андрей.

Ол Украинаға қарсы соғысқа бару дегенді елестете де алмайды. Ол жақта туыстары тұрады, олармен әлі күнге араласады. Қазіргі уақытта қалың бомбаның астында қалып, зеңбіректер дамылсыз атып, нысанаға айналдырған Украинаның шығысындағы тұрғын халқы орысша сөлейтін ірі қала Харьковте және қазір Ресейдің бақылауындағы Донецк облысының Макеев қаласында Андрейдің туыстары бар.

– Енді Ресейге өмір сүруге бармаймын деп ұйғардым. Әрине, барып, отбасымды көргім, қаланы аралап, демалғым келеді. Бірақ ол елде тұрғым келмейді, – дейді Андрей.

Ол соғысқа жібере ме деп қорықандықтан туған жеріне оралудан бас тартып отыр. Айтуынша, былтырдың өзінде Ресейде еңбекке жарамды жастағы ер адамдардың елден кетуін шектейтін бірнеше заң қабылданған. Билік әскерге баруға міндеттілердің бірыңғай тізімін жасап, армия қатарына электронды хат жолдап шақыру тәртібін бекітіп, оны алатындарға елден шығуға тыйым салған.

Андрей Қазақстандағы бір жылы көзді ашып-жұмғанша өте шыққанын айтады. Өмір салты да өзгермеген. Дүйсенбіден жұмаға дейін қашықтан жұмыс істейді, бос уақытында театрға, киноға барады, көшеде серуендейді. Қыста шаңғы тебеді.

– Жалпы, Алматыда біржола қалсам деген ойда жүрмін. Бұрын ықтиярхат рәсімдеу оңай еді. Банктегі шотыңа біраз ақша салып, құжатыңды көрсетсең жеткілікті болатын. Қазір барлығына ықтиярхат беруден бас тартып жатыр. Басында ықтиярхат алғым келген, себебі мен уақытша тұруға рұқсат ететін қағазбен жүрмін. Кейін ықтиярхат аламын деп сабылудың керегі жоғын түсіндім. Өйткені бюрократиялық проблемаларға тап боласың, – деп түсіндірді Андрей.

Қазақстанда биыл әрбір екінші ыхтиярхат ресейлікке берілген

Ресми статистика мәліметтеріне сүйенсек, 2022 жылы Қазақстанға үш миллионға жуық ресейлік келген. Қазақстан үкіметі олардың көпшілігі еліне оралды немесе үшінші елге кетіп қалды деп мәлімдеді. Қазақстанда қалып қойғандарды есепке алудағы қиындықтар визаран деп аталатын әрекетпен байланысты. Яғни Ресей азаматтары заңды тұру мерзімін жаңарту үшін шекарадан өтуі тиіс. Әдетте, Қазақстандағы ресейліктердің көпшілігі үш айда бір рет шекаралас мемлекеттердің біріне шығып кетіп, құжатына шекарадан өткені туралы белгі қойғызып, бірден кері оралатын. Биыл қаңтарда Астана бұл ережені өзгертіп, Еуразия экономика одағы елдерінің (оның ішінде Ресей) азаматтары Қазақстанға келген 180 күн ішінде тек 90 күн ғана ел аумағында бола алады деген тәртіп енгізді.

2023 жылдың алғашқы жартысында жаңа көші-қон ережелері күшіне енген кезде Ресейдің 6,8 мың азаматы Қазақстанда тұруға ықтиярхат алған. Әрбір екінші ықтиярхат ресейлікке берілген (барлығы 13 мыңнан астам шетелдік ықтиярхат алған). Былтыр Қазақстан 17 мыңнан астам ықтиярхат берсе, оның 5,8 мыңын ресейліктер алған.

Андрей әуелде Грузияға немесе Арменияға көшсем деген ойда болыпты, бірақ ол жақтағылар ресейліктер жаппай ағылып жатыр деп, бағаны шарықтатып жіберген.

