16 партия немесе "әртүрлі күштер". Қырғызстандағы парламент сайлауы

Бішкек маңындағы Беш-Кунгей ауылында сайлау комиссиясы дауыс беру жәшіктерін тексеріп жатыр. 2 қазан 2020 жыл.

Қырғызстанда бүгін парламент сайлау өтіп жатыр. Орталық Азияның өзге елдеріне қарағанда бұл елде сайлау нәтижесі күтпеген нәтиже беруі ықтимал. Сонысымен де бұл науқан халықаралық қауымдастықтың назарын аудартып отыр. Биылғы сайлауға әдеттегідей оннан аса партия қатысып отыр. Олардың сайлауалды дайындығы тартысты өтті. Осы сайлауалды науқан сайлаудың қалай өтетінін, қай партияның фаворит екенін көрсетеді. Сарапшылар болса, билік сайлаудан кейінгі ахуалға алаңдап отыр дейді.

Бүгін, 4 қазанда Қырғызстанда парламент сайлауы өтіп жатыр. Әуелде пандемияға байланысты жетінші шақырылымдағы Жогорку кеңеш сайлауының өз уақытында өту-өтпеуі жайлы сұрақтар туындаған. Алайда Конституцияда көзделген сайлау уақытында өзгеріс болған жоқ.

Саяси партия баннерінің жанынан өтіп бара жатқан көлік. Қырғызстан, 30 қыркүйек 2020 жыл.

ІНДЕТ ҮГІТКЕ БӨГЕТ ЕМЕС

Бұл жолғы сайлау коронавирус пандемиясы жағдайында өткізіліп отыр. Осыған орай сақтық шаралары қолға алынғанымен, үгіт-насихат кезінде cайлаушылардың назарын неғұрлым көбірек аударту үшін түрлі әдістер мен пиар-технология қолданылды. Оған пандемия бөгет болмаған сияқты.

Партиялардың онлайн түрде болсын, теледебат немесе ел ішіндегі кездесуі кезінде болсын, бір-бірін қаралап-айыптауы, үгіттеушілерге қысым, бәсекелес партия жақтастары арасындағы тартыс, компроматтар жариялау жиі кездесті. Әкімшілік ресурстар қолданылған жайттар да бар. Дауыс сатып алу туралы мәліметтер де баршылық.

Коронавирус індеті, әсіресе, шілде айында қатты өршіп, елде ауруханалар лық толды. Сол кезде дәрі-дәрмек тапшылығы мен дәрігерлік көмектің жетімсіздігі байқалды. Қазірге дейін бұл елде індетке шалдыққандар саны 47 мыңнан асып, 1066 адам қаза тапқан. Орталық Азиядағы өзге көршілерімен салыстырғанда Қырғызстан тамыз айынан бері Covid-19 індетіне шалдыққандар мен пневмония белгісі байқалғандар статистикасын бөле-жармай, бірге есептейді.

Арашан ауылындағы жергілікті сайлау комиссиясының мүшелері. Қырғызстан, 3 қазан 2020 жыл.

СОҢҒЫ РЕВОЛЮЦИЯДАН КЕЙІНГІ ТӨРТІНШІ САЙЛАУ

Қырғызстан 2010 жылғы соңғы революциядан кейін парламенттік-президенттік басқару жүйесін таңдады. Осы оқиғадан кейінгі өзгерістер барысында президент құзіретінен біршама өкілеттік пен функциялар алынды. Соған сай Қырғызстан парламенттік басқару жүйесіне көшті деп есептеледі. Алайда әзірге елде президентсіз саяси мәселе шешілген емес.

Соңғы революциядан кейінгі 10 жылдың ішінде Қырғызстан сайлаушылары төртінші сайлауға дауыс беріп отыр. Оның үшеуі – парламент сайлауы. 2010 жылғы сайлауда 29 партия өкілі парламентке өтсе, 2015 жылы парламент сайлауына қатысқан саяси партиялар саны 14 болды. Елде 259 саяси партия болса, соның тек 44-і ғана сайлауға қатысуға ниет білдірген. Алайда құжатын бар болғаны 17 партия өткізген. Орталық сайлау комиссиясы оның 16-сын ғана тіркеді. Тіркелмей қалған "Актив" партиясы 5 миллион сом көлеміндегі жарнаны (шамамен 63 мың доллар) енгізбеген.

