Қырғызстан оппозициясы байланыс құралдарын жасырын тыңдауға наразы

Телефонмен сөйлесіп тұрған адам. Қырғызстан. (Көрнекі сурет)

Eurasia View («Еуразия вью») басылымы Қырғызстандағы байланыс құралдарын жасырын бақылайтын жүйе туралы мақала басты. Оппозиция өкілдері «Үкімет мұны бізді бақылау үшін ұстап отыр. Оны жауып тастау керек» дейді.
Бұл мақала Eurasia View («Еуразия вью») басылымына қарашаның 7-і күні шықты.

Мақалада «Бішкектегі «Интернет саясатының азаматтық бастамасы» (ИСАБ) орталығының 2011 жылы берген мәліметі бойынша, «Қырғызстанда жұрттың телефон және интернет арқылы алмасқан хат-хабарларын 11 мемлекеттік агенттік бақылайды» деп жазылған.

«БІЗДІ КІМ ТЫҢДАП ОТЫР?»

Автордың жазуы бойынша, Қырғызстандағы байланыс құралдарын бақылайтын технология Ресейде жасалған. Осы ретте оппозиция өкілдері «Бізді кімдер бақылап отыр?» деген мәселе көтерген.

ИСАБ директоры Тәтті Мәмбеталиева және тағы басқа басшылардың пікірінше, «мұндай қадағалау жұмыстары бір ғана мемлекеттік агенттік құзырында болуы керек».

Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиев телефонмен сөйлесіп тұр. Қырғызстан, 15 сәуір 2010 жыл.


Мақала авторының дерегі бойынша, 2008 жылы, президент Құрманбек Бакиевтің кезінде Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік коммитеті елдегі телефон, интернет арқылы кірген-шыққан барлық ақпараттарды бақылап отыратын арнайы құралдар қондырған. Ол кезде олар Мәмбеталиеваның «Сіздер бұл технологияны қандай заңға сәйкес орнатып жатырсыздар?» деген сұрағына жауап бермеген.

Қырғызстанның қорғаныс министрі, кеден және шекара қызметтері сияқты бірнеше агенттіктің барлығы да Ресейде жасалған «СОРД» (іс-әрекетті жылдам тексеретін жүйе - ред) аппараттын пайдаланады. Автор «СОРД» аппаратын 1980-ші жылдары СССР КГБ-сы ойлап тапқан» деген мәлімет келтірген.

«РЕСЕЙ ҚҰПИЯ КОДТАРЫН АЛЫП ҚАЛҒАН»

Агенттіктер «СОРД» технологиясы арқылы Қырғызстандағы барлық байланыс құралдарын мұқият бақылайды. Көп адам «Қырғызстанның кедей үкіметі мұншама ақпарат тасқынын сұрыптап, тұтас бақылап отыр» дегенге сенбейді.

Мәмбеталиева «Ресей осы технологияны Қырғызстанға барлық құпиясымен түгел сатты» дегенге күмәнмен қарайды. Оның ойынша, Ресей жағы бұл құралдардың кейбір құпия кодтарын өздерінде ұстап отыр.

Мақала авторының пайымдауынша, Ресейдің расында да Қырғызстанға ықпалы өте күшті. 2010 жылы Бакиев елден қашқанда Ресей қол ұшын созған. Егер Кремльдің Қырғызстанның саяси жетекшілерінің құпия әңгімесін тыңдап отырғаны рас болса, оның ықпалы әлдеқайда күшті болып шығады.

Ресей президенті Владимир Путин мен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев оңаша отыр. Мәскеу, 10 қазан, 2011 жыл.


«СОРД» ІТ бағдарламасына жауапты директор Артем Горянов Қырғызстандағы «СОРД» аппаратын бақылап отырған агенттік басшыларының ақпараттың қайдан келіп, қайда кетіп жатқанын толық білетініне күмәнмен қарайды.

«Егер ақпараттың басқа тарапқа ауысып кететін мүмкіндігі бар болса, онда аппаратты сырттан басқарып отыр деп айтуға болады» дейді Горянов.

Ал Бішкектегі ақпараттық қауіпсіздік қызметінің өкілі Антони Кирсанов «Қырғызстан басшылары жасырын жүйенің олардың да ақпарат құралдарына орнатылмағанына ешқандай кепілдік бере алмайды. Егер пайдаланушы бұл жүйенің құпия кодтарын толығымен білмейтін болса, алыстан ақпарат ұрлайтын жүйе жылдар бойы жұмыс істеп тұра береді» дейді.

«ҮКІМЕТКЕ ОППОЗИЦИЯНЫ БАҚЫЛАУ КЕРЕК»

«Бұл ақпарат біраз адамды шошытқанымен, Мәскеудің Бішкекті жасырын тыңдап отырғанын дәлелдейтін нақты айғақ жоқ. Олай болса бүкіл жүйені жауып тастағанмен, ештеме де бітпейді» деп санайды мақала авторы.

«Ар-намыс» партиясының өкілі Дастан Бекешов «СОРД» жүйесін қатаң бақылау керек» дегенімен, «түбегейлі жауып тастаудың қажеті жоқ» деп санайды.

Қырғызстандағы кейбір белсенділер аппаратты кімдердің қолданып отырғанын білгісі келеді. Себебі, Бакиев елден қашқан соң, билікке жаңадан келген мемлекет басшыларының құпия әңгімелері интернетте жарияланып кетті. «Мұны істеп отырған Ресей ме, Бакиевтің адамдары ма, билікке келген оппозиция басшылары ма?» деген сұрақтар жауапсыз қалды.

Қырғызстан парламентінің депутаты Дастан Бекешов. Қырғызстан, Бішкек, 18 қазан 2011 жыл.


Қазір Қырғызстан парламенті «СОРД» жүйесін бір ғана мемлекеттік агенттік қадағалайтын заң шығаруды жоспарлап отыр. Автордың ойынша, бұл агенттік ұлттық қауіпсіздік қызметі болуы мүмкін. Болашақта оның қызметін прокурордың рұқсатымен ғана пайдалану жағы да талқыланбақ.

Қауіпсіздік қызметі басшыларының уәжі - «Бұл жүйемен терроризм мен тағы басқа қауіпті қылмыстардың алдын алуға болады». Ал оппозициялық партиялардың кейбір өкілдері қауіпсіздік басшыларының бұл сөзіне күмәнмен қарайды. Олар «Үкімет бұл жүйенің қызметін оппозиция жетекшілерін бақылау үшін ғана қолданады. Сондықтан оны жауып тастау керек» дейді.