Жұрт наразылығынан соң билік уран кеніші жұмысын тоқтатқанын мәлімдеді

Қырғызстанда уран өндіруге қарсы шеруге қатысушылар. Бішкек, 26 сәуір 2019 жыл.

Қырғызстанның Ыстықкөл облысы тұрғындары уран кенішін игеруге қарсылық білдіріп, биліктен жеке компаниядан геологиялық барлау жүргізуге берілген лицензияны қайтарып алуды талап етті. Бішкекте наразылық шеруіне шыққандар елде уран өндіруге толық тыйым салуға шақырды. Үкімет Кызыл-Омпол кеніші жұмысын тоқтатты деп хабарлады.

БАЛЫҚШЫДАҒЫ НАРАЗЫЛАР ТАЛАБЫ

Қырғызстанның Ыстықкөл облысындағы Балықшы кенті мен оның төңірегіндегі ауылдардың тұрғындары осы аймақта орналасқан кеніштен уран өндіруге қарсылық білдірді. Кейбіреулер кеніште геологиялық барлау жұмыстары ғана емес, уран өндіру жұмыстары басталып кеткен деп сезіктенеді. Тұрғындар уран өндірісі халықтың денсаулығына, қоршаған орта мен Орталық Азиядағы ең көрікті жерлердің бірі - Ыстықкөл мен оның төңірегінің қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп санайды.

Жұрт наразылығы күшейген Балықшыға сәуірдің 25-і күні Бішкектен бір топ шенеунік барды. Қырғызстан премьер-министрінің орынбасары Кубатбек Боронов тұрғындарға үкіметте Кызыл-Омпол уран кенішіне байланысты мәселе қаралып, кеніштің жұмысын тоқтату және "ЮрАзия в Кыргызстане" компаниясына берілген лицензияны қайтарып алу туралы шешім қабылданғанын жеткізді.

Ыстықкөл облысы тұрғындары уран кенішіне наразылық білдіріп тұр. 20 сәуір 2019 жыл.

"Кеніш жабылды деп ресми түрде мәлімдеймін. Компанияның [уран] өндірісі ғана емес, тіпті геологиялық барлау жұмыстарымен айналысуға да құқығы жоқ. Біз лицензияны қайтарып алдық. Лицзения қайтарылғаннан кейін ол жердегі кез-келген жұмыс заңсыз болады. Сондықтан қазір барлық жұмыс тоқтады. Мұны растайтын тиісті құжаттарды сіздерге көрсетеміз" деп уәде берді Боронов.

Балықшыда тұратын азаматтық белсенді Марат Акатов шенеуніктермен кездесуде билік уран өндірісіне толық тыйым салғанға дейін наразылық акциясы жалғаса беретінін мәлімдеді.

"Уран өндіруге тыйым салынғаны және бұдан кейін жұмыстың бұл түрімен айналысуға ешкімге рұқсат берілмейтіні, яғни мораторий енгізілетіні туралы құжат қолымызға тигенше біз құрғақ уәдеге сенбейміз. Егер сәуірдің 29-ына дейін бұл құжаттарды алмасақ, біз сол күні Балықшы мэриясы алдына шеруге шығамыз. Бішкекке жаяу шеру жасап барамыз ба, жоқ па, ол туралы шешімді ресми құжаттар барына көз жеткізгенде ғана шешеміз. Егер айтылған мерзімде құжаттар қолымызға тимесе онда әрине, жаяу шеруге шығамыз. Біз бұл мәселеде ақыр соңына дейін тұрамыз" деді ол.

Балықшы кенті тұрғындары уран кенішін жабуды талап етіп тұр.

Сәуірдің 29-ы күні шеруге шығу я шықпау жергілікті тұрғындардың еркіндегі шаруа екенін айтқан Кубатбек Боронов бұл жағдайды үшінші күштер пайдаланып кетуі мүмкін деп ескертті.

Боронов Балықшы тұрғындарымен кездескен күні "ЮрАзия в Кыргызстане" компаниясы БАҚ-қа берген комментарийінде лицензияны ешкім қайтарып алмағанын, кеніштегі жұмыстар уақытша тоқтатылғанын мәлімдеді. Компания кенішті игеруден аймақ экологиясы мен тұрғындар денсаулығына ешқандай қауіп жоқ, кеніштегі жұмыстар ең қауіпсіз технология бойынша атқарылады деп сендіреді.

БІШКЕКТЕГІ УРАНҒА ҚАРСЫЛЫҚ ШЕРУІ

Сәуірдің 26-сы күні Бішкекте өткен уран өндіруге қарсылық шеруі осыдан 33 жыл Чернобыль атом станциясында болған апат құрбандарын еске алумен басталды. Наразылық акциясына "Уран қазғанша ұрыларды қазбала!", "Урансыз келешек!" және "Отанымызды улауға жол бермейміз!" деген жазулар ұстап шыққан азаматтар бұл мәселеге байланысты әлі үнсіз отырған президент пен барлық жауапкершілікті кеніш ашуға рұқсат берген бұрынғы шенеуніктерге артуға тырысқан премьер-министрді сынады.

Қырғызстанда уран өндіруге қарсы шеруге қатысушылар ұстаған жазулар. Бішкек, 26 сәуір 2019 жыл.