– Сербияға барсам ба деген де ой болған. Ол жақта таныстарым да бар, арзан ел. Жемқорлық жайлаған, либерал орта жоқ. Бірақ соған бола қиындық туады деп ойламаймын. Дегенмен Қазақстанда ассимиляция жеңілдеу болып көрінді. Өйткені жалпы менталитет ұқсас, адамдар менімен бір тілде сөйлейді. Еуропаға, мәселен, Испанияға, Италияға, Грекияға да баруға болар ма еді. Одан басқа Еуропа елдеріне кіргізбейді. Әрине, олардың үрей-секемін түсінуге болады. Бұл мәселеде [Украинаға басып кіруде] ұжымдық жауапкершілік деген бар.

Мобилизацияға қарсылық акциясына шыққандарды полиция әкетіп жатыр. Ресей, Санкт-Петербург, 21 қыркүйек, 2022 жыл.
Мобилизацияға қарсылық акциясына шыққандарды полиция әкетіп жатыр. Ресей, Санкт-Петербург, 21 қыркүйек, 2022 жыл.

Андрей ешқашан ереуілге шықпаған, биліктің шешіміне қарсылық білдірмеген. Мұнысы өзін-өзі қорғау түйсігімен байланыстырады. Өз сөзінше, "біреудің постын көшіргені үшін түрмеге отырғысы немесе жағымсыз баппен істі болып, ары қарайғы өмірін қиындатқысы келмеген". Ол Ресейде сайлаумен немесе қарсылықпен билікті өзгерту мүмкін емес деп есептейді.

– Путинді кім тоқтата алады? Биліктің өз ішінен біреу шығып, президент болғысы келіп, ел ішінде азамат соғысы басталса ғана... Ең ықтимал нұсқа сол. Ал халыққа келер болсақ... билік күштік құрылымдарға қаншама қаражат құйды. Қазір олар халықтың толқуын басып-жаншуға әзір отыр, – дейді Андрей.

"ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЛАМЫН БА? КЕСІП АЙТА АЛМАЙМЫН"

39 жастағы Сергейдің мамандығы программист. Мәскеу маңындағы шағын қалада тұрған. Интернет маркетинг және жарнама саласында жұмыс істеген. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін жұмыстан шығып кетіпті.

– Басқа елге кетемін деп ұйғардым. Күйзеліске түсіп, бойымды апатия билеп алды. Ештеңе істей алмадым. Былтыр жазда Еуропаға көшіп кетуге бел байладым. Бәрін дайындап, кетіп қаламын деп ойладым. Бірақ жаз өтіп, соғыс әдеттегі ақпараттан аспай қалды, адам жинайды деген шу тыйылды. Қысқасы, ешқайда кетпедім, – деп бастады Сергей әңгімесін.

Ал қыркүйекте мобилизация басталғанда Сергей достарымен бірге көлікке отырып, Қазақстанды бетке алады. Жолда ұзын-сонар кептеліске тап болған. Ресей жағындағы шекарада бәленбай шақырымға созылған кептеліс пайда болған. Шекарадан өткен соң Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Орал қаласына жетеді. Алғашында қаланы Алматыға барар жолдағы аралық мекен деп қараған. Кейін ол ойынан айнып қалыпты.

– Адамдар өте жақсы екен, көбі қол ұшын берді. Ойланбастан үйіне шақырды, біреулер тіпті мобилизациядан қашқандарға тегін баспана берді. Орал халқының арқасында өзімді үйде жүргендей сезіндім. Ол менің туған қалама қатты ұқсайды. Оның үстіне, жаяу жүруге болады. Көлікпен де ешқандай кептеліссіз жүресің. Тағы бір жақсы жағы, Оралдың орналасуы мен жолдардың ерекшелігі. Жасы келіп, ұшаққа отыруға қиналатын анам бұл жерге бір күнге жетпейтін уақытта көлікпен келе алады, – дейді Сергей.

Мәскеу мобилизация туралы жарлық шығарғаннан кейін Қазақстанға қашып келген ресейліктер. Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы, 27 қыркүйек, 2022 жыл.
Мәскеу мобилизация туралы жарлық шығарғаннан кейін Қазақстанға қашып келген ресейліктер. Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы, 27 қыркүйек, 2022 жыл.

Сергей соғыс үшін жауапкершілікті Ресейдің барлық азаматына жүктеу қате деп есептейді. Өйткені халықтың қолында билікке ықпал ететін ешқандай тетік жоқ деп түсіндіреді.