Өз үйінде отырып дауыс беріп жатқан әйел. Қырғызстан, 3 қазан 2020 жыл.

Қырғызстанда парламент сайлауы партиялық тізім бойынша пропорционалды жүйемен өтеді. Бір партия 200 адамға дейін үміткер ұсына алды (үміткерлер саны 75-тен төмен болмауы қажет). Бұл жолы сайлауға қатысатын 16 партияның ішінде берілген мүмкіндікті толық пайдаланып, 200 үміткер ұсынған партиялар да бар. Олар: "Биримдик" партиясы және "Мекеним Кыргызстан" партиясы. Партиялық тізімдегі үміткерлер ұзын саны – 2019. Олар тізімдегі реттік санына қарай парламентке депутат болады. Қырғызстанда депутаттар бес жылға сайланады. Қырғызстан парламентіндегі депутаттар саны – 120. Бір партия ең көп дегенде 65 мандатты иелене алады.

Бұл жолғы парламент сайлауы 2017 жылғы президент сайлауынан кейін өтіп отыр. Сол жылы президенттік мерзімі аяқталған Алмазбек Атамбаев кейін экс-президент мәртебесінен айрылып, қылмыстық топ басшысын "заңсыз босатты" деген айыппен 11 жыл, 2 айға сотталды. Бұған дейінгі сайлауларда ешкімге дес бермей келген Атамбаевтың Қырғызстан социал-демократиялық партиясы биылғы сайлауға қатыспайды. Алайда оның ұлы Сеидбек Атамбаев 2019 жылы тіркелген "Социал-демократтар" партиясы атынан сайлауға түсіп отыр.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың ұлы Сеидбек Атамбаев. Ол 2019 жылы тіркелген "Социал-демократтар" партиясы атынан сайлауға түсіп отыр.

Сайлау уақыты былтыр жарияланғанымен, кейбір партиялар пандемиялық шектеуге орай биылғы сайлауға дайын болмай шықты. Өйткені сайлауға тіркелу үшін қысқа уақыттың ішінде кейбір шарттарды орындау қайсыбір партияларға ауыр тиді. Сондай шарттардың бірі – сайлауға қатысуға өтініш берген партия кем дегенде 5 миллион сомдық (63 мың доллар) сайлау қорын құруға міндеттеледі. Кейбір партиялар осынша қор болмағандықтан, сайлаудан шеттетіліп қалғанымен, кейбір кандидаттар бір партиядан шығып, екінші партияға кірді немесе сайлау қоры жеткіліксіз партия қоры мол партиямен бірікті. Ал құрамында билік пен бизнестің өкілі жоқ, 2012 жылы құрылғанымен, биыл құрамы жаңарған "Реформа" партиясы елден жылу жинады. Сөйтіп партия бірнеше күнде сайлау қорын жинап үлгерді.

ПАРЛАМЕНТКЕ ҰМТЫЛҒАН ПАРТИЯЛАР

Бұл жолғы қырғыз парламентінің сайлауы олигархиялық топтардың және жас кандидаттардың көптігімен де ерекшеленеді. Бұрыннан келе жатқан партиялар да үміткерлер құрамына жастарды тарта бастаған. Кандидаттар арасында алтыншы шақырылымдағы парламент мүшелері де ұшырасады. Кезінде Атамбаевтың социал-демократиялық партиясы құрамында болған олар қазір басқа партиялардың атынан сайлауға түсіп отыр. Олар бұл жолы "Биримдик", "Қырғызстан", "Мекеним Қырғызстан", "Ата-Мекен" және "Замандаш" партияларының сапында жүр.

"Мекеним Кыргызстан" партиясы баннерінің жанынан өтіп бара жатқан қыз. Бішкек, 30 қыркүйек 2020 жыл.

Осы сайлауға қатысып жатқан "Реформа", "Чон казат", "Ата-Мекен", "Бутун Қырғызстан" және "Социал-демократтар" оппозициялық партиялар қатарында аталады.

Партиялар құрамының өзгеруі және бір айлық үгіт-насихат кезіндегі интригаларға қарағанда Қырғызстандағы парламент сайлауы аймақтағы өзге елдермен салыстырғанда белсенді өтетінін аңдатады. Алайда сайлау нәтижесі қалай боларын тап басып айту қиын. Тартыстың қалай жүріп жатқанына қарағанда, негізгі бәсеке екі-үш партияның арасында өтетін көрінеді. Олардың бірі билікке жақын "Биримдик" партиясы болса, бірі аты шулы Матраимовтар әулеті қолдайтын "Мекеним Қырғызстан" партиясы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Райым миллионердің" дәурені өтті ме?

Азаттықтың Қырғыз қызметінің Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) және Kloop.kg сайтымен бірге жүргізген журналистік зерттеуінде кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов отбасының "көлеңкелі бизнесі" анықталған. Ал сайлау алдында ғана Матраимовтардың мүлкі мен кедендегі бақылау схемасы туралы тағы да жаңа деректер жарық көрді. Азаттықтың бұл журналистік зерттеуін осы сайлаудағы үгіт-насихат кезінде кейбір партиялар бір-біріне қарсы пайдаланып қалуға да тырысты.

Қырғызстанның президенті Сооронбай Жээнбеков Қырғызстан социал-демократиялық партиясының мүшесі болғанымен, билік партиясы ретінде оның туыстары топтасқан "Биримдик" партиясы саналады. Бұл партияның құрамында президенттің інісі депутат Асылбек Жээнбеков те бар.

"ӘРТҮРЛІ КҮШТЕР" ЖӘНЕ САЙЛАУ АЛДЫНДАҒЫ САҚТЫҚ

Қырғызстандағы сайлау Беларусьтегі президент сайлауына наразылық кезінде өтіп отыр. Екі ел де – Еуразия экономикалық одағының мүшесі. Сондықтан сайлаудан кейінгі ахуал Қырғызстан басшыларын алаңдатпай қоймайды.

Апта басында Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Венгрияға бара жатып Мәскеуге аялдап, Ресей президентімен кездескен. Cайлау алдындағы бұл кездесу қызу талқыға себеп болған. Әсіресе, Қырғызстан басшысының президент Путинге сайлау қарсаңында "тұрақтылыққа қарсы әртүрлі күштердің белсенділігі артып, Қырғызстан тәуелсіздігіне қастық жасауға тырысуы" туралы айтқаны қоғам сынына тап болды.

Сооронбай Жээнбеков (сол жақта) пен Владимир Путин

Апта ортасында Бішкекте "билікті басып алуға шақырды" деген күдікпен 26 адамның ұсталғаны хабарланды. Сайлау алдында Қырғызстанда қару ұстайтын адамдар бақылауға алынып, тексеріліп, қару сататын дүкендер қызметін тоқтатты.

Еске сала кететін жайт, Қырғызстанда 2005 жылғы алғашқы революция парламент сайлауынан кейінгі наразылықтан тұтанған. Оның соңы қызы мен ұлы қатар депутат болып "сайланған" президент Асқар Ақаевтың биліктен кетуіне ұласты.

Қырғызстанда парламент сайлауы қарсаңында жемқорлыққа қарсы жаңа мемлекеттік стратегия бекітілді. Жемқорлыққа қарсы күрес – сайлаудағы саяси партиялардың бағдарламасындағы басты ұрандардың бірі. Бұл стратегияда "Саяси жемқорлық" мәселесі жеке аталады. Стратегия алдағы төрт жыл ішіндегі іс-шараны қамтиды. Бұл мерзім ішінде Қырғызстанда тағы бір сайлау өтпек. Қырғыздар 2023 жылы президент сайлайды.

"ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫНА ДАЙЫНДЫҚ"

Қырғызстандық саяси сарапшы Эмилбек Жороев жемқорлық проблемасы соңғы жылдары саяси ортада қызу талқыланғанын айтады. "Алайда мемлекеттің жемқорлыққа қарсы әрекеті қандай болуы керек деген мәселеге жауап сайлаудан кейін белгілі болады" дейді ол. Оның айтуынша, Қырғызстан пандемия кезінде ұшыраған экономикалық қиындық, дағдарыстан шығу жолдары да сайлаудан кейін анықталмақ.

