Анкара мен Вашингтондағы кейбір ресми тұлғалардың айтуынша, Сирия президенті Башар Асад пен күрд жасақтарына қолдау білдірген Кремль Түркия мен Еуропаны босқындар нөпірінің астында қалдырмаққа күш салып жатыр.
Сарапшылардың айтуынша, 2015 жылы қыркүйекте Ресейдің Сирияға жасаған шабуылынан бері бұл елден жарты миллионға жуық адам Еуропаға қашқан, биыл бұл сан былтырғыдан да көп болады деген қауіп бар.
Түркия премьер-министрі Ахмет Дәуітоглуның айтуынша, Ресей «террорлық ұйым сияқты әрекет етіп, бейбіт тұрғындар мен солдаттар, балалар мен қарттар деп бөлместен барлығын төпелеп бомбалау арқылы азаматтарды өз елдерінен қашуға мәжбүрлеп жатыр».
АҚШ сенаторы Джон Маккейннің пікірінше, Ресей президенті Владимир Путин «босқындар дағдарысын ушықтыру арқылы трансатлантикалық альянсты бөлшектеп, Еуроодақты шайқалтқысы келеді әрі ол Мәскеудің Таяу Шығысқа геосаяси әскери және геосаяси ықпалын нығайтуға мүдделі».
Лион университетінің Сирия жөніндегі сарапшысы, әрі Вашингтондағы Таяу Шығыс саясаты институтының ғылыми қызметкері Фабрис Баланче АҚШ сенаторының бұл пікірмен келіседі.
«ЭТНОСТЫҚ ТАЗАЛАУ» СТРАТЕГИЯСЫ МА?
Баланчтың айтуынша, Ресей мен Башар Асадтың күштері бірлесіп сүннит арабтар мен Сирия режиміне қарсылық білдірген басқа да топтардан құтылу мақсатында «этностық тұрғыдан тазалау стратегиясының аясында әдейі әрекет етіп жатыр».
«Асад күштерінің көбінесе ауруханаларды нысанаға алып жатқаны анық» екенін айтқан сарапшы «халықты қашуға мәжбүрлеу үшін Ресей кей шабуылдары кезінде әдейілеп ауруханалар мен басқа да инфрақұрылымдарды нысанаға алып жатыр» дейді ол.
Мұны үзілді-кесілді жоққа шығарған Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: «Ресей әуе күштерінің шабуылы барысында қасақана болсын, қателікпен болсын, бірде-бір ауруханаға бомба тастаған жоқ», - дейді. Оның айтуынша, «әлгіндей мәлімдеме жасап жүргендердің сөздерін дәлелдейтін ешқандай айғақ жоқ».
Батыс үкіметтері Асад режимін азамат соғысы кезінде химиялық қару қолданды деп айыптаса, адам құқықтарын қорғау ұйымдары оның кластерлік бомба пайдаланып, қала орталықтарын оқшаулау әдістеріне жүгінгенін айтқан. Ал Асад болса «ауруханаларды АҚШ бастаған коалиция күштері қиратты» дейді.
Ресми Дамаск істің ақ-қарасын анықтау үшін өзі құрсауда ұстап отырған қалаларға шетелдік журналистер мен халықаралық бақылаушылардың кіруіне рұқсат бермей отыр.
Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының иегері – «Шекарасыз дәрігерлер» (Medecins Sans Frontieres - MSF) халықаралық қайырымдылық ұйымының дерегі бойынша, 2016 жылдың басынан бері Ресей әскери ұшақтары Сирияның солтүстік-батысындағы Идлиб және Алеппо аймақтарында 14 аурухананы қиратқан.
MSF әскери ұшақтарды Ресейдің я Сирияның ұшқыштары басқарғанын анықтай алмай отыр.
– Ресей Асад режимінің Сирияда этностық тазалау стратегиясын қолдап отыр, себебі Ресей Сирияға өзінің ғаламдық стратегиясын орындау үшін келді, - деді Баланче.
Алайда, өзге сарапшылар Ресейдің Сириядағы босқын дағдарысын әдейі ушықтырып отырғанына дәлел аз деп санайды.
Нью-Йорк университетінің ғаламдық мәселелер жөніндегі профессоры Марк Галеоттидің айтуынша, «соғыстың ауыр зардаптарын өз мақсатына пайдалану мен босқындарды әдейі ығыстырудың арасында көп айырмашылық бар», яғни Мәскеу бұдан өз ұпайын түгендеуге күш салатыны анық, бірақ оның бұл дағдарысты қолдан ұйымдастырып отырғанына көз жеткізетін айғақ жоқ.
БОСҚЫНДАР НӨПІРІ БАСЫЛАР ЕМЕС
Сириядағы соғыс басталған 2011 жылдан бері ел халқының тең жартысы – шамамен 10 миллиондай адам өз үйлерін тастап кеткен, олардың біразы елдің басқа аймағын паналаса, қалғандары шетел асқан.
Елден қашқандардың көбі – соғыс басталған кезден Асад режиміне қарсы шыққан сүннит арабтар. Олар үкіметтің қуғындауынан қорқып шетелге бас сауғалаған. Асад режимі құлап, елге қайтып барармыз деген үмітпен миллиондаған босқын Түркияда және төңіректегі көрші елдерде күн кешіп жатыр. Оппозицияның жеңісінен үлкен үміт күткен Идлиб аймағының кей тұрғындары 2015 жылдың көктемінде өз үйлеріне қайтып барған.
Бірақ қыркүйекте Ресей әскері Асад режиміне көмектесу мақсатында әуе шабуылына кіріскелі бері шетелге қарай жөңкілу қайта басталды.
Сарапшы Баланчтың айтуынша, Башар Асадтың мақсаты – режимге қарсы шыққан миллиондаған адамды елден қуып жіберу, ал соғыс аяқталған соң өзін қолдайтын аз ғана халықты басқарып отыра беру.
Бұған қоса, Сирия күрдтерінің «Демократиялық одақ» партиясы да солтүстік-шығыс пен солтүстік-батыста жатқан күрд анклавтарының арасын қосып, күрдтер мекендейтін біртұтас аймақ қалыптастыру үшін «этностық тазалау» әдісін қолданып жатыр дейді сарапшы.
Ресейдің әскери операциялары күрдтерге көп дем берді, соның кесірінен Асад үкіметінің бөлшектенген елге бақылау орнату мүмкіндігі тіпті шектеле түсті.
Баланчтің айтуынша, Ресей мұнда сириялық күрдтерге қол ұшын беріп отыр, себебі, «күрдтердің ұлтшыл қозғалыстары Таяу Шығыстың шекарасын қайта белгілеп, сол арқылы Түркияны әлсіретеді».
«Соның арқасында Ресей Таяу Шығыстағы негізгі саяси күш ретінде орнығып алуды көздейді» дейді сарапшы.
ЕУРООДАҚҚА ҚАРСЫ «ҚҰРАЛ»
Еуропадағы Карнеги қорының Strategic Europe журналы бас редакторы Джуди Демпсидің айтуынша, Кремльдің Сириядағы әскери стратегиясының мақсаты – тек Таяу Шығысқа ғана емес, сонымен бірге Еуропаға ықпалын арттыру.
Босқындардың Еуропаға қарай ағылуы Ресейге тиімді, себебі ол Еуроодақпен арадағы Украинаға қатысты текетіресте Мәскеудің қолындағы тетік болмақ.
«Путин Германия канцлері Ангела Меркельді әлсіреткісі келеді, себебі Еуроодақ елдерін Ресейге қарсы санкция салуға көндірген сол болатын», - дейді Демпси.
Қараша айында Меркель босқындарға шекараны ашуды ерекше қолдаған. Содан бері 1,2 миллион адамды паналатқан Германияның ресурсы сарқылып барады. Германияда босқындар санын шектеу туралы бастама көтеріліп, Меркельдің рейтингі қатты құлдырап кетті.
Оның үстінде ағылған босқынды қабылдау керек пе, жоқ па деген мәселе Еуроодақты екіге жарды.
«Меркель босқындарды қабылдауға үндеді, бірақ Еуроодақ елдерінің көбі оларды кіргізгісі келмейді, соның кесірінен Еуроодақтың кейбір мемлекеттері шекараларын жауып тастады», - дейді Демпси.
Бұл Еуропадағы Шенген аймағының болашағына қауіп төндіреді әрі Еуроодақ елдерінің арасында Ресей мәселесі бойынша жік туғызады. Меркельге қарсылардың үлкен күшке айналып келе жатқанын ескерсек, бұл Ресейге салынған санкцияларға қатысты дауыс берудің қорытындыларына да әсер ететіні анық.
– Ресей Сириядағы басты ойыншы болса, онымен босқындар мәселесі бойынша келіссөз жүргізуге тура келсе, онда Еуропаның Мәскеуге салған санкцияны күшінде қалдыруы қиындап кетеді, - дейді Баланч.
Сириядағы дағдарысты шешу мәселесі бойынша алауыздық НАТО-ны да біраз әлсіретіп тастады. АҚШ пен Еуроодақ, АҚШ пен Түркия және Еуропа елдері мен Анкара арасында аз-кем келіспеушілік туындады.
РЕСЕЙ ӘСКЕРИ БАЗАСЫ
Асад режимімен одақтасу арқылы Мәскеу 1971 жылдан бері өзі пайдаланып келе жатқан Жерорта теңізіндегі Тартус әскери базасының аумағын кеңейтті әрі жағалаудағы Латакия қаласының маңында жаңа стратегиялық әуе базасын ашты.
Латакия аймағының Жабал Түркман және Жабал Акмад аудандарынан Асадтың қарсыластарын қуып шыққан Ресей ондағы өз әскери ықпалын арттыруға мүмкіндік алды.
Мәскеу Жерорта теңізінде өзінің аймақтық әскери хабын құрып жатыр деуге негіз бар.
НАТО-ның Еуропадағы күштері қолбасшысы генерал Филип Бридлав «Сирияның Жерорта теңізі жағалауында Ресей қалыптастырған әскери инфрақұрылымды, соның ішінде әскери әуе қорғаныс жүйесін іс жүзінде «ұшуға тыйым салынған аймақ» деп атауға болады» дейді.
Генералдың айтуынша, Ресей Еуропаның төңірегінде үшінші «қарсыласу аймағын» қалыптастырды. Қалған екеуі – Калининградтағы Балтық әскери-теңіз базасы мен Ресей аннексиялаған Қырым түбегі.
(Материал ағылшын тілінен аударылды.)