– 25 жыл бұрынғы сайлауда бірдеңе өзгертуге болушы еді, бірақ ол кезде бұлай боларын кім білген? Қазір Ресейде сайлау деген атымен жоқ. Соңғы рет соғысқа дейінгі сайлауда бұрмалаудың көзге ұрып тұрғаны сонша, тіпті оған дейін ештеңе шешпеген жергілікті ұсақ-түйек депутаттардың өзін кіргізбеді, – дейді ол.

Айтуынша, Ресейде еркіндікті шектеу Мәскеудің Болотный алаңында өткен митингіден кейін айқын байқала бастаған. Ол Путин төрт жыл премьер-министрліктен кейін президенттікке қайта оралып, билігін нығайта түсетіні белгілі болған кезде, 2011 жылы Болотныйда өткен ереуілге қатысқан.

– Оқтын-оқтын қауіпсіз митингілерге қатысып, әлеуметтік желіде белсенділік танытып жүрдім. Бірақ ешқашан арандатушыларға ілесіп, заңға қайшы әрекеттерге барған емеспін. Ондай кездерде жай ғана жанынан өтіп бара жатып-ақ түрмеге түсіп қалуға болады. Жариялаған посттарым, әлбетте, ресейлік әлеуметтік желілер өлшемімен алғанда ащылау болатын. Бірақ мейлінше қауіпсіз тұжырымдар жасайтынмын. Шекарада кезекте тұрғанда телефонымды тексереді деп қорқып, олардың біразын өшіріп тастадым. Кейбір каналдардан шығып кеттім. Мейлінше қауіпті дегендерді өшірдім. Мысалы, мына суретті қалдырдым (реңкі Украинаның туына келетін бидайлы алқап пен көк аспанның суретін көрсетті – ред.), – дейді ресейлік азамат.

Өзге елге басып кіру мен ондаған мың адамның өліміне, Сергейді айтуынша, Владимир Путин кінәлі.

– Елдің бүкіл билігі қолына шоғырланған адам сол елдегі кез келген мемлекеттік органның әрекетіне жауап беруге тиіс. Оны Гаагада соттау керек. Мен оның мүмкін екеніне сенемін. Бірақ басқа да оқиғалар болып, ол Гаагаға жете алмай да қалуы ықтимал. Нюрнберг процесіне Гитлердің қатыспағанын жақсы білеміз. Шынымды айтсам, ол табиғи себептермен орнынан кетеді деп үміттенемін. Бірақ ол кеткенмен соғыс тоқтайды дегенге ешқандай кепілдік жоқ, – деді Сергей.

Өз еліндегі мобилизациядан қашып Қазақстанға келген ресейліктерге Орал қаласындағы теміржол вокзалында ыстық шай беріп тұрған ерікті. Батыс Қазақстан облысы, 27 қыркүйек, 2022 жыл.
Өз еліндегі мобилизациядан қашып Қазақстанға келген ресейліктерге Орал қаласындағы теміржол вокзалында ыстық шай беріп тұрған ерікті. Батыс Қазақстан облысы, 27 қыркүйек, 2022 жыл.

Эмиграцияда өткен бір жыл ішінде Ресейде болып жатқан оқиғаларға деген көзқарасы өзгермеген.

– Елге ешқашан орала алмауым мүмкін екенін жақсы түсінемін. Бейнебайланыс, мессенджерлер Ресейде, Украинада қалған немесе басқа елге кеткен достарыммен, туыстарыммен байланысты айтарлықтай жеңілдетеді. Бірақ кейде туған жерімді қатты сағынамын. Қазақстанда біржола қаламын ба? Әзірге кесіп айта алмаймын. Қалғым-ақ келеді. Бұл жақтан достар таптым, жұмысқа тұрдым, шағын кәсібімді бастадым. Бірақ Қазақстанда қос азаматтық жоқ, демек көп ұзамай бұл қонақжай елден кететін де уақыт жететін сияқты, – деп сөзін қорытты Сергей.

"БІР-АҚ РЕТ ӨМІР СҮРЕМІЗ, СОНДЫҚТАН ҚАТЕРГЕ БАС ТІККІМ КЕЛМЕЙДІ"

Соғыс басталған уақытта Ресейдің Саха Республикасы (Якутия) аймағының тумасы Ньургун шетелде іссапарда жүріпті. Ол жұмыс істейтін компания қызметкерлерін Қазақстанға көшіру туралы шешім қабылдайды. Сөйтіп, 31 жастағы Ньургун сүйіктісімен бірге Алматыға қоныс аударады.

