Дауға қалған ЖОО өкілдері Азаттық тілшілеріне қол жұмсады

Қырғызстан медицина академиясы ректоры Ашыралы Зурдинов.

Бішкектегі Қырғызстан медицина академиясындағы коррупциялық дау осы оқу орны қызметкерлері Азаттық тілшілеріне күш көрсеткен соң тіпті ушыға түсті.

Бішкектегі жемқорлыққа қатысты дауға іліккен медицина академиясы қызметкерлерінің журналистерге қол көтергені анықталған соң Қырғызстан үкіметі тергеу жүргізе бастады.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің түсіру тобы ақпанның 17-сі күні ол жоғары оқу орнына (ЖОО) барып, академия ректоры Ашыралы Зурдиновтан сұхбат алмақ болған.

Оларды қарсы алған оқытушылар мен бөлім бастығы шу көтеріп, журналистерге қол жұмсады.

Бір операторды қабырғасынан екі рет ұрып жіберген. Басқа үш журналисті оқу орны қызметкерлер мен күзетшілер ғимараттан күштеп шығарған. Оқиғаның бір бөлігін Азаттық камерасына түсіп қалған.

МИНИСТРДІҢ УӘДЕСІ

Медицина академиясындағы сыбайлас жемқорлық туралы сыбыс 2012 жылы шықты. Сол кездері Қырғызстан басылымдары академияның мемлекеттік грантты студенттерге заңсыз таратқаны жайлы баяндаған еді.

Қаңтардың 12-сі күні академия ректоры Ашыралы Зурдинов Азаттықтың Қырғыз қызметіне «білім министрлігінің бұйрығын орындағанын» айтқан еді. Бастапқы тергеу жұмыстары нәтижесіз қалды. Өткен айда академиядағы заң бұзу әрекеттерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Бұл комиссия өздеріне мәлім болған жайттар туралы ақпанның 15-і күні мәлімдеуге тиіс еді, бірақ ешқандай мәлімдеме жасалмады.

Азаттықтың Қырғыз қызметі желтоқсан айында арнайы зерттеу жүргізіп, көптеген заң бұзу әрекеттерін тапты. Тест кезінде аз ұпай жинаған студенттердің грант иеленгенін растайтын құжаттар табылды. Оған қоса Азаттық бұрынғы білім министрі Қанат Садықовтың екі бұйрыққа қол қойып, 56 студентті оқуға заңсыз қабылдағанын дәлелдеді. Бұлардың алтауына мемлекеттік грант бөлініп, олар академияда тегін білім алған.

Премьер-министр Жооморт Оторбаевтың кеңсесі ақпанның 18-і күні оның Азаттық журналистеріне қатысты іспен танысқанын мәлімдеді. Білім министрі Эльвира Сариева «тілшілерге дөрекілік көрсету және академия қызметкерлерінің журналистер қызметіне кедергі жасауы – тәртіпсіздік» деп мәлімдеді. Сариева оқиға болған күннің кешінде «Зурдинов қызметкерлерінің қылығы үшін жауап береді» деген еді. Олардың айыбы дәлелденсе, Зурдиновқа қарсы шара қолданылмақ. Білім министрінің орынбасары ақпанның 17-сі күні өз еркімен жұмыстан кетті, бірақ қызметінен кетуінің себебі хабарланбады.

(Азаттықтың Қырғыз қызметі мен Фруд Бежан жазған мақаланы ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан).