Accessibility links

Қырғыз тіліне қатысты журналистерге ескерту жасалды 


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Зерттеу Қырғызстан журналистері қырғыз тілін дұрыс қолданбау арқылы елде сауатсыздық таратып жатқанын анықтаған.

Ұлттық ғылым академиясы ғалымдары журналистердің 50 мың сөздік қоры бар қырғыз тілінің тек үш мыңнан аса сөзін ғана пайдаланатынын анықтаған.

Мемлекеттік тіл жөніндегі ұлттық комиссия маманы Тамара Абылқасымова кейбір телеарналардың журналистері сөздерді дұрыс айтпайтынын мәлімдеді. Тіпті кейде сөз мағынасын басқаша пайдалану фактілері анықталған. Мамандар «журналистер тілінің» жастар арасына таралып отырғанын айтады.

- Меніңше «күлкүмүштуу» (күлкілі) сөзін «Тамашоудың» ұйымдастырушылары мен авторлары таратып жіберді. Бұл сөзді олар басында қалжың ретінде айтқан, бірақ ол басқа медиа құрылымдарға таралып, өзі жеке бір сөзге айналды. Олар (журналистерді айтады - ред.) мәселені жақсы жағынан көрсеткісі келген кезде де «күлкүмүштуу» сөзін қолданатын болды, бұл дұрыс емес, - дейді маман.

Журналист Эльмира Әжіқанова ұлттық комиссия позициясын қолдайды.

- Мәселен, журналистер қырғыз тілінде «Вьетнамда жер сілкінісі орын алды» дейді. Жер сілкінісі орын алмайды, жер сілкінеді. Бірақ бұл сөз халықтың құлағына сіңіп барады, қырғыз тіліне еніп барады, - дейді ол.

Мұның үстіне, ұлттық комиссияның аударма бөлімі басшысы Аалы Молдоқановтың сөзіне қарағанда, кейбір сөздер орыс тілінен қырғыз тіліне дұрыс аударылмайды. Жергілікті БАҚ материалдары көбінесе орыс тілінің жүйесімен, бірақ қырғызша жазылады.

- Биліктегілердің өзі «я думаю» деген сөзді қырғызша дұрыс аудармай айтады. Олардың көбі сөзін «мен ойлойм» (мен ойлаймын) деп бастайды, негізі «менин оюмча» (менің ойымша) дегендері дұрыс, - дейді ол.

Аалы Молдоқанов аудармашылар қателігінен қырғыз тілінде түсініксіз сөйлемдер көбейіп бара жатқанын айтады. Ол орыс тілінен қырғыз тіліне тәржіме жасағанда бұл тілдерде сөйлемдер басқаша құралатынын ескеру керек екенін түсіндірді. Молдоқанов орыс тіліндегі сөйлемді керісінше, аяғынан басына қарай аудару керек дейді.

Мемлекеттік тіл жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Эгемберді Эрматовтың айтуынша, қырғыз тілінің ауызекі және жазбаша нұсқаларын дұрыс пайдалануға баса назар аудару қажет. Оның сөзінше, тіл қоғамға БАҚ арқылы да тарайды.

- Мен жақында ОТРК және ЭлТР (жергілікті телеарналар - ред.) басшыларымен сөйлестім. Телевизия журналистерінің жұмысында кемшілік көп. Бұл туралы маған еліміздің түкпір-түкпірінен хабарласып айтады. Оның үстіне, журналистер паразит сөздерді қолданады да, оларға сұхбат берген адам да әлгі сөздерді пайдалана бастайды. Журналистер топқа біріксін, сосын мамандар оларға мастер-кластар өткізеді, - дейді ол.

Эрматов телераналар басшыларының ұсынысқа келіскенін айтады. Сондықтан, жақында мамандар журналистерге сабақ өте бастайды.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы орыс тілінен аударылды. Мақаланың қырғыз тіліндегі түпнұсқасын мына жерден оқуға болады.

XS
SM
MD
LG