– Мен келгенге дейін біраз досым Алматыға қоныс тепкен, содан мен бұл жақта саха ұлтының өкілдерін құрметтейтінін білемін. Қазақстаннан бірге оқыған жолдастарым болған. Олар мені бұрын да талай қонаққа шақырып жүретін. Сол себепті уақыт оздырмай, көшіп келейін деп шештім. Алматыға келген бойда Қазақстан туралы ештеңе білмейтінімді түсіндім. Сөйтіп, туристік аймақтарға саяхаттауды бастадым. Дүкендегі сатушылармен, дәмхана қызметкерлерімен, таксистермен сөйлескенде бізді бауыр деп есептейтінін айтады. Ұлтаралық араздыққа қатысты бірде-бір оқиға болған емес, бірде-бір жаман сөз естімедім, – дейді Ньургун.

Қазақстанға өту үшін шекараның Ресей жағында көлігімен кезекте тұрған адамдар. Челябинск облысы, 27 қыркүйек, 2022 жыл.
Қазақстанға өту үшін шекараның Ресей жағында көлігімен кезекте тұрған адамдар. Челябинск облысы, 27 қыркүйек, 2022 жыл.

Қазақстандағы өмірін Ньургун мен сүйіктісі салыстырмалы түрде қауіпсіз дейді. Әзірге Ресейге оралу ойы жоқ.

– Маған Қазақстанның табиғаты ұнайды. Оның үстіне суық емес, жайлы. Достармен кездесетін тамаша жерлер бар. Бәрі көңілімнен шығып жатыр. Якутияда қалған достарыммен, жақындарыммен ешқашан кездесе алмауым мүмкін екенін түсінемін. Бірақ өмірге бір-ақ рет келеміз ғой, сондықтан қазір елге оралып, қатерге бас тіккім келмейді, – дейді ол.

Саха елі, Ресей құрамындағы басқа ұлттық республикалар сияқты, Украинадағы соғыста айтарлықтай көп адамынан айырылды: зерттеушілердің пікірінше, соғыста қаза тапқан Сібір мен Қиыр Шығыс тұрғындарының саны орталық аймақтан барып, майданда мерт болған адам санынан әлдеқайда көп (жан басына шаққанда).

Ньургуннің айтуынша, үгіт-насихат қысымында болғандықтан адамдар соғысты қолдайды. Көпшілік үшін ең басты ақпарат көзі – теледидар. Маңайымда соғысты қолдайтын адам жоқ, бұл жағынан жолым болды дейді жас жігіт. Аға буын – Сахадағы достарының ата-аналары, әжелері мен аталары балаларынан айырылып қалудан қорқады, сондықтан жастардың басқа елдерге кеткенін құптайды.

– Ресей әскері – әлемдегі нөмірі бірінші әскер дегенді жылдар бойы миымызға құйып келді. Сөйтсек, олай емес екен. Шартпен әскерге барған достарым бар, оларды Украина майданына апарып, тастай салған. Олар ештеңе жоқ екенін көріп шошып кетіпті. Кейін [билік] Ресей әскерінің беделін түсірсеңдер, түрмеге қамаласыңдар, ол жақтан майданға аттанасыңдар деп бәрін қорқыта бастады, – дейді Ньургун.

Ньургун Ресейдің адам құқықтарын таптайтын, көршілеріне күш көрсететін тоталитарлық диктатураға айналғанына сол елдің барлық азаматтары жауапты деп есептейді:

– Ресей азаматтарының ұжымдық жауапкершілігі бар, өйткені көпшілігі Путин мен қазіргі билікті қолдайды. Ойлана алған адам мұның аяғы немен тынатынын көрді. Мысалы, журналистерді, саяси тұтқындарды немесе жай ғана билікпен келіспеген адамдарды соттады ғой. Олар соның бәрін көрді, бірақ өзіне қатысы жоқтай жүре берді. Қазір елде соғыс шайқамаған шаңырақ қалмай бара жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG