Accessibility links

Мобилизация және мұғалімдер. Ресейден тағы бір мамандар тобы кетіп жатыр


Білім күні мерекелік шарасына қатысып тұрған оқушылар. Ресей Сібіріндегі Верх-Чита ауылы, 1 қыркүйек 2022 жыл.
Білім күні мерекелік шарасына қатысып тұрған оқушылар. Ресей Сібіріндегі Верх-Чита ауылы, 1 қыркүйек 2022 жыл.

"Өмір бойы Ресейде бала оқытумен айналыстым. Орным сол жақта. Түбінде оралатын шығармын. Бірақ ол кезде Ресей қандай күйде болатынын білмеймін". Соғыс басталғалы ресейлік мұғалімдердің біразы шетелге қоныс аударды. Азаттық сүйікті кәсібін тастап, шекара асуға мәжбүр болған мұғалімдердің хикаясын жариялап отыр.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін көп ұзамай елдің оңтүстігіндегі Астрахань қаласында №59 мектепте бастауыш сынып оқушыларына математикадан сабақ беретін Елена Байбекова жұмыстан босатылған. Басшылық мұғалім оқушылар демалыста болған кезде мектепке келмеді деген "сылтау" айтқан.

Елена жұмыстан босатылуын басқа себеппен байланыстырады. Ол 22 ақпанда Ресей Украинаға басып кірерден екі күн бұрын қаланың орталығына шығып, соғысқа қарсы акция өткізген. Үш айдан кейін Елена 17 жастағы ұлымен бірге Германияға қашып, саяси босқын мәртебесін сұрады.

– Өмір бойы Ресейде бала оқытумен айналыстым. Орным сол жақта. Түбінде оралатын шығармын. Бірақ ол кезде Ресей қандай күйде болатынын білмеймін, – деді ол.

Байбекова – соғыс басталғалы Ресейден кеткен көп мұғалімнің бірі. Ашық дереккөздерде елден қанша мұғалім кеткені туралы ақпарат жоқ. Бірақ сарапшылардың бағалауынша, бұл көрсеткіш ондаған, жүздеген адам болады.

2022 жылғы 24 ақпаннан бастап бас-аяғы 500 мың адам Ресейден кеткен. Басқа деректерде бұл көрсеткіш 1 миллионға жуықтайды. Бәрінен де ақпараттық технологиялар саласы көп маманнан айырылды. 300 мыңға жуық қызметкер Қазақстан, Грузия, Армения мен басқа да мемлекеттерге қоныс аударды.

Болашағын басқа елмен байланыстырамын деп шешкендер арасында мұғалімдер де бар.

– Президенті көрші мемлекетті талқандап жатқан жатқан елде қала алмайтынымызды түсіндік, – дейді Пермь қаласындағы университеттердің бірінде журналистика факультетінің оқытушысы болып жұмыс істеген Алена Подлесных.

Алена Подлесных пен оның отбасы Сербияда.
Алена Подлесных пен оның отбасы Сербияда.

Ол қыркүйекте шетелге көшіп кеткен.

– Ресейде қалу қауіпті болды, – дейді күйеуімен Сербияда тұрып жатқан Алена. Ол Ресей әскері Украинаға басып кіргеннен бастап елден кетуге бел буғанын айтады.

Ерлі-зайыпты басында қазанда көшеміз деп жоспарлаған. Қыркүйектің аяғында Путин ішінара мобилизация жариялап, ондаған мың адамды әскерге шақыру басталғанда, Алена мен күйеуі тезірек елден кетуге тырысқан.

– Елде қалу қауіпті екенін түсіндік. Мәселе мобилизацияда ғана емес, – дейді Алена.

Күйеуі Қазақстанға кеткен. Алена Пермьдегі пәтерін сатып, жинаған қаржысын валютаға ауыстыру үшін Ресейде қалған. Отбасы Қазақстанға бірнеше күннен кейін келген. Алена Ресейде жүргенде халықтың көзін ашу үшін соғысқа қарсы екенін жасырмай айтып жүрген. Былтыр маусымда жергілікті билікке барып, мәдени орталықта үлкен "Z" белгісі ілініп тұрғанын айтып, шағынған. Соғысты қолдайтын әскерилер мен қоғамдық топтар бұл әріпті Украинаға қарсы күрес символына айналдырған.