Бұған дейін үкімет Ыстықкөл аймағындағы уран кеніші жабылатынын хабарлаған. Алайда "уран өндіру жасырын жүргізілген" деп санайтын қоғам өкілдері шенеуніктердің уәдесіне сенбейтіндерін айтады.

"Қоғамдық талдау институты" ұйымы жетекшісі Рита Қарасартова биліктің кен орнын ашуға заң жүзінде тыйым салынған Ыстықкөл аймағында зиянды уран кенін өндіруге рұқсат беруін сынайды.

"[Уран өндірісіне] рұқсат беруі бізде заң жоғын және заңды қорғай алатын мемлекеттің жоғын білдіреді. Бүгіннен бастап заңға өзгерту енгізіп, бұған тоқтам салу қажет. Біз қайта-қайта шеруге шыға бермей, уран өндіруге заң жүзінде біржола тыйым салғанымыз абзал" дейді ол.

"Үкіметтің қорқақтығын байқадыңыздар ма? Кешеден бері халыққа өтірік айтып жатыр. Құрметті премьер-министр! Бүгін сіз – ел қожайынысыз. Сіз – үкімет басшысыз, қолыңызда барлық билік бар. Жауапкершілікті басқаға артпаңыз, бүкіл жауапкершілік қазіргі биліктің мойнында. Егер қолыңыздан келмесе қызметтен кетіңіз. Қолынан іс келетін үкімет келсін. Мемлекет басшысы да үнсіз қалмауы керек. Экономиканы өзге әдістермен көтеруге болатынын кесіп айтудың орнына ол солқылдақтық танытып, түсінбеушілік туғызып отыр. Бұл мемлекет басшысына абырой әпермейді" деп мәлімдеді белсенді Шайырбек Маматокторов.

УРАН ӨНДІРУГЕ МОРАТОРИЙ ЕНГІЗУ

Қырғызстан парламентіндегі "Ата Мекен" фракциясының лидері Алмамбет Шыкмаматов ел президенті Сооробай Жээнбековтің шетелде іссапарда жүргенін, елге оралған соң өз пікірін білдіретінін айтады.

"Президенттің пікір білдіруден тартынуы екіталай, өйткені кеніш төңірегіндегі ахуал қоғамдық резонанс тудырды. Ол Еуропада сапармен жүрді, сосын Қытайға ұшып кетті. Елге оралған соң пікірін ашық білдіреді және Қырғызстанда уран өндіруге мораторий жариялау туралы біз ұсынған заң жобасын қолдайды деп үміттенеміз" деді депутат.

Бұған дейін Қырғызстан парламентіндегі "Бир Бол" фракциясының жетекшісі Алтынбек Сулайманов Қырғызстанда 2070 жылға дейін уран өндіруге мораторий жариялайтын заң жобасы әзірленіп жатқанын хабарлаған.

Осының алдында Қырғызстан социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) фракциясының депутаты Дастан Бекешов те Ыстықкөл биосфералық аймағында 20 жылға дейін уран өндіруге тыйым салатын заң жобасын дайындаған.

– Біз үшін елдің денсаулығы мен табиғатымыздың тазалығы бірінші орында тұруы тиіс. Бұған ешкім қарсы болмас. Сондықтан депутаттар Шыкмаматов және Керезбековпен бірге Қырғызстан аумағында уран өндіруге 50 жылға дейін тыйым салу туралы заң жобасын әзірледік. "Елу жылда ең жаңа" демекші, келесі буын уранды ең озық технологияларды пайдаланып өндіре ме, жоқ па, оны өзі шешеді. Ал қазіргі жағдайда біз бұған толық тыйым салып, мораторий жариялаған жөн деп санаймыз, - дейді депутат Сулайманов.

Бішкектегі митингіде өзін тау-кен саласының сарапшысымын деп таныстырған Расул Умбеталиев Ыстықкөл облысындағы Тасбұлақ уран кенішіндегі барлау жұмыстары әлдеқашан аяқталып қойған деп мәлімдеді. Оның долбарынша, кенішті игерушілер билікпен ымыраласып, кен өндірумен жасырын түрде айналысқан болуы мүмкін.

- Ол жерде кен өндіру жұмыстары жүргізілген деуге болады, өйткені 30-40 метр терең етіп қазған. Геологиялық барлау жұмыстары барысында 25 метр тереңдіктен уран табылған. Меніңше, ол жерде уранды бастапқы байыту жұмыстары жүргізілген сияқты. Уранды жүк көліктеріне тиеп жатқаны туралы видеолар тарады. Осының бәрін тексеру керек, - деп мәлімдеді Умбеталиев.

Қырғызстан үкіметі осы кезге дейін Тасбұлақ кенішінде тек барлау жұмыстарын жүргізуге ғана лицензия берілген деп мәлімдеді. Жүк көліктеріне кен тиеп жатқаны жайлы тараған видеоға байланысты әзірге ресми түсініктеме берілген жоқ.

Бішкектегі митингіге қатысушылар қабылдаған қарарда билікке бірнеше талап қойылған. Олардың арасында үкіметтен уран өндіруге толық тыйым салуға кепілдік беру, жасырын кен өндірген деген күдік бойынша тексеру жүргізіп, ол расталған жағдайда кінәлілерді жауапқа тарту туралы талаптар бар.

Кей мәліметтер бойынша, Кызыл-Омпол кенішінде бір жарым тоннадан астам уран қоры бар.