Американың Stratfor Commentary ақпараттық агенттігі сайтында жарияланған «Каспий теңізінде жаңа әскери тәртіп орнауы мүмкін бе?» деген мақала Каспийдегі әскери күштердің орналасу ретін көрсеткен әрі «Каспий теңізіндегі қауіпсіздік архитектурасы көп ұзамай өзгеруі мүмкін» деп ескертеді. Мақала авторларының жазуынша, «Әзербайжан мен Қазақстан Ресейге тәуелсіз әрекет етуге қабілетті өз әскери-теңіз қуатын дамытуға бел байлаған сыңайлы».
Қарашаның 4-інде Әзербайжан мен Қазақстан арасында қорғаныс саласындағы ынтымақтастық туралы 2016 жылы күшіне енетін екіжақты келісімге қол қойылды. «Бұл келісім – Иранның келісімімен Каспийдегі барлық кемелерінен қанатты зымырандарын жөнелтіп жатқан Ресейдің Сириядағы соғысқа белсене араласуына қарымта жауапқа айналды. Мұндай ынтымақтастықтан төнетін қауіпке алаңдаған Әзербайжан мен Қазақстан теңіздегі ортақ мүддесін бірлесіп қорғау арқылы Ресейден іргесін аулақ салуға тырысады» деп жазады Stratfor агенттігі.
2012 жылы алғашқы жобасын іске қосқан Қазақстан кеме жасау саласын дамытып жатыр. Әзербайжан сияқты Қазақстан да Ресей құрал-жабдығына тәуелділіктен арылғысы келеді, мұны «Ресей қорғаныс саласы компанияларының 2010 жылдан бері KADEX экспо көрмесіндегі нашар нәтижелері растап отыр» деп жазады Stratfor. Жуырда Астана ұшқышсыз басқарылатын 10 суасты транспорт құралын сатып алған Францияның ECA Robotics фирмасы қазақстандық теңізшілерге әлгі құралдарды қалай пайдалануды да үйреткен.
«Мұнша өзгерістерден кейін Каспий теңізі жанжал ошағына айналатын сияқты. Бірақ жағдай ушығып, тұрақсыздық орнаса, бұл сыртқы күштердің араласуына түрткі болатынын жақсы түсінгендіктен, Каспий теңізі жағалауындағы мемлекеттер тұрақтылықты сақтап қалуға бар күшін салады» деп жазады Stratfor.
СИРИЯЛЫҚ ТҮРКІМЕНДЕР
Американың New York Times газеті «сириялық түркімендердің» кім екенін түсіндірген. Мақала авторларының айтуынша, Түркіменстанда және Орталық Азия мен Таяу Шығыстың өзге елдерінде тұратын түркімен халқының дәстүрлі атауы «сириялық түркімендерге қатысты сәл өзгешелеу қолданылады әрі олар негізінен арғы аталары Осман империясы кезеңінде отбасылары Анатолиядан Сирияға қоныс аударған түрік тектілер дегенді білдіреді». Сондықтан Орталық Азия түркімендеріне қарағанда, «сириялық түркімендердің» Түркиядағы түркілермен байланысы тығызырақ.
Сириялық түркімендер Сирияның солтүстік-батысында және Түркия шекарасына таяу елдімекендерде тұратын халықтың басым көшілігін құрайды. Сирияның солтүстік-шығысында түркімен бүлікшілерінің Түркия билігі қолдайтын бірнеше жасағы бар. Олар қазір Ресейдің әуе соққысына сүйенген Сирия армиясы мен оның ливандық одақтасы – «Хезболла» қозғалысына қарсы шайқасып жатыр.
Сирияның солтүстігіндегі түркімендерді бомбалауға байланысты соңғы кезде Ресей мен Түркия арасы шиеленісіп тұр. Осы аптада Анкарадағы Ресей елшісіне Сирия түркімендеріне соққы беруді доғаруды талап еткен құжат табысталған. Қарашаның 24-інде Түркия күштері «әуе кеңістігімізді бұзды» деп мәлімдеп, Сириямен шекарасында Ресей ұшағын атып түсірген. Түркімен бүлікшілері «бомбалаушы ұшақтың екі ұшқышын да өлтірдік деп мәлімдеген» деп жазады New York Times газеті.
ТҮРКІМЕНСТАНДАҒЫ БӘЙГЕ
Eurasianet сайтындағы мақалаға сілтеме жасаған Ұлыбританияның Guardian газеті түркімендердің ең сүйікті істерінің бірі – ат бәйгесі жайлы жазған.
«Жексенбі сайын трибуналар халыққа лезде толады. Мемлекеттік мерекелер кезінде немесе басшылардың еркі болмаса, бұқаралық жиындар өте сирек өтетін елде ат бәйгесі – аса маңызды отбасылық оқиға әрі елдің жас-кәрісі бірге жиналуға сирек туатын мүмкіндік» деп жазылған мақалада.
Қолға үйретілген ең байырғы тұқым деп саналатын ақалтеке жылқысы Түркіменстанның ұлттық мақтанышына айналған әрі президент Гурбангулы Бердымұхаммедовтің өзі де атқұмар жан.
Сәуір айында ол өзіне «Халық атбегісі» деген құрметті атақ берген және «Ақалтеке арғымақтары – біздің мақтанышымыз әрі даңқымыз» деген кітаптың авторы» деп жазады Guardian басылымы.