Келісімшарт бойынша Қырғызстан 2015 жылдың 9 мамырынан бастап Еуразия одағының толық мүшесі болуы тиіс.
Қырғызстанның экономика министрі Темир Сариев желтоқсанның 23-і күні Азаттықтың Қырғыз қызметіне:
- Біз үлкен келісімге қол қойдық. Келісімде біздің бір топ өзгерту-түзетулеріміз ескерілді. Келісімнің күшіне енетін күні 2015 жылы мамырдың 1-і деп белгіленді. Осы ретте Қазақстанмен арадағы кеден тексерулері келер жылы мамырдың 8-і тоқтатылады. Мамырдың 9-ы, яғни кеден алынып тасталғаннан кейін жаңа баж салығы күшіне енеді, - деген.
Темир Сариев мұнан өзге, Ресей мен Қазақстанның Қырғызстанның одаққа кіруіне көмек ретінде беретін қаражаты туралы «Ресейдің 200 миллион доллар көмегі шартқа кіргізілді. Келер жылы және арғы жылы аударады. Одан басқа, қазақтар да 100 миллион доллар беретінін растады. Олар ол қаражатты грант ретінде, қайтарымсыз береді» деген.
2015 жылы қаңтардың 1-інен бастап іске кірісетін Еуразия экономикалық одағына қосылатыны жөнінде Қырғызстан бірнеше жылдан бері мәлімдеп келе жатса да, қырғыз сарапшыларының арасында «бұл шешім асығыс қабылданды, құжат қырғыз қоғамына таныстырылмады, Қырғызстан мүддесі ескерілмеді» деп сынаушылар да бар.
Кеше Мәскеуде қол қойылған бұл келісімшартты қырғыз үкіметі мен Жоғарғы Кенеші осыған дейін бір күнде қарап, тиісті процедуралардан өткізбей-ақ жылдам мақұлдауын осы елдің сарапшылары әрқилы қабылдады.
Қырғызстан базарлары, сауда және қызмет көрсету саласы кәсіпорындары қауымдастығы президенті Сергей Пономарев осыған орай үкімет шенеуніктерін «емтихан тақалғанда дайындалатын студенттерге» теңеген. Ал бұрынғы экономика министрі Эмиль Үметалиев бұл «асығыстықты» одаққа «мәжбүрлеу арқылы қосу» деп есептейді.
Дегенмен Қырғызстан билігі Еуразия экономикалық одағына қосылуға дайын екені туралы бірнеше жылдан бері мәлімдеп келеді. Қазақстан, Беларусь және Ресей арасында 2010 жылы құрылған Кеден Одағы мен 2012 жылы құрылған бірыңғай экономикалық кеңістікке қосылу үшін арнайы жұмыс тобын құрғанын бұл ел 2012 жылдың күзінде ресми түрде жариялаған.
2013 жылдың мамыр айында Астанада өткен Еуразиялық экономикалық кеңес саммитінен кейін Қырғызстанның 2015 жылы Кеден Одағына қосылуының жол картасы әзірленіп жатқаны айтылған. Бірақ арада алты ай өткенде Қырғызстан бұл құжатты қабылдамай тастады. Қырғыз билігі оны «жол картасын дайындауға қырғыз сарапшылары қатыстырылмаған, осы қалпында қабылданса, Қырғызстанда «әлеуметтік проблемалар туу мүмкін» деп түсіндірді. Ал Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев «Бішкек әрқашан Қырғызстанның ұлттық мүдделерін бірінші кезекке қоятынын» айтты.
Қырғызстан билігінің мұндай мәлімдемелерін кей сарапшылар «Еуразия Одағына кірер алдындағы саяси сауда» ретінде сипаттаған еді. Ізінше Қырғызстан «сауда орындары мен шекарасын жөндеу үшін Кеден одағынан 200 -400 миллион АҚШ доллары қажет» деген мәлімдеме жасады.
Соған орай, 2014 жылдың тамыз айында Ресей Қырғызстанның «еуразиялық интеграциялануы мен экономикалық дамуын қолдау» мақсатында 500 миллион АҚШ долларын бөлетін болды. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ресейдің көмегін «Қырғызстанның Кеден Одағы мен Еуразиялық экономикалық одағына тиімді кіруіне жұмсалады» деген болатын. Биыл қараша айында Қазақстан да Қырғызстанға 100 миллион доллар беруге уәделескені белгілі болды.
Қазақстан Еуразия экономикалық одағы туралы келісімге қол қоярда қазақстандық қоғамдық белсенділер де «азаматтық қоғам өкілдерімен түрлі форматта жан-жақты талқыланбады» деп билікті сынаған болатын.
Биыл мамыр айының 29-ы күні Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко және Ресей президенті Владимир Путин ЕЭО құру туралы келісімге қол қойған еді. Биыл қараша айында бұл одаққа Армения қосылды. Келісім үш мемлекеттің парламенті бекіткен соң 2015 жылы қаңтардың 1-інен бастап күшіне енуі тиіс.