Accessibility links

Назарбаев жайлы спектакльден соң Рахмон туралы пьеса жазылды


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (оң жақта) мен Душанбе қаласының мэрі қызметіндегі ұлы Рустам Эмомали. Душанбе, 2 желтоқсан 2017 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (оң жақта) мен Душанбе қаласының мэрі қызметіндегі ұлы Рустам Эмомали. Душанбе, 2 желтоқсан 2017 жыл.

Тәжікстанда ел президенті туралы пьеса жарық көрді. Екі жыл бұрын Қырғызстанда Қазақстан президенті туралы спектакль премьерамен шектелген. Сарапшылар іс басында отырған басшыны дәріптеу жағымпаздық пен жеке басқа табынуды көрсетеді дейді.

Тәжікстанда мәдениет министрлігінің халықаралық істер кеңсесінің басшысы Абдуғаффор Абдужаббордың президент Эмомали Рахмон жайлы жазған пьесасы жарыққа шықты. "Адиб" баспасынан бір мың тиражбен басылып шыққан "Назаркарда" пьесасын "Құдайдың назары түскен адам" деп аударуға болады.

Бұдан бұрын ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода да Рахмон жайлы белгілі әншілердің орындауымен тараған әннің сөзін жазған болатын. Тәжік шенеуніктері осы арқылы президентті дәріптеп "жарысқа түскені" байқалады.

Орталық Азияда президентке "қасиеттілік" беру үрдісі бір ғана Тәжікстанмен шектелмейді. Түркіменстанда қазіргі президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің романы желісімен оның әкесі туралы спектакльдер қойылып келеді. Ал Қырғызстанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жайлы спектакльдің сахнадағы ғұмыры бір жарым аймен шектелді.

Түркменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов (сол жақта) қазақ тілінде басылған кітаптарының тұсаукесер рәсімінде. Астана, 19 сәуір 2017 жыл.
Түркменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов (сол жақта) қазақ тілінде басылған кітаптарының тұсаукесер рәсімінде. Астана, 19 сәуір 2017 жыл.

Биылдан бастап Тәжікстан радиоларынан Рахмонның кітаптары оқыла бастаса, Түркіменстан телерналарында Бердімұхамедов кітаптарын оқу таңсық оқиға емес. Қазақстанда да президент жайлы фильмдер үйреншікті жайға айналып кеткен.

Оқи отырыңыз: Назарбаев туралы бесінші көркем фильм шықты

"ПЕРІШТЕ ЖЕБЕГЕН, НҰР АҚСАҚАЛ ДЕМЕГЕН" РАХМОН

Эмомали Рахмон туралы пьеса 15 көріністен тұрады. Басқа да кейіпкерлер арасында Нұр ақсақал, Ақын, Періште және президенттің анасы мен бала-шағасы кездеседі. Пьеса Рахмон билікке келер алдындағы азамат соғысы оқиғаларын бейнелеумен басталады.

Тәжікстан президенті туралы бір мың тиражбен басылып шыққан "Назаркарда" пьесасының мұқабасындағы Эмомали Рахмонның суреті. Душанбе, 28 қараша 2017 жыл.
Тәжікстан президенті туралы бір мың тиражбен басылып шыққан "Назаркарда" пьесасының мұқабасындағы Эмомали Рахмонның суреті. Душанбе, 28 қараша 2017 жыл.

Автор Рахмонды Жоғары совет төрағалығына сайланған кезінен бастап, азамат соғысын тоқтату, елді татулық пен бірлікке шақыру әрекеттерін мистикалық тұрғыда бейнелеген. Пьесада өзге ел басшыларынан Ресейдің экс-президенті Борис Ельциннің бейнесі де бар.

Шығармада президент Эмомали Рахмон ұдайы Періштемен тілдесіп, құдайдың назары ауған ерекше тұлға ретінде көрінеді. Шығарма соңында ел басшысы Эмомали Рахмонның БҰҰ мінберінде сөйлеп тұрғаны суреттеледі.

Оқи отырыңыз: "Рахмонның кітаптары - бестселлер" дейді сатушылар

"НАЗАРБАЕВ ЖАЙЛЫ СПЕКТАКЛЬ БІР-АҚ АЙ САХНАЛАНДЫ"

Бұл Орталық Азияда ел басшысының драматургиядағы образын сомдаудағы бірінші қадам емес. 2015 жылы маусым айында Бішкектегі Әбдімомунов атындағы театрда драматург Аманбек Жапаровтың "Ер достығы – егіз, ел достығы – теңіз" спектаклінің премьерасы өткен. Қырғыз актерлері ойнайтын бұл қойылымға Назарбаевтың 2010 жылы марқұм болған қырғыз досы Марат Ақматаев пен екеуінің арасындағы қатынасы арқау болған.

Назарбаевтың жастық шағы туралы спектакльде Украинада бірге оқыған қазақ пен қырғыз жігітінің кейін өмірлік досқа айналғаны суреттеледі. Қазақ жігіті кейін ел басшысы болса, қырғыз жігіті елдегі ықпалды адамдардың біріне айналады. Шығарма желісінің естеліктерге негізделгені айтылады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың жастық шағы туралы "Ер достығы – егіз, ел достығы – теңіз" спектаклінің премьерасынан соң. Бішкек, 25 маусым 2015 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаевтың жастық шағы туралы "Ер достығы – егіз, ел достығы – теңіз" спектаклінің премьерасынан соң. Бішкек, 25 маусым 2015 жыл.

