ОА-да орыс тіліне Қазақстан мен Қырғызстан ғана ресми мәртебе берген

Мемлекеттік тіл - қазақ тілін қолдау жиынына қатысушылар. (Көрнекі сурет.)

Осы аптада Қазақстан мен Қырғызстанда тіл мерекесі атап өтілді. Қазақстанда бұл шара «Тілдер мерекесі» деген атауға ие болса, Қырғызстанда «Мемлекеттік тіл» күні деп аталады. Бұл елдерде орыс тілінің мәртебесі Конституция деңгейінде бекітілген. Сарапшылар билік бұрынғы тілдік ортаны сақтауға тырысады дейді.

Совет Одағы құлайтын қарсаңда, 1989 жылы Орталық Азия (ОА) елдері бірінен соң бірі мемлекеттік тіл туралы заң қабылдай бастады. Сол жылы 22 шілдеде - Тәжікстанда, 22 қыркүйекте - Қазақстанда, 23 қыркүйекте - Қырғызстанда, 21 қазанда - Өзбекстанда, 1990 жылы 24 мамырда Түркіменстанда осындай заңдар қабылданды. Тәуелсіздік жылдарында Орталық Азия елдері мемлекеттік тіл туралы заңдарын толықтырып, немесе заңның жаңа нұсқаларын қабылдады.

Your browser doesn’t support HTML5

Орта Азиядағы орыс тілінің мәртебесі. Аудиоподкаст.

«САҚТАЛҒАН» САНА ЖӘНЕ МЕКТЕПТЕР

Қазақстан Конституциясында мемлекеттік тіл қазақ тілі деп көрсетілгенімен, мемлекеттiк ұйымдарда орыс тiлi «ресми түрде» қазақ тiлiмен тең қолданылады делінген.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Ғарифолла Әнес алғаш тіл туралы заң қабылданғаннан бергі жағдайдың күткендей нәтиже бермей келе жатқанын айтады.

– Тіл туралы заң алғаш ел тәуелсіздік алмай тұрғанда қабылданған еді. Сол кезде қазақтар саны ресми дерек бойынша 44 пайыз болатын. 44 пайызбен тіл туралы заң да, тәуелсіздік те қабылданды. Қазір Қазақстанда тұратын қазақтар саны ресми түрде 64-65 пайыз деп есептеледі. Алайда әзірге мемлекеттік тілдің дамуын емес, қайта дамуға кедергі келтіретін қолдан жасалған проблемаларды ғана көріп отырмыз, - дейді Ғарифолла Әнес Азаттыққа.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Ғарифолла Әнес.

Елдегі білім жүйесіндегі аралас мектептер мен орыс мектептерінің сақталуын Ғарифолла Әнес осындай кедергілердің қатарына жатқызады.

– Ауыл халқы қалаға көптеп көшіп келіп жатыр. Соған сай қазақ мектептері де көптеп ашылып жатыр. Алайда орыс мектептері, басқа тілдердегі мектептер және аралас мектептер де жұмыс істеп жатыр. Бала орыс тілінде оқыса жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігі жоғары болады деген түсінік әлі сақталып келеді. Түкпірдегі қазақтан басқа бір де бір басқа ұлт өкілі жоқ аудандардың өзінде де орыс мектептері сақталып қалған, - дейді Ғарифолла Әнес.

Оның айтуынша, Қазақстан біртұтас унитарлы (мемлекеттің ішінде өз алдына бөлек басқа құрылымға жол берілмейтін – Азаттық) мемлекет болғандықтан елде мектептерді қазақ мектебі, орыс мектебі немесе аралас мектеп деп бөліп оқытудың қажеті жоқ.

Қазақ тілін қолдау жиынындағы жазу. Алматы, 19 қыркүйек, 2010 жыл.

– Қазақстанда қазақ тіліне қатысты проблема қолдан сақталып отыр деп санаймын. Елде қазақ тіліне қарсы шығып та жатқан ешкім жоқ. Тек билік басындағы адамдар елдегі шынайы жағдаймен санаспайды. Мәселен, болашағын ойлаған өзге ұлттың адамдары да қазір балаларын қазақ мектебіне оқуға беріп жатыр, - дейді халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Ғарифолла Әнес.

Қазақстанда 1997 жылы тіл туралы екінші заң қабылданып, 1998 жылдан бастап 22 қыркүйек - «Қазақстан халықтары тілдері мерекесі» ретінде атап өтіледі.

КАДРЛАР ЖӘНЕ «САҚТАЛҒАН» ТІЛДІК ОРТА

Қырғызстан Конституциясында мемлекеттік тіл – қырғыз тілі екені, ресми тіл ретінде орыс тілінің қолданылатыны айтылған. Жергілікті қоғамдық белсенді Кален Сыдықова орыс тілінің ресми тіл ретінде қолданылуы мемлекеттік тілдің дамуына кедергі болып отыр деп санайды.

Оның айтуынша, бір кезде орысша оқып білім алған кадрлар әлі де бұрынғы тілдік ортаны сақтап қалуға тырысады.

– Ресми мәртебе орыс тілін үстем деңгейге жеткізіп отыр. Қазір елде жиындардың көбі орыс тілінде өтеді. Оқу орындарында да бірінші кезекте орыс тіліне көбірек маңыз беріледі, - дейді Кален Сыдықова Азаттыққа.

Көрнекі сурет.

Қоғамдық белсенді мемлекеттік тілді оңалту жайлы зиялы қауым ұсыныстары да ескерілмей келе жатыр дейді. Қырғызстанда Конституцияны референдум арқылы ғана өзгертуге болады. Алайда 2010 жылы 2020 жылға дейін осындай референдумға қарсы мораторий жарияланған. «Сондықтан қазіргі Негізгі заң орыс тілінің ресми мәртебесін кем дегенде 2020 жылға дейін сақтауға мүмкіндік беріп отыр» деп санайды Кален Сыдықова.

– Мемлекеттік тілді дамыту үшін деген ұранмен жарияланған конкурстар мен жобаларды да өз басым алдамшы шаралар деп есептеймін. Елдегі телехабарлардың қырғыз тіліндегі мөлшері 50 пайыз болуы керек деген талап та мемлекеттік тілді шектеу болып табылады. Орыс тілінің ресми мәртебесін алып тастағанда ғана жағдай оңалады. Бірақ елде өзге де тілдерге жағдай жасалуы керек. Алайда заң жүзінде Қырғызстанда қырғыз тілі мемлекеттік-ресми тіл деген мәртебеге ие болуы қажет, -дейді Кален Садықова Азаттыққа.

Қырғыз тілі сөздіктері.

23 қыркүйекте Мәскеуге ем қабылдауға барғаны хабарланған Қырғызстан президенті қырғызстандықтарды «Мемлекеттік тіл күнімен» құттықтаған болатын. Онда Алмазбек Атамбаев жыл өткен сайын елде мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңіп келе жатқанын, тілді дамытуға барлық жағдай жасалғанын айтқан.

Орталық Азияда Тәжікстанда да орыс тілінің мәртебесі Конституция деңгейінде бекітілген. Бұл елде орыс тілі реми тіл болмағанымен, «ұлтаралық қатынас тілі». Ал Түркіменстан мен Өзбекстан конституцияларында орыс тілі туралы мүлде айтылмайды.