Қырғызстан мен Ресей СЭС жайлы келісімнің күшін жойды

Нарын облысындағы Атбашы СЭС-і. Қырғызстан, 16 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Қырғызстан жуық арада энергетикалық тәуелсіздікке жете қоймайтын тәрізді. Ел үкіметі Ресеймен бірігіп су электр станциясын (СЭС) салу туралы келісімнің күшін жойды.

Шешім қаңтардың 20-сы күнгі парламент отырысында қабылданса да, қырғыз тарапының келісімнен бас тартатыны былтыр желтоқсанның соңында-ақ белгілі болған. Бұл қадам еш нәтиже бермеген келісімді ресми түрде бұзды, бірақ Қырғызстанның ауқымды су энергетикалық қуатын игеру мүмкіндігі аз.

«РЕСЕЙЛІК ДОСТАРЫМЫЗ ДӘРМЕНСІЗ»

Сол кездегі Қырғызстан экономика министрінің орынбасары Айбек Қалиев желтоқсанның 21-і күні Мәскеуде ресейлік ресми өкілдермен екіжақты кездесу өткізген соң «Ресейдегі қолайсыз экономикалық жағдайға» байланысты «Интер РАО» және «РусГидро» компаниялары СЭС салу жобасын жүзеге асыра алмайды» деп мәлімдеген.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев желтоқсанның 24-і күні «Өкінішке қарай, қазір ресейлік достарымыз бұл жобаларды орындауға дәрменсіз. Бұл жағдай ұзаққа созылмақ, сондықтан жаңа әріптес табуымыз керек» деген.

Қырғызстанның министрлер кабинеті желтоқсанның 31-і күні келісімнің күшін жоюды мақұлдады, бірнеше күннен соң премьер-министр Темір Сариев келісімді бұзуға қажетті шараны тез қабылдауға шақырған.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев пен "РусГидро" өкілі Нарын өзенінде салынатын СЭС құрылысының ашылу салтанатында. Қырғызстан, 27 қазан 2012 жыл.

Қырғызстанда СЭС салу туралы келісімге 2012 жылы Ресей президенті Владимир Путин Қырғызстанға іссапармен келгенде қол қойылған. «Интер РАО» Қамбар-Ата-1 нысанына жалпы қуаты 1860 мегаватт (МВт) СЭС салу үшін 3 миллиард АҚШ долларын, ал «РусГидро» жалпы қуаты 237,7 МВт болатын төрт шағын СЭС салу үшін 727 миллион доллар бөлуі керек болған. 2013 жылдың басында «Интер РАО» Қамбар-Ата-1 құрылысына қажетті қаржысы жоқ екенін мәлімдеді.

Бірақ Қырғызстан үшін ең қиыны СЭС салу мерзімнің созылып кеткені деуге келмес. Желтоқсанның соңында қырғыз шенеуніктері Ресеймен келісімді бұзу туралы ойланып жатқанда Тоқтағұл су қоймасындағы төрт турбинаның бірі сынды.

Қырғызстандағы ең ірі электр станциясы, советтік кезеңде салынған Тоқтағұл 1200 МВт қуат өндіріп, елдегі тұрғындардың электр энергиясына 40 пайыз қажеттілігін өтейді. Желтоқсанның 22-сі күні бірінші турбина жұмысын тоқтатқан соң қалған екі турбина да істен шықты.

Ел премьер-министрі Темір Сариев Тоқтағұлға барып, гидроэнергетика нысаны жөндеу мен жаңартуға мұқтаж екенін айтты. «Оны 15 жыл бұрын жөндеу керек еді. Кабельдер 25 жыл пайдалануға арналған, ал біз 40 жылдан астам қолдандық» деді ол.

«​БАСҚА ИНВЕСТОРЛАР ЖЕТЕДІ»​

Қамбат-ата-1 СЭС-і мен Нарын сарқырамасы Қырғызстан үшін маңызы зор жоба екені белгілі. Желтоқсан айында Ресейдің су энергетикалық жобаны қаржыландыра алмайтыны туралы айтқан Сариев «Басқа инвесторлар тартуды ойлап отырмыз. Олар жетіп жатыр» деді.

Ресейлік "РусГидро" компаниясының техникалары Нарын СЭС-і салынатын жерде. Қырғызстан, 16 қазан 2014 жыл.

Сариевтің оптимизмге толы уәжіне қарамастан, инвестордың қай тараптан келетіні белгісіз. Қытай туралы айтылды, бірақ Орталық Азия жөніндегі маман Кейси Мишель жақында жазған мақаласында «Пекин жобаларды қаржыландыру жағынан жуық арада Мәскеуді ығыстыра қоюы екіталай» деп жазды.

Қытай соңғы он жылда Орталық Азияның инфрақұрылым жобаларына айтарлықтай қаржы салды, бірақ бұл жобалардың бәрі энергетикалық ресурс, тауар мен материалдарды Қытайға экспорттау мақсатында салынған. Қырғызстанға СЭС салып беру Қытай инвестициясы үшін тиімді жоба саналмайды.

Экономика министрі орынбасары Нұрлан Садықов Қырғызстанның Ресейге Қамбар-Ата-1 мен Нарын сарқырамасына жұмсаған 37 миллион доллар қарызын қайтаруы керек екенін айтты. Қырғыз үкіметінің бұл ақшаны қайдан алары белгісіз.

Қырғызстандағы Тоқтағұл СЭС-і.

Қырғызстан соңғы жылдары Өзбекстан газына тәуелді болмау жолдарын ойластырып жатыр. Бішкек қарызын уақтылы төлемей, Ташкент газ тасымалдауды жиі тоқтатып тастайды. Қырғызстан біраз энергияны көрші Қазақстаннан, соңғы жылдары Тәжікстаннан таси бастады.

Қырғызстан көмірмен жылитын жылу электр станцияларын қолдануды көбейтті, бірақ қажеттілігін толтыру үшін көмірді импорттауы керек. Ел көптен бері энергетикалық тұрғыда тәуелсіз болуға тырысып келеді. Бірақ Ресеймен арадағы келісімді бұзған соң мұндай тәуелсіздікті енді тағы оншақты жыл, тіпті одан да көп уақыт күтуі мүмкін.

Брюс Панниердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.