17 ҚҰЖАТҚА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
28 наурызда Ресей президенті Владимир Путиннің Бішкекке мемлекеттік сапары аясында Қырғызстан пен Ресей 17 екіжақты құжатқа қол қойып, 6 миллиард доллардың келісімдерін бекітті.
"Ресей федерациясы біздің жақын, сенімді және адал одақтасымыз әрі ұзақ мерзімдегі стратегиялық әріптесіміз. Біз оның ортақ қауіпсіздікті нығайтуда, ғаламдық және аймақтық проблемаларды шешуде жетекші рөл атқаратынын мойындаймыз. Ресейдің жетістігіне әрқашан қуанамыз" деп мәлімдеді Жээнбеков.
Путин екі тараптың ресми өкілдері екіжақты әріптестік пен ынтымақтастық, соның ішінде Еуразиялық кеңістік аясындағы интеграция мәселелерін кеңінен талқылағанын айтты.
Ресей үкіметі Қырғызстанға қайтарымсыз көмек ретінде 30 миллион доллар беретіні туралы "Интерфакс" агенттігі хабарлады. Бұл қаржы Қырғызстан мемлекеттік бюджетін қолдауға бөлінбек.
РЕСЕЙ ӘСКЕРИ БАЗАСЫ ЖАЙЛЫ ХАТТАМА
Путиннің сапары кезінде Бішкек пен Мәскеу Қырғызстандағы ресейлік біріккен әскери база туралы келісімге өзгертулер енгізді.
Ресейдің құқықтық ақпарат шығатын ресми сайтында жарияланған хаттамаға сәйкес, екі тарап Қырғызстандағы ресейлік әскери базаның аумағын кеңейтуге келіскен. Әуе базасы аумағында дрондар ұшыру тәртібі де өзгертілетіні хабарланды.
ВИДЕО: Ресейдің Қырғызстандағы әскери базасы ұлғаяды
Ресми ақпарат бойынша, әскери әуе базасын жалға алғаны үшін жыл сайын төленетін ақша 4,5 миллион доллардан 4,79 миллион долларға дейін көбеймек.
Қырғызстан қарулы күштері бас штабының бастығы Райимберди Дуйшенбиевтің журналистерге айтуынша, хаттама елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қырғыз әскерилерін дрондарды бірлесіп қолдануға үйретуге, ресейлік әскери әуежайдың ұшу алаңын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Жаңа хаттаманы екі ел ратификациялағаннан кейін ол күшіне енеді.
Қырғызстанның Шу облысы Кант қаласында ресейлік әскери база 2003 жылы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) аясында ашылған болатын. ҰҚШҰ-ға Ресей және Қырғызстанмен бірге Армения, Беларусь, Қазақстан мен Тәжікстан да мүше.
Кант әуе базасынан бөлек Қырғызстанда тағы үш ресейлік әскери нысан бар. Олар – қазақ-қырғыз шекарасы тұсында орналасқан Чалдовардағы байланыс торабы, Ыстықкөлдегі сынақ орталығы және Майлысудағы сейсмикалық пункт.
Осы аталған төрт нысан 2012 жылы Ресейдің біріккен әскери базасы құрамына енген. 2017 жылдың басында ресейлік әскерилердің Қырғызстанда болу мерзімі келер 15 жылға ұзартылған болатын. Бұл мерзім аяқталған кезде келісім шарттар әр бес жыл сайын автоматты түрде ұзартылатын болады.
Қырғызстанда ресейлік тағы бір әскери нысан пайда болуы мүмкін екені жайлы әңгіме оқта-текте айтылып жүр.
Өткен айдың басында Қырғызстанға сапары кезінде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров егер Бішкек ықылас білдірсе Мәскеу екінші әскери база ашу мәселесін талқылауға дайын екенін айтқан. Содан үш күн бұрын Қырғызстанның Ресейдегі елшісі Аликбек Джекшенкулов Бішкек елдің оңтүстігінде Ресейдің екінші әскери базасы ашылуы мүмкін екенін жоққа шығармайтынын мәлімдеген болатын. Ақпанның 7-і күні Қырғызстан қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Дамир Сағынбаев Қырғызстан өз территориясында тағы бір ресейлік әскери база ашу мәселесін қарастырып жатпағанын, әйткенмен Мәскеу мен Бішкек екінші әскери база ашу мәселесіне болашақта қайта оралуы мүмкін екенін айтқан еді.
ПІКІРЛЕР