Азаттық спектакльдің қазіргі барысын білу үшін 30 қарашада Бішкектегі Әбдімомунов атындағы драма театрға хабарласқан. Театр әкімшілігінің өзін Нәзима деп таныстырған қызметкері Назарбаев жайлы спектакльдің қазір сахнада қойылмайтындығын айтты. Оның сөзінше, бұл спектакль 2015 жылғы премьерадан кейін театр репертуарына ілінбей қалған. Оның себебін театр әкімшілігінің қызметкері спектакльдің арнайы тапсырыспен қойылғандығымен байланыстырды.

Бір жарым сағаттық бұл спектакль бар болғаны бір ай көрсетілген.

"Ер достығы – егіз, ел достығы – теңіз" спектаклінің авторы Аманбек Жапаров Азаттыққа спектакльдің он шақты рет қойылғанын айтты. Шығарманың театр репертуарына енбеу себебін драматург қаржы қиындығымен түсіндіреді.

Аманбек Жапаровтың айтуынша, сол спектакльді көруге келген қазақстандықтар да, жергілікті көрермендер де жақсы әсер алған. Спектакльді Астана мен Алматы театрлары сахнасына қою көзделгенімен, бұл жоспар орындалмай қалған.

Нұрсұлтан Әбішұлының қарапайым адамдық келбетін жоғары қойғанмын. Оны президент ретінде емес, адам қатарлы көрсетуге тырыстым.

"Назарбаев бейнесі несімен назар аудартты?" деген Азаттық сауалына драматург "мен оның саясатын емес, адам ретіндегі образын ашуға тырыстым" деп жауап берді.

- Спектакльдің негізгі кейіпкерінің бірі Марат Ақматаев ағаға көзі тірісінде Назарбаев екеуінің достығы жайлы Қырғызстанда және Қазақстанда спектакль қоямын деп уәде берген едім. Ол кісінің әруағын сыйлап, екі елдің достығы шыңдала берсін деген тұрғыда жасағам. Бір өкініштісі, спектакльді Алматыға, Астанаға апарып қоюдың сәті түспеді, - дейді Аманбек Жапаров.

Драматург спектакльді көргенге дейін кейбіреулердің қойылымды жеке басқа табынумен байланыстырғанын айтады.

- Спектакльді көрген соң елдің көбі бұл мүлде басқа тақырып екен деп айтып жатты. Нұрсұлтан Әбішұлының қарапайым адамдық келбетін жоғары қойғанмын. Оны президент ретінде емес, адам қатарлы көрсетуге тырыстым. Назарбаевты мақтаған, жақтаған ешнәрсе жоқ, - деді Аманбек Жапаров Азаттыққа.

ЖАҒЫМПАЗДЫҚ "МӘДЕНИЕТІМЕН" ЕРЕКШЕЛЕНУ

Қазақстандық режиссер Данияр Саламат іс басындағы басшылар туралы драматургиялық шығармалар жазу жеке басқа табынуды білдіреді деп есептейді. "Тұлғаның билікте отырған кезінде басқа саламен қоса театрда да дәріптелуі – жағымпаздықтың белгісі" дейді ол.

Тұлғаның билікте отырған кезінде басқа саламен қоса театрда да дәріптелуі – жағымпаздықтың белгісі.

- Бұл әрі-беріден соң кейіпкердің өзіне де ыңғайсыздық тудыратын құбылыс болуға тиісті. Мұндай шығармалар арада уақыт өтіп, басшы биліктен түскеннен кейін жазылса, басшының азаматтық бейнесі ретінде қабылдауға болар еді. Соның өзінде де басшы адамның әдемі өрнекті ізі қалатын болса ғана жазуға болады, - дейді Данияр Саламат Азаттыққа.

Саясаттанушы Қазбек Бейсебаев жағымпаздық пен дәріптеудің ешқандай мәдениетке сыймайтындығын айтады. Ол басшыны дәріптеу елден сыртта өтетін халықаралық форумдарда да байқалатынын, оған өзінің қынжылатынын жеткізді.

- Таяуда форумдардың бірінде баяндама жасаған біздің делегация өкілі "Елбасының арқасында" дегенді қайталай берді. Жиын соңында бізбен жолыққан жергілікті журналистердің бірі осы жайлы сұрап жатты, - дейді саясаттанушы.

Зимбабвені 1980 жылдан басқарған Мугабеден не қалды? Оған әуежайдың атын бергені сол еді, артынша өзі де биліктен кетуге мәжбүр болды.

Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, Орталық Азияда басшыларын дәріптеуде Қазақстан, Түркіменстан және Тәжікстан ерекше көзге түсіп келеді.

- Зимбабвені 1980 жылдан басқарған Мугабеден не қалды? Оған әуежайдың атын бергені сол еді, артынша өзі де биліктен кетуге мәжбүр болды, - деген саясаттанушы Орталық Азиядағы дәріптеудің жуық арада тоқтам табарына күмән білдіреді.

Қазақстан, Түркіменстан және Тәжікстанда президенттердің туған күні кең көлемде тойланады. Бұған қоса Қазақстан мен Тәжікстанда президент күні жеке дара атап өтіледі.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG