Путинді сөккендерге "араздық қоздыру" айыбы тағылды

Ерлі-зайыпты Нурлан Карымшаков пен Гүлзана Имаева Ресей президенті Владимир Путинге қарсы пикет өткізіп тұр. Бішкек, 28 наурыз 2019 жыл.

Бішкекте Ресей президенті Владимир Путинге қарсылық акциясын өткізген Нурлан Карымшаков пен әйелінің ісін сот жабық отырыста қарады. "Араздық қоздыру" айыбы тағылған ерлі-зайыптыдан тергеу аяқталғанша ешқайда кетпеу туралы қолхат алды.

ПУТИН САПАРЫ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ПИКЕТ

Наурыздың 29-ына қараған түні Бішкектің Бірінші мамыр аудандық соты белсенді Нурлан Карымшаков пен оның әйелі Гүлзана Имаеваға бұлтартпау шарасын тағайындау мәселесін жабық отырысында қарады. Ерлі-зайыпты екеуі сәрсенбіде Ресейдің Қырғызстандағы елшілігі алдына Ресей президенті Владимир Путинге наразылық білдіріп пикетке шыққанда ұсталған еді. Сот оларды тергеу аяқталғанға дейін ешқайда кетпеу туралы қолхат алып босатты.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, Карымшаков пен зайыбы қарсылық акциясына "Путин – агрессор, кісі өлтіруші" және "Ыстықкөлде Путиннің қаруына жол жоқ!" деген жазуы бар плакаттар ұстап шыққан. Ерлі-зайыптыны бірден ұстап, милиция бөлімшесіне жеткізген.

Your browser doesn’t support HTML5

Путинге қарсы пикетке шыққан ерлі-зайыптыға "араздық қоздыру" айыбы тағылды

Милиция Нурлан Карымшаковтың үйін тінту барысында 17,6 мың доллар және қару табылғаны туралы хабарлады. Бішкек қалалық ішкі істер басқармасының баспасөз хатшысы Мира Абдылдаева Азаттықтың Қырғыз қызметіне Карымшаковтың "заңсыз қару ұстағанын" айтты.

"Сот санкциясы бойынша жүргізілген тінту барысында Нурлан Карымшаковтың үйінен қосауыз мылтық, 10 оқ, бір құты оқдәрі мен 17,6 мың доллар табылды. Нурлан Карымшаков пен Гүлзана Имаеваның 2019 жылы наурыздың 21-25 аралығында Мексикада болғаны анықталды және олардың қолындағы сол елдің визасы 2019 жылғы 30 шілдеге дейін жарамды" деді полиция өкілі.

Карымшаков пен зайыбы ұсталған сәттен бастап осы істі бақылаған қырғызстандық құқық қорғаушы Рита Карасартова қару Нурланның марқұм әкесінікі екенін, ол кісі қоршаған ортаны қорғау саласында жұмыс істегендіктен барлық тиісті құжаттары заңға сәйкес рәсімделгенін айтады. Кей деректер бойынша, белсендінің әкесі қайтыс болғаннан кейін балконда тығулы жатқан қаруды ешкім пайдаланбаған. Нурлан Карымшаковтың өзі жұмыс бабымен шетелге шығып тұрған. Оның төлқұжатында Мексика мен Шенген аймағына кіруге рұқсат ететін визасы бар. Ал бұрынғы баспанасын сатқан соң ақшаны үйде сақтаған, қазір жаңа үй сатып алу туралы келісім әзірленіп жатыр деп түсіндіреді.

НАРАЗЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ

Ресей президенті Владимир Путин Қырғызстанға мемлекеттік сапармен келерден бір күн бұрын, наурыздың 27-і күні таңертең Ресейдің Бішкектегі елшілігі алдына Путинге наразылық білдіріп шыққан Карымшаков пен зайыбын милиция ұстап әкеткен. Олардың адвокаты Замир Жоошевтің айтуынша, ерлі-зайыптыны милиция бөлімшесінде күні бойы ұстап, кейін тергеушіге тапсырған.

Адвокат Замир Жоошев ұсталғандарға заңсыз айып тағылғанын айтады.

Адвокат Замир Жоошев.

- Олардың плакатында "Путин - агрессор" және "мұнда ресейлік база болмауы керек" деген екі пікір жазылған. Яғни онда шет елдерде адам қазасына себеп болып жатқан агрессия мен "Ыстықкөлде қару сынауға болмайтыны" туралы айтылған. Нақ осы жағдайда азаматтарымыз Путиннің қандай адам екені туралы ой-пікірін ашық білдіріп, конституциялық құқықтарын пайдаланды. Оларға "нәсілдік, этникалық, ұлттық, діни немесе дінаралық араздық қоздырды" деген айыпты сараптама қорытындысына сүйеніп тағып отыр. Бірақ плакаттардағы жазуларда ұлт, дін немесе нәсіл туралы сөз жоқ қой? Сонда қалай, Путин – ұлт, дін немесе нәсіл болғаны ма? Бұл жерде адам туралы айтылып тұр ғой. Сондықтан оларға осы бап бойынша айып тағу дұрыс емес, - дейді адвокат.