Аленаның шағымына қарамастан, баннер сол күйі қалған. Көп ұзамай Аленаға әлдекімдер хабарласып, "халық жауы" деп атап, қоқан-лоқы көрсете бастаған.

Жақындарына да алыс туыстары хабарласып, қорлайтын сөздер айтып, қорқытуға тырысқан.

– Ресейде қалу қауіпті болды. Үндемеуге болар еді. Бірақ мен үнсіз қалғым келмеді. Сондықтан елден кетеміз деп шештік. Бұл, негізінен, күйеуімнің шешімі болды. Бірақ осы шешім мені құтқарды, – дейді Алена.

Отбасы бір ай Қазақстанда болып, кейін Сербияға кеткен. Отбасына жайлы әрі бағасы қалта көтеретін ел осы болған. Алена күйеуімен бірге Венгрия шекарасына жақын жерден үй сатып алған. Балалары серб тілін үйреніп жатыр. Алена мұғалім болып жұмыс істейді, Ресей мен Украинадан келген босқындарға көмектеседі, ел қатарлы салық төлейді, қазір тұрақты жұмыс орнын іздеп жүр. Күйеуі әзірге жұмыссыз.

– Ресейде көп ұзамай жарқын күн туар деп үміттенемін, – дейді Алена.

"ОҚУШЫЛАР ХАТ ЖАЗЫП ТҰРАДЫ"

Елена Байбекова ұлымен бірге Германияның Зигмаринген қаласындағы босқындар лагеріне түскен. Қазір ол саяси босқын мәртебесін алуға өтініш беріп, жауабын күтіп отыр. Лагерьде украин босқыны көп. Елена бәрімен достасып үлгерген.

Елена Байбекова Германияда.
Елена Байбекова Германияда.

Кейінірек оларды Баден-Вюртемберг жеріндегі шағын қалаға көшірген. Қазір Елена неміс тілін үйреніп жүр, ұлы орта мектепке барады. Өзінің айтуынша, мұғалімге бұрынғы оқушылары жиі хабарласып, хат жазып тұрады. Арасында "осы материалдарды тыңдауға мәжбүрлеп жатыр"деп, пропагандистік роликтер мен дәрістер жібереді. Балалар "Санамызға не құйып жатқанын білсеңіз ғой!" деп жазады.

Нижегородская облысындағы шағын ауылда тұрған ағылшын және неміс тілінің мұғалімі Ольга Лизункова оқушыларының қысымымен Қырғызстанға көшкен. Былтыр қыркүйекте Ольганың сыныбы мектеп директорына барып, "мұғалім сабақта соғысты сынады" деп айтқан. Мұғалімге "әскерилер атына кір келтіргені үшін" 30 мың рубль (cол кездегі бағам бойынша 500 доллар) айыппұл салып, ескерту жасап, жұмыстан шеттеткен. Ертеңіне Ольга өз еркімен жұмыстан кеткен.

Ольга Лизункова Қырғызстанда.
Ольга Лизункова Қырғызстанда.

– Ескертумен және айыппұлмен ғана құтылмайтын шығармын деп қорықтым. Неге? Өйткені үндемей жүре алмаймын. Қазір Ресейде болсам, соғысқа қарсы позициямы білдірер едім, – дейді ол.

Ольга күйеуімен бірге пәтерін сатып, шекараға жеткізетін жүргізуші тапқан. Шекарада еш қиындық болмаған. Күйеуін де артық сұрақсыз жіберген. Бір айдан кейін ресейлік отбасы Қырғызстанға көшкен. Қазір Ольга ағылшын тілінің мұғалімі болып жұмыс істеу үшін сертификат алуға талпынып, оқып жатыр. Күйеуі IT саласын меңгеруге кіріскен. Кейде Ольга туған жерін сағынады. Ол елде қалған, шетелге көшуді ойлап жүрген отандастарына былай дейді:

– Елден кеткіңіз келгенімен, ақшаңыз болмаса, аяқ-қолыңыз жіпсіз байлаулы болса, өзіңізді кінәламаңыз. Мәжбүрлі эмиграция қаржы және мораль тұрғысынан қиын. Ресейден кеткіңіз келмесе, бұған құқылысыз. Үкіметке бола көшудің қажеті жоқ. Бірде мынадай сөз естідім: "Біреулер пәтерімізді ластады екен деп, өз үйімізден көшіп кетуіміз керек пе?", – дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG