Accessibility links

Қырғыз депутаттарының жаңа креслолары дау тудырды


Қырғызстан парламентінің мәжіліс залы.
Қырғызстан парламентінің мәжіліс залы.

Қырғызстан Жогорку кенешіне өткен партиялар парламенттегі орындарды бөлісіп жатқанда, жаңа депутаттар отыратын жұмсақ креслоларға байланысты ақпарат қоғамда наразылық тудырды.

Қырғызстан Жогорку кенешінің іс басқармасы алтыншы шақырылымдағы парламент депутаттарына жаңа 120 кресло сатып алу жөнінде тендер жариялады. Бұл туралы хабарландыру мемлекеттік сатып алу порталында жарияланды.

Жаңа орындықтарды сатып алуға бюджеттен 2 миллион 682 мың сом (шамамен 38 мың 160 АҚШ доллары) бөлу көзделген. Бұл соманы 120 креслоға бөлгенде әр креслоның құны 22 мың 350 сомнан (318 АҚШ долларынан) айналады. Тендер шарты бойынша, орындықтар былғарымен қапталған болуы керек және құрамында ауыр металдар мен формальдегид болмауы тиіс. Сонымен бірге креслолар 120 килограмға дейін салмақты көтере алуы қажет әрі шынтақ қоятын жері таза ағаштан жасалуы керек.

Қырғызстан үкіметінің ресми мәліметі бойынша, 2014 жылы елдегі орташа айлық жалақы 12 мың сом (шамамен 170 АҚШ доллары) болған.

Бір қызығы, сайлау додасы кезінде партиялардың барлығы депутаттарға берілетін артықшылықтардан бас тартып, мемлекеттік шығындарды азайтамыз деп жарыса мәлімдеген еді. Әр шақырылым жұмысқа кіріскен сайын осылай даурығып бастап, соңынан ол мәселені ұмытып кете беретін болған.

Интернетте қырғыз парламенті іс басқармасының депутаттарға орындықтар сатып алу туралы бұл хабарландыруы үлкен дау тудырды. Жұрттың көбі бұл бастамаға наразылық білдіріп жатыр.

САЛЫҚ ТӨЛЕУШІНІҢ УӘЖІ

Қырғызстандық азаматтық белсенді Айбек Баратов «дағдарыс меңдеп, әлеуметтік жағдай ушығып тұрғанда 318 долларға креслолар сатып алу – салық төлеушілерді мазақ ету» деп біледі.

Қырғызстандық азаматтық белсенді Айбек Баратов. Бішкек, 18 маусым 2015 жыл.
Қырғызстандық азаматтық белсенді Айбек Баратов. Бішкек, 18 маусым 2015 жыл.

– Мен – салық төлеушімін. Осындай шешімдердің біздің салық төлеуге деген құлшынысымызды басып тастайды. Дамыған елдерде бәрі әлдеқайда қарапайым, ал біздің депутаттар шалқыған өмірді, жылы-жұмсақты қалайды. Бәлкім ертең оларға жаңа ноутбук қажет болатын шығар? Жақында Жогорку кенеште болдым, креслоларына отырып көрдім, сапасы жақсы болатын, - дейді ол.

Баратов қажеттілік туса, барлық 120 креслоны емес, біразын ауыстыруға болар деп санайды. Оның себебін 120 депутаттың барлығы жұмысқа барып жүрген жоқ, демек ол креслолар да отыруға жарамайтындай ескіріп қалмаған шығар деп түсіндіреді ол. Салық төлеуші депутаттарға кеңселерде қолданылатын, бағасы 20 долларлық креслоларды алып беруге болады деп санайды.

– Депутат өзінің тікелей міндеттерін орындауы керек, егер ыңғайлы орындықта отырғысы келсе, онда өз кабинетіне қалаған креслосын сатып алсын. Парламент депутаты неғұрлым өзін биікке көтерсе, соғұрлым халықтан алшақтай береді. Мен бұған үзілді-кесілді наразылық білдіремін, өз басым мұндай қымбат орындық алуға ұялған болар едім. Салық төлеуші ретінде бұған рұқсат етпеймін және жол бермеймін, мен бұған қарсымын және сіздер де мені қолдайсыздар деп ойлаймын, – дейді Айбек Баратов.