Бұл фактіні қылмыстар мен заң бұзудың бірегей реестріне енгізер алдында тергеушілер лингвистикалық сараптама тағайындаған. Мемлекеттік сот-сараптама қызметі ерлі-зайыпты азаматтар ұстап шыққан плакаттарда "ұлтаралық және діни араздықты қоздыруға, нәсілшілдікке шақыратын" жазу бар деген қорытынды жасаған. Осының негізінде Бішкектің Бірінші мамыр аудандық соты Карымшаковтардың үйін тінтуге санкция берген.

ТІНТУ

Құқық қорғаушы Рита Карасартова билік ойын ашық айтқаны үшін ерлі-зайыптыны милиция бөлімшесінде ас-сусыз ұзақ уақыт ұстады деп мәлімдеді. Оның пікірінше, оларға экстремизм айыбын тағу – заңды өрескел бұзу болмақ.

Құқық қорғаушы Рита Карасартова.

- Олардың үйінен заңға қайшы ештеңе таппаса да екеуінің үстінен экстремизм бабы бойынша іс қозғаған. Наурыздың 27-і күні таңертең ұсталған ерлі-зайыптыға келесі күні таңертеңге дейін нәр татырмаған. Бұл азаптаумен тең. Милиция қызметкерлері бұл үшін жауап беруі керек, - дейді ол.

Бішкек қалалық ішкі істер басқармасы азаматтық ұстанымдарын білдіріп елшілік алдына пикетке шыққан Нурлан Карымшаков пен Гүлзана Имаеваны милиция бөлімшесінде 15 сағаттан артық ұстауға және екеуіне ұлтаралық араздық қоздыру айыбын тағуға байланысты әзірге комментарий бермеді.

АРАНДАТУ МА, ӘЛДЕ СЫНАУ МА?

Кремльшіл көзқарастағы саясаттанушы әрі әскери сарапшы Токтогул Какчекеев Нурлан Карымшаков пен Гүлзана Имаеваның елшілік алдындағы пикетін арнайы ұйымдастырылған арандату деп санайды.

Саясаттанушы Токтогул Какчекеев.

- Егер бізде болып жатқан кей оқиғаларды салыстырар болсақ, жоспарланған нәрселер жиі кездесетіні аңғарылады. Осындай айтақтаулар кезінде кей күштерге Путиннің Қырғызстанға сапарын қош көрмейтіні жайлы ақпараттың шыққаны қажет болған. Сондықтан дәл осындай әсер қалдыру үшін осындай акцияна алдын ала жоспарлап, өткізген болуы ықтимал. Өйткені бұлардың "Путин – кісі өлтіруші" деген плакатты күні бұрын дайындап, елшілік алдына шығуы тегін емес. Мұндай сөзді Украина жиі айтатынын білеміз. Сондықтан бұл іске баға беруге асықпай, тергеу қорытындысын күтейік, - дейді ол.

Қырғыз белсендісі Нурлан Карымшаков бұған дейін Ресей ықпалындағы Еуразия экономикалық одағы құрамына Қырғызстанның кіруіне қарсы саяси акцияларға қатысқан. Азаматтық белсенді Марат Мусуралиев "Қырғызстанда Путинді сынауға тыйым салатын заң бар ма еді?" деп таңданыс білдіреді.

- Нурлан – айқын азаматтық ұстанымы бар адам. Ол қоғамға өз ойын жеткізбекші болды. Оны зайыбы да қолдады. Білуімше, Нурлан талдау орталығын басқарған. Саясаттану саласында алған білімі бар. Оны Путин туралы пікірін білдіргеніне бола ұстап, тұтқындау билікке абырой әпермейді. Күллі әлемде Путин туралы не айтпайды дейсіз? Біздің азаматтарымыздың оны сынауға құқы жоқ па? Ондайға заң жүзінде тыйым салынған ба еді? – дейді ол.

Заңгерлер ерлі-зайыпты Нурлан Карымшаков пен Гүлзана Имаеваға тағылған "ұлтаралық араздық қоздыру" бабы бойынша Қылмыстық кодексте он жылға дейін бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылғанын айтады. Қырғызстан Конституциясында барлық азаматтарға бейбіт шеру, пикет өткізіп, ой-пікірлерін еркін білдіру құқығы берілетіні жазылған.