Accessibility links

Ресейдегі академиялық алаяқтық


Мәскеу мемлекеттік университеті студенттерінің "Единая Россия" партиясына қарсы акциясына келген белсенді. Мәскеу, 19 қараша 2011 жыл.
Мәскеу мемлекеттік университеті студенттерінің "Единая Россия" партиясына қарсы акциясына келген белсенді. Мәскеу, 19 қараша 2011 жыл.

Ресейдің көптеген студенттері емтихан кезінде курстық жұмысты көшіріп алады. Кейбірі тіпті ақшаға жаздыртады. Бұл құбылыс елдің бір кездегі мақтаулы білім жүйесін құрдымға сүйреп барады.

Жаңа жылдық мерекелер де аяқталды. Бұдан ары ресейлік студенттер жыл соңындағы курстық жұмыстарын жазуға кіріседі. Азаттық тілшісі жүргізген зерттеуге қарағанда, Ресей студенттері ұстаздарын алдаудан алдына жан салмайды.

«ГОСТРАЙТЕР» ДЕГЕН МАМАНДЫҚ БАР

Татарстанда тұратын Ляйсан есімді жас әйел жоғары оқу орындары (ЖОО) студенттері мен зерттеушілеріне әртүрлі тақырыптарға курстық жұмыс, дипломдар мен диссертациялар жазып күн көреді. Өзінің айтуынша, оның «көмегіне» сұраныс бар, тұрақты клиенттері - ЖОО өкілдері.
Қазан федералдық университетінің әлеуметтану кафедрасының профессоры Ескендір Ясавиев. Татарстан, 2010 жыл.
Қазан федералдық университетінің әлеуметтану кафедрасының профессоры Ескендір Ясавиев. Татарстан, 2010 жыл.

- Ғылыми жұмыстар 5 мың рубльден басталады, бірақ адамның жағдайына да қараймын. Интернеттен ештеңе көшірмеймін, кітапханаға барып, материал жинаймын. Кәсіби абыройымды жоғары бағалаймын, клиенттерден айрылып қалмауды ойлаймын, - дейді ол.

Татарстанның астанасы Қазан қаласында мұндай қызметтің кең тарағаны соншалық, Ляйсан сияқты адамдар елдегі ең ірі «В контакте» әлеуметтік желісінде өз қызметтерін ашық жарнамалайды.

Қазан федералды университетінің әлеуметтану кафедрасының профессоры Ескендір Ясавиев бұндай тәжірибенің академиялық стандартқа үлкен соққы болатынын айтады.

- Бұл – кең тараған үрдіс. Тұтас білім жүйесінің қадірін кетірді, - дейді ол.

Ал Ания Гыйматдинова сол университетте татар филологиясы және тарихы мамандығы бойынша білім алады.

- Курстастарымның жартысына жуығы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жазуға тұрақты түрде «гострайтерлерді» (ақшаға курс, диплом жұмысын немесе диссертация жазып беретін адам – ред.) жалдайды, - дейді студент.

Оның айтуынша, «оқытушылардың көбі бұл мәселені байқамаған болады». Ол Азаттық радиосына берген сұхбатында:
Тобыл қаласында татар тілі сабағына қатысып жатқан студенттер. Ресей, 23 сәуір 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Тобыл қаласында татар тілі сабағына қатысып жатқан студенттер. Ресей, 23 сәуір 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

- Студенттердің жартысы курс жұмыстарын өздері жазады, қалған жартысы сырттан «көмек» іздейді. Диссертациясын сатып алатындары да бар. Олар санасыз емес, бірақ кітапханаға барып, кітап ақтаруға уақыт жұмсағысы келмейді, - деді.

Ресейдегі академиялық алаяқтық жайлы ешқандай статистикалық дерек жоқ. Білім министрлігі мен жоғарғы аттестаттация комиссиясы да, жоғары білім туралы куәлік беретін агенттік те осы мәселеге қатысты сұхбат беруден бас тартты. Бірнеше ЖОО бұл мәселемен өз бетінше күресуге тырысып, ғылыми жұмыстарын көшірген немесе сатып алған студенттерді оқудан шығарған.

«БІЛІМ ЖҮЙЕСІНЕ ӨЗГЕРІС ҚАЖЕТ»

Ресей мемлекеттік сауда-экономикалық университетінің ақпараттық, кәсіпкерлік және сауда құқығы кафедрасының жетекшісі Илья Рассолов:

- Әр университеттің мұнымен күресетін өз әдісі бар, ол нәтиже береді. Біздің кафедраға келсек, жыл сайын тақырыпты ауыстырып тұрамыз, сондықтан студент жұмыстары қайталанбайды, - деді.

Рассоловтың сөзіне қарағанда, «университеттердегі білім деңгейі мен басқару тетігі жақсарған сайын алаяқтық жасау да азаяды».
Әлеуметтанушы Лилия Низамова. Татарстан.
Әлеуметтанушы Лилия Низамова. Татарстан.