– Бұл сайлау бір жағы келесі президент сайлауына дайындық іспетті. Жаңа парламент президентке қалай қарайды, үш жылдан кейінгі президент сайлауына кімдер кандидаттар болуы мүмкін – соның бәріне осы парламент сайлауынан жауап табуға болады. Сайлаудың заңға сай өту-өтпеуі көп мәселені шешеді, – дейді сарапшы Азаттыққа.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Партиялар Қазақстандағы қырғыз мигранттарын үгіттеп жатыр

Оның айтуынша, сайлаушылар ішінде наразылық та бар. Жаңа үміткерлердің пайда болуы, немесе үміткерлердің партиясын алмастыруы, жалпы партиядағы тұрақсыздық сенімді азайтады. Саяси партиялар белгіленген бір ай ішінде үгіт-насихат жұмысын барынша белсенді жүргізді. Алайда партия бағдарламаларының үстірт жазылуы, толық детальдің жетіспеуі сайлаушыларға әсер етпей қалмақ емес.

Сарапшы үгіт-насихат кезінде кейбір әкімшілік ресурстар қолданылып, қысымдар болғанына қарамастан партиялар арасында шынайы бәсеке болды деп есептейді.

"ПАРЛАМЕНТ – ҮКІМЕТТЕН, ЕЛ ПАРЛАМЕНТТЕН ЕСЕП АЛСА"

"Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының" жетекшісі, сенаттың бұрынғы депутаты Зәуреш Батталова да Қырғызстандағы парламент сайлауына қатысқан партиялардың құрамы әртүрлі болып, саяси бәсекелестік қалыптасты деп есептейді.

– Партиялар арасында әртүрлі мақсатты көздейтін, әртүрлі олигарх тобына жұмыс жасайтын, жеке мүддені қолдайтын, тіпті уақытша ғана жұмыс істейтін партиялар да бар шығар. Бірақ бастысы – Қырғызстанда халықтың сайлауда дауыс беріп, таңдау жасауына мүмкіндік бар. Орталық Азияның басқа елдерде ондай мүмкіндік де жоқ. Мәселен, Қазақстанда халық өзіне керекті партияның өзін құра алмай келеді, – дейді.

Оның айтуынша, Қырғызстандағы сайлаудың кемшіліктері көп, бірақ бағыт дұрыс.

– Қырғызстан саяси процесстер барысында Орталық Азияның өзге елдерімен салыстырғанда демократиялық қадамдарға барып отыр. Парламенттік басқару жүйесіне көшуінің өзі соның көрінісі. Президентті сайлау арқылы алмастыруға қол жеткізді және жеке адамның билеп-төстеуіне заңды түрде жол бермейтін болды. Ендігіде сайлаудан кейін парламент – үкіметтен, ел, яғни сайлаушы парламенттен есеп алатын деңгейге жетсе екен деймін. Өйткені ел парламенттік басқару жүйесіне көшкенімен, парламентаризмді дамыту тетіктері әлі толық іске қосылмай жатыр, – дейді Зәуреш Батталова Азаттыққа.

"САЯСИ ЭЛИТА ЖАҢАРАДЫ"

Қазақстандық саясаттанушы Думан Қабдығалиевтің айтуынша, бұл – болжауға келмейтін сайлау. Үгіт-насихатқа уақыт жеткілікті бөлінбеген. Электораттың да сайлау туралы мағлұматы аз болған.

– Алайда Қырғызстанда көрші елдерімен салыстырғанда кландық мүдде басым түсетіні жасырын емес. Дауыс беруде осы мәселе басты орынға шығып, партия бағдарламалары маңызынан айрылуы мүмкін, – дейді саясаттанушы Азаттыққа.

Оның айтуынша, осындай қайшылыққа қарамастан Орталық Азияда салыстырмалы түрде демократиялық жүйе қалыптасқан Қырғызстанда сайлаудан кейін саяси элита жаңарып, жасарады. Партиялық тізімдегі кандидаттар реті осыған меңзейді.

2 қазанда жарияланған халықаралық "Freedom House" құқық қорғау ұйымының "Карантиндегі демократия" деп аталатын арнайы есебінде Қырғызстан жартылай еркін ел ретінде танылды. Ал Қырғызстанның Орталық Азиядағы көршілері – "еркін емес" елдер қатарында.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орталық Азиядағы биылғы сайлаулар. Ескі нәтиже шақыратын жаңа індет