Жәкішевтің қайын атасына шабуылға күдікті қыз қамаудан босатылды

Қырғызстандық бизнесмен Райхан Алканов.

Белгілі бизнесмен Райхан Алхановтың адвокаты Талас қалалық соты шығарған шешіммен келіспей, аппеляциялық шағым жолдады. Ақпанның 16-сы күні қалалық сот 17 жастағы күдікті қызды үй қамағына босатқан.

Адвокат Юрий Скатневский «бизнесмен Алхановты пышақтады» деп күдікке ілінген қызды сот негізсіз босатты деп есептейді. Оның пікірінше, сот бұл шешімді омбудсмен институты араласқан соң қабылдаған.

- Сотқа омбудсмен ықпал еткен. Біз бұл заңсыз әрекет деп санаймыз. Сот қызды үй қамағына ауыстыру туралы шешімді негізсіз қабылдаған. Қылмыс жасаған соң қашып кеткен, әрі «ауыр қылмыс жасады» деп айыпталады. Сондықтан оны ұстаған соң бұлтартпау шарасын өзгертпеуі, үй қамағына босатпауы тиіс еді. Біз Талас облыстық сотына шағымдандық, - дейді адвокат Юрий Скатневский.

Омбудсмен Бақыт Аманбаев құқық бұзу фактісіне қатысты сотқа арыз жолдағандарын растайды. Бірақ ол «сот шешіміне осы өтініш ықпал етті» деген айыппен келіспейді.

Кәмелетке толмаған қызды түрмеге отырғызуға заң жүзінде тыйым салынады. Егер оны қамауда ұстағысы келсе, ол тергеу абақтысы емес, арнайы мекемеде отыруы тиіс

- Сот билігі - тәуелсіз орган. Сондықтан сотқа ешкім қысым жасай алмайды. Мен тек Қырғыз Республикасы заңдары мен халықаралық конвенция нормалары бұзылғанын ғана хабарладым. Біздің елде 18 жасқа толмағандарды абақтыға қамауға тыйым салынғандықтан, жоғарғы сот пен бас прокуратураға тиісті арыз жолдадым. Мен сот ісіне араласқан жоқпын әрі «күдікке ілінген қыз кінәлі немесе кінәсіз» деген жоқпын. Кәмелетке толмаған қызды түрмеге отырғызуға заң жүзінде тыйым салынады. Егер оны қамауда ұстағысы келсе, ол тергеу абақтысы емес, арнайы мекемеде отыруы тиіс, - дейді омбудсмен.

Былтыр бизнесмен Алхановқа «шабуыл жасады» деген күдікпен үш адам – 15 және 16 жастағы екі қыз, 32 жастағы әйел ұсталған. Жасы кішісі бірден үй қамағына босатылған. Ал 16 жастағы қызды биыл ақпанның 16-сы күні үй қамағына босатқан.

Қыздың анасы «қызымды зорлады» деген арыз жазған. Бірақ тексеру жүргізген милиция «зорлық фактісін расталмады» деп хабарлайды.

Ал 33 жастағы күдікті әйелді психиатриялық сараптамадан өткізу туралы шешім шыққан. Оның адвокаты Марина Эдигееваның хабарлауынша, күдікті әйел айыпты мойындаған, бірақ «қылмыс жасаған сәтте өзімді ұстай алмай қалдым» деп мәлімдеген.

Күдікті Амангелдіқызы Гүлнәрдің «жәбірленушіні пышақтаған кезде өзімді ұстай алмай қалдым» деген сөзін растау үшін сараптама тағайындалды

- Күдікті Амангелдіқызы Гүлнәрдің «жәбірленушіні пышақтаған кезде өзімді ұстай алмай қалдым» деген сөзін растау үшін сараптама тағайындалды. Ол қанша рет пышақ салғанын білмейді. Сараптама жуырда ғана тағайындалды. Бұл бірер күнде біте қоятын шаруа емес, оны тергеу амалдары кезінде шешу керек болатын. Сотталушы айтқан соң бірден сараптамадан өткізу керек еді ғой. Бірақ оны өткізбеген. Сондықтан сот процесі басталғаннан кейін осындай өтініш жолдадық, - дейді Марина Эдигеева.

Қазанның 26-сі күні Талас қаласындағы үйінде бірнеше жерден пышақталып, жаралы жатқан күйде табылған 80 жастағы кәсіпкер Алханов ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер «оның денесіне 18 жерден пышақ салынған» деп мәлімдеген. Әлдебір дереккөздерге сілтеме жасаған кейбір ақпарат құралдары «күдікке ілінген 16 жастағы қыздың кәсіпкермен байланысы болған» деп хабарлаған.

Ал Алханов «жалған ақпарат таратты» деп милицияны айыптаған. Күдіктілер Алхановты ақша талап етіп, жаралағандарын мойындаған. Олар бизнесменнен 150 мың сом алған.

Райхан Алханов - Қырғызстанның бай адамдарының бірі. Ол «Алханов және компания» фирмасын басқарады. «Дордой» базарының жанында орналасқан «Алханов» базарының қожайыны.

Бұрын саяси процестерге қатыспай жүрген Райхан Алханов 2010 жылы «Бүтін Қырғызстан» партиясынан парламентке сайлауға түскен. Партия тізімінде бесінші болған.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Элеонора Бейшенбекқызының мақаласы)