Бірақ бейресми деректер басқаша сөйлейді. Қазан қаласының тұрғыны, әлеуметтанушы Лилия Низамова екі жыл бұрын жеке зерттеу жүргізген. Зерттеуінің «нәтижесі таңғаларлық болғанын» айтқан ол:

- Студенттердің көбі «гострайтерлерді» жалдайды, қалада осындай қызмет түрін ашық ұсынатын 40 адам бар екен, - деді.

Зерттеу қорытындысын білім министрлігіне жібергенде, оған «ғылыми жұмыстарды сату - коммерциялық мәселе, министрліктің құзырына қарамайды» деген жауап келген.

Қазан университетінің профессоры Ясавиев «Ресейдің білім жүйесіндегі кемшіліктер алаяқтықтың өрістеуіне жол беріп отырғанын» айтады.

- Оқытушылардың мойнына өте көп міндетті іліп тастаған. Олардың студенттерге көмектесуге уақыты жоқ. Профессорлар ғылыми жұмысты қорғауға бір апта қалғанда ғана көмекке келеді. Жан алқымға таянғанда қысылған студенттер дайын жұмысты сатып алады. Сондықтан бұл жерде оларды ғана айыптаған дұрыс емес. Бұл Ресейдің білім жүйесінің қазіргі деңгейін көрсетеді, - дейді ол.

«ПЛАГИАТ ШЕНЕУНІКТЕР»

Жетекшілік қызметте отырғандар мен шенеуніктер де ғылыми атақ алуға құмар. Олар «ғылыми атақ арқылы мәртебемді арттырамын» деп ойлайды. Бірнеше шенеунік өткен жылы қылмыс үстінде ұсталды.

Мемлекеттік думаның депутаты Владимир Бурматовтың ғылым докторы дәрежесін алу үшін жазған жұмысы плагиат ретінде танылып, мемлекеттік білім комитеті төрағасының орынбасары қызметінен босатылды.

Ресейде плагиат - заңмен жазаланатын әрекет. 2006 жылы Архангельск қаласының мэрі болған Александр Донской «қолдан жасалған дипломдарды сатып алғаны үшін» бір жыл шартты түрде бас бостандығынан айрылды.
Путинге қарсы жас белсенділер "Путин - вор" ("Путин - ұры") деген жапсырмаларын көрсетіп тұр. Мәскеу, 29 ақпан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Путинге қарсы жас белсенділер "Путин - вор" ("Путин - ұры") деген жапсырмаларын көрсетіп тұр. Мәскеу, 29 ақпан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Бірақ оны Кремль президенттікке үміткер болғаны үшін жазалады деген де пікірлер бар. Ал жалпы алғанда, Ресейдегі академиялық алаяқтықтық көбі жазасыз қалады.

Ресей президенті Владимир Путиннің басы да мұндай даудан ада емес. 1997 жылы Санкт-Петербург тау-кен институтында ғылыми жұмысын қорғағанда оған Питтсбург университеті профессорлары «16 бет көшіріп алған» деген айып тақты. Путин бұл айыптарға қатысты пікір білдірмеді.

Ресейде университетте оқымай-ақ жалған диплом сатып алу оқиғалары да кездеседі. Бұрын метро станцияларында жүріп жасанды диплом сататындар енді онлайн жүйені қолдануға көшті.

Profdiplom.com сайты жалған дипломдар сатады. Ол сайт арқылы аспирант атағын бір мың АҚШ долларына алуға болады. Кейбір деректер бойынша, Ресейде жыл сайын жарты миллион жасанды диплом сатылады.

Кейде жалған диплом иелері бұқаралық ақпарат құралдарының назарына ілігіп қалады. Мысалы, Сібірдегі үлкен әуежайдың бірінде жасанды дипломы бар инженер қызмет етіп, жыл бойы авиациялық қозғалтқыштарды тексеріп келген.

2007 жылы Ресейдің «үздік мұғалімі» атанған оқытушы дипломын сатып алған болып шықты.

Ресейдің Қиыр Шығыс аймағында қауіпсіздігі жоғары «Сухой» ұшағын шығаратын заводтағы 70 қызметкер 2010 жылы жергілікті техникалық колледжден диплом сатып алғаны анықталды. Бірақ завод қызметкерлерді жұмыстан шығарудан бас тартып, «қылмыс дәлелі жеткілісіз» деген уәж айтты. Завод Су-27, Су-30 және Су-35 жойғыш ұшақтарын және Superjet-100 жолаушылар ұшағын шығарады. Өткен жылы Superjet Индонезияға ұшу кезінде апатқа ұшырап, борттағы 45 адамның бәрі қаза тапқан еді.

Академиялық алаяқтық мәселесі Қазақстанда да бар. Мәселен «Трансперенси Қазақстан» қоғамдық қорының жетекшісі Сергей Злотниковтың айтуынша, Қазақстанда диплом, кандидаттық және докторлық диссертация сату сияқты проблемалар бар. Одан бөлек мұғалімдердің кітаптарды студенттерге мәжбүрлеп сату, пара алу сияқты әрекеттер де кездеседі.

Мақаланы ағылшын тілінен Динара Мәзен аударды.
XS
SM
MD
LG