Қырғыз партиялары сайлаушыға сыйлағанын кері алды

Футбол алаңы. (Көрнекі сурет)

Парламент сайлауы өткен соң кейбір қырғыз партиялары сайлауға дейін өз сайлаушыларға сыйға тартқандарын кері қайтарып алды. Олардың қылығы тұрғындарды қайран қалдырып отыр.

Орталық Азияның көптеген қалалары мен ауылдарындағы сияқты, Қырғызстанның Қара-Суу ауылының балалары да тастақ жерде, кейде шаң-топырақтың үстінде футбол ойнап келген еді. Сондықтан, «Қырғызстанның біріккен Еңбек партиясы» шенеуніктері Қара-сууда – әйгілі Ыстықкөлге жақын жерде – жасанды көгалы бар футбол алаңын орнатып береміз дегенде ондағы футбол әуесқойларының қуанышы қойнына симаған еді.

АУЫЛДАҒЫ ФУТБОЛ КӨГАЛЫ

Бірақ, қазанның 4-і күнгі сайлауда қарасулықтардың үштен бірі ғана Еңбек партиясына дауыс берген екен. Осы оқиғадан екі апта өткен соң партия өкілдері ауыл тұрғындарына тарту еткен жасыл шымды қайтарып алатындарын айтқан.

Қара-суу жастар бірлестігінің төрағасы Әділет Саралаев Азаттыққа Еңбек партиясының өкілдері ауыл тұрғындары өздерін қолдамағандықтан жасанды көгалды қайтарып алмақшы дейді.

– Олар футбол алаңын ұсынған кезде ауыл тұрғындары партиямызға дауыс берсін деген талап қойған жоқ, - дейді ол.

855 адам мекендейтін Қара-суу ауылының тұрғындары жасанды алаңды қалдыруды сұрап, наразылық білдірген соң Еңбек партиясының мүшелері райларынан қайтқан. Қара-суу орналасқан Кочкор ауданындағы Еңбек партиясының өкілі Талант Тұрысбекұлы Азаттыққа «алаңның орналасу жеріне қатысты түсінбестік болғанын» мәлімдеді.

Саралаевтың айтуынша, ауыл белсенділері кейін партия басшылығына хабарласып, футбол алаңына қатысты тілектерін жеткізген. Қазанның 14-і күні Еңбек партиясының жергілікті шенеуніктері жұмсарып, жасанды көгалды қалдыруға келіскен.

ГЕНЕРАТОРДЫ АЛЫП КЕТТІ

Еңбек партиясының төрағасы және танымал қырғыз олигархы Асқар Салымбеков, деректерге қарағанда, көбірек дауыс жинау үшін бірнеше ай бұрын қалалар мен ауылдарға жаңа футбол алаңдарын салуға уәде берген екен. Өкінішке қарай, қарасулықтар сияқты сыйға алған затын ауылда қалдырмай, одан айырылып қалғандар да бар.

Парламент сайлауына дауыс беруге арналған сайлау учаскесі. Ош, 4 қазан 2015 жыл.

Қырғызстанның екінші үлкен қаласы Ошқа жақын орналасқан оңтүстіктегі Монок қаласының тұрғындары қыркүйектің 25-і күні елдімекенге жаңа электр генераторы орнатылғанда қатты қуанған. Бұл қала энергия тапшылығын бұрыннан сезініп келген еді. Жаңа генераторды Қырғызстанның Социал-демократиялық партиясы орнатқаны хабарланған.

Бірақ, парламент сайлауынан кейін төрт күн өткен соң Монок қаласында сайлау қорытындысы бойынша екінші орын алған социал-демократтар (жалпы ұлттық санатта жеңгеніне қарамастан) энергия генераторын алып кеткен.

Электр энергиясы генераторын орнатқан «Ошэлектро» компаниясының өкілі Диқанбай Даминов бұл әрекеттің социал-демократтарға қатысы бар екенін мойындамайды.

– Біз генераторды көшкіннен жапа шегіп, жарықсыз қалған Ноокат Алмалық ауылына апардық, - деген Даминов Моноктағы генератор бұрынғыдан да қуаттыға ауыстырылған деп хабарлады.

Бірақ Монок тұрғындары елдімекенге жаңа генератордың әкелінбегенін айтады.

Саяси партиялардың сайлау алдында тұрғындарға қымбат сыйлықтар жасап, кейін оны қайтарып алу тәжірибесі постсоветтік өзге республикаларда да кездеседі. Ресейлік Ядрин қаласында биліктегі «Единая Россия» партиясының өкілі Александр Жарков қыркүйектің 13-і күні болатын сайлау алдында балалар алаңын салған еді. Бірақ, сайлау өткен соң оппозициялық партия өкілі жеңгені анық болысымен әткеншек, сырғанақтары бар балалар алаңын түк қалдырмай қазып, алып кеткен.

(Мирлан Кадыров пен Пете Баумгартнердің мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.)