Сайлау науқаны басталғалы бері депутаттарға берілетін артықшылықтарды алып тастау үшін күресіп жүрген журналист әрі азаматтық белсенді Азамат Тынаевтың айтуынша, кресло сатып алу – әңгіменің бергі жағы ғана.

– Бүгін кресло дейді, ертең жөндеу жұмыстары дейді, арғы күні ше? Бұл іспен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жемқорлыққа қарсы қызметі айналыспай тұрғанда Жогорку кенештің іс басқармасындағы жағдайды депутаттардың өздері ретке келтіруі керек, - дейді ол.

СӨЗ БЕН ІС

Қырғызстанның Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясы қазанның 4-і күні өткен парламент сайлауына дауыс берудің түпкілікті қорытындысын әлі жариялаған жоқ, дегенмен депутаттық орындардың кімге бұйыратыны қазірдің өзінде шамамен анықталып қойған. «Кресло дауы» шыққан соң Қырғызстан Социал-демократиялық партиясынан депутаттыққа кандидат Жанар Ақаев Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында президенттің баспасөз хатшысы болған кезінде үлкен креслодан бас тартып, қарапайым орындықта отырғанын жазды.

«Маған 22 мың сомға кресло алмай-ақ қойыңыздар» деп өтініш білдірген Жанар Ақаев.

Парламенттің қазіргі депутаты Равшан Жээнбеков Facebook-тегі парақшасында: «Билік тармақтарының шығындарын қысқарту қажеттігі туралы барлық партиялардың бағдарламаларында айтылған. Енді неге солардың үндері шықпай қалды?» деген сауал қойды.

Қырғызстан Социал-демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Чыныбай Турсунбеков Азаттыққа берген сұхбатында осыған дейін қолданып келген креслосында әрі қарай отыра беретінін айтты:

– Қазіргі креслом жақсы, оның үстіне салмағым да 120 килограмм емес. Мүмкіндігінше бюджет қаржысын үнемдеуіміз керек. Тендер туралы ақпарат құралдарынан білдім. Жогорку кенеште әлі жиналған жоқпыз, бірақ алғашқы басқосуда осы мәселені талқыға саламыз.

Оның сөзінше, Жогорку кенештің іс басқармасы депутаттармен келіспей жаңа креслолар сатып ала алмайды. K-News-ке берген сұхбатында парламенттің іс басқармасы меңгерушісінің орынбасары Нұрбек Қадыров «ескі креслолар жарамсыз болып қалғанын, олардың балалар үйлеріне өткізілетінін» айтқан.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ НАРАЗЫЛЫҚ

Қырғызстанның әлеуметтік желі қолданушылары жаңа сайланған депутаттарға қымбат креслолар сатып алуға наразылық білдіріп, флеш-моб ұйымдастыра бастады.

Жогорку кенеш іс басқармасының шешімін астамшылыққа балаған олар #120кресел деген хэштег аясында өз жұмыс орындарындағы креслолар мен орындықтардың суреттерін жариялап жатыр.

Бұл шарадан тіпті Қырғызстанның Білім және ғылым министрі де шет қалмаған:

Жарияланған суреттердің арасында езу тартқызатындары да бар:

Ал кейбіреулер орындық таңдауда тапқырлық көрсеткен:

Депутат креслосының бағасымен салыстырғанда, бұл – жай отырғыш ғана деп жазады Twitter қолданушы:

Ал мына сурет авторы өзінде осындай төрт кресло барын айтыпты:

Кейбіреулер тұрып жұмыс істегенді қолайлы көреді екен:

Кейбіреулер тіпті өз креслосының суретін жариялауға арланады:

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалдары негізінде әзірленді.)

XS
SM
MD
LG