Күрежолға Атамбаевтың атын беру ұсынысы айтылды

Алмазбек Атамбаевтың Солтүстік-Оңтүстік күрежолы құрылысымен танысу кезі. 21 қараша, 2017 жыл..

Қырғызстан парламентінде экс-президент Алмазбек Атамбаевтың атын салынып жатқан Солтүстік-Оңтүстік күрежолына беру туралы ұсыныс айтылды. Жақтастар да табылғанымен, қарсы депутаттар да бар.

Жогорку кенештегі "Бир бол" фракциясының депутаты Кубанычбек Жумалиев елдің оңтүстігі мен солтүстігін байланыстыратын, ұзақ жылдан бері салынып жатқан қосымша жолға экс-президент Алмазбек Атамбаевтың атын беруді ұсынды.

АТАМБАЕВТЫ АЙТЫП ЖЭЭНБЕКОВТІ МЕҢЗЕДІ

Азаттықтың Қырғыз қазметінің хабарлауынша, Жумалиев ұсынысын транспорт, коммуникация, сәулет және құрылыс комитетінің жиынында айтқан. Ол транспорт және жол министрін жаңа президент Сооронбай Жээнбековті Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолын салуға көндіруге де шақырған. Жумалиев Жээнбеков те осы арқылы өз атын тарихқа қалдыра алады деген пікірде.

Депутаттың әлі салынып бітпеген күрежолға Атамбаевтың атын беру ұсынысына транспорт, коммуникация, сәулет және құрылыс комитетінің мүшесі, "Кыргызстан" фракциясының депутаты Алмазбек Эргешов те қолдау білдірді.

- "Кусейин Көлбаев атындағы туннель", "Абды Сүйөркулов атындағы жол" деп адам атын беріп жатамыз. Оңтүстік-Солтүстік күрежолы Алмазбек Атамбаев президент болып тұрған кездегі ең ірі жоба болды. Жобаны өзі ұсынып, өзі салдырды. Оның атын беруге қарсы емеспін, - деді Эргешов.

Бірақ осы комитет төрағасының орынбасары, "Өнүгүү-Прогресс" фракциясының депутаты Алтынбек Жунус уулу әлі салынып бітпеген жолға ат қою ұсынысын сынады. Ол адам еңбегін бағалауға қарсы емесін, бірақ жолдың әлі салынып бітпегенін айтты.

Солтүстік-Оңтүстік күрежолының көрінісі. 21 қараша, 2017 жыл.

- Алмазбек Атамбаевтың атқарған еңбегі бағаланып, оған "Қырғызстанның батыры" атағы мен елдің ең жоғарғы марапаты "Ак шумкар" берілді. Мен бұны қолдадым. Бірақ ендігіде күрежолға оның атын беруді артық нәрсе деп ойлаймын және бұл ұсыныс жалпы комитеттің пікірін білдірмейді, - деді Алтынбек Жунус уулу.

ҰСЫНЫС ҚАНШАЛЫҚТЫ ЗАҢДЫ?

Қоғамдық белсенді Эмильбек Каптагаев өзінің күрежол құрылысын қолдайтынын, алайда оған біреудің атын бермес құрылыс шығынын есептеу керегін айтады.

- Бұл жолдың құрылысы жақсы басталды. 600-700 миллион доллар шығын кетеді делінген. Бірақ құрылыс бастала салып, көптеген мәселелер пайда болды. Аяқталмай жатып, жобаны қайта жасап жатыр. Туннельдердің орнына эстакадалар салмақшы. Тағы да басқа өзгерістері жетіп артылады. Одан да маңыздысы - жол құрылысына қанша қаржы жұмсалатыны және оның жүктемесі қандай болатыны туралы қоғамға ақпарат берілген жоқ, - дейді ол.

Эмильбек Каптагаевтың айтуынша, болашаққа салмақ салмас үшін қазір құрылысқа кететін шығынды мұқият бақылау қажет.

- Қазір жолға ат беруді емес, қайта оның тағдырын шешіп алу керек қой, - дейді белсенді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Назарбаев пен Атамбаев.

Назарбаев пен Атамбаев

Эмильбек Каптагаев бұл жолға Алмазбек Атамбаевтың атын берудің қаншалықты заңды деген жайға да назар аударған.

- Депутат Кубанычбек Жумалиевтің ұсынысының ешқандай да заңды негізі жоқ. Өйткені заңда адам қайтыс болған соң бес жылдан кейін ғана нысандарға аты берілетіні жазылған. Біз Атамбаевқа "Қырғызстан батыры" атағын бергенде келіскен едік. Ендігіде жасамаған ерліктері мен істеріне бола оны ардақтаудың қажеті жоқ. Олай болса, Бішкек-Ош жолына Асқар Ақаевтың атын берейік. Бакиевтің кезінде салынған деп Торугарттағы жолға оның атын беріп, бөліске салайық. Жалпы, жолға адамның атын беру деген - дәстүрде жоқ нәрсе. Адам аты әдетте көшелерге, қалаларға және ауылдарға беріліп жатады. Бірақ үлкен күрежолдың атын адам атына берудің қисыны жоқ, - дейді ол.

Елдің солтүстігі мен батысын жалғастыратын осы Балыкчи - Джалал-Абад бағытындағы жолдың құрылысы 2014 жылы басталған. Ұзындығы - 433 километр. Оның құрылысын аяқтау 2018 жылға межеленген және құны 800 миллион деп шамаланған. Алайда құрылысты аяқтау мерзімі де ұзарып, құны да өсіп барады. Қырғызстан осы жол құрылысы үшін Қытай Эксимбанкінен жеңілдетілген шартпен 400 миллион доллар кредит алған.

КӨРШІ ЕЛДЕРДІҢ ТӘЖІРИБЕСІ

Қырғызстанда күрежолға бұрынғы президенттің атын беру ұсынысы талқыланып жатқанда, Өзбекстанда Әндіжан облысының Асака ауданындағы көлік зауытына тұңғыш президент Ислам Каримовтің есімі берілді. Зауыт аумағында сонымен қатар Каримовке арналған мемориалды кешен салынды. Кешенде "Ислам Каримов және Өзбекстандағы көлік өнеркәсібінің дамуы" деген тақырыпта көрме-мұражайы ашылды.

Ал қарашаның 30-ында Қазақстанда Алматы мәслихаты Фурманов көшесінің атауын Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғыл деп өзгерту туралы шешім қабылдады. Бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көшелер басқа елдерде, мәселен 2015 жылы Түркияның Адана қаласында, сол жылы Ресейдің Қазан қаласында пайда болған. Ресей билігі Қазан қаласы тұрғындарының пікірін ескермеген болатын. Алайда тұрғындар пікірін ескеріп, Нұрсұлтан Назарбаевтың атын көшеден алып тастаған оқиға да болған. Мәселен, Арменияның Ширак облысы, Арич ауылындағы орталық көшелердің бірінен Нұрсұлтан Назарбаев есімі алынып тасталды. ​

Оқи отырыңыз: Армениядағы Назарбаев көшесі атаусыз қалды

Бұған қоса Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Иордания астанасы Амман және Шешенстан астанасы Грозный қалаларында көшелер берілген.

Биыл Астана әуежайына да Нұрсұлтан Назарбаевтың аты берілді.