Украина президенті Виктор Януковичтің «Украина – мүмкіндіктер елі» кітабы ағылшын тілінде Австрияның «Мандельбаум Верлаг» баспасынан басылып шықты.
«Австрия жазушыларының бірлестігі» ұйымының өкілі Герхард Руис қыркүйектің 13-і күні Азаттық радиосының тілшісіне берген сұхбатында бұл кітапта плагиат деректер барын батыс баспасөзінен білгенін айтты. Олар кітапты каталогқа енгізбеуге, биыл қазан айында Франкфуртте болатын кітап көрмесінде Мандельбаум баспасының атынан ұсынбауға шешім қабылдапты.
КІТАПТАҒЫ ДЕРЕКТЕР
Украинаның «Вечерние вести» газеті Герхард Руистің «Бұл Австрия үшін – қиын шаруа. Ауторлардың мүддесін қорғайтын баспа үшін де бұл – үлкен мәселе, себебі біз мемлекет басшыларының мүддесін емес (мейлі, ол қандай елді басқарсын), аутордың мүддесін жоқтаймыз» деген сөзін келтіріпті.
«Украинская правда» басылымы «Украина – мүмкіндіктер елі» кітабында бірнеше украин журналисі мен саясаткерлері жазған материалдар, тіпті
студенттердің рефераттарынан үзінділер бар екенін жазған. Басылымның жазуынша, ол материалдардың қайдан алынғаны жайында сілтеме көрсетілмепті.
«Украинская правда» газеті «Корреспондент» журналының бас редакторы Виталий Сычтың «Виктор Федорович Гонконг пен Сингапурдегі реформаларды жасаудың орнына ол реформалардың табысы жайлы ақпаратты жолма-жол көшіріп бере салған. Кеше өз пікірім мен президент Виктор Януковичтің ойларының сөзбе-сөз сәйкес келетіндігін біліп, таң қалдым» деген сөзін келтірген.
«ПЛАГИАТОР – КІТАП ИЕСІ ЕМЕС, ОҒАН КӨМЕКТЕСКЕНДЕР»
Бұл айыпқа байланысты берілген ресми жауап бәрін теріске шығарды. Президенттің гуманитарлық және әлеуметтік-саяси мәселелер бойынша кеңесшісі Анна Герман бұларды тіпті «арандатушылық» деп атады. Алайда кітапты ағылшын тіліне аударған Константин Василькевич айыпты өз мойнына алды. Оның айтуына қарағанда, «кітап оқуға жеңіл болсын» деп, басқа авторларға жасалған кейбір сілтемелерді алып тастаған.
Ал Анна Герман студенттермен кездескен кезде «ағылшын тіліндегі кітап мәтінін баспаға жөнелтерде қайта оқып шықпағанын» айтып, өзін кінәлай бастады деп жазады украиналық «Главком» газеті.
Герхард Руис «Украина Еуроодаққа кіруге талпыныс жасап жатқандықтан, бұл айыптар мұқият тексерілуі керек» дейді. Ол Украина билігінің баспасөз еркіндігін шектеп жатқанына да алаңдайтынын айтты.
– Біз Австрияда ондаған жылдардан бері баспасөз еркіндігіне қолдау білдіріп келеміз. Бірақ «Қытайдағы диссиденттерге қолдау көрсетеміз, бірақ Украинадағы әріптестерімізді қолдамаймыз» дей алмаймыз. Бүйтуге болмайды, – дейді Герхард Руис.
Азаттық радиосы плагиаттық айыпқа қатысты түсінік беруді сұрап еді, Украина президентінің әкімшілігі ол сауалдарға жауап бермеді.
«ӨНЕРПАЗ» ПРЕЗИДЕНТТЕР
Янукович – постсоветтік елдердегі мұндай оқиғаға душар болған алғашқы президент емес.
Жуықта Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің 54 жасқа толуына орай таяуда өткен арнайы телешоуда түркімен халқы өз президентінің «ақындық, композиторлық және әншілік қабілетіне» куә болды. Гурбангулы Бердімұхамедов әнін де, сөзін де өзі жазған әнді жұрт алдына шығып айтқан еді. Бірақ ол ән бірнеше жыл бұрын жарияланған, махаббат туралы әннің көшірмесі екенін кейін белгілі болды.
Мұндай дауда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та аталады.
1998 жылы Қазақстанның тәуелсіз ақпарат құралдарының бірі «Дат» газетіндегі «Нұрекең мен Тұмекең... өлеңнің авторы кім екен?» деген
Нұрсұлтан Назарбаевтың өлеңі туралы "Дат" газетінде жарияланған мақаланың көшірмесі, 2 қараша 1998 жыл.
шағын мақалада әнші, қазіргі парламент мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның айтуында Қазақстанда танымал әндердің біріне айналған «Елім менің» әнінің «сөзін жазған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев» дегенге күмән келтірілген.
Бұл пікірге дәлел ретінде Тұманбай Молдағалиевтің «Елім менің» («Егемен Қазақстан» газетінің 1996 жылы 6 наурыздағы нөмірінде жарияланған) деп аталатын өлеңін Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазағым менің» (1998 жылы «Ана тілі» баспасынан жарық көрген кітапта жарияланған) деген өлеңімен қатар қойып салыстырды. Айырмашылық – жалғыз шумақ болып шықты. Кейін Тұманбай Молдағалиев бұл өлеңді президентке «сыйлағанын» айтты.
2006 жылы қаңтарда өткен Қазақстан президентінің инаугурациясында Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні мемлекеттік әнұран ретінде ойналды.
Ал әннің сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденовтің қатарына Нұрсұлтан Назарбаевтың да аты қосылған екен.