"Қырғыз темір жолы" мемлекеттік компаниясында заң бұзу оқиғалары анықталғаны туралы бұған дейін Қырғызстан парламентінде бірнеше рет мәселе қозғалып, кей депутаттар Алмазбек Ногойбаевты қызметтен алуды талап еткен болатын.
Қырғызстан премьер-министрі Мұхаммедкалый Абылгазиев Көлік және жолдар министрі Жамшитбек Калиловтың ұсынысы бойынша Алмазбек Ногойбаевты қызметінен алғаны туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады. Компания басшысының қандай себеппен жұмыстан босатылғанын министрліктен анықтау мүмкін болмады.
Үкімет жетекшісінің өкімімен "Қырғыз темір жолы" бас директоры қызметіне бұған дейін компанияның темір жол жобалау дирекциясын басқарған Қанат Абдыкеримов тағайындалған.
Бұған дейін Көлік және жолдар министрі Жамшитбек Калилов "Қырғыз темір жолы" мемлекеттік компаниясындағы жағдайға байланысты арнайы комиссия жұмыс істеп жатқаны, егер қаржы заңдылығы бұзылғаны анықталған жағдайда кей жауапты қызметкерлерге қатысты шаралар қолданылатыны туралы хабарлаған.
Алмазбек Ногойбаев Азаттықтың Қырғыз қызметіне қазір денсаулығына байланысты уақытша еңбекке жарамсыз екенін, өзіне қатысты жаңалықты интернеттен білгенін айтты.
- Мен қазір сырқатыма байланысты уақытша еңбекке жарамсыз болғандықтан демалыстамын. Әзірше ештеңе айта алмаймын. Интернетте солай деп жазып жатыр, бірақ ешкім маған телефон шалмады, ештеңе хабарлаған жоқ, - деді ол.
Бұған дейін Қырғызстан парламентінде "Қырғыз темір жолы" мемлекеттік компаниясында заң талабы өрескел бұзылатыны, ал компания басшылығы миллиондаған кірісті иеленіп алатыны" туралы мәлімдемелер жасалған. Сонымен бірге компания басшысы Алмазбек Ногойбаевтың атына сын айтылған.
Парламент депутаты Жанар Ақаевтың сөзінше, "Қырғыз темір жолы" компаниясы Қазақстаннан 150 вагон сатып алу үшін Ресей-қырғыз қорынан 8 миллион 380 мың доллардың несиесін алған, бірақ ол вагондар әлі күнге дейін келмеген. Бұған қоса депутат "Алмазбек Ногойбаевтың балалары мемлекеттік компания иелігіндегі алаңды жеке мақсатқа пайдаланып отыр, солардың біріне оның қызы қонақүй салған" деп мәлімдеген.
Депутат Ақаев "Қырғыз темір жолы" компаниясының Қазақстанға қарызы бола тұра, Өзбекстанның берешек 137 миллион сом қарыз ақшаны кешіргенін сынаған.
2018 жылы наурызда Азаттықтың Қырғыз қызметінің "Ыңғайсыз сұрақтар" бағдарламасы темір жол саласындағы жемқорлық туралы зерттеуін жариялаған:
Парламент депутаты Жанар Акаев мемлекеттік компания жұмысына қатысты барлық деректер мұқият зерттеліп, заң бұзылғаны анықталған жағдайда Алмазбек Ногойбаевқа қатысты тергеу ісі қозғалуы тиіс деп санайды.
- Алмазбек Ногойбаевтың іс-әрекеттері туралы біз парламентте үш ай бойы айттық. Азаттық пен өзге БАҚ бұған қатысты дерек-дәйектер жариялады. Олар тек енді ғана оны орнынан босатады. Және "қызметінен босатылсын" дегені сенім туғызбайды. Бір апта бұрын құқық органдарынан "Қырғыз темір жолы" мемлекеттік кәсіпорнында заң бұзушылық анықталығаны" туралы хат түскен. Сондықтан, енді сөзсіз қылмыстық іс қозғалуы керек. Қырғызстанда қызметінен жаңа ғана босатып қоя беру әдетке айналған. Бұлай істеуге болмайды, біз қылмыстық іс қозғалуын талап етеміз, - деді депутат.
Биыл мамырда "Қырғыз темір жолы" компаниясында жолсерік болып істейтін бірнеше адам кәсіпорындағы жемқорлық туралы мәлімдеп, басшылықты айыптаған. Олардың сөзінше, "басшылар кей жолаушыларды билетсіз тасымалдап, ақшаны қалтасына басады".
Осыдан кейін жолсеріктердің бірі Әлия Асанбаева басшылық тарапынан қысым көріп жатқанын мәлімдеп, ел президенті Сооронбай Жээнбековтен жәрдем сұраған.
Бірақ "Қырғыз темір жолы" мемлекеттік компаниясының сол кездегі басшысы Алмазбек Ногойбаев бұл айыптаулардың барлығын жоққа шығарған.
Жуырда Қырғызстанның көліктегі прокуратурасы "Қырғыз темір жолы" компаниясы қызметкерлерінің үстінен Қылмыстық кодекстің "Коммерциялық және басқа ұйымдар қызметкерлерінің өкілеттіктерін теріс пайдалануы" және "Алдау және сенімге кіру арқылы мүлікке зиян келтіру" баптары бойынша іс қозғаған. Тергеу деректері бойынша, Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің Коррупцияға қарсы қызметі биылғы жыл басынан сәуірдің 30-ына дейін Ресей қалаларына қатынаған 67 жолаушы пойызына небәрі 4868 билет сатылғанын анықтаған. Алайда, "Қырғыз темір жолы" компаниясы мен Мемлекеттік шекара қызметінің мәліметтері бойынша, "Қайыңды" темір жол өткізу бекеті арқылы 2874 жолашулы билетсіз өткен.
Қырғызстанның темір жол саласында 43 жыл жұмыс істеген Алмазбек Ногойбаев соңғы 10 жыл бойы басшылық қызмет атқарған. Ол мемлекеттік компанияда бірнеше рет тексеру жүргізілгенін және заң бұзу оқиғалары анықталмағанын айтып, тағылған айыптардың барлығын жоққа шығарады.
- Олар барлығын тексерді. Ештеңе жоқ. Бұл айыптаулар – бос сөз, - деген Ногойбаев.
"Қырғыз темір жолы" компаниясы табысының тек жарысын ғана мемлекетке салық ретінде төлейді. Бірақ соңғы жылдары кәсіпорынның кірісі күрт кеміп кеткен. 2014 жылы компанияның табысы 1 миллиард сомнан асса, 2017 жылы 650 миллион сомға жуық кіріс түскен.